
Ғұн ұлысы (Б.з.б. 209 – б.з 93/302) сақ дәуірінен кейін Қазақстан территориясында пайда болған түркі тілінде сөйлеген көшпелі мемлекет. 2010 жылы жарық көрген бес томдық «Қазақстан тарихы» атты еңбектің бірінші томының 245-бетінде: «Ғұндар б.з.б. І мыңжылдықта қазіргі Моңғолия оңтүстігі Ордастан Каспийге дейінгі Орталық Азияның ұлан-байтақ кеңістігін иелік еткен тайпалық одақ» деген пайым айтылыпты.
Көзі қарақты қауым жақсы біледі, қазіргі қазақ халқы әлем тарихына тұңғыш рет еуразиялық аумақта көшпелі империя құрған көне ғұндардың ұрпағы. Үлкен ақын Мағжан Жұмабаев «Ерте күнде отты Күннен Ғұн туған, Отты Ғұннан от боп ойнап мен туғам» дегенді бекер айтпаған болар.
Осы орайда, айтпағымыз, көптеген көне қытай жазбаларында Ғұн ұлысы туралы құнды деректер баршылық. Осылардың ішінде ең кереметі Хан патшалығының тарихшысы Сыма Цияньнің «Тарихи жазбалар» (қытайша «Ши цзи», орысша «Исторические записки» Глава «Повествовние сюнну») атты жазбасы. Аталмыш туындының 110-шы тарауында ежелгі ғұндар туралы аса құнды деректер бар. Зерттеушілер Сыма Цянь бұл кітабын б.з.б. 91 жылы жазып бітірген дейді.
Бұл еңбектің құнды болатын себебі – авторы (Сыма Цянь) патша ордасының хатшысы, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда «сарай шежірешісі» болған адам. Сондықтан ол өзі жазған оқиғалардың ортасында жүрген һәм барлығын көзімен көріп, қолымен ұстаған.
Оның сыртында, сарай архивінде сақталған ежелгі шежірелер мен тарихи жазбаларды егжей-тегжейлі пайдаланған. Ол көне деректерді жалаң керектеніп қоймай, әрқайсына түсінік, тәпсір берген. Және оны өзі өмір сүрген тұстағы дәуір оқиғасымен байланыстыра баяндайды.
Бұл еңбектің түпнұсқа қолжазбасы 526 000 ханзы (ханьцзы) әріп-таңбасынан құралып, 466 дана қамыс-қағазға (әрқайсысы 30 дана) қылқалам үлгісімен бәдізделген. Кейінгі ғасырларды бұл жазба торғын мата және кәдімгі қағазға көшіріліп көбейтілген екен. Одан кейін Солтүстік Сүн патшалығы кезінде ағаштан жасалған қатырма бума дәптерге көшіріліп, көптеген денемен кітапша етіп басылған дейді.
Шежіре кітапты алғаш рет ресейлік қытайтанушы ғалым Н.Я.Бичурин (Иакинф) 1851 жылы «Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена» деген атпен орысша аударған. Осының ішіне ғұндарға қатысты 110-шы тарау да еніпті. Аударма өткен ғасырдың ортасына дейін ғұнтанушылар дерек алатын бірден-бір бұлақ көзі болып келді.
Заман өзгерді, уақыт ауысты, ескі тозады, жаңа туады... дегендей 1968 жылы қытайтанушы ғалым, кеңестік зерттеуші В.С.Таскин Н.Я.Бичуриннен кейін бір ғасыр өткенде Сыма Цяньның еңбегінің ішіндегі ғұндарға қатысты 110-шы тарауды «Материалы по историй сюнну» деген атпен орысша аударып шығыпты. Всеволод Сергеевичтің бұл аудармасы зерттеушілер тарапынан өте жоғары бағаланды. Әсіресе Бичурин аудармасында кеткен қателіктер түзетіледі.
Атап айтқанда, Никита Яковлевич қолжазбаның қытайша нұсқасындағы көне мәтіндердің кейбірін толық тәпсірлей алмаған. Әсіресе, бүктемелі ағаш дәптерге жазылған көне жазбада нүкте, үтір деген жоқ, ұзын-сонар баян болғандықтан, Бичурин оны жаңа заман стиліне түсіргенде сөйлемнің басы мен аяғын және үтір-нүктесін аңдай алмағандықтан, сөз сөйлем құрылымы мен оқиғалар желісі ажыратылмай, мәтіннің мәні дұрыс жетпеген тұстары баршылық. Осындағы көптеген қателіктер Таскин аударғанға дейін ғылымға теріс түсінік беріп келеді дейді, қытайтанушылар.
В.С.Таскин жоғарыдағы қателіктерді түзететін себебі ол – 1917 жылы Забайкалдың Пури селосында туып, 1929 жылы 12 жасында ата-анасымен бірге Манжурияның орталығы Харбин қаласына эмиграцияға кеткен. Осында жүріп қытай тілі мен жазуын терең меңгеріп, заң-құқық саласы бойынша Харбин институтын бітірген.
1950 жылы отбасымен Кеңес еліне қоныс аударған. Таскин аудармасын қазіргі таңда барлық ғұнтанушылар негізі дереккөзі ретінде пайдаланады. Ол өзінің аударған «Ғұнның тарихи материалдары» кітабын 9 бөлімге жіктепті. Олар:
Ғұндардың шығу тегі;
Ғұндардың ежелгі тарихы;
Түмен және Моде тәңірқұттар;
Лаошан тәңірқұт;
Жюнчэн (Цзюнчэнь) тәңірқұт;
Ичжие тәңірқұт;
Увэй тәңірқұт;
Ушилу, Гоулиху, Цзюйдихоу тәңірқұттар дәуірі;
Соңғы қортынды.
****
Бұл жерде ескертетін дүние – көшпенді тұрмысты өмір сүрудің дағдысына айналдырған ғұндар ешқашан бір орында тұрақтап отырмаған. Үнемі көшіп-қонып жүру, мекен алмастыру немесе бір қауым басқа қауыммен мидай араласып кету сияқты өзгерістер жиі болып тұрған. Осындай аумалы-төкпелі үнемі қозғалыс, өзгеріс үстінде өмір сүретін көшпенді тайпалар туралы жазғанда сол дәуір тарихшыларының өзі толық мәлімет бере алмауы әбден мүмкін, дейді ғұнтанушылар.
Мысалы, Сыма Цянь жазбасында ғұндарды бірде «ди» деп белгілесе, тағы бір жерінде «жун», «и» деп жазады. Мәселен б.з.б. 569 жылы Цинь патшалығының сарай шенеунігі Вэй Цзян деген адам билеушісі Дао-Гунд патшаға «жун», «ди» тайпаларымен бейбіт қарым-қатынас орнату керектігі жайлы кеңес беріп, «Жун және ди қауымы мал жайылымы мен өзен-су, бұлақ-бастауды қуалап, көше береді. Оларда тұрақты мекен болмайды. Сондықтан, олардың жерін сатып алуды көздеңіз» деп ақыл айтқаны көне жазбаларда сақталыпты (Бань Гу. История династий Хань, гл. 24а, л.1а).
Жалпы Сыма Цянь өзі куә болған оқиғаларды Хань патшалығының саяси ұстанымы мен қоғамдық іс-әрекетіне байланыстыра баяндайды. Оның сыртында бұл кісі У-ди ханның кезінде сарай хатшысы болғандықтан патша сарайының Ғұн ұлысына қатысты ұстанған саясатынан толық хабардар болумен қатар, орданың архивінде сақталған мәліметтерді пайдалану мүмкіндігі де зор болғаны анық.
Оның сыртында Сыма Цянь өз дәуірінде өмір сүрген атақты адамдармен тонның ішкі бауындай бірлікте болғаны туралы да өз жазбаларында көрініс тапқан. Мысалы, ол атақты қолбасшы Ли Гуа туралы: «...Ли қолбасшы адал адам болғанымен сөзге шорқақ, әрі ауыл адамдары сияқты қарапайым еді» дейді. Яғни, Сыма Цянь өзінің қаламынан туған тарихи жазбасында өткен тарихи оқиғалардың пайда болуы, өрбуі, нәтижесі, қортындысы қатарлы мәселелерді баяндағанда оған қатысы бар тұлғаларды да кірістіріп баяндайды және тамаша тәпсір жасайды.
Сыма Цянь өз жазбасында Хань еліне көрші ұлыстардың территориялық қоныстануындағы өзгерістерді негізге ала отырып, олардың көшіп-қону барысында еріксіз араласуынан пайда болған жаңа этностық қауымдардың да аражігін ашып түсіндіру арқылы сол дәуір шындығын дәлдікпен бейнелей алғаны аңғарылады. Тарихшы өзінен бұрынғы сарай жазбаларында айтылған «жун» және «ди» атты далалық көшпенді тайпаларды өз заманындағы ғұндардың атасы деп таниды. Бұл пайымды кейінгі заман зерттеушілері де бір ауыздан мойындаған.
Айталық, Сыма Цянь: «Аңыз билеушілер Тан және Ю заманына дейін ғұндарды «шаньжун» немесе «сяньюнь» деп атады, ал Ся патшалығы кезінде оларды «шуньвэй», Инь патшалығы «гуйфан», Чжоу хандығы «сяньюнь» деп атаса, Хань патшалығы көшпенділерді «ғұн» деп атайтын болды» дейді. Демек біз бұл тәпсірден ғұндар атауы ежелгі қытай жылнамаларында әр ғасырда, әр дәуірде әртүрлі аталып келгенін байқаймыз.
Сол сияқты өткен ғасырларда өмір сүрген қытай оқымыстысы Ван Го-вей (1877-1927) ежелгі жазбаларда аты қалған гуйфан, хуньи, сюньюй, сяньюнь, жун, ди, ху тайпалары кейін «ғұн» бірлестігінің негізін құрады деген қортынды шығарыпты. Бұл пікір кейінгі қытайтанушылар мен Хань дәуірін зерттеуші мамандар тарапынан бірауыздан қолдау тапқанын айта кеткен жөн сияқты.

Сыма Цянь жазбаларында Хань патшалығы мен оның батыстағы көршісі Ғұн ұлысының саяси һәм әскери, сауда-саттық қатынасын өте тартымды баяндалған. Қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, барын бар, жоғын жоқ деп жазған. Сонымен қатар, ғұндарға қарсы жүргізген қытайлардың жымысқы әрекетінде ашып жазған. Өйткені, ғұндардың дүркін-дүркін жүргізген тонаушылық шабуылы қытайларға үнемі үрей туғызатын болғандықтан, олардан келетін қатер мен қорғану жолын да назардан тыс қылдырмайды. Өйткені, көшпелі ұлыс ғұндардың шабуылынан толық қорғаныс тапқан жағдайда ғана қытайлар бейбіт, әрі тыныш өмір сүре алатынын Хань империясы ешқашан естен шығармаған.
Сыма Цяньның және ежелгі қытай тарихшыларының жазуына қарағанда ғұндар шабуылының негізі мақсаты – тонаушылық бағытта болғандықтан, қытай билеушілері олардың қажеттілігін өтеудің бейбіт жолында қарастырғаны айтылады. Мысалы, ерте дәуірдегі ғұндардың тонаушылық мақсатындағы шапқыншылық әрекеті хақында Чжуфу Янь деген сарай ақылманы б.з.б. 134 жылы У-ди патшаға баянхат жолдаған екен. Осы баянхатта: «Ғұндарды бағындыру оңай емес. Тонаушылық, қарақшылық жасау олардың ежелден келе жатқан салты. Бізден бұрынғы Юй, Ся, Инь, Чжоу патшалығы бұларға бейтараптық танытып, даланың жабайы тұрғындары сияқты мәміле жасаған. Қазіргі таңда патша ием Юй, Ся, Инь, Чжоу патшалығы кезінде ғұндарға қарсы қолданған саяси ұстанымды ұмыт қалдырдып, қателік жібердік. Бұның зардабын қарапайым бұқара тартып отыр» десе, б.з.б. 3 жылы патшаның қорғаушысы болған Ян Сюн деген адам Хань елінің билеушісі Айдидке ғұндарды өшіктірмей, олармен тіл табысу туралы ақыл айтып сөзінің соңын: «Батыстағы ди (ғұнды айтады) қауымына бізден бұрынғы бес патшалық, үш хандықтың шамасы жетпеді. Сондықтан бұлармен жауласуға болмайды» деп аяқтапты.
Бұл орайда, ежелгі ғұндар туралы Сыма Цяньнан басқа да қытай тарихшылары да жеке-жеке белгілеу қалдырған. Солардың қатарында: Хань патшалығы құрылған алғашқы жылдары әскери стратегиялық жорық жазбаларын хатқа түсірген Чжан, Лянь, Хань, Синь атты сарай шенеуніктері болғаны туралы мәлімет бар (Бань Гу. История династий Хань, гл. 30, л.28а).
****
Ежелгі қытай жазбаларында ғұндарға төтеп беру үшін қытайлар әскери қару-жарағын жаңалағаны туралы мәліметтер кездеседі. Мысалы, б.з.б. ІІІ – І ғ.ғ. Хань империясының сарбаздары шүріппелі садақ (арбалет) және күрзі найза қолданып, шайқаста байырғы қарсыласы ғұндардан үстем шыққаны жайлы дерек келтіреді. Сол заман мәліметінде: шүріппелі садақ деп – шүріппенің қиық ілгегі мен садақты адырнасы бекітілген иекшеге бірге бекітілген ату қаруын айтады.
Шүріппелі имек садақпен ату үшін мерген жұмсайтын куат-күшін «дан» дейтін өлшеммен өлшеген екен. Б.з.б. 540-шы жылдары туған ежелгі қытай ойшылы Сюнь-цзының жазуы бойынша бұл садақты оқтау(адырнаны керіп тартып, шүріппеге сұғындыру) үшін мерген 12 дан күш-қуат жұмсайтын болған. Ал қазіргі өлшеммен 1 дан қуат – 29, 960 килоға тең деп көрсек, бұл садақты көпшілеу үшін 359,5 кило қуат жұмсайды екен. Осыған жарай имек садақтың оғы керіп тартқанда 600 аттам қашыққа жетеді екен (Сюнь – цзы. гл. стр. 180).

Ал күрзі найзаның ерекшелігі – онымен жауды шабуға да, түйреуге де қолайлы. Оның ыңғайлы ұзын сабы мен балта тәрізді өткір жүзді шапқысы бар, ұшына үшкір жебе орнатылған қару. Былайша, айтқанда, ұзын найза мен айбалтаның қосындысы.
Шүріппелі имек садақ пен күрзі найзаны қытай сарбаздары ғұндарға қарсы көп жыл қолданады. Осы орайда, қытайдың әскери стратегтері ғұн қосынының артықшылығы мен осал тұсын зерттеп, б.з.б.154 жылы жазба қалдырған Чао Цо деген шенеунік Хань империясының патшасы Вэнь-диге жолдаған баянхатында: «оқталуы аса қиын болғанымен шүріппелі имек садақтың пайдасы зор. Ал күрзі найза жауды жақындатпай қашықтан шаншуға қолайлы. Осы екі қару ғұндармен шайқаста жеңіс әкелуде. Өйткені имек садақ пен күрзі найзаның соққысына ғұндардың тері сауыты мен ағаш қалқаны төтеп бере алмауда» депті (Бан Гу. История династии Хань. гл. 49, л. 9б).
Одан кейін ғұндардың атты жеңіл жауынгерлерінен қорғану үшін қытайлар – ауыр қозғалатын жарақты арбаларының орына жеңіл маневр жасауға қолайлы атты қосын жасақтайды. Қытай жазбалары бұл істі Чжао өлкесінің әскери қолбасшысы Улин-ван атқарып шыққаны хақында баяндалады. Бұл адам патшаға «жауынгерлер ғұндар сияқты жеңіл киініп, ат үстінде садақ атуды үйренсін!» деген жарғы қабылдатып алып, осы жарғы бойынша қытай сарбаздарын ат үсті садақ ату сайысына үйреткен екен.
Оның сыртында қытайлар қорғаныс шебін құруды үйренеді. Қала мен қалашықтарды қоршап бекініс тұрғызады. Қамал бұзу тәсіліне шорқақ көшпенді ғұндардан осылай қорғанады. Тіпті ғұндарға қатысты қытайдың көне деректерінде көшпенділер далалық шайқастарда болмаса, олар қамал бұзып соғысты деген бірде бір дерек жоқ.
Бірақ көшпенді ғұндар шамасы жетпейтін қала қорғандарға соқтықпай шөбі шүйгін, суы бал Ордос даласы сияқты мал шаруашылығына қолайлы өлкелерді жаулауға ұмылады. Бұл өлке Чжао аймақ территориясында орналасқандықтан патша осы аумаққа шекара қорғау қосынын орналастырады. Оны басқару Ли Му деген санғұнға (қолбасшыға) жүктеледі. Ол адам ғұндардың қарақшылық шабуылынан қорғану үшін далаға үлкен бекініс тұрғызады да, ғұндар қауіп төндіре бастаса барлық мал-мүлікті осында тасып кіргізіп, тас қорғанып жатып алады. Бұл тәсіл расында нәтижелі болады.
Ли Мудың жоғарыдағы қорғану әдісі кейбір сарай шенеуніктеріне ұнамай олар оған «қорқақ, соғыстан жалтарушы» деген айып тағады. Патша оның орнына басқа адам тағайындайды. Жаңа санғұн ғұндарға қамал-қорғансыз қарсы тұрам деп ойсырай жеңіледі де, көп кешікпей Ли Му санғұн екінші қайта міндет жүктейді.
Ол бұрынғы қамал-қорған тәсілін одан әрі жетілдіріп, 13 мың соғыс арбасы, 13 мың атты жасақ, 50 мың жаяу әскер, 100 мың садақшысы бар зор қосын құрады. Ғұндармен болған бір реткі шайқаста Ли Му санғұн жеңіліп дүркірей шегінген сипат танытып, ентеліп қуып келе жатқан ғұн қосындарды тұзаққа түсіріп, 100 мың сарбазын қырып тастайды. Осы ірі жеңілістен кейін ғұндар 10 жыл бойы Чжао даласына беттей алмады деп жазады сол дәуір тарихшылары.
Басы. Жалғасы бар