Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Титаник» трагедиясының жаңғырығы Қазақ даласына қалай жетті?

2068
«Титаник» трагедиясының жаңғырығы Қазақ даласына қалай жетті? - e-history.kz

XX ғасырдың алғашқы жылдарында трансатлантикалық рейстер едәуір табыс әкелді. Әр ел кеме құрылысын дамыту, кеме өндірісін жолға қою мәселелерін осы кезде күн тәртібіне қоя бастады.  Әр елдегі  мыңдаған эмигранттар «американдық арманға» сеніп, Еуропадан аттанып жатты, сондықтан лайнерлер жолаушыларға лық толы болды. Джозеф Исмей мен Уильям Пирридің суға сыйымдылығы, орын саны мен қызмет көрсету сапасы жағынан бәсекелестерінен озып түсетін үш ультразаманға сай алып лайнерді құрастыруды ойластыра бастады. 

«Титаник» кемесі  қалай суға батты?

Бұл лайнерлер арқылы ұзақ сапарға шығып, мол табыс көзін әкелуді жоспарлады. Алып кемелер құрастырылып, оларға «Олимпик», «Титаник» және «Британник» атаулары қойылды. Кемелердің көлемі үлкен болды, «Harland & Wolff» компаниясына құрылыс алаңдарын қайта жабдықтауға тура келді. Болашақ алыптардың сызбалары 1908 жылғы 29 шілдеде мақұлданды – «Титаник» пен «Олимпик» бір цехта, үш мың жұмысшының қатысуымен қатар салынды. Дегенмен, алғаш болып теңізге «Олимпик» шықты. Сегіз палубалы «Титаник» үш жыл бойы Белфасттағы «Харленд энд Вулф» верфінде салынды. Суға түсіп, пайдалануға берілген сәтте «Титаник» әлемдегі ең үлкен кеме болды. Оның ұзындығы – 269 м, ені – 30 м, шөгімі – 10,5 м, суға сыйымдылығы – 52 310 тонна, бұл егіз кемесі «Олимпиктен» 243 тоннаға артық еді. «Титаник» сағатына 42 шақырымға дейін жетуі мүмкін болатын, бұл да үлкен қызығушылық тудырды. Бұл лайнер жылдамдық рекордын жаңартып, Атлант мұхитын «Мавританиядан» жылдамырақ кесіп өтеді деп күтілді. 1912 жылы 10 сәуірде «Титаник» Саутгемптон портты қалашығынан Нью-Йоркке қарай сапарға шықты. Кеменің капитаны ретінде 25 жылдық тәжірибесі бар Эдвард Джон Смит таңдалды. «Титаниктегі» алғашқы сапары оның зейнеткерлікке шығар алдындағы соңғы рейсі болуы тиіс еді.

«Титаниктің» сегіз палубасы болды: жоғарғысы – қайық палубасы, ал оның астында жоғарыдан төмен қарай A-дан G әріптерімен белгіленген жеті палуба орналасқан. Экипажға арналған бөлмелердің негізгі бөлігі E палубасында болды – олар кеменің мұрын бөлігін және сол жақ қапталды түгел қамтыды. «Титаниктің» төрт эллипс тәрізді мұржасы болды, олардың диаметрі 7,4 × 5,7 метр, аздап артқа қарай қисайтылған. Мұржалардың биіктігі бірнеше сантиметрге ғана айырмашылық жасағанымен, орташа биіктігі 22 метрге тең еді – бұл олардың түтінін ашық серуендік палубаларға да, кемедегі салондарға да жеткізбей, жоғары қарай бағыттауға мүмкіндік берді.

«Титаниктегі» ең есте қаларлық орындардың бірі – бірінші класстың Холлындағы салтанатты баспалдақ болды. Бұл артықшылық тек жоғары тап өкілдеріне ғана берілген. Бұл баспалдақтармен екінші және үшінші класстың жолаушылары ешқашан жүрген емес. Баспалдақ ені шамамен 6 метрге жеткен. Уайт Стар Лайн компаниясының дизайнері интерьер үшін бірнеше стильді қатар қолданды. Баспалдақтың түбінде шам ұстаған херувимнің қола мүсіні қойылған тұғыр орнатылған еді. Мұндай херувимдер бірнешеу болған – олар кеменің артқы бөлігіндегі баспалдақтар мен төменгі палубалардағы екі басқа баспалдақта орналасқан.

«Титаниктің» қайық палубасына шығарда, қасбетін қанатты әйел мүсіндерімен көмкеріп, екі жағында сағат орналасқан, оюлы арка тұрғызылған еді. Бұл композиция «Құрмет пен Даңқ – уақытты ұлықтаушылар» деген асқақ атауға ие болған. Әрбір палубааралық кеңістік үш итальяндық пейзаж, бір портрет және гүлдер: бейнеленген түрлі картиналармен безендірілген.  Титаник суға батпастан бұрын «Титаниктің» бортында қайықтардың саны жетіспеген.  Барлығы 20 ғана құтқару қайығы болған: жоғарғы палубада – 16 ағаш қайық (әр бортта 8-ден) және 4 жиналмалы қайық орналастырылған. Лайнер өте қысқа мерзімде, бәсекелес компаниялардың жылдам кемелеріне қарсы жауап ретінде жасалып шыққан. 

Кеме 16 су өткізбейтін бөлікке бөлінген. Теориялық тұрғыда, олардың төртеуі суға толса да, кеме жүзе береді деп есептелген. Бұл сол кезеңде алып кемелер үшін таңғаларлық жетістік болатын. Алайда 1912 жылғы 14-інен 15 сәуірге қараған түні габаритінің үлкендігі салдарынан кеме айсбергтен жалтара алмай, оң жақ бортын бойлай жанасып өтті. Айсберг кеме бортын тесіп, болат тақтайшаларды сындырады. Нәтижесінде алты «су өткізбейтін» бөлік суға толып, небәрі бірнеше сағат ішінде лайнер толықтай суға батып кетті. Айсбергке соқтығысқан кезде, кеме мұрынына қойылған сапасыз болаттан жасалған құлыптар шыдас бермей, жарылып кеткен. Алты бөлікті су басқан соң су сапалы болатпен бекітілген шекараға жетіп, әрі қарай тарамаған. 

2005 жылы апат орнын зерттеген экспедиция деректеріне сүйенсек, апат кезінде «Титаник» бұрын айтылғандай 45 емес, бар болғаны 11 градусқа ғана қисайған. Тағы бір таңғаларлық дерек – кеме әлі порттан шықпай жатып, жанармай қоймасында өрт шыққан. Бұл өрт бірнеше апта бойы өшірілмеген. Журналистік зерттеулердің нәтижесінде, кеме иелерінің өрттен хабардар болғаны, бірақ оны жолаушылардан жасыруға тырысқаны анықталды: олар кемені Саутгемптон портында күйе іздері байқалмас үшін басқа жағымен қойып, алдап соққан. Апат салдарынан 1500-ге жуық жолаушы мен экипаж мүшесі қаза тапты. Дегенмен, тірі қалғандардың арасында айқын заңдылық байқалды: бірінші класстағы жолаушылардың жартысынан астамы аман қалса, үшінші кластағылардың тек төрттен бірі ғана, ал экипаж мүшелерінің бестен бірі ғана тірі қалды

 

«Титаник», сандық сурет. New York Post.

 

https://courses.bowdoin.edu/history-2203-fall-2020-kmoyniha/wp-content/uploads/sites/473/2020/12/Titanic-and-SS-NY.png

Браун, Фрэнсис. Сандық сурет. «Титаник» офицерлері, 1912 жыл

 

«Титаник» апаты жайлы хабар қазақ даласына қалай жетті?

Титаник кемесінің суға батқаны жайлы хабар алғашқы рет Еуропаның ең ауқымды «The New York Times», «Los Angeles Times», «London Daily Mail», «Tampa Daily Times» газет-журналдарында жарық көрді. Ресейдің «Санкт-Петербургские ведомости», «Огонёк» газет-журналдар да бұл хабарды бернеше күннен кейін көшіріп басты. Дегенмен, қазақ даласына бұл хабар сәл кешірек жеткен болатын. Қазақ даласында қазақ баспасөзінің дамуы біршама кешуілдеді. Патша үкіметі басқарған «Түркістан уалаяты», «Дала уалаяты» газеттері үкіметтің нұсқауынан тыс хабарды басып, өзінше қызмет атқармайтын. Бірақ 1911 жылы Орал қаласында жарық көрген  «Қазақстан» газеті алғашқы сандарынан бастап ақ, өзінің демократиялық көзқарасын білдіріп, әлем елдеріндегі жаңалықтарды қазақ тілінде хабарлай бастады. Газет Редакторы Елеусіз Бұйра, жазушылары Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев, Ғұбайдолла Бердіұлы бастаған азаматтар газеттің еркіндігін, хабар таратудағы тәуелсіздігін қалыптасырған-ды. «Титаник» апаты жайлы хабар қазақ даласына алғаш рет осы «Қазақстан» газеті арқылы жетеді. 1912 жылы 24 сәуірде «Қазақстан» газетінің №11 санында «Деңізде болған уақиға» атты хабар жарияланады. Бұл хабарда «Титаник» апатын «Үлкен деңіздерде жер-жерден ағыб бөлек-бөлек мұз келіб жиналыб бұлтбен таласыб бір үлкен тау болыб тұрады. Оны «Мұз тауы» деб атайды. Егер сол мұз тауна деңіздені параходлар соғылса, пароходты екі айрыб су түбіне жіберді. Осы сәуір басында Американың «Титаник» деген бір парахоты бір үлкен деңіздегі мұз тауына соғылыб, һәләк болды. Үстінде екі мыңнан артық кісі бар екен. Сонан тек сегіз жүзден аз ғана артығырақ кісі аман қалған. Басқасы су түбіне кеткен. Құтылған кісілер кемедегі запас қайықға мініп құтылған. Оған бәрі сыймайтын болғансын елу қатын баларды  мінгізген. Сонсын сыйғанша еркектер мінген. Бір-бір қатындар еріменен не болсам да  бірге боламын деб қайықға мінбей суға батқан шамасы ері қайықға міне алмайтын болған», –  деп баяндайды. 

Бұл хабарда айтылғандай, «Титаник» кемесінің сыйымдылығы 2500 адамға дейін болған. Ресми дереккөздерде кемеде 1500 адам шамасында қайтыс болғандығы айтылады. Бұл хабарда 800 ден аз ғана кісі аман қалғаны баяндалады. Сондай-ақ «Титаник» трагедиясы шағын хабарда ерекше суреттеледі. Адамдардың суға батып өліп жатқаны,  ерлі-зайыптылардың құтқарушы қайықтарға мінбей, бірге өлуге бекінгендігі сол кездегі үлкен трагедиялардың бірі еді. Бұл трагедия тек «Титаникпен» бітпеді. 1914 жылы «Императрица Ирландии» кемесі де бортындағы 1477 адаммен бірге суға батып, «Титаник» трагедиясы қайта қайталанады. Бұл жайлы 1914 жылы «Қазақ» газетінде «Америкада дариямен «Империатритса Ирланди» деген үлкен кеме мың жарым кісімен жүзіп келе жатқанда түнде алдынан байқаусызда көмір кемесі соқтығып, үлкен кемені жарып кеткен. Кемедегі жолаушылар тегіс ұйқыда екен. Кеме бастықтары сымсыз телеграфпен басқа жерге «біз баттық, құтқарыңдар» деген хабарды ғана білдіріп қалған. Кеме суға батып жөнелген. Қайықпен, басқа амалмен бірсыпыра жолаушылар құтылып, 1032 адам суға  кеткен. Бұл кемеде неше байлар, ғалымдар, сан боздақтар опат болды», –  деп жазылған. Бұл хабарлар арқылы біз сол кезеңдегі қазақ газеттері әлемдегі ең ауқымды жаңалықтарды тұрақты түрде жариялап, оқырманға дер кезінде жеткізіп тұрғандығын анық байқаймыз. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?