
Бүгін осыдан бір жыл бұрын өмірден өткен ұлт руханиятының көрнекті тұлғасы, күллі түрік дүниесінің асыл перзенті, филология ғылымдарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Ататүрік атындағы Түрік Тарих Құрымының толық мүшесі Қаржаубай Сартқожаұлының үш бірдей кітабының тұсауы кесілді.
Белгілі ғалымның аруағына тағзым ету мақсатында мақсатында өткізілген іс шара Қаржаубай Сартқожаұлының өзі қызмет еткен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтті. Салтанатты шараға елімізге белгілі ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, БАҚ қызмкеткерлері қатысты.

Белгілі жазушы, ғалым Тұрсынхан Зәкенұлының айтуынша, Қаржаубай Сартқожаұлы жан-жақты дарын иесі, үлкен қаламгер, теңдессіз білі иесі болған адам.
«Қаржаубай Сартқожаұлы - шығармашылық өмірінде қоғамдық қызметтер атқара жүріп, жалпыкөпшілік және әдеби тақырыптарға да қалам тартқан қайраткер. Тұсауы кесілетін еңбектердің қатарында өмір мен өлім, сағыныш пен сыр, ғылым мен руханият үндесе тоғысқан іргелі туындылары бар.
Олардың бірі отбасы естелігіне құрылған, ананың асыл бейнесі мен ғалымның отбасылық өміріндегі адами болмысы терең сезіммен өрілген «Қош бол, апа» кітабы.
Бүгін тұсауы кесілейін деп отырған екінші еңбек – «Тастан тамыр іздеген ғұлама» жинағы. Онда Қаржаубай Сартқожаұлының ғылыми-шығармашылық келбетін, түрік дүниесіне сіңірген еңбегін кеңінен ашатын әлемдік әрі отандық ғалымдар мен қаламгерлердің жүрекжарды мақалалары, естеліктері мен лебіздері топтастырылып отыр.
Ал үшінші кітап – «Подземный мавзолей древнетюркской эпохи Шороон Бумбагар (Майхан Уул) в Центральной Монголии» атты ғылыми монография. Байырғы түрік әлемінің жәдігерлерін зерттеуге арналған Қаржаубай Сартқожаұлы жетекшілік еткен халықаралық археологиялық экспедициялардың нәтижесі ретінде жарық көрген іргелі еңбек. Бұл еңбек арқылы Моңғолия даласында ашылған түрік дәуірінің жерасты мавзолейі туралы тың деректер ғылыми айналымға түсіп отыр», - дейді Тұрсынхан Зәкенұлы.

Салтанатты шара барысында Еуразия ұлттық университетінің ректоры – академик Ерлан Сыдықов арнайы құттықтау сөз сөйлеп. Л.Н. Гумилев атындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Түркітану және Алтайтану ғылыми-зерттеу орталығына Қаржаубай Сартқожаұлының есімін беру туралы шешім қабылданғанын сүйіншіледі. Ректордың айтуынша, аталмыш орталықтың құрылуы мен қалыптасуы жолында Қаржаубай ағамыздың еңбегі өте зор.
Белгілі ғалым, Филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы Ақеділ Тойшанұлының айтуынша, бұл кісі тек түркология ғана емес, халық ауыз әдебиетіның жианақталуына да қисапсыз еңбек сіңірген тұлға.
«Бұл кісінің тек түркология ғана емес әдебиет саласында да орны үлкен тұлға. Ағамыз өз уақытында лайықты адамдардан бағасын алып үлгерді. Филологияға келгенде Әлкей Марғұлан сынды ұлылардың батасын алған адам. Кезінде атақты академик, жазушы Ғабит Мүсірепов ағамыз да осы кісінің зерттеулеріне үлкен баға беріп кетті. Әйгілі түрколог Әуелбек Қоңыратбаевпен хат жазысып тұрды. Содан жолы ашылып жастайынан даңқы аспандап кетті.
Халқы мен замандастары төбелеріне көтеріп, ұлықтап өтті. Мәселен, жазушы, ғалым Мырзабек Дүйсенов ағамыздың ғұндар, түріктер туралы «Біз – Күн перзентіміз» романында Қаржаубай ағамыздың образы бар. Сол кезде Қаржаубай ағамыз жаңадан қорғаған ғылым кандидаты еді.
Енді сол жолды жалғастырып, өзінің шәкірті Тұрсынхан Зәкенұлы ағамыз өзінің «Мәңгітас» романында Қарсақбай деген кейіпкерді сомдады, негіз етіп осы кісінің прототипі алынды. Яғни ағамыз халқы мен ғылыми қауым тарапынан лайықты құрметі мен сыйын алып үлгерді. Зиялы қауым аспанға көтеріп қадірлей білді.
Ағамыз Түркі академиясы жобасына белсене қатысып келді. Ағамыздың ұлы әрі шәкірті Жантегін Қаржаубайұлы академияда жұмыс істеді. Түркі академиясы президенті Д.Қыдырәлі бастамасымен бұл кісінің жетпіс бес жылдығын атап өткізіп, Түркі академиясының алтын медалімен марапатталды. Сол кеште Жантас Жақыпов, Бақыт Еженхан, Тұрсынхан Зәкен бастаған ғалымдар мен жастар түрколог ғалымның еңбегі туралы құнды пікірлер айтты. Бұл құрмет әрі қарай жалғаса береді деп ойлаймын.
Сондай-ақ ол тастағы тарих қана емес халық арасындағы ауыз әдебиетін де жинаған. Бұл кісі студент кезінде халық ертегілерін жинаған екен. Кейін Бай-өлке аймағы Бұлғын ауылынан жазып алған ертегілерін жинастырып, оқушының торкөз дәптеріне толтырып, Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллинге жіберген. Сол дәптерлер Сейіт Қасқабасов қорында сақталып, оны маған табыстады. Осылайша «Бабалар сөзі» жүз томдығының 74-нші томына Қаржаубай ағаның жинаған ертегілері енді. Сейіт Қасқабасов ағамыздың тарапынан отыз томдық «Әдеби жәдігерлер» сериясымен түркі мұраларының көптомдығы шықты. Сол бірегей антологияға Күлтегін, Тоныкөк бастаған көлемді жырлар осы Қаржаубай ағамыздың нұсқасында енді. Музей жәдігерлерін байытуға да зор үлес қосты. Айталық, Қазақстан Ұлттық музейіне Тоныкөк бастаған көне түркі бітіктастарының көшірмесін Моңғолиядан әкеліп жаңғыртуға еңбек етті. Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетіне «Жазу тарихы музейін» жасақтап кетті.
Қорыта келгенде, бұл кісі тек түркология ғана емес, халық ауыз әдебиетіның жинақталуына да қисапсыз еңбек сіңірді. Үлкен Ғылыми мектеп қалыптастырды», - дейді ол.

Қаржаубай Сартқожаұлы 1947 жылы Моңғолияның Баян-өлгей өлкесінде дүниеге келген.
1973 жылы Моңғолия мемлекеттік университетін бітірді. 1985–1988 жылдары Ленинградтағы Шығыстану институтының аспирантурасында оқыды.
1975–1989 жж. Моңғолия ҒА Тарих институтының аға ғылыми қызметкері, 1989–1995 жж. Түркі-Қазақ ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері, директоры, 1995–1998 жж. Моңғолия ҒА Түркі-Қазақ ғылыми орталығының директоры, 2001 жылдан Еуразия Ұлттық университетінің Эпиграфика және этнография лабораториясының меңгерушісі, кейін Түркология және алтайтану ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметін атқарды.

Ол елімізде көне түркі ескерткіштерін ұзақ уақыт практикалық тұрғыдан зерттеп-зерделеген, әрі аталмыш ескерткіштердің лингвстикалық, эпиграфиялық, тарихи, этно-мәдени қырларын ашқан ғалым. Нәтижесінде, оның «Этнокультурный связь древнотюркского-уйгурского каганата» (Алматы, 1988), «Объединенный каганат тюрков» (Астана, 2001), «Орхон мұралары» (2003), «Орхон ескерткіштерінің атласы» (М. Жолдасбековпен бірге, 2005), «Атлас Орхонских памятников. І том» (М. Жолдасбековпен бірге, 2007), «Көне түркі жазуының генезисі» (2007), «Орта ғасырлардағы Майхан-үленің жерасты кесенесі. Археологиялық барлау және зерттеу» (Л.Эрденболд, К.Жантегин, А.Очир қатарлылармен бірге. Ұланбатыр. Моңғол тілінде. 2013), «Орхон ескерткіштерінің Толық Атласы», І, ІІ том (2019), «Орхон ескерткіштерінің Толық Атласы». ІІІ том (Майда жазулар, Қ.Жантегінмен бірге. 2019), «Үйсін хандығы» (2016), «Керейлердің этникалық тарихы» (Ж.Ошанмен бірге, 2022) т.б. ғылыми кітаптары жарыққа шықты. 80-нен астам ғылыми мақалалары Москва, Улан-Батор, Пекин, Стамбул, Лондон, Париж, Алматы, Астана қалаларындағы ғылыми басылымдарда жарияланды.
Іс-шара аясында ғалымның рухына Құран бағышталып, ас берілді.

Қаржаубай Сартқожаұлы (1947-2024) – қазақ ғылымының маңдайалды тұлғаларының бірі, әлемдік түркологияда ерекше орны бар түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры. Оның ғылыми еңбектері байырғы түркі жазбалары, Орхон ескерткіштері, түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне арналған. Ол Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келіп, түркі әлемінің рухани мұрасын зерттеуге өмірінің соңына дейін сүбелі үлес қосты.
Қаржаубай Сартқожаұлының еңбектері байырғы түркі жазбаларының генезисі, Орхон ескерткіштері, түркі тілдерінің тарихы және мәдени мұраларды зерттеуге бағытталған. Оның ғылыми зерттеулері Моңғолия, Орталық Азия, Оңтүстік Сібір және Қытай аумағындағы экспедициялардың нәтижесінде жинақталған деректерге негізделген. Ғалымның 150-ге жуық ғылыми мақаласы мен бірқатар іргелі монографиялары жарық көрді, олардың ішінде мыналар ерекше назар аударады:«Біріккен түрік қағанаты» (2001)
Бұл еңбекте Көк түріктердің мемлекеттік құрылымы, саяси тарихы және мәдени мұралары жан-жақты талданады. Кітапта түркі қағанатының бірігу процесі, әкімшілік жүйесі және руханияты туралы тың деректер ұсынылған.
«Орхон мұралары» (I том – 2003, II том – 2012)
Орхон ескерткіштерінің мәтіндерін зерттеуге арналған бұл еңбектер түркі жазуының (руникалық жазудың) тарихы мен мағынасын ашуда маңызды рөл атқарды. Ғалым мәтіндерді түпнұсқа тілде талдап, олардың тарихи және мәдени контекстін ашты.
«Орхон ескерткіштерінің толық атласы» (2005, М. Жолдасбековпен бірге)
Бұл кітап Орхон ескерткіштерінің толық жинағын қамтиды. Моңғолия жеріндегі түркі жазба ескерткіштерін фотоға және бейне таспаға түсіріп, ғылыми айналымға енгізген экспедициялардың нәтижесі осы атласта жинақталған. Кітапта 600-ге жуық түркі руникалық жазбалары мен 200-ге жуық көне ұйғыр жазбаларының деректері енгізілген.
«Байырғы түрік жазуының генезисі» (2007, екінші басылымы – 2010)
Бұл монография түркі жазуының пайда болуын, дамуын және әлемдік жазу жүйелерімен байланысын зерттейді. Манихей, қидан, ұйғыр жазулары және сириялық, араб әліпбилерімен салыстырмалы талдау жасалған. Кітап түркі жазу мәдениетінің эволюциясын түсінуге мүмкіндік береді.
«Атлас Орхонских памятников» (2007)
Орхон ескерткіштерінің халықаралық деңгейде танылуына ықпал еткен бұл еңбек шетелдік түркітанушылар арасында жоғары бағаланды. Кітапта ескерткіштердің фотосуреттері, транскрипциялары және аудармалары берілген.
«Этнокультурный связь древно-тюркского-уйгурского каганата» (1988)
Бұл еңбекте түркі және ұйғыр қағанаттарының этномәдени байланыстары зерттеледі. Орта ғасырлық түркі халықтарының мәдени сабақтастығына ерекше назар аударылған.
Мақалалары:
Ғалымның 80-ге жуық мақаласы Мәскеу, Улаанбаатар, Пекин, Стамбул, Лондон, Париж, Алматы және Астана қалаларындағы ғылыми басылымдарда жарияланды. Олардың ішінде Махмұд Қашғаридің «Түркі тілдерінің сөздігі», «Қутадғу білік» және қыпшақ тілдерінің материалдарына қатысты зерттеулері ерекше орын алады.
Зерттеу әдістері мен экспедициялары:
Қаржаубай Сартқожаұлының еңбектері тек теориялық зерттеулермен шектелмей, далалық зерттеулермен де ерекшеленеді. Ол Моңғолия, Оңтүстік Сібір (Алтай, Тува, Хакасия), Орталық және Батыс Қытай аумағына бірнеше экспедиция ұйымдастырды. Бұл экспедициялар нәтижесінде 600-ге жуық түркі руникалық жазбалары мен 200-ге жуық ұйғыр жазбалары жинақталып, ғылыми айналымға енгізілді. Оның зерттеулері В. Томсен, В.В. Радлов, П.М. Мелиоранский және С.Г. Кляшторный сияқты ғалымдардың еңбектерін сын көзімен сараптай отырып, жаңа интерпретациялар ұсынды.
Ғалымның Орхон ескерткіштерін зерттеудегі ерекше тәсілі – мәтіндерді сөзбе-сөз аударумен шектелмей, олардың тарихи-мәдени контекстін терең талдау. Ол: «Байырғы түркі мәтіндері социализм заманындағы баяндамалар сияқты емес, әр сөзі мәнді-мағыналы. Оларды түсіну үшін терең білім мен талдау қажет», – деп атап өткен.
Түркологияға қосқан үлесі:
Қаржаубай Сартқожаұлының еңбектері түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуде жаңа белестер ашты. Оның зерттеулері:Орхон ескерткіштерінің мәтіндерін жүйелеу: Ол Күлтегін, Тоныкөк және басқа ескерткіштердің мәтіндерін ғылыми айналымға енгізіп, олардың түпнұсқалығын сақтай отырып, заманауи түсініктермен байытты.
Түркі жазуының шығу тегін, оның манихей, сириялық және араб жазуларымен байланысын зерттеді.
Түркі халықтарының шаманизмнен бастап орта ғасырлық мәдениетіне дейінгі сабақтастығын талдады.
Оның еңбектеріне Түркия, Ресей, Моңғолия және басқа елдердің ғалымдары 400-ден астам сілтеме жасаған.
Қаржаубай Сартқожаұлының ғылыми мұрасы – түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеудегі баға жетпес қазына. Оның еңбектері Орхон ескерткіштерін, түркі жазуын және мәдени сабақтастығын зерттеуде жаңа көкжиектер ашты. Ол тек ғалым ғана емес, сонымен қатар ұлттық руханияттың дамуына үлес қосқан ұлы тұлға ретінде тарихта қалды. Оның еңбектері болашақ ұрпақ үшін түркі әлемінің бай мұрасын зерттеудің негізі болып қала береді.