
Қазақстанның шығысындағы Алтай тау жүйесінің етегінде, Катонқарағай жоталарының қапталында орналасқан Рахман қайнары бүгінде табиғаттың сирек кездесетін геотермалды-минералды феномендерінің бірі. Бұл шипалы бұлақ көзі тек қана емдік мақсаттағы объект емес, сонымен қатар геологиялық, гидрологиялық, биологиялық және этномәдени тұрғыдан құнды ландшафт. XXI ғасырда Рахман қайнары ұлттық туризм мен медициналық бальнеологияның маңызды элементіне айналып отыр. Рахман қайнарының табиғаты, Арасан шипалы суы жайлы алғаш ХХ ғасыр басында «Қазақ» газетінде жазылды.
Ең алғаш Рахман қайнары туралы жазбаша дерек 1914 жылы «Қазақ» газетінде жарық көрген. Мақала авторы Ғайса Тоқтарбеков осы Алтай етегіне барып, Арасан шипалы суынан ем алғанын баяндайды. Шипалы судың тарихына былайша тоқталады: «Алтай тауында «Шабамбай» деген жерде Арасан атты шипалы су бар. Бұл судың жылылығы 35 гырадус болып, жердің тік астынан шымырлап қайнап шығып жатады. Жан-жағы адам айтқысыз биік-құз тау. Орман-тоғай, неше түрлі қалың ағаштың бәрі мұнда. Айналасы 10 шақырымдай қасында көлі бар. Көлдің суы кәдімгідей суық. Арасан менен көлдің арасы 100 саженнен артық емес. Арасан осы көлге ағып қосылады. Мұның шыққанына бірталай жыл болса да, жұртқа жайылып, атағы білінгеніне 19-20 жыл болыпты. 1895-інші жылы арендатор Федор Фролов деген орыс тапқан екен. Орыс судың пайдасын сезіп, басына үй салып, оны «Әулие су» деп жұртқа жария қылған. Сонан келе-келе осы уақытта тәртіпті жақсы бір орын болып тұр. Келген кісілерге арнаулы салынған қасында үйлер бар. Судың өз үстіне де үй тұрғызып уанна (монша) есебінде қылып қойған. Су төрт бөлмелі үй. Судың ішін тақтайменен қиып, төрт бұрышты кебеже сияқты қылып қойыпты. Тереңдігі белуардан, ұзындығы кісі бойы. Бір кебеженің ішіне төрт кісі емін-еркін сыйып жата алады. Судың ыстығына қандай кісі болса да 10-15 минуттан артық шыдай алмайды. Адамның қай-қайдағы ашшы терін шығарып, сүйегін балқытады. Қалайда болса бұл судың ауру кісіге пайдасы болмай қалмаса керек. Қандай ауруға да бұл су пайдалы көрінеді. Әсіресе реуматизім (құяң, аруақ, сары су) сияқты ауруларға өте жағымды көрінеді. Шаншу, жел-құяң, буындардағы сары суларды һәм ет пен терінің арасындағы ондай-мұндай жел-құздарды жұлып алғандай-ақ жазады екен», – дейді.
👉 Оқи отырыңыз: «Чехословакияны азат ету үшін 150-ден астам қазақстандық жауынгер болған»
XX ғасырдың алғашқы жартысында Рахман қайнарына алғашқы емдеу-сауықтыру пункттері салынып, 1950 жылдары кеңестік бальнеологиялық жүйеге енгізілді. Кейін бұл аймақ Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қосылып, қорғауға алынды. Рахман қайнары – Қазақстан Республикасының шығысында, Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданы аумағында, Оңтүстік Алтай тау жотасының теріскей беткейінде орналасқан шипалы су көзі. Бұл өңір табиғаты ерекше әрі биік таулы аймақ, теңіз деңгейінен шамамен 1750-1800 метр биіктікте орналасқан. Қайнар көзі атақты Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағына кіреді және Қара Ертіс өзенінің бастауларына жақын маңда орналасқан.Шипалы қайнар көзінің маңында орналасқан Рахманов көлі тектоникалық және мұздық процестердің нәтижесінде пайда болған табиғи су қоймасы. Көл мен қайнардың арасы бар болғаны 200 метрге жетпейді. Аймақтың климаты таулы-салқын, жазда қоңыржай жылы, ал қыс мезгілінде қатты аяз болады. Сондай-ақ, мақалада Арасанға әр өңірден азаматтардың ағылып келіп, ем алып жатқаны жайлы «Бұл Арасанға һәр түрлі халықтар келіп жатқан көрінеді. Мысалы, қытай, моңғол, орыс һәм ноғайлар. 1 мың – 2 мың шақырым жерлерден келген кісілерді көрдік. Бәрі де суды мақтап, жазылып тәуір болдық деп кетіп жатыр. Мен осы Арасанда иул ішінде 15 күн жаттым. Биыл Уфадағы медресе «Ғалие»-ден ауырып жүдеп қайтып едім. Ауруым көкірек хастасы болып, өкпем шаншып, жүрегім қызушы еді. Докторлардан көрмеген пайданы осы судан көрдім. Арасанның суы қанша ішсең де қымыз сияқты сіңіп отырады. Басқа су сияқты жылылығымен жүректі айнытпайды. Жүректің қызғанын басады. Бұл Алтай, Шүй, Тарбағатай, моңғол халықтары осы уақытта доктор дегенді білмейді. Тек басы ауырып, балтыры сыздаса Арасанға қарай ұмтылады», – деп баяндайды. Рахман қайнар көзі атақты Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағына кіреді және Қара Ертіс өзенінің бастауларына жақын маңда, солтүстігінде – Ресей Федерациясының Алтай Республикасы, шығысында – Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы, оңтүстік-шығысында – Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесімен шектесетін, батысында – Катонқарағай, Өрел, Берел ауылдары және Өскемен қаласы бағытындағы өңірлермен жалғасатын аумақ. Бұл шипалы қайнар көзінің маңында орналасқан Рахманов көлі тектоникалық және мұздық процестердің нәтижесінде пайда болған табиғи су қоймасы, көл мен қайнардың арасы бар болғаны 200 метрге жетпейді. Аймақтың климаты таулы-салқын, жазда қоңыржай жылы, ал қыс мезгілінде ұзақ әрі аязды болып келеді.


Бұл шипалы суға жету жолының картасын Ғайса Тоқтарбеков былайша көрсетеді: «Бұл Арасан Семейден Уст-Каман, Қызылжар һәм Қатонқарағай арқылы 9 жүз 30 шақырым тұрады. Бұл жерге Семей жағынан келген кісі Семейге төрт жүз шақырым Қызылжарға шейін параходпен келіп, сонан Қатонқарағайдан Алтай ішіндегі Беріл деген орыс қаласына шейін тағы да арба болып, онан Арасанға шейін биік тауларға кез келіп, салт атпен әрең зорға асып түседі (бірақ бұл арасы күндік-ақ жер). Келген адамдар өздерінің ауруына қарай қанша жатса да ерікті болып, Арасанның суына түсіп тұру үшін сөткесіне неше мәртебе түсіп шығуға тағы ерікті. Көп түскенімен, сен көп түстің деп артық ақша алмайды. Сөйтсе де шет жер ғой (мұнда қарауылшы жоқ) тәртіп-жөн білмеген кісілерді шетке қақпай қылып тұратын көрінеді. Осы Арасанда Мәскеулік бір жиһангерменен бірге болып едім. Ол айтады: «Осы жолы бүтін Еуропа, Азияны аралап келемін. Һеш жерде мұндай жер астынан қайнап шыққан ыстық уанна көрмедім. Бірақ Каракат тауында бір уанна бар, ол мұндай емес, жылылығы 25 гырадус. Бұл Арасан уаннасы әлбетте шипалы болса керек деп. Қысқасы, осы суды һәрбір талапкер саяхат етіп келіп көруге лайық деп білемін. Жоғарыда судың жылылығы 35 гырадус деп жазып едім. Ол жай уақытындағысы. Күзге қарағанда адам шыдай алмайтын болып 40-45 гырадус болып кетеді. Адам баласы таңырқарлық», – дейді. Автор айтқандай, Арасан суы радонды, сульфат-гидрокарбонатты натрийлі типке жатады. Су температурасы 35–38 °C аралығында, бұл термалды, бірақ денеге жайлы әсер ететін шипалы жылы су саналады. Құрамындағы радон (Rn) – жеңіл дәрежелі иондаушы сәуле көзі, қан айналымын жақсартады, қабыну процестерін басады, Кремний қышқылы теріні қалпына келтіреді, жара жазуды жылдамдатады, фторидтер, натрий, кальций секілді басты элементтер бүгінгі медицицна тіліндегі артрит, артроз, жүйке, тері, омыртқа, бұлшық ет, әйелдердің гинекологиялық ауруларына емдік қасиеті мол. Бұл жердің өткен ғасырдағы туристік орын екенін дәл аңдаған автор бұл жердің туристік бағаларын былайша жазады: «Бірақ мұның бір ұнамаған жері басындағы салған нөмірлері (үй) аз ғана (12 бөлме), бөлмесінің ішіне екіден артық кісі сыймайды. Бөлмелерінің бағасы сөткесіне 70 тиыннан бастап, 1 сом 20 тиынға шейін. Қазақ, моңғолдар қостап, шатырлап келіп жатады. Бұлардың өз азықтары өзінде, көшкен елдей жатқан жері бар. Ал енді басқа орыс пен ноғайлар нөмірлерге сыя алмай сенделіп жүреді. Ағаш түбінен үй қылып жатады. Арасанның басқа нәрселері де қымбат. Қымбат болмай да амал жоқ. Елсіз, күнсіз иесіз тау арасында, маңайында жақын жерде қала жоқ. Қазына жазып қойған такса бар. Неде болса сол такса бойынша іс жүргізеді. Осы күні мұны ұстап тұрған бір орыс. Бұл орыс қазынаға жылына 300 сом төлейді екен. Басқа қанша пайда болса, өзінікі. Құдай орысқа беріп тұр, кейбір күнде 100 сомнан да артық түсіреді. Мен барғанда 350-400-дей кісі бар еді. Халықтың көп жиналып жатқан жері. Адам айтар емес, бірі келіп, бірі кетіп сапырылысып жатыр. Құдай жаратқан дүниенің сау-дасыз бір базары», – дейді.
Газетте бұл мақала жарық көргеннен кейін мекенжайын сұраушылар көбейіп, шипалы суға барғысы келушілердің ынтызары артады. 1914 жылы Арасанға барушыларға газет редакциясы: «Қазы Мұхаммед хазірет Қоскейұғлына – 80-інші нөмір «Қазақ»-та жазылған Арасанға бару үшін біздің көрсеткен төте жолымыз мынау: Оренбургтан Омскіге шейін 2 мың шақырым отарбамен жүресіз, үшінші класс билеті 14 сомнан аз артық. Омскіден Ертіс өзені бойынша параходқа отырып, параход Семей-Өскемен арқылы Қызылжар деген пристанға түсесіз. Бір кісіге параход билеті де (2-інші класс) 11-12 сом шамасы болса керек. Қызылжардан Арасанға шейін атпен жүріледі, ол арасы дәл неше шақырым екені есімізде жоқ, бірақ бір уездің қол астындағы жер болғандықтан онша алыс болмаса керек. Ол араның қанша екендігін анық білгіңіз келсе, Арасан туралы газетаға жазушы мұғалім Иса Тоқтарбековқа хат жазып білісерсіз, оның адресі мынау: Кош-Агач, Томской губ. Киргизское волостное правление, Гисе Токтарбекову», – деп жазады.
Редакция сипаттап отырған Арасан – қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданындағы Рахман қайнары екені еш күмән тудырмайды. Себебі тарихи бағыт, көлік түрлері, станциялар мен елді мекендердің орналасуы Рахман қайнарымен географиялық әрі тарихи тұрғыдан толық сәйкес келеді. Редакция айтып отырған Қызылжар пристан Зырян (Алтай қаласы) болса керек. XIX ғасырдың соңында ашылып, XX ғасырдың басында-ақ қазақ зиялыларының назарын аударған бұл шипалы бұлақ көзі бүгінгі күні де өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. 1914 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған Ғайса Тоқтарбековтің жазбасы Рахман қайнарының тек табиғи ерекшелігін ғана емес, оның сол кезеңдегі инфрақұрылымы, емдік тәжірибесі мен халықаралық маңызын да дәл бейнелейді. Минералды құрамының радон, кремний, фтор сияқты биологиялық белсенді элементтерге бай болуы Рахман қайнарын медициналық тұрғыдан ғана емес, ғылыми зерттеу нысаны ретінде де құнды етеді. Судың температурасымен, дәмімен, шипалы әсерімен ерекшеленуі оны Орталық Азия кеңістігіндегі өзге термалды бұлақтардан даралай түседі. Бұл өңірдің географиялық оқшаулығы, табиғи тазалығы және Алтайдың биік тау сілемдеріндегі орман-тоғайлы микроклиматы бәрі бірігіп, Рахман қайнарын табиғи бальнеологиялық курорт ретінде қалыптастырды. Мұнда келіп емделушілердің сан алуандығы оның тек отандық емес, халықаралық деңгейдегі беделін де көрсетеді. Сонымен қатар, Арасанның айналасындағы инфрақұрылым, туристік сұраныс, емдік процедуралардың қолжетімділігі мен тарихи жадыдағы орны бүгінгі Қазақстанда экологиялық және сауықтыру туризмін дамытуда үлгі бола алады. Осылайша, Рахман қайнары тек табиғаттың сыйы емес, оны тануға ұмтылған адамның да мәдени-ғылыми ізденісінің нәтижесі. Бұл шипалы мекен еліміздің ұлттық құндылықтар жүйесінде лайықты орын алуға тиіс табиғи мұра.