
2025 жылдың 1 тамызынан бастап, Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай іске қосылатын жаңа жоба – «Abay Academiyasy» цифрлық платформасы ел ішіндегі ғана емес, шетелдік ғылымдар мен оқырманға Абай әлемін жаңаша ұсынбақ. Бұл энциклопедиялық платформа – бұрын-соңды мұндай мазмұнда қолға алынбаған, терең әрі кешенді сипаттағы рухани-контенттік жүйе. Қазіргі жаһандану мен цифрлық дәуірдің талабына жауап бере отырып, Абай мұрасын тану, тарату, зерттеу бағытында тың белеске жол ашып отыр.
Ең алдымен, бұл платформа Абай шығармашылығының толық цифрлық қоры ретінде ұсынылады. Яғни ақынның өлеңдері мен қара сөздері, хаттары, сирек қолжазбалары, замандастары жайлы деректер мен заманауи зерттеулер жүйеленіп, реттеліп, ғылыми негізде орналастырылады. Бұдан бөлек, платформада Абайға қатысты деректі фильмдер, театрландырылған қойылым үзінділері, белгілі тұлғалар оқыған мәтіндер, фото және бейнежазбалар жинақталады. Яғни «Abay Academiyasy» – Абайды оқу емес, Абайды көру, есту, зерделеу алаңы.
Бұл тек ғалымдарға немесе әдебиетшілерге арналмаған. Кез келген қазақстандық, қала берді, шетелдік оқырман мен зерттеуші, студент, оқушы үшін де түсінікті, қарапайым әрі қолжетімді платформа болады. Әрбір адам Абай шығармаларын өзі қалаған тілінде оқып, тыңдап, қажет жағдайда ғылыми мәліметтермен тереңдей таныса алады. Ол үшін платформада көптілділік қағидасы негізге алынған. Бүгінгі күні қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі негізгі мазмұндар әзірленіп үлгерсе, алдағы уақытта түрік, француз, араб, қытай, неміс, жапон сынды әлемдік тілдерге де аударылып, кеңейтіледі. Бұл – Абайды тануға талпынған әлем оқырманы үшін жасалған үлкен қадам.
Платформада енгізілген мәліметтердің сапасы мен сенімділігіне ерекше назар аударылған. Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты барлық жәдігер – ғылыми сараптамадан өткізіліп, цифрлық өңдеуден өткен материалдар. Қолжазбалар мен хаттар арнайы сканерлеу құрылғыларымен жоғары сапада көшіріліп, мәтін тану (OCR) технологиясы арқылы цифрланған. Аудио және бейнежазбалар mp3/wav, mp4 форматында ұсынылып, кәсіби дикторлар, өнер майталмандарының қатысуымен әзірленген. Фотосуреттер мен архивтік құжаттар да сақталу мерзімі мен техникалық стандарттарға сай сандық форматта ұсынылады.
Abay Academiyasy – жай ғана дерекқор емес, бұл – интерактивті әрі халықаралық деңгейдегі мәдени-ғылыми алаң. Мұнда шетелдік зерттеушілер мен оқырмандар үшін арнайы интерфейс әзірленген. Олар өз елдеріндегі университет, ғылыми-зерттеу орталықтарымен байланысып, платформа материалдарын ғылыми мақсатта қолдана алады. Сонымен қатар, вебинарлар, онлайн дәрістер мен халықаралық конференциялар өткізу мүмкіндігі де қарастырылған. Яғни Абайды тек Қазақстан ішіне емес, шекара асырып, жаһандық контексте танытуға бағытталған толыққанды құрал десек артық емес.
Жобаны әзірлеп, жүзеге асырып отырған мекемелер мен жауапты тұлғалар тарапынан ресми түрде жарияланған деректерге сүйенсек, платформа – Абай облысы әкімдігі мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жасалған. «Abay Academiyasy» – тек ақпараттық жоба емес, ол – ұлттың рухани коды, Абай әлемінің мәңгілік екенін дәлелдейтін тарихи бастама.
Осылайша, Абайдың мұрасы енді сандық дәуірмен үндесе бастады. Тек қана том-том кітапқа, шаң басқан сөрелерде жатқан жинаққа емес, әр оқырманның қалтасындағы смартфон, алдыдағы ноутбук, қолындағы планшетке айналды. Заманнан қалмай, уақытпен үндесе отырып, Абайдың сөзі де, ойы да, рухы да жаңа тыныс алды. Ендеше, ендігі жерде Абайды танимын деген жанның «қайда?» деп емес, «қалай?» деп сұрауы ғана қалды. Жауабы – Abay Academiyasy.