
1904 жылы Абай Құнанбайұлы дүниеден көшкеннен кейін ақынның әдеби мұрасын жинақтау, жарыққа шығару жұмысын Әлихан Бөкейхан өз қолылна алып, бір арнаға түсіреді. Ақын көзі тірісінде өзінің жазған өлеңдерін жинақтау ісіне бей-жай қарап, жарыққа шығаруға ықылас танытпаған.
Бірақ Мұхтар Әуезов ақын шығармашылығына арналған монографиясында, алғаш рет ақын 1896 жылы балаларына «бұрын жазған өлеңдерім жиналсын» деген тапсырма береді. 1905 жылға дейін ақын өлеңдері бір арнаға топтасқанымен, толық жарыққа шығып, жұртшылыққа жетпейді. 1905 жылы Әлихан Бөкейхан ақынның қайтыс болғанына бір жыл толуына байланысты «Семипалатинского листок» газетіне орыс тілінде некролог жазды. Кейін бұл некролог 1907 жылы «Записки Семипалатинсаго Подотдела Западно-Сибирскаго отдела Императорскаго Русскаго Географическаго Общества» (Выпуск ІІІ, 1907 г) жарияланды. Әлихан Бөкейхан өзі ақын мұрасын 1903 жылдан бастап жинақтап, балаларына арнайы тапсырма бере бастайды. Бұл жайлы 1915 жылы «Қазақ» газетінің №150 санында Абайдың інісі Кәкітайға арналған қазынамада Ә.Бөкейхан: «Əуелі Кəкітайды 1900-ншы жылы күзді күні көрдім, қасқырдың бөлтірігіндей тоғыздағы баласы болды. Гимназиаға берем деп, Семейге келгенде. Онда заман тып-ты-ныш, тұңғиық, бірігіп қалар іс жоқ. Біз сынаса алмадық. 1904-нші жылы Абай марқұмның өлең кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым. 1905-нші жылы апрел айағында Кəкітай Абайдың жазба кітабын алып, Омбыдағы маған келді», – деп жазады. Кәкітай 1905 жылы ақынның әдеби мұрасын Әлихан Бөкейханның қолына тапсырғанымен, өлеңдер жинағы бірден жарыққа шықпайды. Бұл жайлы 1914 жылы Міржақып Дулатұлы ақынның қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай арналған «Абай» атты мақаласында: «1905-нші жылы «Семипалатинский листок» газетасында һәм онан кейін Семейдегі Географишески обшествоның шығарған бір кітабында Ғалихан Бөкейханов Абайдың тәржімә халін жазды һәм кешікпей кітабы да басылатынын білдіріп еді. Бірақ тез шықпады, 1909-ншы жылы Абайдың балалары һәм інілерінің ризалығы һәм Ғалиханның ыждаһатымен Абай кітабы Петербургта Бурагански баспаханасында басылып шықты. Бұл күнгі қолымыздағы кітап сол бірінші баспасы», – деп жазады. Алайда, бүгінгі күнде Санкт-Петербург қаласында Ресей империясының қол астындағы түркі халықтарынан алғаш баспахана ашқан Ильяс Бораганскийдің есімі ескерусіз қалған.
Ильяс Бораганский
Сурет Қайым Мұхамедхановтың жеке архивінен
Ильяс Бораганский кім?
Ең алғаш Қайым Мұхамедханов Абайдың туғанына 125 жыл толуына орай, Абайдың 1909 жылы алғашқы кітабын шығарған Ильяс Бораганский жайында сөз қозғап, «Қадірлі есім, аяулы еңбек» атты зерттеу мақаласын жариялайды. Бұл уақытқа дейін қырым татары, ағартушы Ильяс Бораганскийдің есімі ескерусіз қалып, еленбей келе жатқан еді. Қайым Мұхамедханов Ильяс Бораганскийдің есімін, ғұмырнамасын айшықтау мақсатында 1966 жылы Бораганский туралы Мәскеудің ұлттық Ленин атындағы кітапханасына хат жазып, сұрау салады. Алайда, баспагер жайлы мардымды дерек табылмай, ғалым 1922 жылы «Қазақ тілі» газетіне баспагер жайында жарияланған мақаланы негізге ала отырып, Сәйфи Құдашқа хат жазып, Ильяс Бораганскийдің ғұмырнамасын, жеке өмір деректерін тауып, ғылыми айналымға қосады.
Ильяс Бораганский 1852 жылы Қырымның Бақшасарай қаласында дүниеге келген. Бастапқы білімін мектеп пен медреседе алып, 15 жасқа дейін сол оқу орындарында оқыған. 1867 жылдан бастап жеті жыл бойы Түркияда білімін жалғастырып, Ыстанбұлда түрлі пәндерді, соның ішінде каллиграфия, сурет өнері және баспа ісінің негіздерін меңгерген. Елге қайтып оралған соң, біраз уақыт Қырымда тұрып, шығармашылық және кәсіби шеберлігін дамытумен айналысқан. 1876 жылдың желтоқсанынан бастап Ресейдің әртүрлі қалаларын аралап, саяхатқа шыққан. 1882 жылдан бастап Санкт-Петербург қаласында тұрақтайды. Ол шығыс және бірқатар еуропа тілдерін тамаша меңгеруімен профессорлардың назарын аударып, Петербург университетінің шығыстану факультетіне түрік тілі мен шығыс каллиграфиясы пәндерінен дәріс оқуға шақырту алды. 1898 жылдың 20 тамызынан бастап осы университетте «Түрік каллиграфиясы», «Осман тілінде практикалық сабақтар» және «Мұсылман каллиграфиясы» сабақтарынан дәріс бере бастайды. Ол Санкт-Петербург қаласында орыс шығыстанушыларының қолдауымен өзінің жеке – «И.Бораганскийдің "Шығыс" электро-баспасын» ашады. Бұл Ресейдегі мұсылман қауымына арналған алғашқы баспаханалардың бірі саналады.
Ильяс Бораганский 1917 жылғы революцияны Петроградта қарсы алды. Екі жылдан кейін ол А.З.Уәлидимен танысып, оның шақыруымен большевиктік «Салават» газетінің редакциясымен ынтымақтастық орнатады. 1920 жылы башқұрт сарбаздарымен бірге Бораганский Башқұртстанға келіп, Стерлитамак қаласында басқа газет-журналдардың шығуын ұйымдастырды.
Ильяс Бораганский Ахмет-Зәки Уәлидимен бірігіп, Башқұрт жерінде кітап, газет-журнал шығару ісімен ғұмырының соңына дейін айналысады. 1920 жылы жетпіс екі жастағы Ильяс Бораганский Уфа қаласына көшіп келіп, баспа ісіндегі башқұрт бөлімін басқарады. Баспегер ғұмырының соңын Башқұрт жерінде Стерлитамак қаласында өткізіп, 1924 жылы қайтыс болған. Ол ғұмырында тек башқұрт халқының игіліне ғана емес, тұтас түркі халықтарының әдебиет, мәдениетінің қалыптасуына, баспа ісінің дамуына зор ықылас танытып, артында өлшеусіз мол мұра қалдырған.
Ильяс Бораганскийдің отбасы
Сурет Қайым Мұхамедхановтың жеке архивінен
Санкт-Петербургтағы тұңғыш мұсылман баспаханасынан қандай кітаптар шықты?
1894 жылы орыс шығыстанушы ғалымдарының қолдауымен Ильяс Бораганский Санкт-Петербург қаласында араб қарпімен жұмыс істейтін алғашқы мұсылман баспаханасын ашады. Бұл типография араб, орыс, түркі және парсы тілдерінде кітаптар шығара баста йды. Бұл жеке меншік баспахананың ашылуы Ресей мұсылмандарының қоғамдық-мәдени өмірінде аса маңызды оқиға болды. Кейбір дереккөздерде бұл мекеме «Бірінші мамандандырылған, көркем әрі артистік электро-баспахана» деп аталады.
Уақыт өте келе Ильяс Бораганский баспашылық жұмысын кеңейтіп, араб қарпінен бөлек, кириллица және латын әріптерімен де кітаптар шығаруды жолға қояды. Осы баспахана арқылы Бораганский көптеген дарынды ақын-жазушылардың шығармаларын жарыққа шығаруға жол ашып, кейде олардың еңбектерін өз қаражатына бастырып отырған. Оның баспаханасында Қырым тарихы мен мәдениетіне арналған еңбектер, сондай-ақ оқулықтар, діни, ғылыми, көркем және танымал әдебиеттер жарық көрді. Мысалы, И.А. Крыловтың «Мысалдары», Н.В. Гогольдің «Үйлену» пьесасы, А.Н. Самойловичтің аударуымен қырымтатар тіліне бейімделген «Император Бабырдың өлеңдер жинағы» басылады. 1899 жылы бұл баспаханада А.С. Пушкиннің «Бахшасарай бұрқағы мен Талисман» атты поэмасының татар тіліне (қырым диалектісімен) Осман Акчокраклы жасаған аудармасымен қатар екі тілде – орысша және араб жазулы қырым-татарша – мерейтойлық басылымы жарық көрді.
Ильяс Бораганскийдің баспаханасының арқасында бірқатар түркі халықтарының ақын-жазушы, этнографтарының есімі кеңінен танылды. Бұл баспаханада 1909 жылы Абайдың өлеңдер жинағынан бұрын Шоқан Уалихановтың ел аузынан жинаған «Едіге би» қолжазбасы да кітап болып басылды.
Ш.Уалиханов ел аузынан жинаған «Едіге би» кітабы
Ильяс Бораганский өз отандастарына да қолдау көрсетіп отырған. жастардың Петербургтегі оқу орындарына түсуіне, жұмысқа орналасуына көмектескен. Шамамен 1909 жылы оның баспасында корректор болып, кең ауқымды білім иесі, қырымтатар тектес түркітанушы, иранист және арабист И.Н. Леманов еңбек еткен. 1896–1900 жылдары баспаханада қырымтатар мәдени өрлеуінің көрнекті қайраткері О.Н. Акчокраклы да қызмет еткен . Ол араб әріптеріне арналған терім кассасын жетілдіріп, бір американдық компанияның тапсырысы бойынша араб әрпін жазу машинкасына бейімдеген.
Бораганскийдің баспаханасында Ресейдегі алғашқы баспалық Құран басылып шықты. 1899 жылы халиф Осман дәуірінен қалған құнды жәдігер – куфалық Құранның репродукциясы дайындалды. 1911 жылы дәл осы типографияда Санкт-Петербургте салынып жатқан алғашқы мешіттің қасбетін безендіруге арналған Құран аяттарының араб тіліндегі жазулары әзірленген. Ильяс Бораганский 1910 жылы мешіттің іргетасын қалау рәсіміне қатысып, 1913 жылы Романовтар әулетінің 300 жылдығына арналған алғашқы салтанатты құлшылық рәсімінде де болған.
Бұл баспадан шыққан қазақ даласына жаңалық болып келген кітаптардың бірі – Абайдың өлеңдер жинағы еді.
1909 жылы бұл баспадан қазақ халқының ағартушысы, ойшыл әрі көрнекті ақыны, қазақ әдебиетінің тұңғыш классигі Абай Құнанбайұлының шағын жинағы («Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұлының өлеңдері») жарық көрді. 1896 жылға дейін Абай өз шығармаларын кітап етіп шығару туралы ойламаған, олар көбіне ауызша таралып отырған. Бірақ тұңғыш рет Кәкітай Ысқақұлының ақын өлеңдерін жинақтап, Әлихан Бөкейханның қолдауымен Санкт-Петербург қаласында Абайдың өлеңдер жинағы жарық көреді.
1909 жылы Санкт-Петербург қаласында, «И.Бораганскийдің "Шығыс" электро-баспасында» жарық көрген Абайдың алғашқы әдеби мұрасы
Абайдың алғашқы кітабының сатылым деңгейі 1913 жылы ашылған «Қазақ» газеті арқылы да өрістеді. 1914 жылы «Қазақ» газетінде «Абай өлеңдері келді. Алаштың бірінші ақыны марқұм Ибраһим Құнанбаев жазған өлең кітабы. Бағасы 75 тиын, поштасымен 80 тиын, скидкесі бар. Адрес: «Қазақ» басқармасы», - деген жарнамалар жиі басылып тұрды. Абай есімі қазақ даласында қайта жаңғырып, 1913 жылы А.Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» атты көлемді мақаласы Абайдың қазақ әдебиетіндегі орнын айшықтап, оны бекіте түсті. «Қазақ» газеті арқылы жер-жерде Абай құрметіне әдеби кеш өткізу, ақын аруағына өлең арнау дәстүрі қалыптасты. 1914 жылы «Қазақ» газетінде «Уақ» бүркеншік есімімен жарияланған өлеңінде автор Абайдың ақындық қуатына және оның тұңғыш кітабына деген терең құрметін былайша білдіреді:
Абай кітабына
Күнінде жүз оқысаң, жалықпайсың,
Көз талды, шаршадым деп талықпайсың.
Бір сөзін бір сөзінен артық көріп,
Құмар боп қайта-қайта анықтайсың.
Бойды ертіп, буыңды алып мағынасы,
Тұрғанда оған нағып қамықпайсың.
Сөзі рас, сөзі таза, сөзі ақыл,
Көңілге бір жері жоқ жабыспайтын.
Қазақта мұнан артық сөз шыққан жоқ,
Бағалап мынау не деп пар ұстайтын.
Жазушы заман түспей өтіп кетті,
Ер ме еді бостандыққа жабыспайтын!
Арттағы қара халқын өрге сүйреп,
Қамалға қарсы жүріп қарыспайтын.
Зиянды нәрселерден айырам деп,
Майданда тұрып алып алыспайтын.
Жол тауып, жоба тауып, жолдас тауып,
Халқының жоғын іздеп табыспайтын.
Есіл ер бұ заманда болмады-ау деп,
Қазақта қабырға жоқ қайыспайтын.
Уақ
Дәл осындай Абай аруағында арналған арнау өлеңдер газет беттерінде жиі басылып, қазақ даласына кеңінен таралып, ақын өлеңдері алғашқы рет жалпыұлттық деңгейде насихаттала бастады.