Биыл Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толып отыр. Қарымды қайраткер, шебер жазушы, ұлт ұранына айналған ақын есімі елдің әр өңірінде үзік-үзік естіледі. Дегенмен, ақынның саяси қызметі, әдеби мұрасы, тұлға келбеті, ғұмырнамасы және Алаш қозғалысының бастауында тұрған «Оян, қазақ!» өлеңін тарихи мәні мен маңызы зор. Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнар апамыз қайраткер ғұмырнамасын, ақын мұрасын, саяси жолын, әдеби ортасы мен айналасындағы адамдар жайлы мол естелік қалдырып, тұлғалар есімін ғылыми айналымға енгізуге септігін тигізен болатын. Міржақыптың досы әрі сенімді серігі, ғасыр басындағы саяси оқиғаларға белсенді араласып, «Қазақ» газетінің тұрақты жазушыларының бірі – Әбубәкір Алдияр болды.
Алаштың алғашқы дәрігері
Әбубәкір Бермұхамедұлы – 1881 жылы Торғай облысы, Қостанай уезі, Сарыой болысында дүниеге келген. Бала күнінен алғыр, білімді азамат болып өскен. Әкесі ұлын алдымен орыс білімін үйренсін деп, Ы.Алтынсары ұйымдастырған Қостанайдағы екі сыныптық училищеге берген. Әбубәкір Ыбырай Алтынсарының алғашқы шәкірттерінің бірі. Кейін 1891 жылы Орынбор ерлер гимназиясына оқуға түседі. Гимназияда 8 жыл үздік оқып, 1899 жылы Императорлық Қазан универсиетінің медицина факультетінде «Крыжановский» атындағы стипендияда оқыған. Әбубәкір Алдияр 1904 жылы «жоғары білімді дәрігер» деген атақ алған Мұхамеджан Қарабаевтен кейінгі екінші, сол кезеңде екі жоғары білім алған алғашқы қазақ еді. Әбубәкір 1904 жылы елге оралып, Ақтөбе, Қостанай, Орынбор қалаларында дәрігерлік қызмет атқара жүріп, Алаш қайраткерлерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан.
Әбубәкірдің 1913 жылы қазақтың ірі ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың көзіне тегін ота жасап, кейінгі жылдарға дейін дәрігер есімі Қостанай, Орынбор, Ақмола, Троицк жеріне кеңінен жайылған. Тіпті, «Қазақ» газетінде Әбуәкір жұмыстан кейін де, яғни кешкелік уақытта да науқасттарды қарайтындығы жайлы жарнамалар басылып отырған. Ол 1913 жылдан бастап «Қазақ» газетінің тұрақты жазушысы әрі сенімді демеушісі болды. Осы жылы газетке шығып, оқуға жәрдем сұраған қазақ балаларына қаржылай көмек көрсетіп тұрады. «Саматова жәрдем» атты хабарда Мұхтар Саматовқа Әбубәкір – 5 сом, ағасы, Әлмұхамед Алдиря – 3 сом көлемінде жәрдем берген. Ол Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы т.б бір топ қазақ зиялыларымен бірге «Азамат» серіктерімен бірге болып, газет жұмысына араласты. 1915 жылы «Қазақ» газетінің №161 санында доктор Ә.Алдиярдың «Азамат» серіктігіне жаңадан 200 сом қосқанын айтып, «Ә.Алдияр бұрыннан серік еді», - дейді. Сондай-ақ, газет бетінде Ә.Алдиярдың ұлттық мүдде үшін, жанын да, қаржысын да аямайтын азамат екендігі жазылады.

Қос қайраткер ерлігі
Әбубәкір мен Міржақып Дулатұлының таныстығы ертеден басталғаны анық. Ә.Алдиярдың «Қазақ» газетінің тұрақты жазушысы әрі қаржылай қолдаушысы болғанын жоғарыда баяндаған болатынбыз. Екі қайраткердің қай жылдан бастап таныстығы жайлы нақты деректер кездеспегенімен, қос тұлғаны 1916 жылғы көтеріліс, қазақ жігіттерінің майданға алыну жұмыстары біріктіріп, бір мүдде жолында қызмет етті.
Бұратана халықтардан майдан жұмысына адамдар алу туралы 1916 жылғы 25 маусымдағы патша жарлығы қазақ даласына шілде айының ортасында жетеді. 1916 жылдың 15 кыркүйегінен бастап 19-31 жас арасындағы қазақ жігіттері майдан жұмысына алына бастайды. Майдан жұмысына алына бастаған қазақ жастары сарсаң күйге түсіп, көңілін үрей басады. Бұл жайлы 1917 жылы «Қазақ» газетінің №224 санында «Алынған жігіттерді жөнелтерде жер қайысқан адам, еркек-әйел, у-шу, азан-қазан, жылап-сықтап, кетіп бара жатқан жігіттерді енді ол дүниеде жолықтыруға жаза гөр десіп, арыздасып, дүниені күңірентті, қайғырды, қан жұтты, сарғайды, сандалды. Жалғыз қазақтың ғана басына ақыр заман туғандай болды» – деп жазады. Осы кезеңде отаршыл биліктің гүлденуінен әбден зардап шеккен, ауылынан ұзап көрмеген, халі мүшкіл қазақ азаматының мүддесін қорғап, ұлттық-саяси мінберге айналған «Қазақ» газеті болды.
Қазақ» газетінің №220 санында Ә.Бөкейхан «Қазақтан доктор, фельдшер һәм переводчик керек» телеграмында: «Майданда науқастанған жігіттерді Земский союздың майдандағы ауруханаларына жібереді. Онда докторлар, фельдшерлер қазақша, ауырған жігіт орысша тіл білмейді. Дружинадағы жігіттердің өз арасынан қойылған тілмаштар жөнді тіл білмеген соң, аурудың жайын жеткізіп айта алмайды. Бұл жайды жеткізген соң, Земский союз бізге «Тез өздерің докторларыңды, фельдшерлеріңді тауып беріңдер, біз оларды өзінің қазақтарына қоялық» – дейді.
1917 жылы майданның қара жұмысына алынған жастарға көмек беру үшін Міржақып Дулатұлы Торғай губернаторына жастардың арасына жіберуді сұрап өтініш айтады. Осы уақытта ұстанымы биік қазақ дәрігері Әбубәкір Алдияр азаматтық танытып, Міржақыпты қолдап, қазақ жастары үшін қан майданның ортасына баратынын айтып ниет білдірген. Губернатор қос қайраткердің өтінішін мақұлдап, М.Дулатұлы мен Ә.Алдиярұлына 1917 жылы 25 ақпанда қол қойған кепіл қағаз берген. Кепіл қағазда Ә.Алдиярдың білікті дәрігер екендігі баяндалса, М.Дулатұлының бұрын сотталғаны, «сенімсіз» адам екендігі жазылған.
Гүлнәр Міржақыпқызы «Алаштың сөнбес жұлдыздары» атты естелік кітабында әкесінің ғұмырнамасын, тұлға айналасын, қазақтың тарихи тұлғалары жайлы көлемді өзінің және қайраткелердің ұрпақтарынан жинаған естеліктерді баяндай отырып, Міржақып пен Әубәкірдің майдан даласына барғаны жайлы былайша жазады:
«Бірінші жиһангерлік соғысына 1916 жылы «қазақтарды қара жұмыс – окоп қазуға аламыз», – деген патша жарлығын шығарған. Бұған қарсы тұру тек қазақтарды қанға бөктіру деп көргендіктен, алашорда азаматтары: Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатовтар қазақтарды майданға окоп қазуға баруға келісуге шақырады. Ұлттық-демократиялық қозғалысының саяси көсемі Ә. Бөкейханов Петерборға барып патша үкіметінің рұқсатымен «Земский союз» деген ұйымы арқылы майдандағы қазақ жігіттеріне қамқорлық бөлімін аштырып, 1916 ж. желтоқсан айында өз басшылық еткен ұйымына қатысуға М. Дулатов пен Ә. Алдияровты шақырған. 1917 жылдың ақпан айында Торғай әскери губернаторы Эвересманн Ә. Алдияров пен М. Дулатовқа Минскінің маңындағы Барановичтегі тыл жұмысында жүрген (окоп қазу) қазақтарға жәрдем беруге баратын төмендегі куәлікті берілген.
Удостоверение
Предъявитель сего Аубакир Бермухамедович Алдияров следует в г. Минск по приглашению заведывающего иногородческим отделом для поступления на службу в отряд. Чем и выдано ему Алдиярову настоящее удостоверение.
Дәл осындай құжат М. Дулатовқа да берілген.
Орынбордан шыққан екі дос Минскіге наурыз айының басында жеткен екен. Бір айта кететін жайт: Бірінші жиһангерлік соғыстың қанмайданы қызу жүріп жатқан кезінде, Әбубәкірдің әйелі Ажар ханум бірге барған. Ажар Жансұлтанқызы Сейдалина-Алдиярова күйеуіне көмекші ретінде ауруларды күтіп-бағуына қолынан келгенінше жәрдемші бола білген», - дейді.

Қос қайраткердің Земствоға аттанғаны жайлы «Қазақ» газетінің №220 санының «ішкі хабарлар» айдарында «Минскіде шақырылған азаматтардың бірсыпыралары барды, бірсыпыралары жүріп жатыр һәм жүргелі жатыр. Бірақ доктор, фельдшерлердің табылуы қиын болып тұр. Күні бүгінге шейін барамын деген доктор жалғыз Әбубәкір Алдияров, фельдшерлерден Орал облысынан Құдайқұлов. Доктор Әбубәкір һәм бұратана бөліміне секретарлыққа шақырылған Міржақып екеуі 27 февральда Минискіге жүріп кетті», – деп жазады. Осылайша, Әбубәкір Алдияр Міржақып Дулатұлымен бірге майдан даласына аттанады. Қос қайраткер майдан даласында өлшеусіз еңбек етіп, қазақ жігіттерінің елге аман-сау келуіне себепші болады. Әбубәкір майдан даласынан қайтқан қазақтарды Петербор қаласынан күтіп алып, қонақ үйге орналастыру, пойызға мінгізіп, елге қайтаружұмыстарымен де айналысып, майдан даласынан соңғы қайтқан қайраткерлердің бірі болған.
Ұстанымы биік тұлғалар
Майдан даласынан оралған Әбубәкір Алаш партиясы, Алашорда үкіметін құру жұмысына белсенді араласқан. 1917 жылы «Қазақ» газетінің №235 санында Ә.Бөкейхан «Қазақ депутаттары» мақаласында депутаттыққа лайық деп 43 азаматтың есімін атайды. Бұл аталған азаматтар арасында Әбубәкір Алдиярдың да есімі бар. Бұл дерек майдангер дәрігерлердің осы уақытта саяси-қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқанын, ел мүддесі үшін үлкен үлес қосқанын, Алаш қозғалысының жетекші азаматтарының бірі болғанын айшықтай түседі. Әбубәкір 1917 жылғы 1 және 2 жалпықазақ съезіне қатысты және қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласты. Алашорданың Қостанай уезі комитетінің төрағасы және Торғай облысы комитетінің мүшесі болды. 1918 жылдың қазан айының 14-17 аралығында таңғы сағат 10-да, 39 съезд мүшелерінің қатысуымен Қостанай уезі қазақтарының төтенше жиыны өтеді. Осы съезді жергілікті бөлімнің төрағасы Әбубәкір Алдияр ашып, Алаш автономиясы және қазақ соты туралы баяндама жасайды.
Бірақ Ә.Бөкейхан Әбубәкірді депутат ретінде ұсынғанымен, оны Торғай халқы «монархист» деп сайлаудан бас тартады. Бұл жайлы М.Дулатұлы күйініп, «Қазақ» газетіне жазады. Біз Міржақыптың Әбубәкір жайлы жазған ыстық пейілін оқырманға ұғынықты болуы үшін толық ұсынуды жөн көрдік. «Қазақ» газетінің №239 санына жарық көрген мақалада Міржақып Дулатұлы былай дейді:
«Әбубәкір Алдияров– Қостанайдан келген бір хатта «Әбубәкір Алдияров монархист екеніне жастардың көзі әбден жетті, 29-ыншы июнде болған уйездный сьезде халыққа сипаттады, сондықтан Әбубәкірді жұрт депутат сайламайтын болды, Әбубәкірдің әкесі қара омырауы толған медаль, Николайға қызмет еткен, халыққа зиянды адам» депті.
Әкесі сондай адам, соның үшін баласын да жаман дейміз деу қате. Қанша жақын болғанменен біреу үшін біреуді күйдіруге болмайды. Әркімнің өз басындағы жақсылық-жамандығына қарау керек.
Әбубәкір монархист деген туралы айтамын: Николай тақтан түскеннен бірнеше күн кейін күнбатыс майданы қызметіндегі оқыған қазақтар Минискіде кеңескеміз. Сонда мемлекет билеу түрі қандай болуға лайық дегенді де сөз қылып едік. Сонда Әбубәкірдің айтқан сөзінің қысқасы мынау: біздің қазақ халқы патшаға үйренген халық. Қазақтың қазақ заманында да өздерінің ханы болған. Былтыр 25-інші июнь тақырыпты бүліншілік шыққанда да қазақ тез хан көтеріп ала қойды, сондықтан қазақ монархист деп ойлаймын, мен қазір де сол пікірдемін, – дейді.
Әбубәкірдің бұл сөзінен «өзім монархист, қара басым монархияны қуаттаймын, патшасыз тұра алмаймын» деген мағына шықпайды.
Біреуді мақтауға да, жамандауға да болады, бірақ ісіне, сөзіне теріс мағына беру керек емес. Қостанай уйезі болсын, Торғай облсын, Әбубәкірді депутат сайламаса сайламасын, бірақ қисынсыз жала жабу дұрыс емес. Депутат сайлау-сайламау халықтың еркінде. Жақсы болса да сайламайын десе сайламас.
Қыстыгүні майдандағы жігіттер аурудан жүдеп-жадап жатқанда газетте неше қабат илан қылынып, тұс-тұсқа телеграм беріп, хат жазып шақырылғанда, алты миллион қазақтан табылған жазылған доктор Әбубәкір Алдияров еді. Себептері бар шығар, онан басқа бір филдшер бір доктор табылған жоқ еді. Енді жұрт Әбубәкірге алығыс айтудың орнына «бұл монархист, жауыз адам деп» қарғыс айтпаса екен дейміз».
Осылайша Әбубәкірді Торғай жұрты «монархист» деп айыптайды. Оның қазақ халқы патшаға үйренген деген сөзінің салмағы бар еді. Қазақ өз хандығын құрған кезде де ақ кигізге алғаш Керейді отырғып, хан көтерген-ді. Осы хан сайлау дәстүрі 1916 жыл басталған жалпыұлттық көтеріліс кезінде де бой көтерді. Жетісу жұрты өздерінің ханы деп Бекболат Әшекеевті сайласа, Торғайдың 13 болыс елі Әдіғаппар Жанбосыновты бір ауыздан хан сайлап, ақ кигізге отырғызып, аталы жұрт дәстүрін жалғастырды. Міржақыптың «Былтыр 25-інші июнь тақырыпты бүліншілік шыққанда да қазақ тез хан көтеріп ала қойды, сондықтан қазақ монархист деп ойлаймын, мен қазір де сол пікірдемін», – деп айтып отырған сөзінің төркіні – осы еді.
Әбубәкір Алдияр депутат атанбаса да, Алаш жолында қызмет етуін тоқтатпайды. 1917-1919 жылдар аралығында Алаш әскерінің дәрігері болып, дәрігерлік қызметін абыроймен атқарады.
Қос қайраткер Алаш қозғалысына қатысып, майдан даласына бірге аттанып, бір-біріне баспасөз бетінде жылы пікір айтып, қолдау білдіріп отырды. Бұл жайлы Гүлнар Міржақыпқызы: «Сөз соңында менің айтарым: XX ғасырдың ортасына шейін, Ә. Алдияров ағамыздың сыйластықпен араласқан Әлихан, Ахмет, Міржақыппен қатар жүруін айтпағанда, өмір жолында қызметтес болған ортасы белгілі қазақтың жоғары мәдениетті зиялылары еді», - деп жазады.
Ә.Алдияр 1928 жылдан бері қуғын-сүргін көріп, соңғы он жыл уақыты қиыншылықта, қуғын-сүргін, азапты ғұмырға айналды. Ол 1938 жылы 2 қаңтар күні тұтқындалып, 1938 жылы 20 наурыз күні ату жазасында кесілді. Міржақып болса, 1935 жылы түрмеде қайтыс болған болатын. Қос қайраткер ғұмыры қайғылы аяқталғанымен, олардың әдеби-мәдени мұрасы, кейінгі ұрпаққа қалдырған өлшеусіз еңбегі, тұлғалық болмысы, отарлық езгіге қарсы күресі көңілді күпті қылмасы анық. Біз сөз соңында Міржақып Дулатұлының биыл 140 жыл мерейтойы, келер жылы Әбубәкір Алдиярдың туғанына 145 толатынын айта өткіміз келеді. Міржақыптың сенімді серігі, үзенгілес досы болған Әбубәкірдің де есімі ел жадынан өшпесе, қос қайраткердің әдеби-мәдени мұрасы ұрпақ жолында насихатталса деген ізгі мұратымыз бар.