Алматыда заманауи өнер музейі ашылды

10.09.2025
5566
Алматыда заманауи өнер музейі ашылды - e-history.kz

Кеше Алматы қаласында жаңа мәдени кеңістік – Almaty Museum of Arts есігін айқара ашты. Бұл кәсіпкер, меценат әрі өнер коллекционері Нұрлан Смағұловтың жеке бастамасымен дүниеге келген, Қазақстандағы заманауи өнерге арналған ең ірі музейлердің бірі, – деп хабарлайды E-history.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Музейдің басты мақсаты – заманауи өнер үдерістерін қолдау және зерттеу арқылы олардың әлемдік мәдениеттегі орнын айқындау. Жаңа музейдің қорына Қазақстанмен қатар, шетелдік авторлардың да 700-ден астам туындысы енген. Бұл – тек өнер жинағы ғана емес, еліміздің көркем ойының, заманауи эстетикасының, жаңашыл рухының көрінісі.

Almaty Museum of Arts-тың көркемдік тұжырымдамасы мен бағдарламалық мазмұнын белгілі өнертанушы, куратор Меруерт Қалиева әзірлейді. Ашылу аясында бірден екі көрме ұсынылды: бірі – музейдің өз қорынан жасақталған «Қонақтар» атты экспозиция, екіншісі – белгілі қазақстандық суретші Алмагүл Меңлібаеваның шығармашылығына арналған «Мен бәрін түсінемін» атты ретроспективалық көрме.

Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, музейдің негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов, сондай-ақ өнер және медиа саласының өкілдері қатысты.

Министр Аида Балаева өз сөзінде:

«Бұл музей тек өнерді тамашалау алаңы емес, шығармашылық ойдың, жаңа идеялар мен халықаралық диалогтың орталығына айналатынына сенемін. Музей Алматының мәдени өмірін байытып, Орталық Азия өнерін халықаралық деңгейде дамытуға зор үлес қосады», – деп атап өтті.

Министр сондай-ақ бұл бастама Алматының мәдени өмірін байытып, Орталық Азия өнерін халықаралық деңгейде танытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Жалпы аумағы 10 мың м²-ден асатын музей ғимаратын атақты британдық Chapman Taylor сәулет бюросы жобалаған. Ғимараттың бірінші қабатында кең әрі заманауи көрме залдары орналасқан. Олардың қатарында «Ұлы дала», «Сарыарқа» залдары мен ерекше архитектуралық шешіммен салынған Art Street атриумы бар. Бұл атриумның құрылымы табиғи Шарын шатқалын еске түсіреді.

Сонымен қатар, музейде кәсіби қор сақтау қоймасы, реставрациялық орталық және «Шеберхана» атты шығармашылық кеңістік бар. Бұл нысандар тек экспозициялық емес, ғылыми-зерттеу және білім беру бағыттарын да қамтиды.

Музей қорындағы туындылардың 70%-дан астамы – ХХ ғасырда өмір сүрген әйгілі қазақстандық суретшілердің еңбектері. Олардың қатарында Жаңатай Шәрденов, Тоқболат Тоғызбаев, Мақым Қисамединов, Шаймардан Сариев сынды тұлғалар бар.

Сондай-ақ қазіргі қазақстандық өнердің жетекші өкілдері: Рүстем Хальфин, Сауле Сүлейменова, Саид Атабеков секілді авторлардың жұмыстары музей экспозициясында лайықты орын алған.

Музей ұжымы болашақта коллекцияны толықтырып, Орталық Азиядағы заманауи өнер кеңістігін халықаралық деңгейде танытуды көздеп отыр.

Almaty Museum of Arts 2025 жылдың 12 қыркүйегінен бастап жалпы жұртшылық үшін жұмысын бастайды.

Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз