Осыдан бірер күні бұрын Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданындағы Бөген су қоймасының түбінен құнды жәдігерлер табылғанын жазған едік.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ археологтарының айтуынша, Бұл жәдігерлер – кейінгі палеолит пен мезолит кезеңіне тиесілі еңбек құралдары. Бір жерде шоғырланған кейінгі палеолит кезеңіне тиесілі 10-ға жуық халцедон тасы, нуклеустер және кесуге, жонуға арналған тас пластиналар бар. Археологиялық орталықтың жетекшісі А.Подушкинніңайтуынша, Түркістан облысы аумағынан әлі күнге дейін бұл кезеңге тиесілі осындай бұйымдар табылмаған.
Соңғы зерттеулерге сүйенсек, Қазақстан аумағында жалпы тас дәуіріне тән 1300-ге жуық ескерткіш бар екен. Олардың 450-ден астам палеолиттік, 40- шақтысы мезолиттік, қалған 800-ге жуығы неолит және енолит (тас дәуірі мен қола дәуірі аралығындағы өтпелі кезең) дәуіріне тән деп есептеледі.
Бүгін біз осы Қазақстан аумағындағы тас дәуірінің ескерткіштері, олардың табылған артефактілері және осы кезеңдердегі қоғамдық-экономикалық өзгерістер туралы сөз қозғап көрмекпіз.

Тас дәуіріндегі Қазақстан
Бұл дәуір палеолит, мезолит және неолит кезеңдерін қамтиды, олардың әрқайсысы өзіндік ерекшеліктерімен, археологиялық ескерткіштерімен және қоғамдық-шаруашылық өзгерістерімен сипатталады.
Палеолит – ежелгі тас дәуірі (б.з.б. 2,5 млн. жылдан – 12 мың жылдыққа дейін).
Мезолит – орта тас дәуірі (б.з.б. 12-5 мың жылдықтар).
Неолит – жаңа тас дәуірі (б.з.б. 5-3 мың жылдықтар).
Палеолит дәуірі
Палеолит дәуірі - б.з.б. 2,5 миллион – 12 мыңжылдықтар аралығын қамтиды. Палеолит дәуірі адамзат тарихындағы ең ұзақ кезең болып есептеледі. Бұл дәуірде Қазақстан аумағында алғашқы адамдар аңшылық және терімшілікпен айналысты. Олар табиғаттың дайын өнімдерін пайдаланып, қарапайым тас құралдарымен өмір сүрді.
Айтпақшы, палеолиттің өзі 3 кезеңге бөлінеді:
Ерте палеолит (олдувей) (б.з.б. 2,5 млн. – 140 мың жылдықтар);
Орта палеолит (ашель) (б.з.б. 140 – 40 мың жылдықтар)
Кейінгі палеолит (мустье) (б.з.б. 40 – 12 мың жылдықтар аралығын қамтиды.
Палеолит дәуірінің ескерткіштері Қазақстанның түрлі аймақтарынан табылды. Олардың ішінде Оңтүстік, Орталық, Батыс және Шығыс Қазақстандағы ежелгі тұрақтар ерекше маңызға ие болып отыр.
Палеолиттік ескерткіштер
Бұл дәуірге тән жәдігерлердің алғашқысы Қаратаудан табылған болаты. Олар ауыр салмақты, тік бұрышты, ұсақ шақпақ тастар еді. Жәдігерлер ерте палеолит дәуіріне, яғни олдувей кезеңге жатады. Кейіннен мұндай құралдар (шапқылар, ауыр тас сынықтар, нуклеустар) Бөріқазған мен Тәңірқазған жерлерінен табылған. Зерттеушілер мұны "малта тас мәдениеті" деп аталатын жаңа техникамен өңделгенін анықтады. Әрі бұл техниканы алғаш зерттеген археолог – Халел Алпысбаев еді. Ашельдік ескерткіштер Орталық Қазақстанда (Құдайкөл, Жаман айбат, Обалысай) және Батыс Қазақстанда (Маңғыстаудағы Шақпақата, Сарытас) кездеседі.
Ш.Уәлиханов атындағы тұрақтан (Оңтүстік Қазақстан) да Мустье кезеңінде тас өңдеудің жаңа техникасы анықталғаны белгілі. Бұл дәуірде адамдар бизон мен жылқы аулаған. Қазақстанның ежелгі тұрғындары эволюциялық тұрғыдан Homo sapiens сатысына жатады.
Орталық Қазақстан: Құдайкөл, Жаман Айбат, Обалысай, Өгізтау, Ақмая, Батпақ тұрақтары. Бұл аймақтарда да тас құралдары мен жануарлар қалдықтары кең таралған.
Батыс Қазақстан: Өңежек, Шақпақ Ата және Сарытас (Маңғыстау), Мұғалжар өңіріндегі ескерткіштер.
Шығыс Қазақстан: Қанай, Үңгір, Свинчатка, Шүлбі, Қозыбай. Бұл жерлерден палеолиттің әр түрлі кезеңдеріне жататын артефактілер табылды.
Палеолит дәуірінде адамдар негізінен аңшылықпен және жинаушылықпен күнелтті. Олар мамонт, жабайы жылқы, бизон сияқты ірі жануарларды аулап, өсімдіктер мен жемістерді жинады. Тас құралдары (пышақтар, найза ұштары, қырғыштар) өте қарапайым болды, бірақ олар аң аулау және күнделікті өмірде тиімді қолданылды. Палеолиттік тұрақтар көбінесе өзендер мен көлдер жағасында орналасуымен ерекшеленеді.
Мезолит дәуірі
Мезолит кезеңі б.з.б. 12-5 мыңжылдықтар аралығын қамтиды. Мезолит дәуірі палеолит пен неолит арасындағы өтпелі кезең болып есептеледі. Бұл кезең климаттық өзгерістермен, әсіресе мұздықтардың еруімен және флора мен фаунаның өзгеруімен сипатталады. Мамонт сияқты ірі жануарлардың жойылуы аң аулау тәсілдерін өзгертуді талап етті, бұл жаңа технологиялар мен өмір салтының қалыптасуына әкелді.
Мезолиттік ескерткіштер
Қазақстан аумағында мезолиттік ескерткіштер аз зерттелген, бірақ 1980–90-жылдары Батыс және Оңтүстік Қазақстанда археологиялық қазбалар жүргізіліп, біраз ескерткіш зерттелді. Бүгінде елімізде бұл дәуірнге тін ескерттердің саны шамамен қырыққа жуық деп айтылады. Бұл дәуірге тән негізгі тұрақтар Солтүстік Қазақстан (Дачная, Евгеньевка, Мичурин, Боголюбов-2, Явленко-2, Тельман-7, 8а, 9а, 14а), Орталық Қазақстан (Әкімбек, Қарағанды-15, Виноградовка-2а, 12) және Торғай өңірінен (Дүзбай-6) табылды.
Бұл дәуірде мұздықтардың еруі флора мен фаунаның сипатын түбегейлі өзгертті. Сол секілді мамонттардың жойылуы аң аулаудың жаңа тәсілдерін қалыптастырды.
Садақ пен жебе пайда болды
Мезолит дәуірінің ең маңызды жаңалығы – садақ пен жебенің ойлап табылуы еді. Бұл аң аулауды әлдеқайда тиімдірек етті.
Қоныс аудару басталды
Адам санының өсуіне байланысты жаңа аң аулау аумақтарын іздестіру қажеттілігі туындады. Мезолиттік тұрақтар көбінесе палеолиттік орындардан өзгеше жерлерде орналасты.
Тұрақты баспаналар пайда болды
Адамдар өзен-көл жағасында жеңіл бөрене үйлерде тұрды, бірақ олардың қалдықтары өте нашар сақталған.
Құралдар түрлері көбейді
Тас құралдарға сүйек және ағаштан жасалған саптар қосылды. Сондай-ақ, пышақтар, жебе және найза ұштары жетілдірілді.
Мезолит дәуірінде балық аулау және аңшылық кәсіптер дамыды, ал кейбір аймақтарда егіншілік пен мал шаруашылығының алғашқы элементтері пайда болды.
Неолит дәуірі
Неолиттік кезең б.з.б. 6–3 мыңжылдықтар аралығын қамтиды. Әрі бұл кезең революция және өндіруші шаруашылық дәуірі болды. Нақты айтар болсақ, неолит дәуірі адамзат тарихындағы ең маңызды кезеңдердің бірі болып есептеледі. Бұл дәуірде адамдар тұтынушы шаруашылықтан өндіруші шаруашылыққа көшті, яғни «неолиттік революция» болды. Егіншілік пен мал шаруашылығының пайда болуы, сондай-ақ тас құралдарының жетілуі және қыш өнерінің дамуы осы кезеңнің негізгі ерекшеліктері болды.
Неолиттік ескерткіштер
Қазақстан аумағында неолит дәуірінің жүздеген ескерткіштері табылған. Олар негізінен өзен-көлдер мен бұлақтардың жағасында және үңгірлерде орналасқан. Ең маңыздылары Солтүстік және Орталық Қазақстан аумағынан (Мақанжар, Тұздыкөл-2, Дүзбай-1-4,-12, Сор-2, Бестамақ, Амангелді, Атбасар мәдениеті: Виноградовка-2 (жоғарғы қабаты), Тельман-1,-10, Қарғалы, Боголюбово, Жабай-Покровка-3) деп саналады.
Оңтүстік Қазақстан - Қараүңгір (екі бөлмелі үңгір, ұзындығы 20 м және 9 м, тас, қыш және сүйек құралдары табылған).
Маңғыстауда Ойықты және Төлес мәдениеттері жатыр

Неолиттік дәуірде басында айтып өткеніміздей, егіншілік пен мал шаруашылығы пайда болды. Адамдар жабайы хайуанаттарды қолға үйретіп, дәнді дақылдарды өсіре бастады. Бұл тағам қорын жинақтауға мүмкіндік берді.
Тас құралдары (балта, кетпен, дән үккіш, келі) жетілді. Нефрит және яшма сияқты тастардан әшекейлер жасалды.
Қыш құмыра жасау және тоқымашылық өнері дамыды. Жіп иіру және бояу қолданылды.
Кен өндірудің алғашқы бастамалары пайда болды.
Неолит дәуірінде рулық қауым басым болды. Аналық ру (шеше жағынан туыстық) және кейін аталық ру (ата жағынан туыстық) қалыптасты. Тайпалар мен тайпалық бірлестіктер пайда болды.
Егіншіліктің дамуы әйелдердің рөлін арттырды, ал метал қорытудың басталуы ерлердің рөлін күшейтті.
Қазақстанда 600-ден астам неолиттік және энеолиттік ескерткіштер (200-ге жуық) табылдған. Олардың көбі Солтүстік және Оңтүстік Қазақстанда аумағында жатыр.
Энеолит дәуірі
Энеолит – тас дәуірі мен қола дәуірі арасындағы өтпелі кезең. Сондай-ақ бұл кезең - мыс құралдарының пайда болуымен ерекшеленеді. Кезеңі б.з.б. 3–2 мыңжылдық деп есептеледі. Бұл кезеңде мыс құралдары қолданыла бастады, бірақ тас құралдары әлі де басым болды.
Ескерткіштер
Ботай мәдениеті (Көкшетау облысы): Зайберт В.В. зерттеген Ботай қонысында 158 тұрғын үй, сазбалшықтан және сүйектен жасалған ыдыстар, әшекейлер, 70 мың жылқы сүйегі табылды. Бұл мәдениет жылқыны қолға үйретумен ерекшеленді.
Маңғыстау: Бозащы, Шебір. Шақпақ тас, керамика, кішкентай мыс құралдары (біздер) табылды.
Бұл кезеңде көшпелі мал шаруашылығы қалыптасты. Жылқы өсіру маңызды рөл атқарды, бұл көшпелі өмір салтының бастамасы болды.
Қола дәуірі
Андронов мәдениеті деп те атаолады. Кезеңі б.з.б. 18–9 ғасырларды қамтиды. Оның өзі ерте қола: б.з.б. 18–16 ғғ.
Орта қола: б.з.б. 15–12 ғғ.
Кейінгі қола: б.з.б. 12–8 ғғ деп бөлінеді.
Қола дәуірі Қазақстан аумағындағы мәдени және шаруашылық дамудың жаңа сатысы болды. Мыс пен қалайы қосындысынан жасалған қола құралдары мен қарулар пайда болды.

Бұл кезеңнің ең маңызды мәдениеті – Андронов мәдениеті, ол алғаш рет 1913 жылы Оңтүстік Сібірдегі Ачинск қаласы маңындағы Андроново селосынан табылды (Б.В. Грязнов). 1927 жылы М.П. Грязнов Батыс Қазақстаннан да осындай ескерткіштерді ашты.
Андроновшылар егіншілікпен (тары, дәнді дақылдар) және мал шаруашылығымен (қой, сиыр, жылқы) айналысты. Дән үккіштер, кетпендер, орақтар табылды.
Жылқының үш түрі болды: монғол типтес (128–136 см), орташа (136–152 см), және асыл тұқымды (152–160 см). Жылқы соғыс арбаларына жегілді.
Мал шаруашылығы көшіп-қону тәсілімен дамыды: жазда мал алыс жайылымдарға айдалса, отбасылар егіншілікпен айналысты.
Кен өндіру б.з.б. 3 мыңжылдықта басталды (мысалы, Жезқазған). Кенді тотықтандыру және отпен өңдеу әдістері меңгерілді.
Сазбалшықтан жасалған ыдыстар геометриялық ою-өрнектермен әсемделді. Жіп иіру, тоқымашылық, тері өңдеу дамыды.
Әйелдер ұзын жеңді жүн көйлектер, сырға, моншақтар тақты. Ерлер қоладан жасалған садақтармен қаруланды.
Мәйіттер батысқа немесе оңтүстік-батысқа қаратылып жерленді, бұл отқа табынумен байланысты. Жартас суреттері (петроглифтер) Таңбалы, Ешкіөлмес, Қаратау, Тарбағатайда табылды, олар жануарлар, күн бейнелі адамдар, соғыс арбаларын бейнеледі.
Ағайын-туыстар бірге шаруашылық жүргізді. Байлар мен тектілерге ерекше мазарлар салынды, жауынгерлер мен абыздар сияқты әлеуметтік жіктер пайда болды.
Ескерткіштер
Орталық Қазақстан: Нұра, Атасу, Беғазы-Дәндібай мәдениеттері. Мазарлардың күрделілігі, тас өңдеу және құрылыс техникасы жетілді.Нұра кезеңі: Кремация (мәйітті өртеу) басым болды. Керамика ыдыстар жоғары жағынан әсемделді.
Атасу кезеңі: Жерді игеру (шөлейт аймақтарды қоса) және тау-кен жұмыстары кеңейді.
Беғазы-Дәндібай: Мәйіттер шалқасынан жатқызылды, тас және ағаштан қабырғалы үйлер салынды.
Солтүстік және Батыс Қазақстан: Алексеев қонысы, Тасты-Бұтақ қорымы, Арқайым қонысы.
Оңтүстік Қазақстан және Жетісу: Таңбалы, Қаратау (жартас суреттері), Таутары қорымы, Тегіскен кесенесі.
Қорыта айтқанда, Қазақстан аумағындағы тас дәуірі мен қола дәуірі адамзаттың эволюциялық және мәдени дамуын айқын көрсетеді:
Палеолит: Аңшылық пен жинаушылық, қарапайым тас құралдары, аналық рудың қалыптасуы.
Мезолит: Климат өзгерістері, садақ пен жебенің пайда болуы, қоныс аударудың күшеюі.
Неолит: Егіншілік пен мал шаруашылығының басталуы, қыш және тоқымашылықтың дамуы, рулық қоғам.
Энеолит: Мыс құралдары мен жылжымалы мал шаруашылығының қалыптасуы.
Қола дәуірі: Андронов мәдениетінің гүлденуі, кен өндіру, егіншілік пен мал шаруашылығының жетілуі, жартас суреттері мен күрделі қоғамдық құрылым қалыптасты
Бұл кезеңдердің археологиялық ескерткіштері – Қаратау, Бөріқазған, Ботай, Таңбалы сияқты тұрақтар мен қорымдар – Қазақстан аумағындағы ежелгі өркениеттің бай мұрасын ашады. Бұл ескерткіштер адамзаттың технологиялық, әлеуметтік және мәдени даму жолын зерттеуге мүмкіндік береді.