Беташар – қазақ халқының үйлену салт-жораларының ішінде ерекше орын алатын, жігіт үйіндегі негізгі рәсімдердің бірі. Бұл дәстүр Қазақстанның барлық өңірінде дерлік кең таралған. Рәсімді өткізу үшін сөзге шешен, өнерлі әрі беделді жас жігіт таңдалады. Беташардың өзегі – домбыра сүйемелдеуімен орындалатын арнайы жыр, оның барысында жас келіннің бетін жапқан жабу ашылып, ол қайын жұртына таныстырылады. Салттың мәні – келіннің жаңа әулетті құрметтеп, танысу, табысу, үлкендерге иіліп сәлем беруінде. Рәсім айрықша сән-салтанатпен өтеді және халық жадында мерекелік қойылым ретінде сақталған. Беташар аяқталған соң, әдетте тойға жиналған қауым шай ішуге жиналады, онда дастарқан басында қонақтарға шайды жаңа түскен келін құяды.
Беташар – қазақтың барлық өңірінде сақталған көне салттың бірі. Ол ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, дәстүрлі мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналған. Әдетте бұл рәсімді жүргізу үшін сөзге жүйрік, әзіл-қалжыңға шебер, халық арасында сыйлы әрі беташар жырын жақсы білетін орындаушы таңдалады. Мұндай өнер иесін ел ішінде беташаршы деп атайды.
Кейбір аймақтарда бұл дәстүрдің өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, Қызылорда облысының Қармақшы өңірінде, Сырдарияның төменгі ағысында, ежелден жыраулық мектеп жақсы дамыған. Сондықтан мұнда беташар кезінде елге танымал жыраулар мен жыршыларды арнайы шақыру кеңінен таралған. Олар жыраулық дәстүрге тән мақаммен, ерекше әсерлі етіп орындайды.
Дәстүрлі қазақ қоғамында келін түсіру рәсімі арнайы дайындықпен жүзеге асқан. Жас келіншекті ауылға жеткізер алдында күйеу жігіт қалыңдықты әкелетін көшті озып барып, өз ауылына оның келіп жатқанын хабарлайды. Әдетте ауылдың бойжеткендері жас келінді қарсы алуға 3–4 шақырым жерге дейін шығып, оны құрметпен күтіп алады. Қыздардың көмегімен келін аттан түсіріліп, әрі қарай олар қолтықтап, үйге жаяу ертіп әкеледі. Осы кезде жас келін өзіне сәлем беруге шыққан қыздарға сақина, сырға, алқа сияқты әшекей бұйымдар сыйлаған.
Жас келінді ауылға кіргізгенде, ол бірден қайын ата-енесіне көрсетілмеген. Алдымен әйелдер қауымы оны «отқа май құю» рәсімін жасатуға әкелетін жас келін ата-баба рухына тағзым ету белгісі ретінде отқа малдың құйрық майынан тамызатын. Мұның арғы түбінде отқа табыну және от арқылы тазару сенімі жатыр.
Келіннің жаңа ортаға тез үйренісуі үшін оны ауылдың қыз-келіншектерімен, кейде қайынсіңлілерімен бірге түрлі-түсті матадан тігілген перделік жабдық — шымылдықтың ішіне отырғызады. Бұл дәстүр әсіресе оңтүстік өңірлерде кең таралып, жас келін үш күн бойы шымылдықтың ішінде отыратын болған. Үшінші күні, күндіз, беташар рәсімі өткізіліп, одан кейін қайын атасы құрмет ретінде ат жарыс, көкпар сияқты ұлттық ойындарды ұйымдастыратын.
Орталық және солтүстік аймақтарда беташар рәсімі сәл өзгеше түрде жасалған. Келін ауылға келген бойда қайын атасының үйі алдында беташар өткізіледі. Келінді тіл-көзден сақтау мақсатында шымылдық шетіне үкі қауырсындары тағылады.
Қазақ халқының дәстүрлі тұрмысында жас келінді беташар рәсіміне арнайы дайындықпен әкеледі. Ең басты ерекшелік – келіннің жүзін үлкен ақ жаулықпен жабу. Бұл жаулық кей өңірлерде жібектен тігілген болып, оны әдетте енесі арнайы сақтап, тек осы сәтте пайдаланатын. Жаулықтың қастерлілігі жас келіннің жаңа әулетке адалдығы мен ар-намысының символы ретінде қарастырылған. Жас келіннің басына ақ орамал тағып, жүзін ақ жаулықпен жабу арқылы қазақ өз дәстүрінде ақ түске ерекше мән берген. Ақ түс тек адалдықтың ғана емес, ақ ниет пен ақ жүрек, ақ жол есебінде де насихатталғандықтан, қазақ халқы ақ түсті ерекше құрмет тұтып, жақсы ырымға балаған.
Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанда беташар кезінде келіннің аяғының астына ақ қошқардың немесе ақ ешкінің терісін төсейтін дәстүр болған. Бұл жас келіннің мінезі жуас, мейірімді, отбасы берекесін сақтаушы әрі көп балалы болсын деген тілекпен байланысты.
Қызылорда облысында беташар дәстүрінің өзіндік ерекшеліктері сақталған. Бұл өңірде келіннің басына жібек жаулық жабылып, оған ұзындығы екі метр шамасындағы қызыл немесе ақ мата байланған. Матаның екінші ұшы кейде жыраудың көмекшісі ұстаған қамшыға бекітілсе, кейде қамыс, тал шыбық, жас бұтақ немесе қамыр жайғыш оқтауға байланыстырылған. Оқтаудың қолданылуы келіннің жаңа ошағында еңбекқор, ұқыпты болуына тілектестік танытудың белгісі.
Қызылорда өңірінде беташар дәстүрінде келіннің басын жауып тұрған жаулыққа әртүрлі заттар бекітілетін: қамшы, қамыс, оқтау немесе шыбық. Бұл дүниелердің барлығы шартты түрде «таяқ» деп аталады. Дәстүр бойынша мұндай таяқты жасы үлкен емес, бойдақ немесе күйеу жігіттің жақын жолдасы ұстап тұрған. Рәсім аяқталғаннан кейін қамшы не шыбықты ұстаған жігітке «сен де осындай қуанышқа жет» деген тілекпен таяқ сыйға тартылған. Ал оқтау жас келіннің өзіне беріледі. Бұл «ендігі жерде сен осы шаңырақтың иесі, асүйдің қожайынысың» деген ырымдық мәнге ие болған.
Беташарда пайдаланылған жаулықты отбасында бұрыннан түскен келін болса, арнайы сақталып, кейінгі түскен келінге пайдаланылған. Бұл дәстүр әулеттегі сабақтастықты және үлкеннің жолын жалғауды бейнелеген.
Солтүстік өңірлерде Беташар рәсімі барысында жас келінді екі жағынан қолдап жүретін де белгілі бір шарт бар. Әдетте оны абыройлы, беделді, әрі көп балалы болған жас келіндер орындайтын. Бұл міндет туыстас әулеттен шыққан келіндерге жүктеліп, олардың еңбегі ескеріліп, ене тарапынан оларға орамал не көйлекке арналған мата сыйға тартылған. Ал жас келіннің жаулығына байланып тұрған маталардың бір бөлігі келешекте келін түсіреді деп күтілетін туыстарға тарту етілген. Осы арқылы қазақ қоғамында туыстық байланыс пен ынтымақ айқын көрініс тапқан.
Қарағанды өңірінде бұл рәсімнің өзгешелігі бар. Бұл өңірде жас келінді өзге келіндер екі жағынан демемейді, оның орнына жаулықтың екі немесе төрт шетін өздері көтеріп тұрады. Бұл бірлік пен қолдаудың ишараты. Ал келін басын иіп, құрмет көрсеткенде, әр туыс ашық түрде өз тартуын жария еткен.
Қазақтың дәстүрлі түсінігінде беташар кезінде жас келінді екі жағынан демеп жүретін әйелдерге қатысты да белгілі бір ережелер болған. Бұл міндетті жесір қалған немесе әлі балалы болмаған әйелдерге атқаруға рұқсат етілмеген. Себебі халық сенімінде мұндай жағдай жас келіннің отбасылық өміріне сәтсіздік әкелуі мүмкін деп есептелген. Сондықтан беташарда тек тұрмыстағы, беделді әрі ана атанған келіндер ғана жас келіннің жанында жүруге лайық саналған.
Бұл салт-дәстүрдің басты мақсаты – келінді жаңа ортаға таныстыру ғана емес, сонымен қатар оның болашақтағы әлеуметтік рөлін айқындау болып табылады. Беташар жыры арқылы жас келінге әулеттегі әдет-ғұрыптарды сақтау, ене мен қайын жұртқа сыйлы болу, халық арасында абыройлы, мейірімді, бауырмал келін атану сияқты қасиеттер үйретілген. Сондай-ақ ол жас келінге отаудың табалдырығын құрметтеп, шаңырақтың берекесін сақтау, отбасын тату-тәтті ұстау, дастарқанды мол қылу, ата-баба аруағының отын өшірмей, ұрпақ сабақтастығын жалғастыру міндетін жүктеген. Ақыт Үлімжіұлының беташар жырындағы:
Орынсыз, жаным, мақтанба,
Қызыл тілім сақтанба,
Ибалы бол, келін жан,
Артық сөз айтып басыңнан
Өзіңе-өзің дақ салма.
Сен үшін тұрмыз сабылып,
Май құйып отқа табынып,.
Ақ батасын беруге,
Келді жұртың ағылып.
От басына ұйықтама,
Етек-жеңің күйеді.
Сарыла болып тұрғанда,
Дұшпаның кекеп күледі.
Жақсы адамның баласы,
Бұл сөзімді түйеді, - деген жолдар арқылы жас келіннің қай әулетке келгенін, қандай мақсатта келгенін, келіндік міндеттерді өнеге-өсиет ретінде айта отырып, жас жұбайлардың болашағына ақ жол тілеп, келінің бетін ашқан.
Жас келіннің жаңа шаңырақтағы өмірі күйеуінің үйінің табалдырығын аттаған сәттен басталады. Алғашқы рет табалдырықтан аттап өту – бұл тек үйге ену ғана емес, ата-баба рухына, әулеттің киелі шаңырағына тағзым етудің белгісі ретінде қабылданған. Осы арқылы жас келін ендігі жерде жаңа әулеттің толыққанды мүшесі екенін іштей мойындап, сол әулеттің рухани және тұрмыстық құндылықтарын сақтауға ант еткендей болған.
Ал күйеуінің туыстарына сәлем салу дәстүрі беташар рәсімімен басталады. Беташардан кейін жас келін әрбір қайын-жұртын көрген сайын иіліп амандасып, «сәлем бердік» деп дауыстап айтады. Туыстар оған жауап ретінде «көп жаса» деп бата береді. Бұл келіннің жаңа әулет алдындағы кішіпейілдігі мен құрметін көрсетсе, ал туыстардың жауабы оған ұзақ ғұмыр, бақыт пен береке тілеудің белгісі.
Тағы бір ерекшелігі – жас келін қайын жұртын өз аттарымен атамай, жаңа ат қойып атаған. Бұл дәстүр бір жағынан үлкенге құрметтің, екінші жағынан отбасы ішіндегі қарым-қатынастың үйлесімділігін сақтаудың жолы. Осы рәсімдер мен әдет-ғұрыптар жас келіннің күнделікті өмірінде үздіксіз жалғасып отырған, сондықтан олар оның жаңа ортаға бейімделуінің, әулетке сіңісуінің ажырамас бөлігі саналған.
Қазақ дәстүрінде беташар аяқталған соң келіннің жүзін ашу рәсімі де әр өңірде әрқалай атқарылған. Мәселен, еліміздің Оңтүстік және Батыс өңірлерінде бұл міндет әулеттің ең үлкен әжесіне жүктеліп, ол келіннің маңдайынан сүйіп, бата берген. Солтүстік аймақтарда беташарды орындаған жігіт не домбыраның мойнымен, не қамшымен келіннің бетін жапқан жаулықты ырымдап көтерген. Осыдан кейін ол жас келіннің бетін ашқаны үшін күйеу жігіттің туыстарынан «көрімдік» сыйын алған.
Рәсімнің жалғасы ретінде енесі, не болмаса сол әулеттегі беделді әйел келіннің маңдайынан сүйіп, оған алтын немесе күміс жүзік тағып, аналық батасын берген. Бұдан кейін тойға жиналған жұрт «келін шайға» шақырылып, алғашқы шайды жаңа түскен келіннің өзі құйып ұсынған. Әдет бойынша, келіннің қолынан алғаш рет ішкен шайына ағайын-туыс сыйлық жасап, оның жаңа әулетке келгенін қуанышпен атап өткен.
Беташардың өлең түрінде айтылуының да өзіндік тәрбиелік, танымдық мәні бар. Оның бір бөлігі ауыл адамдарына арналса, онда «міне, сіздердің келіндеріңіз, оның жүзі жарқын, көрімдік беріңіздер, аялап, сыйлап, қорғай біліңіздер, енді ол сіздердің әулеттеріңіздің адамы» деген мазмұн айтылады. Екінші бір мазмұны жаңа түскен келінге арналған өнеге-өсиет. Әдетте ол өткір әзіл мен бейнелі сөздер арқылы жеткізіліп, жас келіннің жаңа ортаға бейімделуіне, қайын жұртпен тіл табысуына, әдет-ғұрыпты үйренуіне бағытталған.
Жалпы, беташар дәстүрі қазақтың үйлену тойындағы ең салтанатты әрі сән-салтанаты мол рәсімдерінің бірі. Ол тек жас келіннің жаңа өмірге қадам басуына жақсылық тілеп қана қоймай, бүкіл әулеттің, ауыл-аймақтың ортақ қуанышын айшықтайтын мәдени-әлеуметтік құбылыс болып табылады.