Тарихшы Құрбанғали Халиди және оның еңбектері хақында

Автор:
09.09.2025
6667
Тарихшы Құрбанғали Халиди және оның еңбектері хақында - e-history.kz

Тарихшы-этнограф, шығыстанушы Құрбанғали Халиди Аягөз қаласында, саудагер отбасында дүниеге келгені жөнінде ақпарат белгілі, алайда ғалымның туған жылына қатысты пікір әр түрлі. Құрбанғали Халидитың еңбегін қазақ тіліне аударған Б. Төтенаев пен А. Жолдасов [1], тарихшы ғалым Ө. Озғанбаев «Құрбанғали 1843 жылы Аягөзде өмірге келген» [2], «Қазақстан: ұлттық энциклопедиясы» [3] (6 том) «шамамен 1843 ... жыл» деп жазған, зерттеуші А. Нұрманова [4] да осы пікір жағында, ал журналист С. Құсанбаев 1845 жылы Аягөздің Сергиополь (қазіргі Мамырсу) елді мекенінде дүниеге келген [5] дейді. 

«Қазақ Совет энциклопедиясында» [6] (11 том), зерттеуші Ж. Камышеваның [7] (Қ. Халиди немересі М. Юсуповтың дерегі), ғалым-жазушы Т. Жұртбайдың [8] ғылыми мақалалары мен Т.А. Бекбаеваның зерттеуінде [9] Құрбанғали Халидидің туған жылын 1846 жыл деп көрсетеді. 

«Баласы Рамазан ақсақалдың айтуынша, оның әкесі Құрбанғали Халидов 1850 жылы дүниеге келген» [10] деп жазған Аягөз жерінде болып, Құрбанғали Халидидің осы қалада тұратын ұлы Рамазан Халидұлымен дәмдес болған. Бүркіт Ысқақов.

«Шығыс Қазақстан облысы: энциклопедиясынан» [11] Құрбанғали Халиди жөнінде мәлімет іздестірген едік, ол басылымнан мәлімет таппадық. 

«Шуро» журналындағы (1913 жыл 6 наурыз) «Құрбанғали Халиди 1850 жылы қызылжарлық көпес Мұртаза Мақсұтов салғызған Аягөз медресесінде Мұхаммед Садық Ысмайылұлы есімді молдадан дәріс алды» [12] деген дерекке назар аударар болсақ, балалар ол кезде 7-8 жасында медресеге баратын болған. Яғни, Құрбанғали 1850 жылы 7 жасында медресеге түсіп, дәріс ала бастаған. Ғалым 1843 жылы туған деп болжауға болады. Ғалымдар алдында Құрбанғали Халидидің туған жылы туралы (1843, 1845, 1846, 1850 жыл) мәліметтерді зерттеп, бір ізге түсіру міндеті тұр. 

Құрбанғалидың әкесі Халид Қазан уезінің Урнаш-Баши (Орнаш баш) деген жерінен шыққан татар саудагері, қазақ арасына шығып, саудамен айналысқан. Қазақтардың Ресейдің қол астына кіргендігі мәлім болған соң, ислам жұртына һижра жасамақ болып, жолдасы Шәрі мен Халид баба Ташкент қаласына барады. Ташкент уәлиінің рұқсатымен «Салар» өзенінің бойында жер-су алып, үй салып, бақша егіп жеті-сегіз жыл өмір сүреді. Сол уақытта Ташкент уәлиі Мухаммад Шариф аталық пен Шерәлі хан қақтығысы басталып, бұлардың барлық мал-мүлкі талан таражға түседі [13]. 

Халид өмірінің біраз кезін Ташкентте өткізіп, 1841 жылы Аягөз өңіріне қоныс аударған [14]. Халид баба Аягөз (Сергиополь) диуанына жазылып, сол жерде үйленеді. Құрбанғали мырза сол некеден Аягөзде дүниеге келеді. Халид жүз жастан асып, 1886 жылы Рамазан айында дүние салған [15].

Құрбанғали Халиди 1850 жылы қызылжарлық көпес Мұртаза Мақсұтов салғызған Аягөз медресесінде Мұхаммед Садық Ысмайылұлы есімді молдадан дәріс алып, кейін Семей қаласында Әбдіжаппар Ғұбайдуллаұлының медресесінде оқуын аяқтайды [16]. Медресені бітірген соң, туған жері Аягөз қаласына келіп, бала оқытады. 

Ресей үкіметінің оқу-ағарту министрлігінің 1870 жылғы 26 наурыздағы «Ресейді мекендеуші бұратаналарға білім беру шаралары туралы» Заңының негізінде Шығыс Қазақстанда оқу-ағарту діни және азаматтық бағытта жүргізілді [17]. Құрбанғали сонымен қатар аздап саудамен айналысап, кейде саяхат жасап, қазақ жерін аралайды, сол кездегі көрнекті білім адамдарымен дидарласады. 

1874 жылы жұмыс бабымен Шәуешек қаласына көшіп, мешітте имам болады. Медресе ашып, мұсылман жастарына араб, парсы, татар тілдерінде білім береді. Ол өмірінің соңына дейін, яғни 1913 жылдың 14 наурызына дейін имамдық қызмет атқарған. 

Құрбанғали Халиди Шәуешек қаласында тұрғанымен Аягөз, Семей, Омбы, Орынбор, Уфа, Қазан қалаларына сауда, саяхат, діни іспен барып, ғалымдармен, ақын-жазушылармен, баспа қызметкерлерімен танысқан. Зиялы адамдармен байланыс орнатып және үнемі ғылыми ізденісте болған. 

Құрбанғали Халиди Қазақстанның, Шығыс Түркістанның ауыл-қаласын аралап, тарихи-этнографиялық деректер, материалдар жинаған. Орынбор қаласында айына екі рет татар тілінде жарық көрген «Шуро» журналын [18] алып оқыды және басылым редакторы, тарихшы Ризаддин Фахруддиновпен [19] хат жазысып тұрды. 

Құрбанғали Халиди 1897 жылы 15 ақпанда жолдасы Рамазан мырзамен бірге қажылығын орындау мақсатымен Шәуешек қаласынан сапарға аттанып, жолшыбай көптеген Еуропа мемлекеттерінде, Түркияда және бірнеше араб елінде болған. Түркияның Гольта шаһарында шығармалары бүкіл мұсылман әлемін тәнті еткен әдебиетші әрі денсаулық сақтау бөлімі бастығының орынбасары Ахмад (Ажмар) Мидхатпен [20] танысқан. 

Түркияда «Икдам» журналын шығарып тұрған Ахмад Мидхат әфендіден  «Маузуғат ғулум» кітабын сыйлық ретінде қабылдаған және өзінің «Тарих-и жәридә-и жәридә» атты кітабын тарту еткен [21]. 1898 жылы 27 қыркүйекте отанына қайтып оралған [22].

Құрбанғали Халидидің алғаш баспадан шыққан еңбегі – 1889 жылы Қазан қаласында бастырып шығарған (көлемі 71 бет) «Тарих-и жәридә-и жәридә» атты кітабы. Кітап авторы Тұрфан қаласында тұрған жылдары ондағы ұйғырлар мен дүнгендер өмірін зерттеп жазған. 

Құрбанғали Халидидің екінші көлемді тарихи кітабы – 1910 жылы Қазан қаласындағы «Өрнек» баспасында басылған «Тауарих-и хамса-и шарқи» атты (791 бет) еңбек. Шығыс түріктерінің тарихы мен руханиятына қатысты деректерді, өзінің көрген-білгендерін, оқыған-тоқығандарын, ел аузынан естігендерін қағазға түсіріп, жинақтап олардың көне тарихы, ежелгі мәдениеті, ескі әдебиет нұсқалары, жазба ескерткіштері жөнінде жазылған «Тауарих-и хамса-и шарқи» атты кітаптың соңына: «Бұл кітапты 21 жыл жаздым. Имамдық мансабыма кіруімнің 36-ншы жылында қазылық мансабыма отыруымның 28-нші жылында 1909 жылы шағбан айында аяқтадым» [23] деп жазған

 

 

Құрбанғали Халидидің «Тауарих-и хамса-и шарқи» атты кітабына ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары да назар аударды. 1913 жылдың наурыз айында жарық көрген «Қазақ» газеті: « ... ол кісі «Тауарих хамса» атты кітап шығарып бастырып еді. Кітабы үлкен қолда, сегіз жүз бет бар. Сол 800 беттің 600 бетінде қазақтың жайын, күнелту ретін жазыпты. ... Оқымысты қазақтың һәрбірі сол кітапты қарап шықса, недәуір ғылым алар деп білеміз» [24] деп баға берді.

Ғалымның немересі Исламия Халидова: «жазба деректермен қатар ел аузынан материал топтастыру, хат арқылы білген адамдардан мәліметтер алу, ел ішіндегі әр нәрсені пайымдап отыратын зейінді қарттармен кеңесу, әңгімелесу, барып өз көзімен көру және оны басқалардың көрген-білгенімен шендестіру, сараптап талдау және іріктеу, өткен уақыттарға шегініс жасап, ондағы оқиғаларды өз заманындағы ахуалдармен салыстырмалау, жекелеген адамдардың пікірлерін ой елегінен өткізіп пайдалану, т.с.с» [25] ғылыми ізденісте болғаны жөнінде айта келіп, «Осыдан басқа («Тауарих-и хамса-и шарқидан» басқа) үш кітап жазған, барлығы төртеу екен, олар «Тауарих-и хамса-и шарқи», «Тарих-и жәридә-йи жәридә», «Тікма-тітмә», төртінші кітабы туралы нақты мәлімет жоқ» [26] дейді. 

Исламия Халидованың айтқан төртінші кітабы туралы сүйінші хабар Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің 2023 жылғы 2 ақпандағы (№13(18327) санында жарияланды. Құрбанғали Халидидің еңбегі «Исламның биографиялық сөздігі» деген атаумен 2022 жылы Семей қаласынан жарық көрген. Демеуші зерттеуші-журналист Айбек Тілеухан. 

Айбек Тілеуханның Серік Құсанбаевқа берген сұхбатында: «Құрбанғали 1770 жылдан 1912 жылға дейінгі аралықтағы «Шығыс Қазақстанның ислам тарихы» атты үлкен еңбек жазып қалдырған. ... Ғалым осы соңғы еңбегін 1912 жылы жазып бітіріп, 1913 жылы Қытайдың Шәуешек қаласында қайтыс болады. Тарихтан білетініміздей, арада аз уақыт өтер-өтпесте Октябрь революциясы басталып, дүние астан-кестен болды. Осындай алмағайып заманда бұл қолжазба жоғалып кетеді. ... Жоғалғанына 90 жыл болған осынау құнды еңбек, қайдан табылғаны белгісіз, 2005 жылы АҚШ-тың Бостон штатындағы баспалардың бірінен түпнұсқадағы шағатай және ағылшын тілінде кітап боп басылып шығады. ... Мәтіннің көлемі бар-жоғы 137 бет» [27] деп жазды. 

Аталған еңбектердің үшеуінің қолжазбасы біздің қолымызда, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы ғалымдары Құрбанғали Халиди шөбересі Сафария Теңізбаеваның қолдауымен Құрбанғали Халидидің «Тауарих-и хамса-и шарқи» – «Шығыстың бес елінің тарихы» атты классикалық зерттеу еңбегінің қолжазбасын түпнұсқадан толық аударып, бұрынғы басылымдардағы әттеген-айларды өңдеп, қолжазбаны Қазан, Алматы, Бейжің басылымдарымен салыстырып, толықтырып, факсимилие, транскрипция, қазақ тіліне аударма және ғылыми түсініктермен басып шығаруды қолға алды. «Тауарих-и хамса-и шарқи» – Шығыстың бес елінің тарихы» академиялық басылымы 5 кітаптан тұрады. Ағымдағы жылы «Тауарих-и хамса-и шарқи» – Шығыстың бес елінің тарихы» еңбегінің 1-2 кітабы Астана қаласындағы Фолиант баспасынан жарық көрді. Аталған еңбектің 3-5 кітаптарын және «Тарих-и жәридә-йи жәридә» еңбегін қолжазбадан алғаш рет қазақ тіліне аударып, факсимиле, транскрипция және ғылыми түсініктермен баспадан шығару жоспарымызда бар.

Қ. Халидидің «Тауарих-и хамса-и шарқи» кітабының Қазан баспасынан жарық көргеніне үстіміздегі жылы 115 жыл толып отыр. Аталған кітапта қазақ, ұйғыр, өзбек, монғол, шың халықтарының тарихына, этнографиясына, мәдениеті мен әдебиетіне елеулі орын берілген [28]. Алайда, біздің қолымыздағы қолжазба мен Қазан баспасынан шыққан кітапты салыстырғанда бірін-бірі толықтыратын тұстары кездесті. 

 

 

Изображение выглядит как текст, книга, свеча, Книжная обложка

Содержимое, созданное искусственным интеллектом, может быть неверным.                   Изображение выглядит как текст, книга, Книжная обложка, свеча

Содержимое, созданное искусственным интеллектом, может быть неверным.         

 

«Шура» журналының редакторы Ризаддин Фахруддинұлы аталған еңбек туралы: «Бұл кітап кейбір, қиял-ғажайып ертегілерге тән әңгімелерді санамағанда өте жақсы жазылған еңбек. Өте пайдалы және бұл кітаптан басқа еш жерде кездеспейтін көптеген мәліметтерді табуға болады. Бұл кітап автордың ғылым-білімі, парасаты, ақыл-зейіні таза, еркін екендігіне дәлел болады» [29] деп жоғары бағалаған болатын. Бүркіт Ысқақов: «Дегенмен, бұл кітаптан түрлі тұқымдас халықтардың, соның ішінде қазақ халқының да көне тарихы, этнографиясы және мәдениетіне байланысты бағалы мәліметтер мен деректердің, кейде құнды пікірлердің де көптеп табылары даусыз» [30] деген пікірде. Қ. Халидидің «Тауарих-и хамса-и шарқи» еңбегіне кеңестік кезеңде тарихшы Е. Бекмаханов өзінің «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты еңбегінде» [31], жоғары оқу орындары студенттеріне арналған «Ертедегі әдебиет нұсқалары» [32] деген кітапта, Х. Сүйіншәлиевтің «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері» [33], М. Мағауиннің «Қобыз сарыны» [34] атты кітаптарында Қ. Халидидің «Тауарих-и хамса-и шарқи» атты еңбегі дереккөз ретінде пайдаланып, ғалымдар өз тұжырымдарын сол мәліметтерге сүйене отырып жасаған. Зерттеуші Ж. Кармышева «Казахстанский историк-краевед и этнограф Курбангали Халиди» [35] деген мақаласында  ғалымның өмірі мен шығармашылығына тоқталды. 

Құрбанғали Халидидің «Тауарих-и хамса-и шарқи» атты еңбегіне кеңестік кезеңде назар аударған мамандар басылымның Қазан нұсқасын пайдаланды, ол кітап қазақ тіліне аударылмады. Оның бір неше себебі бар. 

Біріншіден, «Тауарих-и хамса-и шарқи» кітабының авторы Құрбанғали Халиди ғылыми зерттеу жұмыстарымен қатар имам, қажы атанып, діни қызметкер болғандықтан оның «Тауарих-и хамса-и шарқи» кітабындағы деректер, тарихи мәліметтер, пікірлер сын көзімен қаралды. Сонымен қатар, пантүркизм идеяларын таратады деп күдіктеніп, кітаптарына тыйым салынған көрнекті жазушы Ахмед Мидхат пен таныс болуы, оның еңбектерін алып оқуының да әсері болса керек. Себебі Ризаддин Фахруддинұлының «Мәшһүр ырлар» («Әйгілі адамдар») циклімен Осман империясында өмір сүрген атақты черкестердің бірі, жазушы Ахмед Мидхаттың өмірі туралы әңгімелеген  кітабына Ресей империясы билігі тиым салған болатын. Кейін кеңестік билік түрікшілдік идеясына үзілді-кесілді қарсы шықты. Қазақ алфавиті бірнеше рет реформаланып, оның салдары араб, парсы, шағатай тіпті қазақ тілінде араб әліпбиімен жазылған еңбекті оқитын мамандардың тапшылығына алып келді.

Құрбанғали Халидидің «Тауарих-и хамса-и шарқи», «Тарих-и жәридә-и жәридә» және т.б. араб қарпімен ортақ түркі тілінде (араб, парсы, татар, түрік және т.б. түркі тілдері) жазылған қолжазбалары мен басылған кітаптарының тілі күрделі болғандықтан, мамандардан үлкен дайындықты қажет етті.

     

Данагүл Махат 

тарих ғылымдарының докторы, профессор 

«Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ» Ке АҚ

«Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы директоры

 

ӘДЕБИЕТТЕР

 

  1. Халид Қ. Тауарих хамса (Бес тарих): ауд. Б. Төтенаев, А. Жолдасов, - Алматы: Қазақстан, 1992. – 304 б. 

  2. Озғанбаев Ө. Тарихшы ғалым. // Ана тілі. – 2010 – 24-30 маусым. - №24(1017)

  3. Қоңыратбай Т. Құрбанғали Халид. / Қазақстан: ұлттық энциклопедия ; бас ред. Б. Аяған, ред. алқасы: С. Әбиев, ж.б. - Алматы: Қазақ энциклопедиясы , 2004.– 6-том . Қ - Н– 696 б. – Б. 130.

  4. Нұрманова А.Ш. Қазақ қолжазбалары – қазақ тарихы мен мәдениетінің дерек көзі. – Тарих ғыл. канд. дис. Алматы, 2006. – 140 б. – Б. 27. 

  5. Құсанбаев С. Тоқсан жылдан соң табылған жәдігер // Дидар. – 2023 – 2 ақпан - №13(18327). 

  6. Қазақ Совет Энциклопедиясы. Бас ред. М.Қ. Қаратаев. – Алматы: «ҚСЭ» Бас редакциясы, 1977. – 11 т. -  632 б.

  7. Кармышева Дж. Х. Казахстанский историк-краевед и этнограф Курбангали Халиди // Сов. этнография. – 1971. - №1. – С. 100-110. 

  8. Жұртбай Т. Құрбанғали Халиди. / Тауарих-и хамса-и шарки / Қ. Халиди. – Астана, 2015. - 284 б. – Б. 6.

  9. Бекбаева Т.А. Аягөз округы мен Аягөз уезінің 1831-1914 жылдардағы саяси-әкімшілік және әлеуметтік-экономикалық дамуы. Тарих ғыл., канд., дис. Алматы, 2006. – 155 б. – Б. 126-127.

  10. Ысқақов Б. Аягөз азаматы. // Лениншіл жас. – 1969. – 11 апрель (жұма). - №72(7249).

  11. Шығыс Қазақстан облысы: энциклопедия. Бас ред. Б. Ө. Жақып. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2014. - 845, [2] б., фотосурет. – 848 б.

  12. Фахриддинұлы Р. Құрбанғали Халидұлы // Шура журналы 1913 жыл № 6 (15 март). – 163 бет.

  13. сонда 

  14. Зұлхаров Ғ. «Тауарих хамса» және Құрбанғали Халид // Жұлдыз. – 2015. – № 1. – Б. 134. 

  15. Фахриддинұлы Р. Құрбанғали Халидұлы // Шура журналы 1913 жыл № 6 (15 март). – 163 бет.

  16. сонда 

  17. Болатова Қ.Б. ХІХ ғ. екінші жартысы мен ХХ ғ. басындағы Шығыс Қазақстандағы оқу-ағарту жүйесі мен білім беру мекемелерінің қызметі. – Семей, 2010. – 133 б. – Б. 31. 

  18. 1905 жылдан жарық көрген

  19. Риззадин Фахретдинов 1906 жылы журналды шығаруға қаржылай қолдау көрсеткен ағайынды Шакир, Закир Рамиевтің және «Уақыт» газеті редакторы Ф. Каримовтың шақыртуымен Орынборға келіп, әдеби, ғылыми-саяси бағыттағы «Шура» журналын шығара бастаған. Журнал айына 2 рет 1, 15 күндері жарық көріп отырған. Р.Фахретдинов тарих, әдебет, дін және ғылыми-педагогикалық бағытта еңбектер жазған. Оның мақалалары 1883-1918 жылдары Бахчисарайда И. Гаспринскидің басшылығымен шыққан «Тарджиман»[1] газетінле басылып тұрған, еңбектері мектеп-медреселерде оқулық ретінде қолданылған. 

  20. Ахмед Мидхад Эфенди. Ахмед Мидхадтың өмірі. «Вакт» газетінің баспаханасы, Орынбор, 1913. Татар. –  146 б. Бұл кітап Ризаетдин Фахретдин құрастырған «Мәшһүр ырлар» («Әйгілі адамдар») циклінен. Бұл санында Р.Фахретдин Осман империясында өмір сүрген атақты черкестердің бірі, ең көрнекті журналист-жазушылардың біріне айналған, көрнекті жазушы Ахмед Мидхаттың (Хагур) өмірі туралы әңгімелеген. Ресей империясының билігі Ахмед Мидхатты пантүркизм идеяларын таратады деп күдіктеніп, кітапқа тыйым салған.

  21. Халитова И. Құрбанғали Халиди – тарихшы, этнограф, өлкетанушы ғалым // Қазақстан мектебі. – 2015. - №6. – Б. 58.

  22. Фахриддинұлы Р. Құрбанғали Халидұлы // Шура журналы 1913 жыл № 6 (15 март). – 163 бет. 

  23. Фахриддинұлы Р. Құрбанғали Халидұлы // Шура журналы 1913 жыл № 6 (15 март). – 163 бет. . Тарихшы Қ. Халиди: «Осы кітапты жинақтауға 21 жыл уақыт жұмсадым, көкірегінің көзі бар достардың қамқорлығы арқасында осыншалық еңбекке қол жетті. Менің Бида имамдығымның 36 жылы, қазылық мансабыма отыруымның 28 жылына тура келді. 28 шағбан 1327 һижра  (1905 жыл) бітті. Түзген, жазған имам, қази Құрбанғали Халид қажы ұлы. Аягөзде туып, Шәуешекте орын тепкен» - деп жазған. 

  24. Ішкі жаңалықтар // «Қазақ» газеті 1913 жылғы 9 наурыз, № 5, сенбі. 

  25. Халитова И. Құрбанғали Халиди – тарихшы, этнограф, өлкетанушы ғалым // Қазақстан мектебі. – 2015. - №6. – Б. 55 – 60. 

  26. Халитова И.Р., Атемкулова Н.А.  Қ. Халидұлының «Тауарих хамса (Бес тарих)» еңбегіндегі әлеуметтік-тәлімдік пікірлер. // Педагогика және психология. – 2014. - №4. – Б. 119. 

  27. Құсанбаев С. Тоқсан жылдан соң табылған жәдігер // Дидар. – 2023 – 2 ақпан - №13(18327). 

  28. Халиди Құрбанғали. – Алматы: Қазақ Совет Энциклопедиясы. Бас ред., М. Қ. Қаратаев, 1977. – 11 том. – 632 б. – Б. 563. Мақалада мына автрлардың еңбегін пайдаланған: Б. Ысқақов Б., Ысмағұлов М., «Тауарих хамса» хақында // Білім және еңбек. – 1969. - №1. – 28-29 б.; Кармышева Дж, Х., Казахстанский историк-краевед и этнограф Курбангали Халиди // Советская этнография. – 1971. - №1. – С. 100 – 110. 

  29. Фахриддинұлы Р. Құрбанғали Халидұлы // Шура журналы 1913 жыл № 6 (15 март). – 163 бет.

  30. Ысқақов Б. Аягөз азаматы // Лениншіл жас. – 1969. – 11 апрель (жұма). - №72(7249).

  31. Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында (оқу құралы). – Алматы: Санат, 1994. – 416 б. – Б. 14. 

  32. Ертедегі әдебиет нұсқалары. Құраст.: Б. Кенжебаев, Х. Сүйіншәлиев, М. Жолдасбеков, М. Мағауин, Қ. Сыдиқов. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 1967. – 209 б. – Б. 102-103. 

  33. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері (Ерте дәуірден ХІХ ғасырға дейін). Редакциясын басқарған академик Ә. Марғұлан. – Алматы: «Қазақстан» баспасы, 1967. – 386 б. 

  34. Мағауин М. Қобыз сарыны. ХV-ХVІІІ ғасырларда жасаған қазақ ақын жыраулары. – Алматы: «Мектеп», 2007. – 204 б. Бұл кітап 1968 жылы қазақ тілінде, 1970 жылы орыс тілінде жарық көрген. 

  35. https://eo.iea.ras.ru/wp-content/uploads/1971/01/eoarchive_1971_1_100_karmysheva.pdf

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз