Ғұн тәңірқұттары: Лаошан және Ичиси

16.07.2025
1346
Ғұн тәңірқұттары: Лаошан және Ичиси - e-history.kz

Б.з.б. 174 жылы 60 жасына Мөде қаған қайтыс болады. Осы тұста ғұндардың шығыс жағында дүнху (сянби) елі, оң жағында юэчжилер, оңтүстігінде Хань империясы өмір сүріп жатты. Мөдені жер қойнына тапсырған соң оның үлкен ұлы Лаошан 40 жасында таққа отырады. Ғұнтанушы зерттеушілердің жазуы бойынша «лаошан» мұрагер тақ иесінің шын аты емес, лауазым атағы. Шын аты – Күюг (Күйік).

Лаошан тәңірқұт

Лаошан билікке келген кезден бастап тәңірқұтты ұлыс ішінде «тәңірдің ұлы» немесе «тәңірдің сыйы» деп атайтын дәстүр қалыптасады. Бұл адам таққа отырған тұста әкесі Мөденің кезінде қытай жұртымен анттасқан «Татулық келісім» тоқтамы жаңаланып, таққа отырған қағанның құрметіне ханьдықтар аса көп мөлшерде алтын-күміс, жібек мата және қызметші қыздар тарту етеді.

Бұларды басқарып бару елші Уэей деген қытай шенеунікке жүктеледі. Бұл адам жауапты міндетті жүктеуден басын ала қашады. «Ауа райы қолайсыз, суық өлкеде тірлік ете алмаймын» деп қарсылық білдіреді. Бірақ Хуанди (Хань империясының патшасы) күштеп жібереді. Уэей елші ғұн еліне барған соң өз патшасының бұйрығын тәрк етіп, Лаошанға сатылып, ақ-адал қызмет көрсетеді. Сол заман тарихшылары Уэейдің бұл ісін «өзінің тегіне тарту» деп бағалапты. Өйткені, бұл адамның түп-тұқияны дала көшпенділерінің сойынан-мыс.

Лаошан шаньюй уәзірі Уэейдің кеңес беруімен халық санағын жүргізіп, ел ішіндегі дәулетті адамдар тізімін жасап, оларға келісім негізінде салық төлету жүйесін орнатады. Бұл іс бұқара тарапынан қолдау табады. Соған қарағанда аса бір әділетті дүние болған тәрізді. Одан кейін соғысқа қатысқан сарбаздар қолға түсірген олжасының 90 пайызын өздері алатын тәртіп енгізеді. Бұл оқиға жауынгерлердің дүние-мүлікке деген ынтасын һәм жауынгерлік құмарлығын оятты. Дәл осы жүйені 1400 жылдан кейін Шыңғыс қаған әлемді жаулау ісіне бұзбай-сызбай қолданады. 

Сондай-ақ Уэей уәзір шаньюйге «Сіз өз бұқараңызды қытайдың сәнді жібек матасы мен тәтті қауын-қарбыз, жеміс-жидегіне құмар болудан тыйыңыз. Оның орнына бұрынғыдай аң терісінен тігілген киім киіп, мал өнімдерімен (ет, сүт т.б) тамақтануын бұйырыңыз» деп ақыл айтады. Бірақ шаньюй бұған тоқтау сала алмапты. Себебі, сол заманның өзінде сананы тұрмыс билепті. Яғни, бұқара қытайдың қызылды-жасылды бұйымдарынан бас тартуды құп көрмеген сыңайлы. 

Лаошон тәңірқұт әуелі Хань елімен достығын нығайтып алған соң, б.з.б 162 жылы ежелгі жау юэчжилерді (қазіргі Шығыс Түркістан өлкесі) тықсыруды қолға алды. Ғұндардың алапат соққысына ұшырған юэчжилер батысқа қарай ығысып, Амудария сағасына көшіп барып қоныстанады. Уақыт өте келе олар  б.з.б. 129 жылы өлкенің ежелгі тұрғандары грек-бактриялықтарды басып алады. Сөйтіп Кушан хандығын орнатады. 

Ғұндар юэчжилерді қуып жіберіп, тартып алған территорияға одақтас тайпа үйсіндерді қоныстандырады. Тарихшы Лев Гумилев «Жаңа өлкеге тұрақтаған үйсіндер уақыт өте келе 600 мың адамы бар, 120 мың сарбаз шығара алатын қуатқа ие болды» деп жазады. Қысқасы, үйсіндер Лоашон шаньюден кейін қарны тойып, жал бітіп бұрынғы одақтас ғұндарға шекеден қарайтын дәргейге жетеді. 

Үйсіндер тұра тұрсын юэчжилерді маң далаға қуып тастап, қисапсыз олжаға бөккен Лоашон көзі қызарып, адам саны ғұндардан 6 есе көп, байлығы асып-төгіліп жатқан Хань империясына көз алартады. Сөйтіп, реті келген күні Лоашан тәңірқұт 140 мың сарбазын жалаңдатып Хань елін шабады. 

Ел билеушісі Хуэй ди хуандидың жазғы ордасын басып алады. Сасқалақтаған Хань патшасы дереу есін жиып, ғұндарға қарсы 100 әскери жарақты арба және 100 мың атты әскер жасақтайды. Бірақ ғұндар қытай әскерімен шайқасудан бас тартып, олжа-дүниесін қанжығалап мекеніне тайып тұрады.

Қытай тарихшысы Сыма Цянь келтірген мәліметте қытай әскері шегінген ғұндардың ізіне түскенімен оларға бірде-бір залал келтіре алмады деп жазыпты. Соған қарағанда бұл соғыс басқыншылық емес тонаушылық сипатта сияқты. Лаошан өзі өмірден өткенге дейін азғана әскермен осындай тонаушылық соғыс тәсілін қытайларға қарсы төрт дүркін жүргізеді. 

Мөде қаған кезінде Хань елі және Ғұн ұлысы арасында қабылданған «Тату көршілік» келісімшарт б.з.б. 162 жылы қайдадан жаңаланып: «Ақ қорғанның сыртындағы бұқара ғұндарға қарасты, ал қорғанның ішкі жағындағы бұқара қытайларға тән болсын» деген тоқтам жасайды. 

Осы орайда, айта кететін оқиға –  Ғұн ұлысына Хань елінен елші келіп, ол әуелі ғұндарға сатылған бұрынғы қытай ордасының сарай шенеунігі Уэей уәзірмен сөйлеседі. Осы екі тұлғаның сөз таласы көне қытай жазбаларында сақталған екен. Қытай елшісі айтады: «Сен жақсы көрген ғұндар қарияларына қамқорлық жасамайтыны қалай?» дегенде Уэей мырза: «Олай емес ғұн қариялары астың тәуірін жастарға жегізеді, аттың тәуірін соларға мінгізеді, сол арқылы өзін және елін қорғатады» депті. Қытай елшісі тағы да: «Ғұндар әкесі өлсе оның жас тоқалын, ағасы өлсе жеңгесін әйелдікке алатын жосыны жайлы не айтасың?» дейді. Сонда Уэей сұлтан: «Бұл дәстүр арқылы ғұндар өздерінің тұғым-тегін сақтайды, жесірін жатқа жібермеу арқылы ұрпақ бауырластығын үзбейді» деп жауап беріпті.

Әкесі Мөденің жолын жалғастырып ұлыстың бекемдігі үшін тер төккен Лаошон тәңірқұт б.з.б. 162 жылы бақиға атанады. 

Жюнчэн тәңірқұт

Жюнчэн тәңірқұт Лаошон қағанның ұлы. Әкесі өлген соң б.з.б. 162-126 жылдары 36 билік жүргізген. Өмір-тарихы туралы толымды дерек аз. Тек бұл кісі билік құрған тұста ұлыстың қуаты кеміп, берекесі кете бастағаны хақында айтылады. Бұған ұлыстың ішкі қайшылығы, бектердің (нояндар) шен таласы себеп болған көрінеді. 

Осының салдарынан б.з.б. 130 жылы Хань патшалығы мен Ғұн ұлысы арасында кезекті шекаралық сауда-саттық мәселесіне байланысты текетірес өрістеп, б.з.б. 127 жылы Хань патшалығының қарулы қосыны Лэуфань, Баянь өлкесіне басып кіріп, иеленіп алады. Осы жылдың қысында Жюнчэн тәңірқұты қайтыс болып, оның орына інісі Ичисе қаған б.з.б 126 жылы таққа отырады. 

Ичиси тәңірқұт

Бұл адамның ұлыс тағына отыру кезеңі – Ғұн ұлысына қарасты әртүрлі этникалық топтар өзара дүздаразданып, бақталастық  қызып тұрған шағымен тұстас келеді. Оның сыртында бұрынғы тәңірқұты Жюнчэннің үлкен ұлы Жүки ван Юйби әке тағына отыра алмауы себепті, ағасымен арасында наразылық пайда болады. 

Жюнчэн тәңірқұты қайтыс болған тұста інісі Ичиси Жүки ван Юйбиге бағынышты ұлыстың сол қанатын басқарған ықпалды Лүли ван (лауазым атағы) болатын. Бірақ ағасының тағына қызыққан Ичиси тақ иесі інісін шетке қақты. 

Осылай тақ таласында жеңілген Юйби ата жауы Хань империясының ханы Удидің қолтығына барып пана табады. Қытай патшасы оған «Шэ ань хоу» деген атақ беріп, арқасынан қағады. Ондағы ойы шынайы тақ иесін қорғау арқылы ата жауы көшпенділер арасына ірткі салу болатын.

 Бірақ бұл ойы іске аспайды. Себебі, қашып келген Юйби ханзада көп кешікпей қайтыс болады. Ғұнтанушы ғалымдар Юйби ғұндар тарихында алғаш рет қытайдың қолтығына барып паналайтын жаман дәстүр қалыптастырды деген ой айтыпты. 

Осылай ішкі тартыста жеңіске жетіп таққа отырған Ичисе ағасы Жюнчэн кезінде айырылып қалған өлкелерді қайтарып алуға ұмтылады. Дереу атқа қонып, Хань елінің Дай провинциясын шауып, басшысы Гуньды мыңға тарта сарбазымен бірге жер жастандырады. Келесі күзде Яй Мүн аймағына басып кіріп, тонаушылық жасайды. Б.з.б. 125 жылы Ичисе тәңірқұт зор қосынды бастап, Хань еліне үш бағытта шабуылдап, Ордос өлкесін қайтарып алады.

 Ғұндар шабуылына тойтарыс беру үшін б.з.б 124 жылы Хань патшасы атақты қолбасшы Вэй Чинге 100 мың шерік беріп, Ордосты қайтарып алу жорығына аттандырады. Олар түн жамылып Ордосты қорғап жатқан Жүки ванның отығын шауып, өзімен қоса 15 мың сарбазын тұтқынға алады. Осы тебінмен қытай қосыны келесі б.з.б. 123 жылы ғұн иелігіндегі Диньшянға басып кіріп, бағындырады. 

Одан кейін қолбасшы Хэо Чубин  басқарған Хань елінің әскері б.з.б. 121 жылы Гансу жеріне өтіп, Сючу ванның иелігін басып алғанымен, тактикалық қателікке ұрынып, нәтижесінде қолбасшының өзі өліп әскерінің көбі қырылады. Қысқасы б.з.б. 124-119 жылдары аралығында өрістеген соғыс Ғұн елін титықтатып жібереді.  

Б.з.б 123 жылғы шайқастан кейін Хань елі әскери-жауынгерлік тактикасын өзгертіп, жаңа тәртіп енгізеді де б.з.б 121 жылы ғұндарға қарсы майдан ашады. Осы шайқаста қытай қолбасшысы Хуо Чубинның жақын туысының баласы Хуо Чубин дарындылығымен танылады. Бұл адам ғұндардың батыс бес провинциясын басып алып, өзіне бағынудан бас тартқан 8 мың ғұн сарбазының басын шаптырады. Бұл оқиға ғұн тәңірқұты Ичисиге оңай тимейді. Жеңіліс тапқан қолбасшылардың басын алады. Бұл зор қателік болды деп жазады сол дәуір тарихшылары. Өйткені, басы шабылған нояндардың ықпалындағы 120 мың қауым ел Ичисиге ренжіп қытайға бағынуды құп көреді. Сол тұста Ғұн ұлысының құрамында 1,2 млн халық болғанын ескерсек, бұқараның 10 пайызынан айырылды деген сөз. Бұл зор шығын. 

Осылай ұлыстың батысы қытай әскерінің ат тұяғына тапталғандықтан, тәңірқұт шығыс жақтағы сайлауыт жасақты қытайларды бұлап-талауға жұмсайды. Сөйтіп, екі елдің ара қатынасы қатты шиеленіседі. 

Дәл осы шамада Хань патшасың атты әскері 250 мың, жаяу әскері 150 мыңға жетсе, қосымша азық-түлік артқан керуен, қару-жарақ жасайтын шеберлер қосыны т.б. қосқанда бұл жер қайысқан қол. Сол заман тарихшыларының жазуына қарағанда, қытай әскері жорыққа аттаған сәтте қалың тобырдың аяғынан көтерілген шаң күннің көзін қалқалап қалатыны хақында дерек бар. 

Сөйтіп, б.з.б. 119 жылы жылы Удай хуанли (патша) осы жер қайысқан әскерін ғұндарға қарсы жорыққа аттандырады. Бұл оқиғадан хабардар ғұндар ең әуелі бала-шаға, кәрі-құртаң, қатын-қалашты жаудың аяғы жетпейтін солтүстікке қарай көшіреді де, өздері атақты ғобы құмын көктей өтіп, арып-шаршап жеткен қытай қосынын сары далада қарсы алуға бекінеді. Қысқасы, бұл алапат шайқас Ғұн ұлысының жерінде өтерін анық болады. 

Көш кешікпей Ғұн ұлысы мен Хань патшалығы арасында шешуші шайқас басталады. Қызық болғанда екі жақ шайқасты бастаған тұста қатты дауыл соғады. Бұл жел ғұндарға қарсы бағытталғандықтан олар желге қарсы садақ оғын дұшпанына жаудыра алмай пұшайман күйге түседі. Ғұндардың садақ оғынан ғана жасқанатын Хань империясының жасағын басқарған Вэй Чин қолбасшы осы сәтті пайдаланып екі жақтан орай шеп жаяды. Сөйтіп, ғұндар қоршауда қалады. Жанталасқан Ичиси қаған түн жамылып, өзінің сенімді жүздігінің арқасында қоршауды бұзып шығады. Оның артынан індете қуған қытай әскері жете алмай қалады. 

Дәл осы соғыс жайлы жазған көне қытай тарихшылары «ғұндар 19 мың сарбазынан айырылды, қытай атты жасағының 100 мың жылқысы өлді» деп баяндапты. Демек, екі жақта орасан шығынға ұшырады деген сөз. 

Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, Ғұн ұлысын 12 жыл басқарып, ғұмыры қытайлар мен шайқасып ат үстінде өткен Ичисе тәңірқұт б.з.б 114 жылы бақилық болады. 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз