Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мұстафа Шоқай – сатқын емес. Ол – ұлы қаһарман

2376
Мұстафа Шоқай – сатқын емес. Ол – ұлы қаһарман - e-history.kz

Сурет: sn.kz

Тарих ғылымдарының докторы, шоқайтанушы ғалым Әбдіуақап Қара Қазақстан тарихы порталының ютуб арнасына берген сұхбатында совет одағы тарапынан Мұстафа Шоқайға тағылған негізсіз айып туралы айтты, деп хабарлайды e-history.kz тілшісі.

«Совет уақытында Мұстафа Шоқайды өз халқына құбыжық қып көрсету үшін үлкен жала жабылды. Олар: «Мұстафа Шоқай Гитлермен ауыз жаласқан, сатқын» деді. Шындығына келгенде, Мұстафа Шоқайдың Гитлерге түкке қатысы жоқ. Қайта Мұстафа Шоқай Гитлердің қандай адам екенін, нацизмнің қалай екенін сол уақыттағы оқығандардан жоғары деңгейде біледі. Ол 1921 жылдан Еуропада. Нацистердің 30-жылдардан бастап қалай көтерілгенін, идеологиясының қандай екенін біліп, оның Қазақстанға, Түркістанға берері жоқ екенін жақсы білген» деді шоқайтанушы ғалым.

«Түркістан легионынан» бас тарту – өлімге тең ерлік

Нацистік Германия түркі тектес халықтарды өз мақсаттарына пайдалану үшін «Түркістан легионы» жобасын қолға алған. Бұл жобаның басшылығын немістер Мұстафа Шоқайға ұсынды. Алайда ол бұл ұсынысты үзілді-кесілді қабылдамады.

«Гитлер Францияны басып алғаннан кейін Мұстафа Шоқайды тұтқындап, лагерлерге апарады. Ол кезде «Түркістан легионы» жобасы жаңадан басталып жатқан. Немістер Мұстафа Шоқайға Түркістан легионының бас қолбасшылығын ұсынған. Бірақ ол бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартқан. «Мен сіздермен бірге істеспеймін. Мені қоя беріңдер. Үйіме қайтамын», дейді. Сөйтеді де немістер Мұстафа Шоқайды қоя береді» дейді Ә. Қара.

Тарихшының айтуынша, енді бір болжамдар да оны бекер қоя бермеді. У беріп қоя берді дейді. Сонымен бұл кісі Украина төңірегіне жақын Честочова лагерінен Францияға қайтуды жоспарлайды.

Ақиқат пен батырлықтың символы

Мұстафа Шоқай Берлинге бара жатқан жолда кенеттен ауырып, қайтыс болады. Ол – нацизмге қарсы тұрып, неміс билігімен келісімге бармаған тұлға. Кеңес үкіметі оны сатқын етіп көрсетуге тырысқанымен, шын мәнінде ол — халқының тәуелсіздігі үшін өмірін құрбан еткен қаһарман.

Мұстафа Шоқай нацистермен бірге істеспеймін деп өмірін беріп отыр. Ол фашизмнің жымысқы саясатын білді. Бірақ оған совет одағы жалған жала жапты. Әбдіуақап Қараның сөзінше, кеңес үкіметі тарихтағы ең үлкен жаланың бірін осы Мұстафа Шоқайға жапқан. Егер жала жабу бойынша жарыс болса, «Совет Одағы Шоқайға жапқан жаласымен бірінші орын алар еді» дейді ол.

«Тағы бір ескеретін жайт, немістерге ол уақытта жоқ деп айтудың өзі қиын еді. Бірақ Мұстафа Шоқай өлімнен қорықпай, жауап берген. Ол елі үшін, тәуелсіздігі үшін, халқы үшін жанын берген. Сондықтан Мұстафа Шоқай сатқын емес, ұлы қаһарман» - дейді Әбдіуақап Қара.       

Мұстафа Шоқай — тек тарихи тұлға емес, ұлтының ары, тәуелсіздіктің символы. Оның фашизмге, отаршылдыққа қарсы күресі бүгінгі ұрпақ үшін үлгі. Ол ешқашан сатқын болмаған, керісінше, өз халқы үшін жанын қиған ұлы қаһарман.

Бағдарламаның толық нұсқасы: Диаспораға тек жанашырлық емес, стратегиялық саясат қажет

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?