«Жошы хан» – әлемдік аудиторияға бағытталған сериал

21.07.2025
989
«Жошы хан» – әлемдік аудиторияға бағытталған сериал - e-history.kz

Сурет: instagram.com/erlankarin2019

Кино – заманауи идеологияның ең ықпалды құралы. Ал тарихи сериал – ұлттың жүріп өткен жолын әлемге танытудың ең тиімді тәсілдерінің бірі. Осы орайда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Нартай Аралбайұлының YouTube арнасына берген сұқбатында «Жошы хан» туралы көп бөлімді сериал тек тележоба емес, тарихи танымның жаңа форматы ретінде бағалануы тиіс екенін айтты.

Оның айтуынша, жобаға халықаралық мамандар тартылғанымен, басты процестердің басы-қасында жүрген өзіміздің отандық мамандар болған. Сценарий жазуға да, тарихи сараптамаларға да қазақстандық тарихшылар белсене араласқан. «Сценариді дайындау барысында негізгі тарихи консультанттар – қазақстандық тарихшылар болды», – деді ол. Түсірілім толығымен Қазақстанда өткен. Әрбір кезеңде отандық мамандар болған. Кейбір эпизодтарды өзіміздің режиссерлері түсірген.

Ерлан Қарин: «Біздің отандық мамандардың да деңгейі жеткілікті. Сондықтан қорықпай, сеніммен процестерге араластырдық. Басты рөлдерде де – өз актерлеріміз», – деп нақтылады. Оның айтуынша, бұл жобаның нәтижесінде көпшілікке жаңа есімдер танылады. 

Мемлекеттік кеңесші бұл жобаның бұрынғы «Көшпенділер», «Томирис», «Қазақ хандығы» сынды фильмдерден басты айырмашылығы – ішкі аудиторияға емес, әлемдік кеңістікке бағытталуы екенін баса айтты. «Бұрынғы жобалар ішкі аудиторияға арналса, бұл – халықаралық аудиторияға арналған», – дейді ол.

Сериал түсірілімінде де жаңашылдық көп болған. Мысалы, 2000-нан аса жаңа киімдер тігіліп, тарихи кезеңге сай декорация жасалған. Бұл отандық тарихи кинода бұрын-соңды болмаған қадам. «Бұл жолы әр кезеңге сай жаңа киімдер мен декорациялар қолданылды», – деді Ерлан Қарин.

Ақпаннан мамырдың ортасына дейін Қазақстанның әр аймағында үздіксіз түсірілім жүріп, қазіргі таңда монтаж, дыбыс, визуалдық жұмыстар кезеңіне өткен. «Шілденің ортасында алғашқы нұсқасын маған көрсетеді. Жыл соңына қарай аяқтап, келер жылы көрерменге ұсынамыз», – дейді Қарин. 

Сондай-ақ ол алты бөлім деп жоспарланған сериалдың ұзарып кетуі де мүмкін екенін айтты. Ең бастысы, бұл жобаның астарында үлкен миссия жатыр: ұлтты жаңа тарихи бейнемен таныту. Яғни бұл сериал – әлемдік стриминг платформаларға шығатын, қазақты танудың жаңа жолы.

Демек бұл сериал ұлттық жадымызды жаһан алдында жаңғыртуға жасалған нақты қадам деуге болады. Ал осындай жобада отандық мамандардың негізгі рөлде болуы – елдік сенім мен кәсіби жауапкершіліктің көрінісі.

Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз