
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Нартай Аралбайға берген сұхбатында соңғы уақытта ел ішінде кеңінен тараған «Қазақстан тарихын өзге елдің тарихшылары жазады екен» деген мазмұндағы даулы пікірге нақты әрі ашық жауап берді.
«Бұл өтірік, жалған ақпарат. Біз өз тарихымызды өзіміз жазамыз. Сырттан келіп, ешкім бізге жазбайды. Жеті томдықтың материалдарын бекіту үшін үлкен редакциялық алқа құрылды. Оның ішінде тағы да қайталап өтейін Мәмбет Қойгелді, Хангелді Әбжанов, Берік Әбдіғали секілді аға буын тарихшылардан басқа Жақсылық Сәбитов, Айболат Көшкімбаев секілді жаңа буын тарихшылар мен буын өкілдері де кіріп отыр. Осындай отыздан астам Қазақстандық қазақ тарихшыларынан құрылған редакциялық алқа бекітілген әрбір томды талқылайды. Талқылап, соның нәтижесінде баспаға беретін болады. Сондықтан, «басқа біреу жазып жатыр», «басқа біреу бекітеді екен» деген әңгімелердің бәріне ере бермеу керек. Жалпы осындай әдетті қою керек. Бір бастаған істі келіп, әңгіме таратып, ең соңында сол көп томдықпен айналысудың орнына, осындай әңгімелерге тосқауыл қойып, осыған уақытты құртуға тура келеді. Тек осы емес, көптеген істе осындай болмайтын бір әңгімелерге тосқауыл қойып, оларға түсініктеме беріп, сөйтіп күшімізді құртып жатамыз» , – деді Ерлан Қарин.
Мемлекет кеңесшісі бұл сөздері арқылы қоғамда орынсыз күдік пен негізсіз дақпыртқа жол бермеу қажеттігін, Қазақстан тарихы секілді маңызды ғылыми жобаның айналасында жалған ақпарат таратуға болмайтынын қадап айтты. Қазір елімізде әзірленіп жатқан жеті томдық академиялық «Қазақстан тарихы» жинағы ұлттық ғылыми сананың қалыптасуына, тарихи жадыны жүйелеуге бағытталған іргелі еңбек. Бұл істі жүзеге асыруға еліміздің білікті, тәжірибелі және жас буын тарихшылары жұмылдырылған. Әрбір том терең талқыланып, бекітілген соң ғана баспаға жолданады.