Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Көшпенділер садағы: қарапайым қару ма, әлде өркениет феномені ме?

585
Көшпенділер садағы: қарапайым қару ма, әлде өркениет феномені ме? - e-history.kz

Сурет: ЖИ

Кітаптың алғашқы бөлімінде халқымыздың мергендік өнері жамбы атудың этнографиялық және тарихи құндылықтары хақында, сонымен қатар бұрынғы қазақ қоғамындағы жамбының рөлі, оның түр-түсі һәм пошым-сипаты және жамбы атудың стилі мен бағыты туралы баяндадық. Бұл жерде оқырмандарға ашалап түсіндіретін дүние – жамбы ол нысана. Оны ату үшін ең әуелі садақ керек. Яғни, тәпсірлеп айтар болсақ, ерте де сардар-сарбаздар садақ қолданып, онымен жамбы атып жаттығу арқылы мергендік шеберлігін шыңдайтын болған. 

Ортағасырлық көшпенділердің мергендік өнері хақында қытай тілінде жазылған негізгі екі дерек бар. Біріншісі Сүн империясының елшісі Чжао Хунның 1221 жылдар шамасында атақты қолбасшы Мұқалайдың ордасына барған сапары кезінде көрген білгенін хатқа түсірген «Мэнда бэйлү» («Татарлар хақында толық жазба») атты еңбегі. Осы жазбада: «Татарлар (көшпенділер) аттың жалында туып, аттың жалында ер жетеді. Жауынгерлік өнерді туғаннан бастап үйренеді. Олардың басты жұмысы садақ атуды толық меңгеру. Ол үшін аң аулайды, сайысқа қатысады. Оларда жаяу сарбаз деген болмайды» деп жазады. 

Екінші дерек, 1236 жылы жарық көрген Пэн Дая, Сюй Тин атты авторлардың «Хэйда шилюэ» («Қара татарлар хақында») атты жазбасы. Онда: «Татарлар (көшпенділер) ұл баласын үш жасқа толған сәтінен бастап, оны ерге отырғызады да, ат үстінде шауып кетуге жаттықтырады. Бес жасқа толғанда қысқа садақ ұстатып, мергендікке баулиды. Ал ер жеткен соң олар аттың үстінде құс сияқты еркін самғайды» десе, ағылшын тарихшысы  Джон Энтони Гарнет Мэн (John Anthony Garnet Man): «Ерте орта ғасырда еуразиялық аумақта өмір сүрген көшпенділер әскери-жауынгерлік өнердің бір түрі садақ қолдану арқылы ғаламдық соғыс тарихына өлшеусіз өзгеріс әкелді» деген пайым айтады.

Жалпы садақ ату – ерте заманда еуразиялық көшпенділердің төл өнері болғаны жайлы бұлардан басқа да жазылған деректер баршылық. Олар:

  • 1368 жылы жазылып, бүгінге жеткен мәмлүктердің  «Kitab fi ilm an-nussab» («Жасөспірімдерге арналған мергендік тәлім») атты туындысы;

  • 1470 жылы жарық көрген «Мәмлүк сарбаздарының жауынгерлік өнері» атты еңбек; 

  • 1500 жылдары жарық көрген «Arab fhchery An Arabic manuscript of about» атты араб қолжазбасы;

  • XVII ғасырда жазылған қытай зерттеушісі Гао Иннің «Садақ атудың жолы мен ізі» атты жазбасы т.б 

Сонымен қатар, ежелгі мәмлуктердің әскери жауынгерлік тарихын жазған Меңлібұға ноян: «Қыпшақ – түркілердің қолындағы садақ тек солар үшін жаратылған сияқты. Cадақ ату шеберліктері теңдессіз» деп жазады. 

Әй, шаһым, біздің елдері, 

Хош өтер жаз уа қыстары. 

Бағларға бағбан бағар, 

Миуалық дүр ағаштары.

 Қыздары үйінде жатар, 

Жігіттері садақ атар 

(Бабалар сөзі. 47-том. Астана: 2006 ж 45-б).

Мұсылман жайын сұрасаң, 

Тілінде бар санасы, 

Садақ атып, оқ жонар 

Жеті жасар баласы. 

(Бабалар сөзі. 47-том. Астана: 2006 ж. «Батырлар жыры» 246-б).

Демек жамбы сияқты садақтың да тарих тереңде жатыр. Яғни, ерте дәуірде өмір сүрген адамзаттың негізі қаруы – садақ болды. Осы орайда, әлемдік жауынгерлік өнер тарихын зерттеушілер садақты алғаш кімдер ойлап тапты және қай кезден бастап қолданды деген сұраққа ұзақ жыл жауап іздеді.

Осындай ізденуші-зерттеушінің бірі – танымал археолог әрі этнолог-антрополог В.А.Шнирельманның пайымдауынша, Орталық Азия, Оңтүстік Сібір, Алтай, Саян, Қанғай, Кентай тау сілемдерін және Қиыр Шығыстың аңғарындағы өзен-көлдерді  мекен еткен ежелгі тайпалар даланың жабайы аңдарын аулау үшін алғашқы тас дәуірде садақ қолданған дейді (Шнирельман В. А. [Отдельные главы в кн.:] История первобытного общества. - Т. 1-3. — М.: Наука, 1983 -1988). 

Уақыт өте келе ежелгі адамдар қола дәуірдің соңы мен темір дәуірінің басында жоғарыдағы аң аулауға арналған құрал садақ арқылы өздерін сыртқы күштен қорғауға, жауын жасқауға жұмсағаны туралы орыс ғалымы Е.А.Разинның жазбаларында көрініс тапқан екен (Разин Е.А. История военного искусства. М., Воен. Издат. МО СССР, 1955, т-1 59-стр).

****

Ерте дәуірдің әскери – жауынгерлік өнерін зерттеген еуропалық және ресейлік мамандар Мелюкова, Черненко, Смирнов, Хазанов т.б-лардың еңбектерінде және Оңтүстік Сібір тұрғындарының б.з.б. тұрмыс-тіршілігіне зерттеу жасаған А.М.Кулемзиннің жазбаларында да садақты тұңғыш болып Азия құрлығының тұрғындары қолданғаны хақында айтылады. Бұл деректер аталмыш өлкелерде жүргізілген археологиялық қазба барысында табылған заттай жәдігерлер арқылы да  толық дәлелденіп отыр.

Мысалы, ежелгі көшпенділер империя құрған еуразиялық аумақта көне ғұн бабаларымызға тән аса ірі 13 қорған-кешен болса, осылардың 9-ына қазба жұмысы жүргізілген екен. Нәтижесінде 30 мыңға жуық ірілі-ұсақ артефактілер табылса, осылардың ішінен бүтін күйінде сақталған 5 садақ табылып отыр. Бұл садақтар апайтөс еуразиялық кеңістікте империя құрған ғұн бабаларымыздан бізге жеткен құнды мұра екені анық. 

****

Жуық жылдары Байқал өлкесінің (Забайкалье) күңгейіндегі Хилок (Хилго) өзені сағасындағы Зугмара-1 қорғанынан қазған кезде жақсы сақталған тағы бір көне садақ табылды. Бұл садақтың ұзындығы 120 см. Ең бастысы аталмыш садақтың астарында (ішкі бауырында) ұзындығы – 18 см, ені – 2,5-2,7 см  болатын мүйіз жапсырмасы бар. 

Мұндай мүйіз жапсырмалы көне садақ үлгілері Забайкаль өлкесінде орналасқан Малая Кулинда, Точкин, Чиндант, Бегул, Усть-Талькин қатарлы қорған-обаларға жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде де табылған (Ж.Базарсүрэн. Чингис хааны цэргийн зэр зэвсэг. Ұланбатыр. 2009 жыл. -119 б).

Атақты археолог - этногаф А.П.Окладников Сібір даласына жүргізген қазба жұмыстары кезінде Байқал көлі маңынан ұзындығы 100-150 см мүйіз жапсырмалы құрама садақ тапқан. Бұл жәдігерге ғалым б.ж.з. 3 жылдың мұрасы деген тұжырым жасапты (Окладников. А.П. Неолит и бронзового век Прибайкалья МИА.ХІІІ. 1950. Стр -29). Бұл садақтың ұзындығы 140-160 см екен. 

Сібір даласы және Байқал өлкесінен табылған көне садақтар. 

Жалпылай алғанда көптеген зерттеушілер археологиялық қазба барысында табылған садақтарды ғүн дәуіріне тән жәдігер есебінде қарастырып жүр. Десе де кейбір мамандар «сақ садағы әуелгі қару түрі, ал ғұн садағы деп оның кейінгі жетілдірілген нұсқасы» деген де пайым ұстануда. Бұл сұрақтың нүктесін маман ғалымдар болашақта қоя жатыр. Демек де қазіргі таңда барлық зерттеушілер садақтың алғаш пайда болған мекені Азия даласы һәм оны жасаушылар дала тұрғындары ежелгі көшпелі тайпалар екенін бірауыздан мойындайды.

Жоғарыдағы дереккөздерін негіздей отырып біз ерте тас дәуірінің аяғы немесе орта тас дәуірінде, қазіргі күнтізбелік есеппен айтқанда осыдан 12000 – 7000 мың жыл бұрын еуразиялық аумақта өмір сүрген көшпенділер садақты ойлап тауып, қолданды деген пайымға тоқталамыз. 

Мүйіз астарлы, тарамыс қаптамалы садақ. Шотландия корольдік мұражайы. Эдинбург
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?