
«Тарихи тұлғалар жайлы 10 дерек» айдары аясында таныстыратын кезекті тұлғамыз – ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының көрнекті өкілі, Алаш қозғалысының қайраткері, қазақ жазба әдебиетінің іргетасын қалаушылардың бірі, ұлт азаттығын қорғау жолында жанкешті еңбек еткен Міржақып Дулатұлы.
Міржақып Дулатұлының алғашқы білім алу кезеңі ауыл мектебінде басталып, кейін Торғайдағы мектепте жалғасқан. Оған орыс тілін үйреткен алғашқы ұстазы – Мұқан Тоқтабаев. Ол қоғам қайраткері, саяси күрескер, 1927 жылы Қазақ Орталық Атқару Комитетінің халық ағарту, егін шаруашылығы комиссары болған Ғабдулкәрім Тоқтабаевтың ағасы.
1905 жылы Міржақып Дулатұлы қазақ қоғамында болып жатқан өзгерістер мен идеялық қозғалыстарды байқап, әдебиетке бет бұрып, отарлық билікке қарсы әдеби үгіт-насихат жүргізді.
1909 жылы Міржақып Дулатұлының атақты «Оян, қазақ!» өлеңі жарық көрді. Ақын бұл жылы 24 жасқа толған еді.
Міржақып Дулатұлы 1910 жылы 25 жасқа толғанда қазақтың тұңғыш прозалық романы «Бақытсыз Жамал» жарық көрді.
1913 жылы Міржақып Дулатұлы Алаш қозғалысының жетекшілерінің бірі ретінде ұлттық баспасөзді қалыптастыруға зор еңбек сіңірді. «Қазақ» газеті қазақтың ұлттық мүдделерін қорғап, патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы болды. Осы арқылы ол қазақ халқының білім алуына, хақын қорғауына және саяси сауаттылығына зор үлес қосты.
Ақын қазақ қоғамына қажетті білім беру мәселесін жоғары қойған ағартушы ретінде «Есеп құралы» атты оқулық жазды. Бұл кітап қазақ тілінде жазылған алғашқы есеп құралы болды және қазақ балаларына арифметика пәнін үйретуге арналған оқу құралы ретінде жарық көрді. Кітапта арифметиканың негіздері, қарапайым есептер мен есептеу тәсілдері қарастырылды. Бұл еңбектің қазақ қоғамына үлкен маңызы болды, себебі ол қазақ тілінде жазылған алғашқы ғылыми-оқу құралдарының бірі болды.
Оның 1926 жылы жазылған «Қазақ тілінде басылған кітаптар көрсеткіші» еңбегі қазақ тілінде тұңғыш жарық көрген библиографиялық еңбек. Міржақып Дулат9лы қазақтың тұңғыш библиограф ғалымы ретінде танылды.
1914 жылы 14 мамырда Омбы қаласында Ғайнижамал Баймұратқызымен отбасын құрды. Одан Гүлнәр, Абылай, Халида, Наурызбай, Әлібек атты 5 бала дүниеге келді. 5 баладан тек Гүлнар Міржақыпқызы ғана аман қалды.
Міржақып Дулатов 49 жасында, 1935 жылы Соловки лагерінде қайтыс болып, сол жерде жерленді. Бірақ, оның сүйегі 1989 жылы Карелиядан табылып, 1992 жылы Қазақстанға әкелініп, туған жері Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Қызбел (Бидайық) ауылында жерленді.
Биыл ақынның туғанына 140 жыл. Торғай ауылындағы «Ахаң-Жахаң» музейінде ақынның әдеби-мәдени жәдігерлері сақталған.
Оқиы отырыңыз: Рахман Қайнарын алғаш танытқан – «Қазақ» газеті