
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин депутат Нартай Аралбайұлына берген сұқбатында жаңадан жазылып жатқан Қазақстан тарихының жеті томдығы жайлы жұрт көкейіндегі кейбір сұрақтарға жауап берді.
Айтуынша, жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. «Қазақстан тарихының көптомдық академиялық басылымын дайындау ісі басталғанына үш жылдан асты. Басында үш том болады деп жобаланған. Алайда жұмыс ауқымы мен зерттеу аясы кеңейіп үш емес, жеті том болады деп белгілеп отырмыз. Қазіргі уақытта жеті томнан тұратын құрылым толық қалыптасты. Әр томның мазмұны мен концепциясы бекітіліп, авторлық ұжымдар жазу жұмыстарын аяқтады. Қазір жоба редакциялық кезеңге көшті.
Әр томның өз редакциялық алқасы бар. Мысалы, бірінші том Қазақстанның ерте дәуірін қамтиды. Бұл томды Қазақстанның Археология институты дайындап жатыр. Екінші том Түркі дәуірі тарихына, үшінші том Алтын Орда кезеңіне арналған. Төртінші том Қазақ хандығы дәуірін қамтиды. Осылайша әр том хронологиялық жүйемен құрылып, тарихымыздың негізгі кезеңдерін қамтиды. Мысалы, бірінші том бойынша ғалымдарды үйлестіруді басында айтп өткенімдей Археология институты қолға алған. Қолжазбалар дайын, оларды әр томға бекітілген редакциялық алқалар талқылап, ондағы деректер мен тұжырымдарды нақтылап, мақұлдаудан өткізіліп жатыр», – дейді Ерлан Қарин.
Сондай-ақ ол жалпы жеті томдықтың мазмұны мен сапасына жауапты біртұтас редакциялық кеңес құрылғанын атап өтті.
«Бұл кеңес құрамында еліміздің отыздан астам белгілі тарихшылар бар. Атап айтқанда, Мәмбет Қойгелдиев, Хангелді Әбжанов, Әбдіжәміл Ғалиев, Жақсылық Сәбитов және басқа да білікті ғалымдар мен жас буын өкілдері еңбек етуде. Жаңа көптомдықтың басты жаңалығы – оның өркениеттік әдістемеге негізделуі. Бұл тәсіл Қазақстанның тарихын тек ежелгі мемлекеттер өмір сүрген аймақ ретінде емес, ірі өркениеттің дамыған ошағы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Бұрынғы еңбектерде Қазақстан аумағында қандай мемлекеттер өмір сүргені жайлы сипаттама басым болса, бұл жолы еліміздің кеңістіктік, мәдени және саяси ықпалы да ескеріледі.
Яғни Қазақстан мемлекетінің де тамыры тереңде жатыр. Қазақстан тұтастай үлкен дала көшпелі өркениетінің үлкен бір ошағы. Яғни біз тек осы территорияда ғана емес, біз біздің территориядан тыс аумақтарға өзіміздің мәдени-саяси ықпалымызды жүргізгенбіз. Бұл үлкен әдістемелік, әдістемелік осындай жаңалығымыз болады. Сондай-ақ, мемлекетіміздің тамыры енді тек Түркі дәуірінен емес, сақ кезеңінен бастау алады деген жаңа тұжырым ұсынылып отыр. Сонымен қатар, Қазақстанның тарихи-өркениеттік кеңістігі бірнеше ірі аймақтарға бөлініп көрсетіледі: Алтай, Жетісу, Арал маңы, Ботай мәдениеті және тағы басқа тарихи аймақтар қамтылады. Екінші томда Қазақстан аумағында әр кезеңде өмір сүрген он төрт-он бес түркі мемлекетінің тарихы баяндалады. Үшінші томда тұңғыш рет Алтын Орда кезеңі дербес тарихи кезең ретінде қарастырылып, оның қазақ мемлекетінің қалыптасуына ықпалы кеңінен көрсетіледі», – дейді ол.
Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, академиялық томдықта бұрын-соңды зерттелмеген жаңа деректер мен архивтік материалдар қамтылып отыр. Жоба аясында соңғы жылдары шетелдік архивтерде (Ресей, Қытай, Иран, Еуропа елдері) жүргізілген зерттеу нәтижесінде алты мыңнан астам тарихи құжат, карта, материал табылып, ғылыми айналымға алғаш рет еніп отыр. Бұл деректер жаңа көптомдыққа енгізіледі.
Сұқбат барысында Қарин мырза қазақ тарихын шетелдік ғалымдар жазып жатыр» деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын атап өтті.
«Көптомдық төңірегінде қоғамда түрлі пікірлер айтылып жүр. Соның бірі – «қазақ тарихын шетелдік ғалымдар жазып жатыр» деген ақпарат. Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Қазақстан тарихының жеті томдығы тек отандық тарихшылардың авторлығымен дайындалуда. Жоғарыда аталған редакциялық кеңес құрамындағы барлық ғалымдар Қазақстан азаматтары. Әрбір томды тек осы редакциялық алқа қарап, бекітіп, содан кейін ғана баспаға жолдайды. Біз бұл жобаны үстірт әзірлеуден аулақпыз. Барлық жұмыс жүйелі, ғылыми және тыңғылықты түрде жүргізіліп жатыр. Мақсат – қазақ халқының төл тарихын заманауи көзқараспен, терең тарихи-өркениеттік негізде жазып шығу.
Барлық томдарды тек қазақстандық тарихшылар жазып жатыр. Әр томды бекітетін де, талқылайтын да отандық ғалымдар.
Бүгінде барлық редакциялық жұмыстар аяқталуға жақын. Келесі жылы алғашқы томдары жарық көреді», – деп атап өтті ол.