
Астана қаласы – Есіл өзенінің бойындағы бірегей табиғи және урбанизацияланған ландшафтымен ерекшеленеді.
Оның гидрографиялық жүйесінің маңызды бөлігі – Талдыкөл көлдер жүйесі. Бұл көлдер Астананың экологиялық тепе-теңдігін сақтауда, тарихи және мәдени мұраны қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Талдыкөл тек су айдыны емес, ғасырлар бойы жергілікті халықтың тіршілігіне қолдау болған, бертінге дейін қала тұрғындары үшін демалыс орнына айналған табиғи байлық көзі болып келген.
Өкінішке қарай соңғы жылдары Талдыкөлден тыныштық кете бастады. Нақты айтар болсақ, осыдан бес жыл бұрын Астана әкімдігі Талдыкөл көлдер жүйесіне кіретін кейбір айдындарды (кіші Талдыкөл) құрғатып, олардың табанына тұрғын үй сала бастады. Әрине бұл бастама қоғамның қарсылығын тудырды. Қоғам белсенділері билік әрекетіне қарсы шығып, түрлі акциялар өткізді. Наразылық күшейген соң әкімдік көлдің экожүйесіне зиян келтірмейміз деп Талдыкөлдің кейбір бөліктерін қалдыруға уәде берді. Алайда, құрылыс басталған жерлерде жұмыс сол күйі жалғаса берді. Осылайша, кезінде аққу ұшып, қаз қонған кіші Талдыкөлдің бір бөлігі балшыққа айналып сала берді. Құрғаған жерлерде зәулім үйлер бой көтерді.
Эко белсенділердің айтуынша, кіші Талдыкөл қаланың табиғи бөлігі. Бірақ, өкінішке қарай, әлі күнге дейін арнайы статусы жоқ, яғни құнды территория саналмайды.

Талдыкөлдің пайда болуы және геологиялық тарихы
Талдыкөл көлдержүйесі Астана қаласының батыс бөлігінде, Есіл өзенінің маңайында жатыр. Геологиялық зерттеулерге сәйкес, бұл көлдер шамамен 13 мың жыл бұрын, соңғы мұздық дәуірінің аяқталу кезеңінде (б.з.б. 12,500-5,000) қалыптасқан. Ойпат жерлерде мұздықтардың еруі, Есіл өзенінің эрозиялық әрекеті және жер асты суларының жиналуы көлдердің қазан шұңқырларын түзген. Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, Кіші Талдыкөл табиғи жолмен, яғни ойпаң жерлерге жер асты сулары мен қызыл сулардың жиналуы арқылы пайда болған.
«Талдыкөл» атауы қазақ тіліндегі «тал» (ағаш) және «көл» сөздерінен шыққан, яғни «талдар өскен көл» деген мағына береді. Бұл атау көл жағасындағы өсімдіктер мен талдардың мол болғанын көрсетеді. XIX ғасыр соңындағы географиялық карталарда Талдыкөл көлдерінің орналасуы белгіленген, бұл олардың сол кезеңде де маңызды табиғи нысан болғанын растайды.
Талдыкөл көлдері ғасырлар бойы жергілікті халықтың тіршілігіне маңызды рөл атқарған. Көлдердің суы мал суаруға, ал жағалаудағы шөпті алқаптар мал жайылымына пайдаланылған. Ашаршылық жылдары (1920-1930-жылдары) Талдыкөлдің балығы мен жағасындағы жабайы құстардың жұмыртқасы жергілікті тұрғындардың аман қалуына септігін тигізген. Сондай-ақ, бұл көлдер қазақтың көшпелі мал шаруашылығы үшін де маңызды болды, өйткені айналасы жайылымға толы. Жергілікті халық үшін қыста қыстау, жазда жайлау болған қолайлы жер саналған.

Кеңес одағы кезеңінде, әсіресе 1960-шы жылдардағы тың игеру науқаны басталған шақта Талдыкөл көлдері ауыл шаруашылығы мақсаттарына пайдаланылған. Кейіннен, осы кезеңде көлдер қаланың ағынды суларын жинайтын су қоймасына айналады.
Басында айтып өткеніміздей, ашаршылық жылдары жергілікті тұрғындар Талдыкөлдің арқасында аман қалды, олар көлде тіршілік ететін балық пен жабайы құстардың жұмыртқасын қорек етті.
Екі мыңыншы жылдардан бастап көл табиғи қалпына келтірілді. Бұл көлдердің маңында жүз отыздан аса құс түрі мекендейді. Олардың кейбірі Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Солардың бірі – қоқиқаз.

Талдыкөл аясында Башан, Омар және Талдыкөл деген үш зират бар. Қазіргі таңда онда аты-жөні көрсетілген он шақты қабір бар. Құлыптасы мүжіліп, жермен-жексен болып кеткен қабірлердің саны жүзден асады. Башан зиратында 19 құлпытас сақталған. Көнекөз қариялардың айтуынша, бұл зираттардың кемі бір ғасырлық тарихы бар.
Fading TSE қалалық зерттеу платформасының жетекшісі, зерттеуші-сәулетші Теміртас Ысқақовтың айтуынша, бұл қабірлерге 1890-1960 жылдар аралығында адам жерленіп келген. 1960 жылдары үлкен Талдыкөл көлінің ағынды су жинайтын арнайы қойма болуына байланысты зират маңайы ауылға айналған.

Үлкен Талдыкөл жағалауындағы зират 1970-жылдары су деңгейінің көтерілуіне байланысты су астында қалған. 2008 жылы жергілікті тұрғындар зиратты қоршап, қақпа орнатып, кейін құлпытастардың бір бөлігі жаңартылды. Өткен жылы Нұра ауданының әкімі Жүсіп Жұмағұлов зираттарға ресми мәртебе беріп, олардың шекараларын анықтау процесі басталғанын хабарлады. «Жерлеу орындарына ресми мәртебе берудің маңыздылығын түсінеміз. Ата-бабалардың рухын құрметтеу – біздің міндетіміз. Көпжылдық мәселені шешу үшін тарихи жерлеудің нақты шекараларын анықтау процесі басталды. Топографиялық түсірілім бізге қандай учаскелерді қоршап, ретке келтіру керектігін түсінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін барлық деректерді жинағаннан кейін жерлеу орындары ресми мәртебеге ие болады», - деген болатын Нұра ауданының әкімі Жүсіп Жұмағұлов.

1997 жылы Астананың астана мәртебесін алып, қала қарқынды дами бастады. Бұл процесс Талдыкөл көлдеріне кері әсер етті. 2000-жылдардан бастап Кіші Талдыкөлдің кейбір бөліктері құрғатылып, орнына тұрғын үй кешендері салынды. 2020 жылы әкімдіктің бұл әрекеті қоғам белсенділерінің наразылығын тудырды. Түрлі акциялар мен қарсылықтар нәтижесінде әкімдік көлдің кейбір бөліктерін сақтауға уәде берді, бірақ құрылыс жалғаса берді. Нәтижесінде Кіші Талдыкөлдің бір бөлігі батпаққа айналып, экологиялық тепе-теңдік бұзылды.
Бұл жадай Талдыкөл көлдер жүйесінің экологиялық жағдайын күрт нашарлатты. Су деңгейі төмендеп, ластану деңгейі артты. 1990-жылдардан кейін қоғамның наразылығы мен экологиялық қозғалыстардың әсерімен көлдерді тазарту және қорғау шаралары қолға алынды.
Талдыкөлдің 13 мың жылдық тарихы бар деген дерек гидрогеологиялық зерттеулерге негізделгенін айта кету керек. Соңғы мұздық дәуірінің аяқталуы кезінде (б.з.б. 12,500-5,000) Есіл өзенінің аңғары мен ойпаттары қалыптасып, Талдыкөл сияқты көлдердің пайда болуына ықпал еткен. XIX ғасыр соңындағы карталарда Талдыкөл көлдерінің орналасуы белгіленген, бірақ одан ежелгірек карталарда нақты мәліметтер жоқ.
Дегенмен кейбір экологтар көлдің мыңдаған жылдық тарихы бар екеніне сенімді.
«Біздің қолымызда гидрогеологиялық анықтама бар. Онда бұл аумақтың жасы он үш мың жыл деп көрсетілген. Бұдан бөлек он тоғызыншы ғасырдың соңында шыққан карта таптық. Онда да Талдыкөл көлдері белгіленген аумақта көлдер болғаны көрсетілген. Кіші Талдыкөл қаланың табиғи бөлігі. Бірақ, өкінішке қарай, әлі күнге дейін арнайы статусы жоқ, яғни құнды территория саналмайды», - дейді орнитолог әрі эко белсенді Руслан Оразалиев.
Оның сөзніе сенсек, көлде құстың 180-ге жуық түрі мекен етеді. «Бұл Талдыкөл көлдер жүйесіне қатысты әңгіме. Талдыкөл көлдер жүйесіне үлкен Талдыкөл, Өлмес, Тассуат және кіші Талдыкөл көлдері жатады. Осы көлдердің барлығы бірігіп "Талдыкөл көл жүйесі" деп аталады. Менің есебімше, Талдыкөл көлдер жүйесінде 5 мың жұп, яғни, 10 мың құс жұмыртқалап, балапан басады. Ұя салатын құс түрі шамамен 70 шақты. Бұл жерде халықаралық табиғатты қорғау одағының қызыл тізіміндегі 12 құс түрі мекендейді. Яғни әлем жаһандық ауқымда жоғалып бара жатқан құстар кіреді. Осы аумақтан құстар миграция жасаған кезде Қазақстанның қызыл кітабына енген бұйра бірқазан, қарапайым қоқиқаз, аққу, дала қыраны, тырнаның бірнеше түрі және тағы басқа құстар ұшып өтеді», - дейді ол.
Астана әкімдігі көлдерді сақтау үшін жұмыс тобы құрып, 2025 жылдың 15 сәуірінде жол картасын бекітті. Алайда, Кіші Талдыкөл әлі күнге арнайы қорғалатын аумақ мәртебесіне ие бола алмай отыр. Бұл әрине көлдің болашағына қауіп төндіреді.
Қазіргі уақытта жоспарға сәйкес, су мен топырақтың химиялық талдауы жалғасып, биоалуантүрлілікті сақтау үшін ғылыми зерттеулер жүргізіле бастады.
Мәселен, сейсенбі күні №5 және №7 Талдыкөл көлдерін биологиялық тазарту жұмыстары жүргізілді. Қала тұрғындары мен еріктілер қатысқан акция барысында көлдер санитарлық тазалаудан өтіп, артық балдырлар мен тұнбалар тазартылды. Бұл шаралар су айдынының тазалығын жақсартып, экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіруге бағытталған.
Тазарту жұмыстары биологиялық тазарту технологияларына негізделіп отыр. Нақты айтар болсақ, хлорелла сияқты пайдалы микроағзаларға негізделген биологиялық технологиялар қолданылды.

«Тазалау жұмыстарына екі түрлі биопрепарат пайдаланылып отыр. Соның алғашқысы сұйық ерітінді: Тірі микроорганизмдерден тұрады, су бетіндегі органикалық қалдықтарды ыдыратады. Екіншісі - ЭМ-шарлар, яғни су түбінде баяу әрекет етіп, терең қабаттардағы ластануды жояды. Негізгі әдісіміз – хлорелла секілді пайдалы микроағзаларға негізделген биологиялық тазарту технологиясы.», - дейді Биомедпреперат зертханасының меңгерушісі Диана Жүнісова.
Биомедпреперат ғылыми зерттеу орталығының басшысы Азамат Садықовтың айтуынша, бұл екінші шара. Алғашқысы мамыр айының басында жүргізілген. Ай сайын қазан айына дейін созылады. Тазату жұмыстарының нәтижелері үшінші жұмыстан кейін біліне бастайды», - дейді ол.
Ал қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бас маманы Айдар Рашидтің айтуынша, Жазда аэрациялық жүйелерді орнату көзделіп отыр.
Су мен тұнбаның химиялық және биологиялық көрсеткіштері тұрақты бақылауда болады. Жазда аэрациялық жүйелер орнатылып, 2026 жылы гидробиологиялық зерттеулер нәтижесінде балықтандыру бойынша ұсынымдар әзірленеді», - дейді ол.