Бүгін – 11 шілде, бүкіл әлем бойынша Дүниежүзілік жылқы күні. Бұл күн – адамзат өркениетіне өшпес із қалдырған, қазақ рухының символына айналған қасиетті жануарға құрмет білдіретін ерекше мереке. Алайда, бұл тек мейрам емес – ұлттық болмысты сақтау мен ауыл өмірін жаңғыртудың нақты мүмкіндігі.
2025 жылғы 3 маусымда өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының жетпіс тоғызыншы сессиясының жалпы отырысында Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтің бастамасымен ұсынылған «Дүниежүзілік жылқы күні» туралы қарары талқыланып, қабылданған болатын. Қарарға сәйкес, 11 шілде Дүниежүзілік жылқы күні болып бекітілді. Дүниежүзілік жылқы күні туралы қарарды қабылдауға Моңғолия мен бірге Австрия, Бахрейн, Бразилия, Оңтүстік Корея, Қытай Халық Республикасы, Венесуэла, Катар, Лесото, Марокко, Ресей Федерациясы, Португалия, Германия, Таиланд, Түркия, Жапония, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан сынды 56 мемлекет бірлескен автор ретінде қолдап, қосылған.
Жылқы – адамзаттың сенімді серігі
Жылқы – дәстүрлі қазақы ортада төрт түліктің төресі деп ерекше қастерленген жануар. Көшпелі түркі халықтарының тұрмыс-тіршілігінде жылқы малының маңызы өте зор болды. Қазақ халқының дүниетанымында, ділі мен тілінде жылқыға қатысты өзгеше философиялық және мәдени жүйе қалыптасқан. Соның ізі адам мен жылқының қатар өмір сүре бастаған байырғы заманнан байқалады. Қазақстан ежелгі дәуірлерден жылқы қолға үйреткен мекендердің бірі болғандығын археологиялық қазбалар дәлелдейді. Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті энеолит дәуірінде (б.з.б. 4 – 3-мыңжылдық), Арқайым ескерткіштері орта қола дәуірінде (б.з.б. 2-мыңжылдық), Қазақстанның барлық аймақтарынан кездесетін арий, сақтар|сақ, ғұн кезеңдерінің ескерткіштері (б.з.б. 1-мыңжылдық – б.з. 2 ғ.) ежелгі Қазақстанда жылқының қолға үйретіліп қана қоймай, бұл малдың ерекше қастерленіп, әдет-ғұрыптық рәсімдердің ажырамас бір бөлігіне айналғанын көрсетеді.
Жоғарыдағы атаулы күннің мақсаты - жылқының ауыл шаруашылығында, көлік пен спорт саласында, сондай-ақ мәдениет пен руханиятта алатын орнын қайта жаңғыртуды көздейді. Бүгінде әлемде 60 миллионға жуық жылқы бар. Жылқы саны бойынша Қазақстан үздік 10 елдің қатарында. Көш басында АҚШ, Мексика, Бразилия және Моңғолия. Моңғолияда жылқы саны адам санынан да көп – 3,4 млн жылқы 3,3 млн халыққа тиесілі.
Қазақ үшін жылқы – жай жануар емес, ұлттық код
Қазақ халқы үшін жылқы – көлік құралы ғана емес, тіршілік көзі, салт-дәстүрдің, ән мен жырдың, батырлық пен рухтың тұғыры. Қаншама дәуірлер бойы ата-бабамыз тұлпар тізгінін тартып, еркіндік пен елдіктің туын көтеріп келді. Ақын-жырау жырында, күйшінің күйінде, ұлттық ойын мен салттың бәрінде – жылқының ізі бар.
«Тұлпар күнін» ресми бекіту
Қазақстанда бұл мерекенің ұлттық деңгейде мойындалуына қоғам белсенділері мен депутаттардың да ықпалы зор. 2025 жылы 29 мамыр күні Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында еліміздегі жылқы шаруашылығына қатысты бірқатар өзекті мәселені көтеріп, Қазақстанда «Тұлпар күні» ұлттық мерекесін ресми түрде бекітуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл қазақтың жылқыға деген құрметін халықаралық деңгейде насихаттауға және жылқы шаруашылығын дамытуға тың серпін береді.
«Жылқы – тек тарихи мұра емес, ол экономиканың, спорттың білім мен медицина салаларының, ұлттық идеологияның ажырамас бөлігі. Көптеген мемлекетте жылқыға арналған ұлттық күндер бар. Біз де «Тұлпар күнін» ресми мереке ретінде бекітуіміз керек. Тұлпар – қазақ үшін көлік емес, қасиет. Бұл күні елімізде жылқыға байланысты мәдени шаралар, ғылыми конференциялар, спорттық жарыстар ұйымдастырылуы керек. Бұл – ұлттық бірегейлікті сақтаудың жолы» деді депутат.
11 шілде – жай күн емес. Бұл – адамзаттың ең сенімді серігіне, қазақ рухының тірегіне айналған жылқыға көрсетілген құрметтің белгісі. Жылқыны дәріптеу – тамырмен байланыс, тарихпен сабақтастық, келешекке бағдар. Ендеше, Тұлпар күнін ұлттық деңгейде атап өтіп, оның әлеуетін барынша пайдалану – әр қазақтың парызы.