«Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің «Ұлы дала – көшпенділер өркениетінің алтын бесігі» атты көлемді мақаласы жарық көрді, деп жазады e-history.kz порталы
Ерлан Қарин мақаласында Президент тасырмасымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты академиялық 7 томдықтың әзірленіп жатқандығын атап өтеді. Көптомдық еңбек отандық тарихшылар мен қосалқы авторлар арқасында жинақталып жатыр.
«Президент тапсырмасымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты академиялық 7 томдықтың әзірленуін атап өткен жөн. Әр томға арнаулы ғылыми институт жетекшілік етті. Бірегей жинақты дайындауға елімізден 250 тарихшы қатысты. Жүздеген ғалым көптомдықтың қосалқы авторы болды. Жұмыс барысында бұрын бізге беймәлім болып келген көптеген тың дерек табылып, ғылыми айналымға қосылып жатыр» - деп жазды Мемлекеттік кеңесші.
Ол мақаласында тарихымыз түгенделіп, тарихи деректер шынайы зерделенгенін айтып өтті.
«Бір сөзбен айтқанда, тарихымыз түгенделіп, барлық мәлімет объективті түрде сараланды. Ұлт жылнамасын ұлттық мүдде тұрғысынан жазу қағидасы берік сақталды. Тарихи әділдікті қалпына келтірген жаңа еңбек, шын мәнінде, ұлттық жобаға айналды» - деді Е. Қарин
Мемлекеттік кеңесші мақаласында тарихымызды жазғанда асығыстыққа жол бермеуіміз керектігін де баяндады.
«Алдыңғы академиялық басылымдарды әзірлеу кезінде жұмыс тіпті ұзаққа созылғаны белгілі. 1943 жылғы 1 томдық басылымға 5 жыл, 1957 жылғы 2 томдыққа 5 жылдан астам, 70-жылдары шыққан 5 томдыққа 10 жылға жуық уақыт кеткен.
Ал тәуелсіздік кезеңіндегі 5 томдықтың бірінші томы 1996 жылы шықса, соңғы бесінші томы 2010 жылы көпшіліктің қолына тиді. Дайындық жұмыстарын айтпағанның өзінде, бес томдықтың толық басылып шығуына 15 жылға жуық уақыт кетті» - деді Ерлан Қарин.
Ерлан Қариннің «Ұлы дала – көшпенділер өркениетінің алтын бесігі» атты мақаласын мына жерден оқи аласыздар.