Ғұн тәңірқұттары: Түмен және Мөде

11.07.2025
1452
Ғұн тәңірқұттары: Түмен және Мөде - e-history.kz

Тәңірқұт – ғұн империясының билеуші қағанына берілген лауазым. Қытай деректерінде «шаньюй» («單于») деп таңбаланған. Бұл атауды әр елдің тарихшыларына өздерінің таным-ұғымына сәйкес «уан», «ван», «хан» немесе «қаған» деп әрқилы жазып жүр. Ал ресейлік тарихшы-этнолог Лев Гумилев бұл лауазымды «өмірлік көшбасшы» («пожизненный лидер») деп тәпсірлепті. Қытайлық профессор Учралт «Ғұн тілі» атты кітабында: «Шаньюи атауы «чинги» деген көне сөздің қытайша дыбысталуынан шыққан. 

Моңғол империясының негізін қалаушы Темүжиннің «Шыңғыс» («Чингис») атануы осы түбірден» десе, қазақстандық тарихшы Қойшығара Салғараұлы ғұн билеушілерінің патшасына берілетін «шаньюй» атағы қазақша айтқанда «тәңірқұт» деген сөз, яғни бұл «тәңіртекті», «тәңір қолдаған», «тәңірдің сыйы» деген мағына береді дейді.

Түмен тәңірқұт

Адамзат тарихында алғаш рет көшпенді мәдениет негізіндн империя құрған Ғүн ұлысы б.з.б. 209 жылдан бастап – б.з. 93 жылдары аралығында 300 жыл өмір сүрді. Ғұн ұлсының нағыз кемелдеген кезіндегі территориясы қазіргі заман географиялық өлшемімен алғанда: Моңғолияның жері тұтастай, Қазақстан мен Қырғызстанның шығыс бөлігі, Оңтүстік Сібір, Қытай елінің солтүстік – шығыс аумағы және Шыңжан өлкесі, Ішкі Моңғолия сонымен қатар, қазіргі Ганьсу аймағын қамтыған апайтөс территорияны бағындырды. 

Осы бір көшпенді империяның алғашқы билеушісі ғұндардың люаньти (көне деректерде «сюйлянти» немесе «ляньти» депте айтылады) тайпасынан шыққан ноян Түмен деген тұлға. қаған. Ұлыс тарихында негізгі  қағандар осы рудан шыққан. Кейбір еңбектерде ғұндардың аса іргелі үш тайпасы: хуянь, лань, сүйбү қатарлы қауымнан ұрпақ жалғасқан нояндар және қағанның ханымдары шыққан десе, ұлыс тарихының соңғы жылдары сүйбү тайпасының нояндары билікке келгені туралы дерек бар. 

Түмен қаған шамамен б.з.б. (біздің заманымыздан бұрынғы) 220-209 жылдары билік жүргізген дейді. Ал әлем әдебиетінде есімі: Тоумань, Тумань, Томань, Тэумань, Тумынь деп әртүрлі нұсқамен жазылып жүр. Осы жылдары Ғұн ұлысының шығыс жағында Дүнху, солтүстік жағында Динлин, батыс бөлігінде Үйсін, оңтүстігінде қытайдың Цинь империясы қатарлы үлкенді-кішілі оншақты мемлекетпен шекаралық һәм сауда-саттық қатынаста болды. Сонымен қатар бұл ұлыстар кім мықты соған бас иеді. Сондықтан болар, бұлардың барлығы дерлік қорғаныс - жауынгерлік тұрғыдан күшті болуды мақсат етті. Осы тұста ғұндарға қарағанда Дүнху және Юэчжи қауымы қуатты болды. 

 

 

Қысқасы жан-жағынан анталаған күшті ұлыстардың шабуылын сақтану үшін Түмен қаған олармен тату-достық бейбіт қатынаста болуды қалады. Бұған кепіл ретінде қаған б.з.б. 212 жылы бәйбішесінен туған 21 жасар үлкен ұлы Мөдені Юэчжи ұлысына аманатқа жібереді. Сол кездегі ұлысаралық тәртіп бойынша, «аманатқа бала беру» рәсімі адалдықты білдіретін болған. Алда-жалда ғұндар сөзден тайып, жаугершілік танытар болса юэчжилер қолдарында тұрған аманат ұлды өлтіруге тиіс еді.

Бізге жеткен аңыз-деректің сұлбасына қарағанда, Түмен қаған тоқылдан туған кіші ұлына бүйрегі бұрып, тұңғыш ұлы Мөдені (Модун) әйелінің үгіттеуімен «өлімге» жіберген - мыс. 

Оқи отырыңыздар: Ғұндардың әскериленген мемлекеті

Жас Мөде аманат-кепілде жүріп рухани және жауынгерлік тұрғыдан керемет шыңдалады. Юэчжи билеушісі басқа елден келген елшілерді қабылдау кезінде ғұндардың кепілі Мөдені шақырып алып былай деп таныстырады екен. Бұл туралы «Моңғол қағандары» атты кітапта: «Мына бала Түмен қағанның маған жіберген аманаты. Алда-жалда ғұндардың бір аяғы біздің шекара шепті аттаса, мен бұл баланың көзін жойып, бас сүйегінен алтын зерлі ыдыс жасап шарап ішетін боламын» дейді екен.

«Осы тұста ғұндар әлсіз еді. Көрші тайпаларға жалтақтап өмір сүріп жатты. Тіпті ғұндар күшейіп алған дүнхуларға алым-салық төлеп тұрды. Оның сыртында қытай жеріндегі жеті кіші хандықтың бірі Цинь хандығы қалған алтауын бағындырып тарихта алғаш рет қытайлық Цинь патшалығын құрып, көрші Юэчжи (Кушан) ұлысымен одақтасу арқылы күшейе түсті. Қысқасы, бұрын өзара қырқысып жататын қытайдың жеті бөлек хандығы бір шаңырақ астына бірігіп, тұтасуы расын айтқанда ғұндарға төнген қауіп еді» деп баяндайды кейінгі ғұнтанушылар. 

Б.з.б. 208 жылы Түмен қаған жаулық ниеттегі юэчжилердің шекара шебіне ескертпей шабуыл жасайды. «Қағанның мұндағы мақсаты тоқалдан туған сүйікті ұлын мұрагер ету үшін бәйбішеден туған үлкен ұлы Мөдені юэчжилердің қолымен өлтіру еді» дейді деп жазады шығыстанушы ғалым Лев Гумилев.  Оқиғадан хабардар әрі ежелден сақ, әбжіл Мөде қашып үлгереді. Онымен қоймай жаудың жел жетпес тұлпарын мініп кетеді. Сөйтіп, аман-есен еліне оралады. 

Ұлының бұндай өжеттігіне таңданған әкесі оған мың сарбаз беріп (кейбір деректерде 10 мың), сардар етіп қояды. Қолына сарбаз тиген Мөде құлпырып шыға келеді. Оларды «атса оқ, шапса қылыш» етіп тәрбиелейді. Өзі не істесе жауынгерлері мүлтіксіз қайталауы тиіс. Егер қайталамаса басы алынады.

Бірде Мөде ноян өзінің атақты ақбоз тұлпарына жебе жұмсайды. Қасындағы нөкерлері түсінбей тұрып қалады. Өзі сияқты асыл тұқымды тұлпарға оқ атпағаны үшін олардың басын шабады. Тағы бірде сайырқыран сарбаздарын бастап ордаға келе жатады. Қарсы алдынан бұрала басып, бұлаңдап сүйіп алған сұлу жары шыға келеді. Мөде дереу оны атады. Кейбір нөкерлері оқ аттай ойланып қалады. Мөде қолма-қол олардың басын алады. Осы оқиғадан кейін нөкерлері ешқандай ойланбайтын болады.

Осылай сарбаздарын әбден шынықтырып, атқан оқ, шапқан қылыш тәрізді тәрбиелеп алады. Үшінші рет Мөде әкесімен бірге аң аулауға шығады. Осы сәтті пайдаланып бейғам келе жатқан әкесін оқ атады. Бұған дейін екі дүркін орын алған оқиғадан басы аман қалған сарбаздар ойланбай бірге атады.

Сол дәуір тарихшыларының жазуына қарағанда жарықтық Түмен қағанға шаншылған оқ кірпінің қылтаны сияқты болды дейді. 

Осылай б.з.б. 209 жылы әкесін атып өлтірген Мөде 25 жасында таққа отырады да, әкесінің құнын жоқтайтын жақтастарын және өзің өгей шешесі мен таққа үміткер інісін шауып тастайды.

Мөде тәңірқұт

Мөде таққа отырған тұста көрші елдер әрқилы ойда болды. Біреу әкесін өлтіріп таққа отырған «жауыз» десе, енді біреулер «бірлігі босаңсып, берекесі бөлінген» ғұндардың бағына туған ер осы деп жатты. Ал көне тарих «Мөде қаған көшпенді Ғұн ұлысының тарихында елдің қорғаныс қуатын күшейтіп, әскери-жауынгерлік құрлымын керемет жетілдірген патша» деген баға берілген.

Жасынан қиындық көріп ержеткен Мөде дала көшпенділеріне тән қасиет – ержүрек, мерген, сайыпқыран жауынгер болып қалыптасады. Кейінгі тарихшыларының пайымдауына қарағанда, жас Мөденің бойында  сонау бала кезінен  бастап елін қорғайтын ерге тән сипаты болады дейді. Атам қазақтық «қошқар болар қозының маңдай жағы дөң болар, Азамат болар жігіттің етек-жеңі кең болар» дегені сияқты. 

Осы тұста ғұндар өміріне зор өзгеріс қажет болды. Ол үшін ел ішіндегі бірлікті нығайтып, әскери – жауынгерлік тәртіпті қатаң жүйеге келтіріп, басы бірікпей жүрген бытыраңқы нояндарды жөнге салып, күллі ғұн атаулыны бір тудың астына бой ұсындырмай болмайтын күн туды. Сөйтіп, «заманына қарай адамы» дегендей ел басқаратын тұлғаның қажеттілігі көріне бастады. Бұл істі атқарып шығуға бірден-бір сай адам Мөде болатын. 

Мөде тәңірқұт ұлысты әкімшілік-жауынгерлік құрылым ретінде жасақтап, үш қанатқа (жүзге) бөліп басқару тетігін енгізген. Әскери қосынды түмендік, мыңдық, жүздік, ондық жүйеге бағындырады. Бұл тәртіп жүздеген жылдар бойы көшпенділердің әскери құрылымы ретінде сақталып келді. Кейін әлемді жаулаған Шыңғыс қаған дәл осы жүйені өзгеріссіз қолданды. 

Мөде жасағы жебесі жел жарып ысқырып ұшатын оқ ойлап тапты. Қытай тарихшы Сыма Цянь «Ғұндардың ысқырып ұшатын оғы қарсыластырының зәресін ұшырды. Бір емес, жүздеген, әлде он мыңдаған жебе ысқырып ұшқанда жауына аспаннан найзағай жауғандай әсер етті» деп жазады. Адамды былай қойып қарапайым тәжірибе де мұндай үрейлі жебе үнін естіп көрмеген жылқылардың өзі үркіп, шошынып әлек салары анық. 

Мөденің билікті қолға алуы көрші тайпаларды ойландырып тастады. «Бұл қандай адам, ер ме, ез бе?». Осы сұраққа көз жеткізу үшін  Дунхулар жаңа қағанға елші аттандырады.  Өйткені, дәл осы тұста ғұндар дүндуларға бас иіп салық төлеп, тапқан таянғанын аузынан жырып беріп, қалтылдап отырған заман еді. 

Едіреңдеп жетіп келген дунху елшісін Мөде патша өзіне қарасты сарай ақылмандарын жинап ордада қабылдайды. Дунху елшісі айтады: «Біздің жеңімпаз патшамыз сізге сәлем айтты. Күніне мың ли қашықтықты басып өтетін ақбоз тұлпарыңыды берсін деп жатыр». Мөде болса «не істейміз» дегендей уәзірлеріне қарайды. Олар «дүнхулар құтырған екен, оттамасын дереу соғысайық» дейді. Мөде қаған сабырлы күйде: «Көршілер іші боқ, сырты түкті бір тайды сұраған екен, онда тұрған не бар алсын!» дейді. Істің байыбына бармаған біреулер «мынауың ез екен ғой» деп басын шайқайды.

Арада тағы біршама уақыт өтеді. Едіреңдеп дүнху жақтан тағы елші келеді. Мөде қаған қошеметпен қабылдайды. Олар бұйымтайын айтады. «Біздің патшамыз сіздің жаңадан алған ай дидарлы сұлу қатыныңызды берсін дейді». Мөде «не дейсіңдер» дегендей уәзірлерге қарайды. Олар «қылышын суырып, бұндай қорлықа қалай шыдаймыз, соғысайық» дейді. Мөде сабырмен «көрші ел бір қатынды сұраған екен, берген дұрыс» дейді. Түсінбегендер тағы да «мынауың нағыз ез екен» дейді. 

Күндер өтіп жатады. Дүнхудан үшінші дүркін елші келеді. «Біздің патшамыз екі елдің шекара шебіндегі ақ тақыр жерді берсін деді». Мөде әдеттегідей уәзірлерін жинайды. Олар айтады: «Атты бердіңіз, қатынды қидыңыз, малға жайылым болмайтын тақыр, егін шықпайтын қуаңды не қыласыз, беріңіз».

Осы кезде Мөде ақырып атып тұрады. «Ей, ағайындар, ат табатын биең бар, қыз туатын қатын бар. Ал жерді туатын не бар. Осыны түсінбей сендер мені «ынжық» дедіңіз. Қоныңдар атқа!» деп ақырады. 

Жоғарыдағы оқиғаны тарихшылар былай деп тәпсірлейді. Алдыңғы екі жолы Мөде дүнхуларға жорық жасауға армиясы әлі де дайын емес еді. Сол себепті, олардың айтқанына көніп, алдарқата тұру қажет болды. Сарбаздары сайланып, қанжары қайралып дайын болған кезде, аттан салды.

Сөйтіп, асқынған дүнхуларды есінен тандыра жеңіп, тас-талқан етті. Тірі қалғандары Ухань тауына барып паналап, бұдан былай бұл тайпа тарихта «ухань» аталып кетті. 

Осылай Б.ж.б. 208 жылы Мөде тәңірқұт дүнхуларды талқандап қайта оралса, батыстағы үйсіндер шекара шебіне басып кірді деген хабар жетеді. Ол қалай болды дегенге тоқталсақ: сол тұста дала тайпаларының ішінде ең қуаттысы 150 мың атты әскері бар юэчжилер еді. Олар үйсіндерді шабады. Осы шайқаста жеңілген үйсіндер еріксіз Ғұн ұлысының жеріне басып кіріп, тонаушылық жасайды. Дереу атқа қонған Мөде үйсіндерді бағындырып, өзіне қолайлы бағынышты адамды таққа отырғызады да, ұлыстың батыс шебіне ие болуды тапсырады. 

Мөде жауынгерлік даярлығын толықтап, күшейіп алған соң Юэчжи ұлысына жорық бастады. Мөдеден тас-талқан болып жеңілген юэчжилер батысқа қарай жөңкіле қашты. Жолай Тәңір тауының қойнауын бір қыстап, Бактрия жеріне жетеді. Ол жерде тұрақ таппай қазіргі Ауғанстан жеріне ауып барып, І ғасырда Кушан мәдениетіне негізделген жеке мемлекеттің негізін қалады. Одан кейін батыстағы Динлин елін басын идіреді.

Осылай азғана уақытты қуатты қосын жасақтаған Мөде қаған б.з.б. 208-206 жылдар аралығында, қазіргі Буратия, Туба, Хакасия жерін иелік етіп отырған Хүньюй, Динлин, Гэгүнь, Кюэше, Цайли қатарлы аңшылық – малшылық кәсіпке негізделген көшпенді қауымды бағындырды. Одан кейін әкесі Түмен қаған кезінде айырылып қалған Ордос өлкесін қайтарып алды. Одан кейін батысқа жорық жасап, қазіргі Қазақстан территориясының шығыс өңірін мекендеп отырған Үйсін ұлысын және осы аумақта орналасқан  үлкенді – кішілі 36 қалашықты жаулап алып, өзіне бағындырып, ұлы Ғұн империясының шаңырағын көтереді. 

****

Сөйтіп Мөде қаған Азияның апайтөс даласында шашырап жүрген көппенді тайпалардың басын қосып қытайларға қарсы тұра алатын қуаты күшке айналдырады. Келесі кезекте қытайды бағындыруды ойлады. Ең бастысы әкесі Түмен қаған кезінде Цинь хандығы т тартып алған ғұндардың ежелгі қонысы Ордосты қайтару қамына кірісті. Бұл іске кірісуіне тағы бір себеп - кезінде Ордосты ғұндардан тартып алған атақты қолбасшы Мэнь Тян б.з.б. 210 жылы дүние салды да, Цинь елінің ішкі тұтастығына жік түсті. 

 

Бұл бүліктің шығуына себеп – Мэнь Тян қолбасшының кезінде ғұндардан тартып алынған жерлерге қытай патшасы мыңдаған дихан-шаруаларды қоныстандырған болатын. Олардың міндеті – біріншіден, тың өлкеге егін салып, мал өсіріп тіршілік жасау болса, екінші тараптан – өздеріне тиеселі жерді іргедегі ғұндардан қорғау ісіне күш біріктіру еді. 

Бұл қауым көз алдарында күшейіп келе жатқан ғұндардың тебінінен сескеніп, өздерінің байырғы мекеніне оралуды көздеді. Осы мақсаттарына жету үшін хандық ішінде пайда болған бүлік арасынан өздерін қолдайтын адам тауып, соған ілесуді көздеді. «Осындай әртүрлі толқудың кесірінен қытай елінің ғұндармен шектесіп жатқан солтүстік шекарасы иесіз қалуға айналды» деп жазады шығыстанушы Л.Гумилев. Осындай аумалы-төкпелі ахуалды шебер пайдаланған Мөде көп күш жұмсамай-ақ ежелгі б.з.б. 206 жылы мекен Ордосты қайтарып алады. 

****

Дәл осы тұста қытайдың Цинь хандығының ішкі қайшылығы өрістеп, Жау Гау атты уәзір патшаны қолында ойнатып, билік басында отырған ықпалды адамдардың көбінің көзін жояды. Бұған екі қолбасшы қарсы шығып соғысады. «Бірақ бұл екеуі жеңілгенімен Цинь хандығының барлық жеріне наразылық отын жағып үлгереді» деп жазады Л.Гумилев «Хұндар» атты кітабында. 

Осы апалас-төпелес кезінде Шу прованциясынан шыққан Сянь Юй деген ноян сүт бетіне шығады. Бұл адамды ертедегі қытай жылнамашылары «аса дүниеқұмар және өте билікқұмар пенде еді» деп жазса, моңғол тарихшысы Маратхан Анарханұлы  «қаршадайынан хан болуы армандаған» депті. Сөйтіп, аса ірі көтеріліс ұйымдастырады да, патша тұқымы Лю Бан дегенді ту етіп ұстайды. Нәтижесінде бұлар Жау Гау басқарған Цинь хандығының әскерін жеңеді. Сөйтіп 17 жыл дәурендеген  Цинь империясы б.з.б. 206 жылы құлайды. Елдің билігі Сянь Ю қолына өтеді. Оның қолбаласы Лю Бан шағын Сичуан прованциясына иелік етеді. 

Сол дәуір тарихшылары, билік қолына тиген Сянь Юй әскери соғыс өнеріне жетік болғанымен ел билеуде дөректі, білімсіз адам деп жазады. Уақыт өте келе бұқара арасында Сянь Юй патшаның беделі құлап, оймақтай  Сичуан өлкесін биліп отырған Лю Банның атағы аспайды. Өйткені, бұл адам қасына жақсы мен жайсаңдарды жинайды. Ел басқару ісінде тәжірибесі мол уәзірлерді қызметке тағайындайды. Ең елеулісі өте талантты қолбасшы Хан Сиді жанына тартады. 

Беделі артып, абырайы асып бара жатқан Лю Банға өшіккен надан патша Сянь Юй өзінің бұрынғы әріптесінің көзін жою үшін әскер бастап атанады.  Лю Бан болса қалаға кіретін барлық көпірлерді қиратып тастайды. Шаһарды табиғи қорғанысқа келтіреді. Бұл реткі алапат шайқаста Хан Си мен Лю Бан жеңіп, қытай тарихында елеулі орын алатын Хань империясы орнайды. 

Осылай, Азияның апайтөс даласында бірі отырықшы мәдениеттің басын қосқан Лю Бан, екіншісі көшпенді мәдениет негізінде ұлыс қалып ұраған Мөде атты екі патша пайда болады. Жаңадан құрылған Хань дистанциясының патшасы Лю Бан атақты қолбасшы Хан Сиді «батысты қорғаушы өкіл» деп, бір сөзбен айтқанда ғұндар шабуылынан қорғану ісіне тағайындайды. 

Сол екі арада ғұндар шабуылына төтеп бере алмай қиналған Хань Си қолбасшы Мөдемен келісім жасауға мәжбүр болады. Бұл ісі патшаға ұнамайды. Лю Бан байырғы досы Хан Сиді «сатқын» деп танып, өлім жазасына бұйырады. Патшаның жендеті келіп мойнына дар тұзақ салуын күтіп отырмай Хан Си қолбасшы Ғұн тәңірқұты Мөдеге барып бас иеді. Шамданған патша Мөдеге елші аттандырып, байырғы досы кейінгі сатқан Хан Сиді қол-аяғын байлап ұста беруді өтінеді. Бұған Мөде көнбейді. Сөйтіп, Лю Бан мен Мөде шайқасуға дайын болады. 

Бұл туралы ежелгі жазбаларда (Сыма Цянь) қытай әскері 600 мың ғұн сарбаздары 400 мың дейді. «Соғыс қыста қазіргі Бейжің қаласынан солтүстікке қарай болған, қытай әскерлерінің алды мен арты 600 шақырым созылып жатты» деп жазады тарихшылар. 

Осы бір шешуші майданда ғұн патшасы Мөде алғы шепке кәрі-құртаң, әлсіз-осал жауынгерлерді орналастырып, оларға шамаларың келмей бара жатса «батысқа қарай тұра қашыңдар» деген тапсырма беріледі. Олар жеңілген түр көрсетіп қашады. 

Лю Бан қосыны қашқан ғұндарды жеті тәулік күн-түн қуады. Ғұндарды індетіп қуған қосын негізі күштен қара үзіп кетеді. Қытай қолбасшылары ғұндардың қашуынан күдік алып, «бұл жалған қашу» деп патшаға ескертеді. Бірақ қанға қызып алған Лю Бан олардың сөзін ескермейді. Ол ойлады – деп жазады кейінгі тарихшылар. – «Мөдені жер жастандыратын сәт туды, жалпақ әлемде жалғыз патша мен болам». 

Осы шайқас туралы қытай тарихшысы Сыма Цянь «Ғұндарды қуған қытай қосыны Пенчан қаласы маңына келгенде әрқайсысы 100 мың сарбаздан құралған ғұн жауынгерлері төрт жақтан төрт түрлі ат мініп қоршап алады» деп жазады. Бұл оқиғаны тарихшылар былай деп тәпсірлейді: батыс жақтан төніп келген жауынгерлер қара ат, шығыс жақтағылары ақбоз ат, оң жақтағылары көк ат, сол жақтағылары торы ат мініп келді-мыс. Бұдан біз бұдан екі мың жыл бұрын ғұн дәуірінде көшпенділер жылқы түлігін түске бөліп, түрлендіре білген керемет атбегілік қабілетін аңғарамыз. 

Осылай ғұндардың тұзағына түскен қытай қолбасшылары соғысты тоқтатып келісімге келу жөнінде ұсыныс жасайды. Ол үшін Мөде қағанның аса беделді бәйбішесіне жүгінеді. Ол кісіге құпия елші аттандырып, алтын-күміспен көміп тастайды. Бәйбіше айтады: «Сүйікті жарым Мөде қаған. Бұл қытайды тұяқ қалдырмай қырып жер-суын иеленіп алдық делік. Адам төзгісіз ыстықта қалай өмір сүреміз, мал-жанға саясы жоқ ондай табиғаттың сізге қажеті қанша. Одан да келісімге келіп, жері бай, халқы дәулетті қытайлардан аста-төк салық алмайсыз ба?». 

Бәйбіше – қатынның сөзі қағанның да көңіліне қонған сияқты. «Мақұл» депті. Сөйтіп, ғұндардың сақадай сай әскері қақ жарылып коридор жасайды да, қытай әскеріне «көзге күйік болмай кетіңдер» жол береді. Осы оқиға туралы жазған қытай тарихшылары: «Ғұндарға сенбеген қытай сарбаздары атпалы садағын кезеген күйі саусақтарын шүріппеден айырмай алаңдап өтті. Ғұн жауынгерлері болса садақтарын оқтап адырнасын тартқан күйі шығарып салды» деп жазады. Бұл оқиғадан кейін Лю Бан ғұндарға қарсы жорық жасаудан тиылады. 

Орыс тарихшысы Л.Гумилев бұл соғыс б.з.б. 200 жылы болған дейді. Ақыры қытайлар ғұндардың мықтылығын мойындап, екі елдің шекарасының белгісі ретінде Ақ қорғанды тұрғызып, б.з.б. 198 жылы екі еларалық «Тату туысқандық» (和親,) шартына қол қойып, оның сыртында ғұндарға жыл сайын көп мөлшерде салық төлейтін болды» деп жазады. Аталмыш шарт бойынша Ақ қорғаның ішкі жағы қытайдың, сыртқы жағы ғұндар иелігі деп бекітіледі. 

Тарихшы ғалымдар жоғарыдағы тату көршілік шарты арқылы көшпенділер отырықшы қытайларға тарихта тұңғыш рет өздерінің дара мәдениеті бар, ешкімге ұқсамаймын өмір сүру дағдысы қалыптасқан жеке әлем екенін танытты дейді. Бұдан бұрын көшпенділерді «даланың жабайылары» деп келген қытайдың сарай билігі осы кезден бастап Ғұн тәңірқұттарына «Тәңір текті Ғұн көсемі шаньюйдің амандағын тілеп, құрметпен сәлем жолдаймыз» деп хат жазатын болған екен. 

Осылай біздің көшпенді бабаларымызды әлемге танытып, әспетсіген көршілерді тәубесіне түсірген Мөде атамыз 35 жыл билік құрып, б.з.б. 174 жылы өмірден өтіпті. 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз