
ХХ ғасыр басында қазақ зиялыларының баспасөз бетінде бүркеншік есімдерді қолдануы кең етек жайды.
Қазақ баспасөзі қалыптасқанға дейін Әлихан Бөкейхан қазақ халқына бостандық, теңдік, құрдастық жолын ұстануға үндеп, саясат ісін ұғындыру мақсатында «Голос степи», «Омичъ», «Иртышъ», «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерінде «Қыр баласы», «Сын степей», «V», «Киргиз-Степняк», «К. Степняк», «Туземец», «Арысұлы», «А.Б.», «Қ.Б.», «Ғ.Б.» сияқты бүркеншік есімдермен жиі мақалалар жариялап тұрған. Бұл бүркеншік есімдерді қолдану – сол кезеңде патша үкіметінің қуғын-сүргінінен құтылудың, отаршыл билікке қолына қару емес, қалам алып қарсы тұрудың бір әдісі еді. Бұл әдісті жетік меңгерген қалам қайраткерлері баспасөз бетінде бүркеншік есімдерді кеңінен қолданды.
Бүркеншік есімдердің шығу тегі көбінесе қалам қайраткерлерінің қиялына, ата-тегіне, туған жеріне немесе толық аты-жөнін қысқарту тәсіліне байланысты жасалды. Міржақып Дулатұлының «Арғын», Ғұмар Қараштың «Байұлы», Ілияс Жансүгірұлының «Матай», «Байұлы», Мұстафа Шоқайдың «Жанай» бүркеншік есімдері ата-тегі, руларына негізделіп жасалған еді.
ХХ ғасырдың екінші жартысына дейін бүркеншік есімдерді көп қолданған қалам қайраткерлерінің бірі – Бимағамбет (Бейімбет) Майлыұлы (Майлин) болды.
Бейімбет Майлиннің бүркеншік есімдерін айшықтауда бейімбеттанушы Темірғали Нұртазин, Серікқали Бәйменше, Тоқтар Бейісқұлов бастаған ғалымдар айрықша үлес қосты. Алғаш Т.Нұртазин «Майлиннің шығармашылығы» еңбегінде Б.Майлиннің 21 бүркеншік есімін анықтап, кейін оны 30-ға жеткізеді. С.Бәйменше «Бейтаныс Бейімбет» атты еңбегінде жазушының 33 есімін айшықтай түседі. Т.Бейісқұлов «Менің пірім – Бейімбет Майлин» еңбегінде 33 бүркеншік есімнің санын 74-ке дейін жеткізеді. Бүгін ғылыми айналымға Бейімбет Майлиннің 74 бүркеншік есімі енді.
Б.Майлиннің алғашқы қаламгерлік жолы ұлт баспасөзінің негізі болып қаланған «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінен басталған еді. 1914 жылы «Қазақ» газетінің №90 санына «Ыштат», 1915 жылы «Қазақ» газетінің №96 санына «Мұқтаждық», №97 санына «Мұсылмандық белгісі» өлеңдері жарық көрді. Бұл – қаламгердің ақын әрі алашшыл студент ретінде қазақ жұртына есімі таныла бастаған кезеңі еді. Бұл уақытта Б.Майлин Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде оқып жүрген болатын. 1915 жылы Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде оқып жүрген бір топ қазақ жастары «Садақ» қолжазба журналын шығара бастады. Журналды ұйымдастырушылар Ж.Тілепберген мен Б.Майлин болды.
«Ғалияда» білім алып жүрген қазақ жастары қоғамдық-саяси жұмыстарға белсенді араласты. Тіпті, «1913 жылы қазақ даласында А.Байтұрсынұлының жазуы оқытылсын, сабақтардың бәрі қазақ тілінде өтсін, патша үкіметінің боданындағы мұсылман халықтарының тілі – қазақ тілі болсын», – деп шу көтерді. Сол үшін татар жастарымен пікір алшақтығы байқалып, біршама ерегеске де түсті. Кейін А.Байтұрсынұлы өзі «Ғалияға» барып, қазақ жастарымен кеңесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Сол кезеңде «Садақ» журналы әдеби шығармалар арқылы қазақ халқының өзекті мәселелерін көтере білді. Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлы бастаған алдыңғы буынға еліктеген жастар газет шығарып, түрлі ұйымдар құрып, жұмыла жүріп, ұлт жұмысына кірісе бастады. Бұл басылымның ұйымдастырушысы әрі редакторы алашшыл студент Бейімбет Майлин болған еді.
Жазушының 1919 жылға дейін «Айқап», «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш», «Ұран», «Жас азамат», «Бірлік туы» газет-журналдарына көркем шығармалары мен публицистикалық дүниелері жарияланды. Бейімбеттанушы Т.Бейісқұлов «Менің пірім – Бейімбет Майлин» еңбегінде жазушының Кеңес үкіметі орнағаннан кейін және атылған уақытқа дейінгі көркем шығармалары мен публицистикалық мұралары «Қазақ тілі», «Кедей сөзі», «Кедей тілі», «Өртең», «Тілші», «Ақ жол», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», «Ауыл», «Дауыл», «Жас қайрат» (Ташкент), «Жас қайрат» (Қызылорда), «Бостандық туы», «Еңбек туы», «Қызылту», «Жаңа ауыл», «Жаңарқа», «Кеңес ауылы», «Лениншіл жас», «Ауыл тілі» (Қызылорда), «Ленин туы», «Жұмысшы», «Жұмыскер тілі», «Екпінді құрылыс», «Екпінді», «Социалды жол», «Пионер», «Оңтүстік Қазақстан», «Қарағанды пролетариаты», «Қазақ әдебиеті», «Сыр бойы», «Жаңа ауыл», «Қазақ мұңы» газеттерінде және «Садақ», «Шолпан», «Сана», «Абай», «Қызыл-Қазақстан» «Жас қазақ», «Жас қайрат», «Лениншіл жас», «Екпінді жас», «Ауыл мұғалімі», «Ауыл коммунисі», «Сталин жолы», «Кедей айнасы», «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі», «Жыл құсы», «Жаңа әдебиет», «Жаршы», «Әдебиет майданы», «Ақмола» журналдарында жарық көргенін айтады.
Ғалымның айтуынша, 39 газет және 21 журналда, яғни, бас-аяғы 60 газет-журналда жазушының 74 бүркеншік есім қолданған көркем шығармалары мен публицистикалық мұралары жарық көрген. Бейімбеттанушы Т.Бейісқұлов жазушының бүркеншік есімдерін былайша атап өтеді:
1. Шаңқан. 2. Малай. 3. Жолаушы. 4. Б-т. 5. М-тай. 6. Жолшыбай. 7. М. 8. Көз. 9. Быж. 10. М-Б. 11. Тілші. 12. Б-М. 13. Қайдауыл. 14. Мен. 15. Б. 16. Жалшы. 17. М-й. 18. Жалаңаяқ. 19. Балықшы. 20. М-М. 21. Мереке. 22. Жорналшы. 23. Малшы. 24. Мырқымбай. 25. Қарабалық баласы. 26. Інісі. 27. Тай. 28. Бимағамбет. 29. Жолаушы бақыр. 30. Қойшы. 31. Қара бала. 32. Қойшығара. 33. Біз. 34. Оқытушы. 35. Кедейшіл. 36. Оқушы. 37. Жолаушы. 38. Қоңыраушы. 39. Бір көрген. 40. Естіген. 41. Көзі көрген. 42. Б-ж. 43. Ішінде болған. 44. Өзім. 45. Газетші. 46. Жасқаншақ. 47. Алтай. 48. Жуас. 49. Алакөз. 50. Егінші. 51. Ел аралаған. 52. Мұғалім. 53. Мен ғой. 54. Бекет. 55. Қарсақ. 56. Толстой қазақ. 57. Қараша бала. 58. Би. 59. Балық. 60. Б-б-ж. 61. Жолдан. 62. Бақ ауған. 63. Жалшы баласы. 64. Кетпен. 65. Қорғасын. 66. Жол болсын. 67. Бимұхамбет. 68. Қайдауыл баласы. 69. Малай баласы. 70. М-Т. 71. Кедей. 72. Елден. 73. Шоң. 74. Нық.
Ғалым жазушының бүркеншік есімдерді көп қолдану себептерін оның көркем шығармалар мен оқшау фельетондарды өнімді жазғандығымен байланыстырады. Бұл дүниелердің барлығын баспасөз бетіне шығарарда жазушы тек бір ғана атты қолдануды жөн көрмеген. Сонымен қатар, фельетондарында бүркеншік есімдердің көп қолданылуын сол кездегі өшпенділік пен кек алу ахуалының өршуімен, сынға ұшыраған бай-болыстар мен атқа мінер белсенділер тарапынан авторға қауіп-қатердің туындауымен, сондай-ақ тарихи-саяси жағдайдың құбылмалылығымен түсіндіреді. Осыған байланысты қаламгер әр кезеңде бүркеншік есімдерін әртүрлі бағытта өзгертіп, жаңартып отырған.
Жазушының көзі тірісінде, 1925-1937 жылдар арлығында 64 кітабы жарық көреді. С.Бәменше, Т.Бейісқұлов құрастыруымен 2004 жылдан бастап жарық көре бастаған көптомдықтарына жазушының 96 әңгіме, 201 өлең, 18 поэма, 15 пьеса, 14 повесть, 4 роман, 2 сценарий, 38 очерк, 132 фельетон, 300 мақала, 27 хаты енген.
Б.Майлин қаламгерлік ғұмырында артында мол мұра қалдырған. Жазушының бүгінде 74 бүркеншік есімі белгілі болғанымен, бұл тақырып әлі де толық зерттеуді, терең зерделеуді қажет етеді. Өйткені бүркеншік есімдер – тек жасырын ат қана емес, сол дәуірдің саяси, мәдени, қоғамдық ахуалының көрінісі. Әр бүркеншік есімнің артында белгілі бір оқиға, ұстаным немесе мақсат жасырынып жатуы мүмкін. Б.Майлин қолданған бүркеншік аттар оның жан-жақтылығын, түрлі жанрда қалам тербегенін ғана емес, ұлт мүддесі үшін қауіп-қатерге қарамай қызмет еткен қайраткер ретіндегі болмысын да айғақтайды. Сондықтан да жазушының бүркеншік есімдерін зерттеу арқылы біз тек оның шығармашылығын ғана емес, ХХ ғасыр басындағы қазақ руханияты мен азаттық идеясын тереңірек тани аламыз.




