Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарихтың тауқыметі және тәуелсіздікке тағзым: Президент Тоқаев АЛЖИР-де

690
Тарихтың тауқыметі және тәуелсіздікке тағзым: Президент Тоқаев АЛЖИР-де - e-history.kz

31 мамыр – қазақ халқы үшін ұмтылмас қасірет пен тағзым күні, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осы атаулы датада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласы маңындағы «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешеніне барды. Мемлекет басшысы боздақтардың рухына гүл шоғын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды, – деп хабарлайды E-history.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Тарихи сәт кезінде Президент ел жадындағы ең ауыр кезеңдердің бірі – қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдарына тоқталып, терең мазмұнды ойларын айтты.

«Біз жыл сайын 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Зұлмат заманда қаза болған жандардың рухына тағзым етеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
 

Президент сол жылдардағы ұжымдастыру саясаты мен ашаршылық салдарынан қазақ халқы бұрын-соңды болмаған ауыртпалықты бастан өткергенін айтты.  
Ол: «Күшпен ұжымдастыру науқаны кезінде мал-мүлкінен айырылды. Жұртымыз алапат аштықтан қынадай қырылды, көп адам жан сауғалап, шетел асып кетуге мәжбүр болды. Сталиндік репрессия кезінде ұлтымыздың зиялылары, білімді, көзі ашық азаматтар жаппай қудаланды. Мыңдаған адам халық жауы атанып, аяусыз азапталды, сотсыз атылды», – деді.

Мемлекет басшысы Алаш ардақтыларының – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров секілді тұлғалардың бір мезетте жойылғаны – ұлтқа жасалған орны толмас қастандық екенін ерекше атап өтті.

Сөзін сабақтай келе Тоқаев АЛЖИР лагерінің тарихына тоқталды. Ол: «Қазақстан аумағында ГУЛАГ жүйесінің 11 лагері орналасты. «АЛЖИР» де – дәл сондай қасіретті жердің бірі. Мұнда жазықсыз жала жабылған 8 мыңға жуық әйел қамауда отырып шыққан», – деді.

Президент бұл лагерде Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров секілді қайраткерлердің жұбайлары азап шеккенін еске салды. Бұл қасірет тек қазақ халқының емес, АЛЖИР-де отырған 60-тан астам ұлттың ортақ трагедиясы болғанын айтты.

Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық туралы шындықты ашып, төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашу – Президенттің сөзімен айтқанда, кейінгі ұрпақтың алдындағы қастерлі борыш. 

Ол осы бағытта нақты істер атқарылып жатқанын да жеткізді. Атап айтқанда, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысының нәтижесінде 300 мыңнан астам азаматтың ісі ақталған, 700 мыңға жуық құжат арнайы зерттеу орталығына тапсырылған.

Президент осы еңбектердің нәтижесінде 72 томдық жинақ және Алаш қайраткерлеріне қатысты 12 томдық арнайы басылым жарыққа шыққанын, бұрын құпия болған деректер алғаш рет ғылыми айналымға енгенін атап өтті. Бұл – тәуелсіздік алғаннан бергі тарихи әділетті қалпына келтіру жолындағы ең маңызды қадамдардың бірі. «Ашығын айтуымыз керек, басқа мемлекеттерде осындай көлемді зерттеулер әлі жасалған жоқ. Мұның бәрі – зерттеуші мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Мен ел тарихын зерделеуге белсене атсалысқан барша азаматтарға, соның ішінде Комиссия мүшелеріне шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Олардың еңбегі міндетті түрде марапатталады. Қазіргі таңда ғалымдарымыз жиналған деректерді жүйелеп, бір ізге түсіріп жатыр. Бұл – ұлт келешегіне қажетті аса маңызды жұмыс»,  – деп түйді Мемлекет басшысы. 
Ол тарихты саясаттың құралына айналдырмау қажеттігін баса айтты. Сол бір зұлмат замандағы қатыгез саясатты ақтау мүмкін емес екенін жеткізе отырып: ««Төл шежіремізді мұқият зерттеуіміз және терең білуіміз қажет. Бұл – аксиома. Ұлтымыздың тарихын білмей, ең бастысы, оны терең түсінбей, қазіргі заманғы түрлі саяси үрдістер туралы дұрыс пайым жасау мүмкін емес. Миллиондаған адамның тоталитаризм құрбаны болғанын жадымызда сақтау – қастерлі парызымыз. Тарихты бұрмалауға, сол кезеңдегі мемлекеттің адамгершілікке жатпайтын зұлым саясатын ақтауға мүлдем болмайды», – деді.

Президент ұлт ретінде өткенімізді бағалай отырып, алға қарай жүруді де ұмытпау керектігін ескертті: «Бүгінгі ахуалға өткеннің өлшемімен қарап, үнемі кешегі күнмен өмір сүруге болмайды. Тарихқа барынша кең ауқымда қараған жөн. Біз тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет. Өткенге жалтақтау – әлсіздіктің белгісі».

Тарих сабағын зерделеу арқылы болашаққа сеніммен қарау оның сөзіне өзек болды. Тәуелсіздік жолындағы күресті бағалап, бүгінгі жаңғыру жолын жалғастырудың маңызын Президент былай деп түйіндеді: «Біз стратегиялық бағдарымызды берік ұстанып келеміз. Әділетті Қазақстанды құру үшін ауқымды реформалар жасап жатырмызЕлімізде саналы, сапалы қоғам қалыптасуда. Жүргізіліп жатқан реформалардың мақсаты да – осы. Бұл тарихи мағынасы бар жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Біз ұлттық болмысымызды бекемдеп, ынтымақ-бірлігімізді нығайта береміз».

Осы орайда Президент жастарға да үн қатты. Ол өскелең ұрпақтың тарихты білуі – өткенмен өмір сүру емес, болашаққа берік көзқараспен қараудың алғышарты екенін ескертті. Айрықша атап өткен тұсы: «Қазіргі заман өте күрделі, бұрын болмаған үрдістер пайда болып жатыр. Жасанды интеллектінің бүкіл қоғамдық дамуға қандай ықпалы болмақ екені әлі толығымен зерттелмеген. Адамзатқа төнетін қауіп-қатерлер аз болмайды. Сондықтан ең алдымен жастарымыз бұлыңғыр келешекке толық дайын болуға тиіс. Бұл мақсатқа жету үшін өскелең ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, ұқыпты, тәртіпті, жинақы болуы керек. Абайша айтқанда, «ғылым таппай мақтанбауы» қажет. Егемен ел болудың қадір-қасиетін түсініп, тәуелсіздігімізді қорғауға қашанда дайын болуы керек. Сонда біздің мемлекеттілігіміз – мығым, болашағымыз – баянды болары хақ. Мен отаншыл ұл-қыздарымыздың жасампаз күш-жігеріне сенемін».

Сөзін үміт пен сенімге толы тілекпен аяқтаған Мемлекет басшысы осылайша 31 мамырдың тек еске алу күні ғана емес, ұлт ретінде өз болмысымызды саралайтын, тарихи жадымызды жаңғыртатын, ертеңгі болашағымызға бағыт түзейтін маңызды белес екенін тағы бір мәрте айқындап берді.

Осыдан кейін Президент «АЛЖИР» музейін аралап, құрбандардың өмірінен сыр шертетін бірегей құжаттар, тұтқындардың жеке заттары, архив материалдарымен танысты. 1938-1953 жылдары мыңдаған әйел адам төзгісіз жағдайда жазаларын өтеген бұл қасіретті орын – бүгінде маңызды жалпыұлттық ескерткіштердің бірі.

Суреттер: t.me/aqorda_resmi

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?