Ислам әлемінің ғұламасы Ибн Халиқанның «Уафаяту әл-Айан ва Анбау Абна аз-Замана» деп аталатын еңбегі бар. Қазақ тілінде бұл атау «Танымал тұлғалардың өмірбаяны, қайтыс болуы және олардың замандастары» деген мағынаны білдіреді. Еңбекте дүниеге аты мәшһүр сегіз жүз тұлға туралы ақпарат беріледі. Солардың қатарында Әбу Насыр әл-Фараби де бар.
Осы мақаламды Ибн Халиқанның құнды кітабына арқау ретінде жаздым. Араб ғалымы Ибн Халиқанның әл-Фараби жайлы деректері қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығының есігін ашқан сәттен бастап назарға іліккен. Тарих жаңғырып, алыстап кеткен ғасырлар үні естіледі. Ұлттың өткені мен бүгіні арасын жалғайтын осындай дереккөздер рухани сабақтастықты нығайтады. Мұнда сақталған сарғайған парақтарда, көнерген құжаттар мен сирек кітаптарда бабалар аманаты жатыр. Бұл – ұлттың рухани байлығы мен жадының сақтаушысы.
Ұлттық орталық – мәдени құндылығы бар материалдарды сақтап, реставрациялаумен айналысатын, Елордада орналасқан бірегей мекемелердің бірі. Бұл мекеме 2017 жылғы 31 мамырда құрылған. Мұнда он бір мыңнан аса құнды құжат сақталған. Олардың қатарында араб, парсы, түркі, шағатай, қытай тілдерінде жазылған сирек кітаптар, қолжазбалар мен хаттар бар. Сонымен қатар, Австрия, Франция, Түркия, Ресей, Өзбекстан сынды елдердің архивтерінен жеткізілген материалдар кездеседі. Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының қорынан бірқатар сирек қорлар тапсырылған. Алматыдағы ғылыми-техникалық құжаттар орталығының қоры да толықтай осы мекемеге берілді. Бұған қоса, жеке тұлғалар мен ғылыми мекемелердің сыйға тартқан кітаптары, оның ішінде ИРСИКА ұйымының Ислам тарихын зерттеу орталығынан берілген 136 кітап бар.
Орталық қызметкерлері осындай құнды дүниелерді қалпына келтіріп, зерттейтін мамандардың тапшылығын алға тартады. Қазіргі таңда араб, көне түркі, шағатай, парсы тілдеріндегі кітаптарды зерттеу күрделене түскен. Шығыстану мамандарының, әсіресе көне тілдермен жұмыс істейтін ғалымдардың жетіспеуі бұл салада зерттеу жұмыстарын тежейді. Сондықтан көне мәтіндерді оқи алатын мамандарды дайындау үшін тиісті оқу бағдарламаларына, әсіресе магистратура мен докторантура деңгейлеріне арнайы бағыттар енгізілуі қажет. Бұл – ұлттық білім жүйесіне енгізілуі тиіс өзекті ұсыныстардың бірі.
Орталық қорындағы ең құнды жәдігерлердің бірі – Ислам әлемінің ғұламасы, тарихшы, жазушы, құқықтанушы Ибн Халиқанның еңбегі. Толық аты-жөні – Шамс ад-Дин Абул Аббас Ахмад ибн Мұхаммад. Ол 1211 жылы Ирактағы Эрбиль қаласында дүниеге келіп, 1282 жылы Сирия астанасы Дамаск қаласында дүниеден өткен. Сұлтан Бейбарыс билік еткен кезеңде Дамаскіде бас қазы қызметін атқарған.
Ибн Халиқанның құнды еңбегі қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығының арнайы қор сақтау бөлмесінде, арнайы қорапта сақталады. Жалпы мұндай көне кітаптарды, қолжазбалар мен қағаз құжаттарды сақтау тәртібі қатаң. Әрқайсысы жеке-жеке қорапқа салынып, темір сөрелерде сақталады. Қойманың ылғалдылығы 50 пайыз, температурасы 18–20 градус, жарық шамасы 75 люкс болуы тиіс. Ал күн сәулесі мүлде түспеуі қажет. Бұл талаптар бұзылса, кітапқа орны толмас зиян келуі мүмкін. Әрбір парақ – тарихтың үнсіз куәсі.
Ибн Халиқан – Шығыстың Плутархы атанған. Оның ең танымал еңбегі – "Уафаяту әл-Айан ва Анбау Абна аз-Замана". Кітапта ислам өркениетінде орны бар сегіз жүзден астам ғұлама, ойшыл, тарихшы, ақын, жазушы, мемлекет қайраткерлері туралы өмірбаяндық мәліметтер берілген. Қазақ ғалымдары бұл еңбектің әсіресе әл-Фараби туралы жазылған бөлігін аса жоғары бағалайды. Ибн Халиқан әл-Фарабиді Әбу Насыр Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби әт-Түрки деп атап, оның түркі текті екенін, философия, музыка, логика сынды ғылым салаларында көптеген еңбектер жазғанын нақтылайды.
Кітап 1256–1274 жылдар аралығында араб тілінде жазылған. 1292 жылы Мысырда басылып шыққан. Ол классикалық араб тілінде, насх үлгісіндегі каллиграфиямен, сарғыш түсті фабрикалық қағазда жазылған. Бұл еңбекті қазақ тіліне шығыстанушы Алмат Әбсалықов аударып, терең зерттеу жүргізді.
Кітап парақтары орталыққа қатты тозған күйде келіп түскен. Реставрация барысында парақ шеттері қалпына келтіріліп, былғары түбі ауыстырылған. Алдымен парақтарға фотофиксация жасалып, олардың бастапқы күйі тіркеледі. Содан соң шаңнан тазартылады, арнайы ерітіндімен жуылады, жыртылған жерлері жапон қағазымен бекітіледі. Кей жағдайда реставраторлар бұл қағазды кітап түсіне сай бояса, кейде боямайды. Бұл кітапқа боялмаған, себебі жаңғырту белгілері көрініп тұруы тиіс. Соңғы кезеңде кітап қайтадан біріктіріліп, тігіледі де, қорға өткізіледі.
Реставрация кезінде кітаптың екі томдық екені анықталған. Онда Фарабидің түрік тайпасынан шыққаны, Отырарда дүниеге келгені, философия мен логиканы терең зерттегені баяндалады. Аристотельдің "Жан туралы" еңбегін 40 рет, "Риторикасын" 200 рет оқығаны, түнде бақта күзетші болып жұмыс істеп тапқан ақшасына шам алып, сол жарықпен кітап оқығаны жайында айтылады. Бұл – оның ілімге деген құштарлығын көрсетеді.
Ибн Халиқан Фарабидің Бағдатта Әбу Башр Матта ибн Юнус Хакимнен, кейін Харам қаласында Юхан ибн Хайланнан білім алғанын жазады. Ол бірнеше тілді еркін меңгеріп, Аристотель еңбектеріне пікірлер жазған. Сонымен қатар, Фарабидің музыкаға қызығушылығы да ерекше аталады. Ол тек ойшыл емес, жан дүниесі нәзік өнер иесі болған. Бірде Сайд ад-Дауланың сарайына түркі дәстүріндегі киіммен келген Фараби музыка тыңдауға келісіп, киян аспабында ойнап, жиналғандарды күлдіріп, жылатып, ұйықтатып кеткені жайлы қызықты дерек беріледі.
Ибн Халиқан еңбегі Фарабиді әлем мойындаған тұлға ретінде таныстырады. Санкт-Петербургтегі Брокгауз бен Ефрон энциклопедиясында (1891–1907 жж.) Ибн Халиқан туралы ақпарат берілген. Ағылшын тілінде бұл еңбек 1842–1871 жылдары Лондонда, кейін 1961 жылы Нью-Йоркте басылып шыққан. Ағылшын тіліне Мак-Гуким де Слейм аударған.
Ибн Халиқан еңбегінің бүгінге жетуі – қазақ жерінен шыққан ұлы тұлғалардың әлем өркениетіне қосқан үлесінің айғағы. Мұндай мұралар халықтың тарихи жадын жаңғыртып, келер ұрпаққа бағыт береді. Бұл – Екінші ұстаз атанған әл-Фараби туралы ең сенімді әрі маңызды дереккөздердің бірі. Оның ілімі мен өмір жолы жайлы мұндай толыққанды мәліметтер – қазақ халқының мыңдаған жылдық тарихындағы ғылым мен мәдениеттің биік деңгейде болғанын дәлелдейді. Ибн Халиқан еңбегі – ұлт руханиятына қосылған баға жетпес мұра.