Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Шыңғыс хан және ислам өркениеті: Тарихшы қазақ тарихын кінәлау үрдісіне тосқауыл қойды

1563
Шыңғыс хан және ислам өркениеті: Тарихшы қазақ тарихын кінәлау үрдісіне тосқауыл қойды - e-history.kz

Сурет: https://www.ult.kz

Тарихшы, ғалым Әлімғазы Дәулетхан қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасу жолындағы басты кедергілерді сырттан іздеу - тарихи шындықтан алшақ екенін айтады. Ол Шыңғыс хан мен арабтарға қатысты орын алған бұрмаланған ұғымдарға нақты көзқарасын білдірді.

Қазақтың ұлт ретінде қалыптасуына кім кедергі болды?

Қазақ қоғамында жиі айтылатын пікірлердің бірі - ислам діні мен Шыңғыс ханның жорықтары ұлттың дамуына кері әсер етті деген көзқарас. Алайда тарихшы Әлімғазы Дәулетхан бұл пайымның түбірінен қате екенін алға тартады.

«Кешегі дәуірдің кейбір тарихшылары: «Біздің ұлт болып ұйысып, дамудың жолына түскен мемлекетімізді қырып жойды» деп арабтарды кіналайды. Сосын: «Шыңғыс хан келіп Отырарды қиратты» деп кінә артады. Бірақ оның бәрі білместік әңгіме», - дейді ғалым. 

Шыңғыс хан жорығы неліктен басталды?

Әлімғазы Дәулетханның айтуынша, Шыңғыс ханның Отырарға жорық жасауы кездейсоқтық емес, нақты себепке байланысты болған. Ол себептің бірі  сол уақыттағы Хорезм шахтың өкілі Қайырханның Шыңғыс хан керуенін тонап, елшілерін өлтіруі.

Оқи отырыңыз: Шыңғыс ханның Орталық Азияға жасаған жорықтары 1 - бөлім

«…Шыңғыс ханды ақтайын деп отырған ешкім жоқ. Бірақ Шыңғыс ханды шақырып әкелген сол Қайырханның өзі ғой. Ол сол уақытта Хорезм шахтың Отырардағы өкіл әкімі. Оның заманында түркілер парсылана бастады. Сонымен қоса Қайырхан Шыңғыс ханның 500 түйелік керуенің тонап, адамдарын өлтіріп, аналардың әкелген тауарларын түк көрмегендей талан-тараж қылдырып, бөліскен. Осыны естіген Шыңғыс хан жорық жасамай, не жасайды? Өзі күші тасып тұрған, бір жағы сылтау керек. Сол 500 түйелі керуеннің кегін қайтару үшін Қайырханды келіп азаптап өлтірді, Отырарды талқандады», – дейді тарихшы.

Шыңғыс хан үшін бұл әрекет соғысқа сылтау ғана емес, сонымен бірге сауда және мемлекетаралық қатынастың бұзылуы деп қабылданды.

Жаугершілік – тек Шыңғыс ханға тән емес

Ғалым  Ә. Дәулетхан тарихи объективтілікке шақырып, жаугершілік пен отарлық жорықтар тек Шыңғыс ханға тән құбылыс болмағанын, адамзат тарихында барлық империялық билеушілердің басып алған елдерін бастапқыда қырып-жойғанын еске салды.

«Қай атақты басшылар, қолбасшыларды барған жерлерінде күліп қарсы алды? Қырып-жойып, халқын құл етіп, империя құрды ғой бәрі», – дейді ол.

Шыңғыс хан ұрпақтары және қазақ халқының қалыптасуы 

Тарихшының айтуынша, Шыңғыс ханның екінші-үшінші ұрпағы ислам дінін қабылдап, түркі мәдениетіне сіңіп кеткен. Осы процестің нәтижесінде Алтын Орда, Ақ Орда, кейін Қазақ хандығы құрылып, қазақ ұлтының негізі қаланды.

«Шыңғыс ханның екінші буын ұрпағы түріктене бастады. Үшінші, төртінші ұрпағы мұсылман болды. Сөйтіп, Қазақ хандығының құрылуына өлшеусіз үлес қосты», – дейді Әлімғазы Дәулетхан.


Түйін. Тарихшы Әлімғазы Дәулетхан ұлт тарихын сыртқы күштерге кінә арту арқылы емес, ішкі тарихи үдерістерді дұрыс түсіну арқылы саралау керек екенін ескертеді. Ислам өркениеті мен Шыңғыс хан жорықтары – қазақтың бүгінгі ұлт ретінде қалыптасуына кедергі емес, тарихи процестің ажырамас бөлігі. Толығырақ сұхбат барысын Қазақстан тарихы порталының youtube каналына шыққан “Түркеш қағанатының құрылу тарихы” атты сұхбатынан тамашалай аласыздар. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?