
Ұлы Отан соғысы (1941–1945) миллиондаған адамның тағдырын өзгерткен қасіретті кезең болды.
Майдан даласы тек қаһармандық пен қайғының ғана емес, сонымен бірге махаббат пен өміршеңдіктің де куәсі болды. Мәселен, қарша бораған оқтың астында жүріп, сөз байласып, шаңырақ көтерген майдангерлер де аз емес. Сол секілді махабатының артынан сұранып, өз еркімен майданға аттанған арулар да болды. Сондай арулардың бірі - Халима Өзбеқанова еді.
Халима Өзбеқанова - қазақ әдебиетінің алыбы, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның халық жазушысы, «Махаббат, қызық мол жылдар» және «Ақиқат пен аңыз» сияқты өлмес туындылар қалдырған әйгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың жары. Олардың махаббат тарихы – соғыс пен бейбіт өмірдің сын тезін бірдей өткерген шынайы сезімнің символы деуге болады.
Халима Қалиақпарқызы Өзбеқанова 1922 жылы Аягөзде дүниеге келген. Әкесі Қалиакпар 1928 – 1929 жылдары Ақбарақ деген темір жол стансасында қараушы (обходчик) болып істеген. Халима Қалиақпарқызы өзінің естелігінде әкесі Қалиакпардың 1932 жылы аштықтан әлсіреп көз жұмғанын айтады. Соңынан іле-шала аналары Зәуила да о дүниелік болған:
«Үш қыз, бір ұл аңырап қала бердік. Ол уақытта Аягөзде 1-ші класта оқып жүргем... 1942 жылы мен де соғысқа сұрандым. Балалар үйлерінің барлық қыздары Ұлы Отанымызды қорғауға аттандық. Радист мамандығын игердім. Чита облысында, Борзая стансасында талай әскери тапсырмалар орындадым. Кейіннен денсаулығым ауырлады да, әскери цензураға жіберілдім. Мәскеуде, Бас почтамтта қызмет атқардым» деп естелік қалдырыпты Халима апамыз.

Балалар үйінде болған қыздар өте пысық болып өседі. Соғыс басталған жылдары олар өз еріктерімен майдан даласына аттану мақсатында бірнеше рет өтініш жолдайды. Ақыры қырық екінші жылы оларды (бір топ қыз) Мәскеуге алып кетеді. Одан әрі әйелдер эшолонымен майдан даласына жөнелтіледі. Пойыз Чита облысының Борзия деген жеріне келгенде бір вагондағы бірнеше қызды 581-нші байланыс батальонына қалдырады. Сол жерде радистер дайындайтын арнайы курстан өтеді. Бірақ майдан даласындағы ауыр тіршілік салдарынан, өзі де бұрыннан ауыра беретін бауыры сыздап, төсек тартып жатып қалады. Аурудың беті бері қараған кезде Халиманы соғысқа жарамсыз деген «ақ билетпен» елге қайтару туралы шешім шығады. Бұл шешім Халимаға қатты батады. Себебі ол бір топ етіп, өзі жасақтаған қыздар алдындағы уәдесін орындай алмай қалғалы тұр. Не дегенмен, денсаулық қажет. Дәрігер «жарамсыз» деп тапқан соң амал нешік?! Құрбылары Халиманы ертіп әкеліп елге жүретін пойызға отырғызады.
Елге келген соң Аягөздегі туыстарын жағалап біраз жүреді. Бар мақсаты соғысқа аттанып, Отанын қорғау ғана болған еді. Сөйтіп жүріп, Аягөздегі НКГБ-ға қызметке орналасады. Осы қызметті пайдалана отырып соғысқа бару мақсатында әскери комиссариятқа өтініш береді. Әрине мұндағылар Халиманың қолындағы ақ билетті білмейтін еді. Білген күннің өзінде Отан қорғау – қылмыс емес екенін Халима да жақсы біледі.
Сонымен не керек, қоймай жүріп 1943 жылы Аягөздік бір топ әскерге шақырылған жас жігіттің қатарында Халима апамыздың да аты аталады. Бұл өз кезегінде әлгі жігіттерге ерекше рух сыйлағанын ол өзі де жақсы білген еді.
Осылайша, Халима КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік комиссариятының Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысы басқармасы қарамағындағы әскери қызметке жіберіледі. Мұнда ол Мәскеу қаласының бас почтасында әскери цензураны Кеңес армиясындағы түркі тілді халықтар жауынгерлерінің хаттарын тексеретін «цензор» қызметіне тағайындалады. Мұнда тек әр түрлі ұлт өкілдерінен жиналған қыздар ғана қызмет атқаратын. Өздерін сырттай «ЦЕНЗОР» қыздар ротасы» деп атайтын.
Алғашқыда қысқа мерзімді курсты тәмәмдайды. Сөйтіп кіші сержант, артынша сержант шенін алады. Соғыс аяқталғанға дейін Өзбеқанова осы қызметте болады. Бірнеше медальдармен марапатталады.
Соғыс аяқталғаннан кейін цензор қыздардың барлығы елдеріне жіберіледі. Елге келген кезде оған денсаулығына байланысты зейнеткерлік тағайындалады. Жастайынан зейнеткер болғысы келмеген Халима Шар ауданына қарасты Суықбұлақ деген жердегі орта мектепке орыс тілінен сабақ береді.
«1945 жылы Әзілхан соғыстан аман-есен оралып, Қазақ университетіне оқуға түсті. Халима Қазақ педагогикалық институтында оқыды. Соғыстан кейін «әуелі Әзілхан оқысын, мамандық алсын» деген оймен, өзара келісіммен Суықбұлақ ауылына аттанды. Мектепте орыс тілінен сабақ бердім. Әзілханның сүйгені де, жанашыры да – өзім, сондықтан ақша салып тұрдым.
1947 жылы Әзілхан академиялық демалыс алып, Семейге келді. «Екпінді» газетіне орналасты. 11 жыл бойы бір-біріне ынтыққан қос жүрек өмір-бақи бірге болуды армандап, Ақбұзауға келдік... «Мынау, жеті жыл бойы қаңырап тұрған үй – әкемнің шаңырағы. Осы үйге келін боп түсесің», – деді Әзілхан.

Алғашында «жаяу келін» атандым. Колхоз бастығы Әлсейіт Мұсақұлов жүйрік құла атын, рессорлы транспеншесін алып шығып, қарсы алмақшы екен. Уәдесінде тұрмапты. 9-шы разъезден түссек, ешкім жоқ. Тұнжырап кеттім. Әзілхан да жаны жүдеп, қатты кейіді. Қолымызда чемодан, 9 шақырым жаяу жүрдік. Осылайша, Нұршайықовтар шаңырағының түтінін түтеттім. Сәки атты жолдасы, бір бидон арағы бар Әзілхан тойға кірісті. Ат бермеген бастық жарты пұт бидай берді, оның жартысын талқан етіп, той дастарханына қойдық. Той басталды, жұрт ақ батасын бере бастағанда, сары ешкісін мүйізінен жетектеп бір ана келді.
– Тоқтасын апам, – деді Әзілхан.
– Әй, Әзілхан, сой мынаны тойға. Аяғын байла! – деп бұйырып апа.
– Апа, өзіңізге керек болады, рахмет, – деді сыпайы ғана Әзілхан.
– Соғыста аштан өлген жоқпын, енді соғыс бітті, елге енді аштық жоқ, осы ешкісіз де өлмеспін. Сой тойға – деп алған бетінен қайтпады қайсар ана. Сосын Әлсейітке қарап:
– Соғыста шейіт кеткендердің әруағынан қорықсаң қайтеді, бастық? Тойға бір тоқтыңды қимадың ғой, – деді.
Келе-келе «жақсы келін» атандым. Өйткені, бүкіл ауылға ұйық тоқимын, киім тігемін, өнер иесі қашан да сыйлы, қадірлі ғой. Қашанғы ауылда отырамыз, оқуымызды жалғастыру үшін Алматыға келдік. Алматыда қайсыбір ағайынымыз күтіп тұр, тұрмыстың тауқыметін көп көрдік. Тұңғышымыз шетінеп кетті. Жанар, Жаннат, Арнұр, Жаннұр атты ұл-қыз сүйдік. Сәбина, Дина, Сәкен, Алма, Әлия деген немерелеріміз бар.
Әзілханның барлық шығармалары менің қолымнан өтті. Қолжазбаларын оқыдым, машинкаға бастым. Магнитофон таспасына түсіріп алғандарым бар. Архивтерге бірге бардым. Талай дәптерлерге құнды жазбалар көшірдім. 1979 жылы Брестке бардық, Әзілхан 4 дәптер, мен 4 дәптер дерек жинадық.
Жазушының жаны нәзік, сондықтан жүрек сырқатына ұшырау ақын-жазушылар арасында жиі кездеседі. Әзілханның жүрек қабы алты рет жарылды, 40 түн күзеткен, көз ілместен таң атырған кездерім болды. Әсіресе, 1994 жылы жөргектегі сәбиімдей күттім. 40 күн шыдаған басым, 41-ші күні талықсып, ұйықтап кетіппін. Әзілхан «дүрс» еткен дыбыстан шошып ояныпты, қараса, мен ұйқыға басыппын. Осылайша жан жарымның қуат-күші сарқылса, сырқаты меңдесе, жүрегіне жігер қостым, дертіне дауа болуға тырыстым. Азаматтың өмір-бақи аптал күш иесі болып, қасқайып, қара нарша жүре беруі мүмкін емес, сондықтан тарықса – шыда, торықса – сүйеніш, тірек бол, ауырса – маңдайынан сипа деймін қыздарыма. Келінім, сен тыңданың керін келтіріп», – деп естелік жазған екен Халима апамыз.
Әзілхан мен Халима 1947 жылы бесінші маусымда шаңырақ көтеріп Әзілханның ауылына аттанады. Бар ғұмырында жұптары жазылмастан 54 жыл бірге өмір сүрген. Өмірге төрт бала әкеліп, олардан немере, шөбере сүйді. Бүгінде ұрпақтары Тәуелсіз Отанымыздың талантты перзенттері.

Сондай немерелерінің бірі – Дина Жансағымова БАҚ саласында істейді.
«Жалпы атасы мен әжесін жақсы көрмейтін бала жоқ шығар қазақта. Мен біраз уақыт шетелде, Ұлыбританияда тұрып келдім. Бір таң қалғаным, ол жақта аталары мен әжелері немерелеріне мүлдем қарамайды екен. Біздегідей бауырға басу деген атымен жоқ. Балалар мерекелерде ата-апасынан сыйлық алады, кейде сенбі не жексенбі күні барып, халдерін сұрайды. Одан басқа байланыс жоқ. Бізде мүлдем олай емес. Мысалы, өзім ата-әжемнің қолында өстім.
Атамды Халық Жазушысы болғаны үшін емес, менің жақыным, туған атам болғаны үшін, ерекше мейірімді, ықыласты, немерелерін күніне бірнеше рет иіскемей жүре алмайтын адам болғаны үшін қатты жақсы көрдім. Өзімді атамның ең сүйікті немересімін деп санайтынмын. Сөйтсем бес немеренің әрқайсысы сөйтіп ойлаған екенбіз. Бұл нені білдерді? Атам әр немересін ерекше жақсы көрген екен. Әрқайсымызға «ең сүйікті немерем өзіңсің» деген сезімді сыйлаған екен. Ондай бала әрине бақытты болып өседі. Мен де сол үшін бақытты адаммын», - дейді немересі Дина.
Әзілхан мен Халимаштың кіндігінен 4 бала, 5 немере, 9 шөбере тараған. Немерелері мен шөберелері әр салада еңбек етеді: журналистика, экономика, ғылым және білім жолында.
«Біз өзімізді керегесі кең, шаңырағы биік әулет деп санаймыз. Әзілхан атамыздың үлкен қызы Жанар тәтеміз ғылыми жұмыспен айналысады, профессор. Мен өзім біраз журналистика саласында жүрдім, одан кейін медианы дамыту саласына ауыстым. Туған сіңілім Алма (біз екеуіміз үйдің кіші баласы Жаннұрдан тудық) елдің экономикалық даму саласында жүріп, кейін кандидаттық дәрежесін қорғағаннан кейін Дүниежүзілік банкте шетелде жұмыс істейді. Әлия (атамыздың үлкен ұлы Арнұрдың қызы) да журналистика саласында. Қазір Қазақ ұлттық университетінде сабақ береді.
Шөбере қыздарының бірінің аты Халима. Әзілхан есімді баламыз тағы бар. Қазақта ондай дәстүр жоқ, бірақ шөберелердің бәрі жиен. Яғни ұлдардан туған немерелерінің бәрі қыз. Осыған байланысты жиендерінен тараған ұрпақтар кейін біле жүрсін деп, осындай қулыққа бардық. », – дейді немересі. «Дәстүрімізде қаланың әдебі басымдау. Бірақ ауылмен байланысымыз үзілген емес. Атамыздың туған жеріне мүмкіндік болған сайын барып тұрамыз. Атамыз қазіргі Абай облысы, Жарма ауданына қарасты Ақбұзау дейтін жерде дүниеге келген. Сол жерде балаларға арнап мұражай ашқымыз келеді. Қазір ол ауыл қаңырап бос тұр, атамыз тұрған үй бұзылмаса екен дейміз. Ең болмағанда бір тақтай орнатылса ғой, шіркін. Өйткені ауылдың тарихы ерекше, әрі терең. Ауыл мектебін атамның әкесі өз қолымен салған екен. Сырттан арнайы мұғалім алғызып, балаларға сабақ оқытқан. Атамның туған жері – Абай облысы, Жарма ауданындағы Ақбұзау ауылында мұражай ашу – отбасының арманы. «Ауылдың тарихы терең, атамның әкесі мектеп салғызған. Ол мұраны сақтағымыз келеді», – деп атап өтті ол.
Әзілхан ата тікелей насихат айтпай, өмірімен үлгі көрсеткен. «Ата-әжеміз ешқайсымызға отырғызып қойып, ақыл айтпады. Насихат жүргізбеді. Өз үлгілерімен, жүріс тұрысымен тәрбиеледі. Немерелеріне ешқашан ұрыспайтын. Әжем бір рет, атам бір рет қана ескерту жасады. Бірақ сол сөздері жүрегімде мәңгі қалды», – дейді немересі. Атамның әйелдерді, әсіресе аналарды қадірлеуі – оның адамгершілігінің айғағы болса керек», - дейді Дина Жансағымова.
Немересінің айтуынша, Әзілхан атасының ең басты қасиеті – адамсүйгіштігі. «Ең алдымен мен ол кісінің мейірімділігін айтар едім. Атам адам атаулыны жақсы көретін. Үлкені болсын, кішісі болсын, атағы бар болсын, қарапайым ғана ауылдан келген бала болсын, жақсы-жаман деп бөлмейиін. Ол кісі үшін барлық адам тең болатын. Атамды халық керемет жақсы көрді. Үйдің дастарханы жиылған емес. Алдын ала телефон соққаны бар, соқпағаны бар достары, шәкірттері, алыстан оқырмандар келіп жататын. Телефон шалып «келеміз» дегендерге ешқашан жоқ деп айтпайды. Міндетті түрде кітап дайындайды, автографын жазып қояды. Автографы жай қолтаңба емес, әрбір адамға ерекше лебіз жазып береді бір бет қылып. Кейде екі бет болып жатады. Яғни оқырманына деген ықыласы, ілтипаты шексіз еді.
Екінші бір басты қасиеті – ұқыптылығы, жинақылығы, іштей қалыптасқан дисциплинасы. Күн тәртібіне өте мұқият қарайтын. Таңертең алтыда оянады. Бір сағаттай төсегінен тұрмай жазу жазады, одан кейін таңғы асқа дейін тағы бір екі сағаттай кабинетінде жұмыс істейді. Одан немерелерін мектепке жібереді. Осыдан кейін ғана дәрісін ішіп, таңғы асына кірісетін. Шамалы гимнастика жасайды, сөйтіп қайтадан жұмысқа кіріседі. Түскі астан кейін міндетті түрде жатып демалады, ұйықтамаса төсегінде жатып газет журнал оқиды. Түнгі сағат 10 нан асырмай жатады. Жатар алдында бал қосылған айран ішеді, Тиянақты да, мұқият, жинақы болды», – деп еске алады немересі.
Әзілхан ата мен Халима әженің махаббаты – нағыз үлгі. Тоғыз жыл ғашық болып, соғыс қиындықтарынан өтіп, қол ұстасып өмір сүрген олардың үйлесімі бақыт энергетикасын шашып тұратын. «Атам мен апамның сыйластығы сондай пәк, таза болды. Уақыт өте келе бұл сыйластық ерекше бір жұптар гармониясына ұласты. Оны «Бақыт энергетикасы» деп айтар едім. Оларға қарап, бақытты болғың келеді. Бір-біріне тоғыз жыл ғашық болып, соғыс қиыншылығынан өтіп, қосылып, керемет бір гармонияда, қол ұстасып, махаббаттары жарасып, өмірден бірге өтті. Күнделікті өмірде бір біріне деген ықыластарын көріп өскен біздер үшін бұл үлкен бақыт болса, айналасындағы адамдардың бәріне бірдей мейірімі, адамсүйгіштігі бұл енді ерекше бір ғажайып дүние еді деп еске аламын.», – дейді немересі.

Жазушының шығармашылығы да сондай таза болды. Немересінің айтуынша, қалқы да оны сол үшін жақсы көрген. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романындағы Меңтай образына өзінің сүйікті жары - Халиманың болмысы әсер еткен. Романдағы Ербол мен Меңтайдың махаббаты көп жағынан Әзілхан мен Халиманың шынайы өмірінен алынған.
Халима 2001 жылы дүниеден озғанда, Әзілхан қатты күйзеліске түскені белгілі. Ол сүйікті жарына арнап «Халима» атты жиырма жоқтау сөз жазып, кейін «Мәңгілік махаббат жыры» атты прозалық поэмасын шығарды. Бұл шығарма олардың махаббатының мәңгілік екенін паш етті.
Олардың 54 жылдық отбасылық өмірі, соғыстағы ортақ күресі және бір-біріне деген адалдығы – кейінгі ұрпаққа өнеге. Әзілхан 2011 жылы 12 ақпанда дүниеден озды, бірақ олардың махаббат хикаясы «Махаббат, қызық мол жылдар» романы мен «Мәңгілік махаббат жыры» шығармасы арқылы мәңгі жасайды.
Әзілхан Нұршайықов (1922–2011) — қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы, Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы және публицист. Оның өмірі мен шығармашылығы Ұлы Отан соғысының отты жылдарымен тығыз байланысты. Майдан даласындағы ерлігі мен қаламының күші арқылы ол ұлттық әдебиетте өшпес із қалдырды.
Әзілхан Нұршайықов 1941 жылы, небәрі 19 жасында әкесі Амангелді және әкесінің інісімен бірге Ұлы Отан соғысына аттанды. Ол Қызыл әскер қатарында зеңбірек командирі болып қызмет етті. Майдандағы қиын күндер оның рухын сындырған жоқ, керісінше, оған шабыт беріп, шығармашылық жолын ашты. Соғыс кезінде ол «Әскери күнделік» жүргізіп, майдандағы оқиғаларды, жолдастарының ерлігі мен қазасын қағазға түсіріп отырды. Бұл жазбалар кейін оның шығармаларының негізіне айналды.
Нұршайықов майданда бірнеше рет өлім мен өмірдің арасында қалды. 1943 жылы Полтава маңындағы ұрыста әкесі қаза тауып, өзі аман қалады. Бірде фашист танкінің шабуылынан зеңбірекшілер тобында тек Нұршайықов пен көзінен айырылған жолдасы Әділхан Құсайынов қана аман қалған.
Осындай қиын сәттердегі ерлігі үшін ол бірқатар мемлекеттік марапаттарға ие болды. Олардың ішінде 3-дәрежелі Даңқ ордені (1944), 2-дәрежелі Отан соғысы ордені (1985), сондай-ақ «Ержүректілігі үшін» (1943), «Жауынгерлік ерлігі үшін» (1944), «Германияны жеңгені үшін» (1945) және «Варшаваны азат еткені үшін» (1945) медальдары бар.
Майданда жүріп Нұршайықов қаламын қолынан тастамады. Ол өлеңдер, әңгімелер мен очерктер жазып, әскери, республикалық және облыстық газеттерде жариялады. Атақты ақын Жамбыл Жабаевтың «Балама хат» өлеңіне жауап ретінде жазған патриоттық өлеңдері жауынгерлердің рухын көтеріп, олардың Отан үшін күреске деген сенімін нығайтты.
Әзілхан Нұршайықовтың шығармашылығы соғыс тақырыбынан нәр алды деуге болады. Оның қаламынан туған шығармалар майдандағы шынайы оқиғаларға, жауынгерлердің ерлігі мен қасіретіне негізделген. Соғыс кезіндегі «Әскери күнделігі» оның әдеби мұрасының бастауы болды. Бұл жазбалар кейін оның прозалық шығармаларында, әсіресе «Ақиқат пен аңыз» және «Махаббат, қызық мол жылдар» романдарында көрініс тапты.
«Ақиқат пен аңыз» роман-диалогы қазақтың батыры Бауыржан Момышұлының өмірін баяндайды. Бұл шығарма соғыстың қатал шындығы мен қаһармандық рухын шебер суреттейді. Роман 1980 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықпен марапатталып, Нұршайықовтың әдебиеттегі орнын нығайтты. Ал «Махаббат, қызық мол жылдар» романы махаббат пен достық тақырыбын арқау еткенімен, ондағы кейіпкерлердің прототиптері соғыс кезіндегі шынайы адамдар мен оқиғаларға негізделген. Бұл шығармаларда Нұршайықов соғыстың адам тағдырына тигізген әсерін, жауынгерлердің рухани күші мен Отанға деген сүйіспеншілігін асқан шеберлікпен жеткізген.
Әзілхан Нұршайықовтың соғыс кезіндегі ерлігі мен шығармашылығы — ұрпаққа өнеге. Ол майданда тек қарумен ғана емес, қаламымен де күресті. Оның шығармалары жастарды патриотизмге, Отанға деген сүйіспеншілікке және адамгершілікке тәрбиелейді. Соғыстың қасіреті мен жеңістің қуанышын өз көзімен көрген жазушы шығармаларында осы оқиғаларды шынайылықпен және терең сезіммен суреттеді.
Нұршайықовтың майдандағы ерлігі мен әдеби мұрасы — қазақ халқының Ұлы Отан соғысындағы қаһармандығының айғағы. Оның өмірі мен шығармашылығы ұлттық рухтың, төзімділіктің және жеңіске деген сенімнің символы ретінде мәңгі есте қалады.
Әзілхан Нұршайықов — соғыс ардагері, қаламымен де, қаруымен де Отан үшін күрескен ұлы тұлға. Оның майдандағы ерлігі мен шығармашылығы қазақ әдебиетінің алтын қорына енді. Соғыс тақырыбы оның шығармаларында патриотизм, ерлік және адамгершілік ұғымдарымен астасып, ұрпаққа мәңгілік мұра болып қалды. Нұршайықовтың өмірі — Отан үшін жанын қиған батырлардың ерлігін паш ететін жарқын өнеге.