Ежелгі Отырар шұраты Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданында орналасқан. Оның жері Сырдарияның орта ағысы тұсындағы жағаларында орналасқан.
Орта Сырдарияның алқабы, Тұран ойпатының бір бөлігі, Қызылқұм-Ортасырдария жазығына кіреді. Шұраттың негізгі су көздері Арыс пен Сырдария. Олардан шығарылған каналдар, қалалар мен мекендерді сумен қамтамасыз етті, егістікті суарды. Тек, судың молдығынан ғана, бұл жерде егіншілік мәдениеті дами алды. Отырар шұратының орналасқан жері, оның тұрғындарының өміріне әсерін тигізіп отырды. А. Н. Бернштам Отырар, Арыстың Сырдарияға құяр тұсында, Бөгенге жақын орналасқандықтан, қолайлы позицияда тұр және жер суару үшін суы жеткілікті деп дәл айтқан. Бөген мен Арыс бойымен Таласқа, үйсін, кейін қарлық иеліктерінің шекарасына дейін жеткен. Сырдария бойымен жолдар Шаш, Ферғана және Соғдыға, солтүстікке қарай Арал маңындағы аландар арқылы Еділ бойындағы далаға, Таулы Оралға және Қара теңіздің солтүстік жағалауына дейін барған. Шұраттың солтүстіктен оңтүстікке қарай ұзындығы 53 километрдей, батыстан шығысқа қарай 54 километрдей. Шұрат территориясында 130 астам ескерткіштер бар. Отырар, ортағасырлық ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби туған аймақ астанасы ретінде кеңінен танымал. Отырар орнында елдімекеннің пайда болуы біздің дәуіріміздің бірінші ғасырларына сәйкес келеді. Алғаш рет «Отырар» және «Фараб» атаулары жазба деректерде б.д. IX ғ. кездеседі. X-XII ғғ. кезеңі, моңғол шапқыншылығы тамырын шапқан қалалық өмірдің гүлдену кезеңі болды. 1219 жылы Отырар Шыңғысхан әскерінің соққыларынан құлады. Алайда, Отырар қайта түлеп, XIII ғасырдың ортасында Батыс пен шығыс арасындағы жолда ірі сауда орталығына айналды. 1405 жылы Отырар сарайларының бірінде Темірлан қайтыс болады. Отырардағы өмір XVIII ғасырға дейін жалғасты. Қалажұрттың жалпы сипаты Қазақстан мен Орта Азиядағы ортағасырлық ескерткіштердің көпшілігінің сипатына тән.