Египеттің оңтүстігіндегі Асуан қаласында археологтар ежелгі патшалық дәуіріне жататын үш жартастық қабір тапты, деп хабарлайды e-history.kz порталы Египеттің Туризм және тарихи жәдігерлер министрлігіне сілтеме жасап.
Мысырдың тарихи жәдігерлері бойынша Жоғарғы кеңесінің бас хатшысы, доктор Мұхаммед Исмаил Халедтің айтуынша, алдын ала жүргізілген зерттеулер кейбір қабірлердің кейінгі орта патшалық кезеңінде қайта пайдаланылғанын көрсетіп отыр. Бұл Құбат әл-Хауа қорымының әртүрлі кезеңдер бойында маңызды жерлеу орны болғанын және тарихи сабақтастықтың болғанын айғақтайды.
Сондай-ақ бас кеңесші, бұл жаңалықтың археология ғылымына қосар үлесі зор екенін атап өтті.
«Бұл жаңалық - ғылыми тұрғыдан өте маңызды, өйткені ол ежелгі патшалықтың аяқталуы мен бірінші өтпелі кезеңнің басталуы арасындағы өтпелі кезеңді түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар зерттеулер кейбір қабірлерде жазбалар болмағанымен, сәулет стилі мен жерлеу рәсімдерінің дәстүрлі сипаттары сақталғанын көрсетіп отыр. Бұл сол кезеңдегі экономикалық жағдайдың күрделі болғанын білдіреді» деді Доктор Мұхаммед Исмаил Халед.
Мысырдың көне мұралар жоғарғы кеңесінің бөлім басшысы Мұхаммед Абдул Бади табылған қабірлер туралы толық ақпарат берді.
Бірінші қабірде жазба мен суреттер жоқ, сыртқы ауласында екі жалған есік, екі құрбандық үстелі, қыш ыдыстар және нашар сақталған табыттар мен адам қаңқалары табылған. Сондай-ақ ауладағы жерлеу құдығынан нашар сақталған ағаш табыттар мен адам қаңқалары және Ежелгі патшалық кезеңіне жататын иероглифтік жазулары бар қыш ыдыстар табылды.
Екінші қабір бірінші қабірдің батысында орналасқан және онда да жазбалар жоқ. Ішінен орта патшалық дәуіріне жататын екі құрбандық үстелі мен қыш ыдыстар табылды. Оның сәулет ерекшеліктеріне қарап, бұл қабір ежелгі патшалықтың соңғы кезеңі немесе бірінші өтпелі кезеңнің басында салынған, кейін орта патшалық дәуірінде қайта пайдаланылған болуы мүмкін деген болжам жасалды.
Үшінші қабір алдыңғы екі қабірден сәулет жағынан өзгешелеу. Ол жаңа патшалық дәуіріне жататын «Ага-Кан» қабірінің батыс жағында орналасқан. Қабірде жазбалар болмағанымен, жақсы сақталған көп мөлшердегі қыш ыдыстар және кейбіреуі балаларға тиесілі адам қаңқалары табылды. Археологиялық мәліметтер бұл қабірдің ежелгі патшалық дәуіріне жататынын көрсетті.
Египет-Италия бірлескен археологиялық экспедициясының ғалымдары тапқан қабірлер Асуанның батыс жағалауындағы Ага-Хан кесенесіне жақын маңдағы ежелгі қорымдар. Бұл ескерткіштер Птолемейлер династиясы мен ежелгі Рим дәуіріне тиесілі.