Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Көкшетауда «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» атты халықаралық конференция өтті

756
Көкшетауда «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» атты халықаралық конференция өтті - e-history.kz

Көкшетауда Ақмола облысының әкімдігі және «Бабалар рухына тағзым» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті, деп хабарлайды Qazaqstan tarihy порталының тілшісі

Конференцияға шетелдің және еліміздің танымал ғалымдары, тарихшылары, ҚР Парламентінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, экспедиция қатысушылары және БАҚ өкілдері, Абылай ханның, Кенесары ханның, Шоқан Уәлихановтың ұрпақтары қатысты. Шараны қоғам қайраткері, өлкетанушы, «Абылай ханның қара жолы» жобасының жетекшісі Мұрат қажы Ыдырысұлы  жүргізіп отырды. Қатысушыларға аймақ басшысы Марат Ахметжановтың ыстық сәлемін жеткізген облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова конференция жұмысына сәттілік тіледі.

«Құрметті «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» атты конференцияға қатысушылар Көкше өңіріне қош келдіңіздер. Халықаралық ауқымды шара кеше басталған болатын. Сондықтан бүгінгі алқалы жиынның жалғасы өтіп жатыр. Маңызды тарихи оқиғаларға байланысты, сүбелі ойлар айтылады деген ойдамыз. Сондықтан баршаңызды Ақмола облысының әкімі Ахметжанов Марат Мұратұлының атынан бүгінгі халықаралық конференцияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. бүгінгі бәріміз үшін маңызды іс-шарамен шын жүректен құттықтаймын. Бұл экспедиция ұлт рухын көтеретін, тарихи жағымызды жаңғыртатын, болашақ ұрпақтың бойына отансүйгіштің дәнін сөйлейтін үлкен рухани бастама. Ол сөзсіз.  Тарихқа көз жүгіртсек, өніміміз халқымыздың тағдыры таразыға тартылған сәттерде талай тарихи шешімдердің куәсі болған киелі жер. Бұл ұлы хан Абылайдың ордасы тігілген, мемлекет тағдырына қатысты талай істер қолға алынған қасиетті өлке. Көкшетау қарапайым сарбаздан  дана хан дәрежесіне көтерілген Абылай хан өмір жолына куә болған мекен. Абылайхан қажырлы мемлекет қайраткері, дарынды дипломат, батыр, қолбасшы ретінде танымал. Оны бүкіл жастардың жас ұрпағына кеңінен насихаттауымыз керек. Абылайханның қара жол экспедициясы ел мен елді, жүрек пен жүректі, өткен мен болашақты жалғайтын бірегей көпір. Халықаралық экспедицияның Ресей, Моңғолия, Қазақстан елдерінде мәдени мұраларды байланыстырып, түркі жұртының рухани тамырын табуға қосқан үлесі орасан. Экспедиция мүшелері мен «Абылай ханның қара жолы» жинағының авторларына және осы тарихи миссиясының жүзеге асуына мұрындық болған, жетекшілік еткен қоғам қайраткері, өлкетанушы Мұрат қажы Ыдырысұлына ерекше алғысымызды білдіреміз» - деді Алтынай Байқадамқызы.   

Конференция мақсаты - Қазақстанның батыс өңірінің, монғол даласының ерлік, рухани, мәдени асыл қазыналарын дәріптеу, қазақ халқы мен елін күрделі XVIII ғасырда біріктіріп, сақтап қалған ұлы Абылай ханның тарихи-мәдени мұрасын зерделеу,  ұлы қайраткерлердің қасиеттерін кеңінен насихаттау.

Қазақ халқының тарихында Абылай ханның алатын орны ерекше. Абылай хан қазақ мемлекеттілігін орнатып, тәуелсіздігін сақтау жолында өзінің дипломатиялық, саяси-қоғамдық қызметін жүргізді. Осы ретте, шараның шымылдығы «Абылай ханның қара жолы» ІІІ, IV томдарының тұсаукесерімен басталды. Ғылым докторлары, профессорлар Серік Негимов, Тұрсынхан Зәкенұлы, түркиялық ғалым Әбдіуақап Қара, «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» экспедициясының мүшесі, қоғам қайраткері Рәббім Бораш кітаптың тұсауын кесіп,  құттықтау сөз сөйлейді. 

«Абылай ханның қара жолы» IV том  «Абылай ханнан абыз Тоныкөкке дейін» кітабы  тарихи-танымдық деректер және Ресей және Монғолия жеріндегі қандастардың өмірі мен шығармашылығы, Ұлы Түркінің құнды мұраларына қатысты жасалған зерттеулер, жол жазбалар, Абылай хан мен Тоныкөк заманында өмір сүрген батырлардың өмір жолы мен ерліктері зерделенген.

Халықаралық жиынның екінші бөлімінде баяндамашылар сөз алды. «Абылай ханның қара жолы» кітабінің III томына ат салысқан ғалымдар Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жамбыл Артықбаев, «Павлодар облыстық өлкетанушылар қоғамы» ҚБ төрағасы Рүстембек Қалымқұлов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне қарасты Қазақстан- Беларусь ғылыми- зерттеу орталығының директоры Жабай Қалиев,  тарихшы, өлкетанушы Нұрмахан Сейітмаханұлы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕНУ-нің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов сөз алып,  Қазақстанның батыс және шығыс өңірінің ерлік, рухани, мәдени асыл қазыналары, Абылай хан және оның хандық кезеңдері жайынан сөз қозғады. 

«Тарихы терең Есіл-Көкше жерінде маңызы үлкен тарихи жиын өтіп жатыр. «Абылай ханның қара жолы» атты республикалық әрі халықаралық экспедицияларының қорытындылары шығып жатыр. Осы экспедициялардың өтуіне әрі жинақ болып шығуына мұрындық болған Мұрат қажы ағамыздың еңбегі. Сондықтан осынау тарихи жобаны жүзеге асырған Мұрат ағамызға ұзақ ғұмыр тілейміз. Алғашқы экспедициямыз 2018 жылы жүзеге асты. Ол уақытта хан жолын анықтап, сол туралы танымдық деректерді жинақтадық. Хан жолын тарихи деректерге алғаш жазған Мәшһүр Жүсіп. Одан кейін Әлкей Марғұланда өз еңбектерінде арқада хан жолынын болғанын айтып өтеді. Осынау тарихи жол Арқаны яғни солтүстікпен оңтүстікті қосатын жол. Бұл хан Абылайдың қара жолы, яғни даламен кеткен жолы ғой. Осы жолдың маңызын терең зерттеп, оны халықтың санасында жаңғыруы үшін әрі келешек ұрпаққа білу үшін, экспедициямыз жолға шыққан болатын. Осынау осынау экспедиция 5 мәрте сапарға аттанды. Қаншама шақырым жол жүрді. Елді мекендер мен тарихи орындарға ат басын тіреді. Сондықтан бұл сапардың мақсаты өз миссиясын атқарып, әрбір сапарынан том-томдық еңбектерін шығарды. Өзім ғылыми жетекшілік еткен екінші сапарда шығысқа аттанып, Абылайдың қорытынды шайқастары өткен жерлердің тарихына сыр шерткен болатынбыз» -  тарихшы ғалым Қанат Еңсенов.

Халықаралық жиынның үшінші бөлімінде Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Серік Негимов, «Ұлы дала тарихындағы жыраулық өнер (Ұлық Түрік жыраудан Бұхар жырауға дейін)», Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының   докторы,  түркітанушы Әбдіуақап Қара «Монғолия мен Түркияның мәдени-рухани байланыстары»,  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры,          тарих ғылымдарының докторы, жазушы  Тұрсынхан Зәкенұлы «Көне түркі құндылықтары – ұлттық идеологияның бастау көзі» Тарих ғылымдарының докторы, Токио шетел тілдері университетінің визитинг-профессоры Дүйсенәлі Әбділәшімұлы «Қытай архивінде сақталған Абылай хан әулетінің хаттары»  тақырыбында тарихи баяндамалар жасады. 

Конференция отырысында АҚШ-тан келген Вашингтон университетінің профессоры Талант Мауданұлы «Қазақ тарихы және жасанды интелект» тақырыбында баяндама оқып, тыңдарман тарапынан қызығушылық танытты.  Өз кезегінде ғалым Жасанды интелекті дәуіріне талпыныс жасап, қазақ тарихына қатысты көне шағатай, парсы, латын, тот-моңғол жазуларындағы деректерді ЖИ бейімдеу арқылы бет-бұрыс жасауға болатынын айтып өтті. 

«Бүгінгі таңда қазақ тарихын жасанды интелект арқылы танудың жаңа жолын қарастыру керек. Өздеріңізге мәлім, кез-келген тарихшы маман архивпен, көне хаттармен жұмыс жасайды. Біздің сол хаттардың көбісі парсы-шағатай, латын, көне тот-моңғол тілдерінде жазылған. Бүгінгі таңда олардың көбісі аударылды. Бірақ сауатты аударылды дей алмаймыз. Екіншіден көптеген хаттар, архивтік деректер шетел мұрағаттарында жатыр. Оларға жету, қол жеткізу де қиыншылық. Бірақ оларды ЖИ арқылы оқуға мүмкіндіктер бар. Ол үшін компьютер және жаңа технологиялар арқылы жасап шығуға болады. Сол тілдердегі транскрипция, әріптік ерекшеліктерді ЖИ бейімдеуіміз қажет.  Сондай-ақ ЖИ арқылы қолжазба мәтін хаттардан әрбір жер-су аттары, кісі аттары, немесе жеке сөздерді танып алуға да мүмкіндік бар. Бүгінгі таңда біз қазақ хандарының Ресейге жазған, Цинь империясына, Осман империясына жазған хаттарын сол жаңа қолдаңба арқылы оқуға мүмкіндіктер жасап келеміз» - деді Т. Мауданұлы. 

Астана халықаралық университеті әлеуметтік жоғары мектебінің доценті Талдабайұлы  «Көне түрік киелі орындарының түрік танымындағы орыны» атты баяндамасында қазақ халқының, ұлы түрік ізбасарларының әлемдік өркениеттегі ұлы мәдениеті жазу тарихына тоқталып өтті. Түрік жазу мәдениетіне тарихына әлі терең зерттеу қажеттігін тілге тиек етті. 

«Біз осы күнге дейін өз тарихымызды өте таяздан алдық. Кеше жаңағы кеңестік кезеңнен алсақ, одан кейін Қазақ хандығына түстік. Енді кішкене тереңдеп келе жатырмыз. Алтын Ордаға бардық. Енді арысы және де Тұрсын Зәкенұлы айтқандай  түркі ғұнға дейін баруымыз керек. Себебі бір халықтың тамыры неғұрлым терең болған сайын ол халықтың тарихы да, мәдениеті де терең бола түсетіні анық. Қазақ халқы өте ұлы халық. Олай дейтініміз әлемдік өркениетке өзіндік жазу мәдениетін қалыптастырды. Жазу дегеніміз – мәдениеттің бір құбылысы болып табылады. Бұндай құбылыс бүкіл әлемде санаулы елдерге ғана бұйырды. Автокланды негізгі жазуы бар әлемде жеті-сегіз-ақ мәдениет бар. Соның бірі Қытай, Мысыр және Шумерліктер. Сондай ежелден жазу тарихы қалыптасқан мәдениетке ие біздің көне түрік бітіг жазуларымыз. Біз мұның байыбына, мәніне әлі барған жоқпыз ғой. Осыған байланысты біз қазіргі таңда көне түрік жазуына семантикалық тұрғыда талдау жүргізіп, жазудың әр таңбасының  архетипін тауып, солардың мына көне түркі танымында қандай мағына беретініне тоқталған едік. Мәселен заттың таңбаға айналуы, суретке айналуы, жазу тарихының бастауы деп білеміз. Біздің петроглифтеріміз, ұлы дала (көшпелі өмір сүрген) аймақтарында көптеп кездеседі. Солардың барлығы да біздің жазу мәдениетіміздің көзі деген сөз» - Талғат Молдабай. 

Сондай-ақ жиынның негізгі баяндамалары қазіргі қазақстан тарихы ғылымының даму үрдісі, түркология бағытындағы ілкімді істер мен зерттеулер, Абылай ханның және Ұлы Даланың ұлы тұлғаларының, олардың ерлік жолдарынның дәріптелуі,  Тоныкөк абыздан Абылай ханға дейін: заман шежіресі, сондай-ақ  Ұлы дала тарихындағы жыраулық өнер, Монғолия мен Түркияның мәдени-рухани байланыстары, Көне түрік киелі орындарының түрік танымындағы орыны, тұлғатану ғылымындағы жаңалықтар, мәселелер сөз болды. 

Ғылыми жиын барысында белгілі түрколог ғалым, тарих ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлының еңбектерінің көрмесі өтіп, ата домбыраның көшірме нұсқасы қонақтарға ұсынылды. Алыс-жақыннан келген қонақтар Уәли хан кесенесіне барып, Бурабай кентіндегі Абылай хан алаңындағы мультимедиалы интерактивті кешенді тамашалады. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?