
Өткен тарихтан жақсы білеміз 1941 жылы 22 маусым күні гитлерлік Германия Кеңес Одағына соғыс жариялады. Сөйтіп, екі еларалық қан майдан басталды. Осы тұста Кеңестер елімен қатар социалистік лагерь қатарында үзеңгілес келе жатқан «інісі» Моңғолия қарап қалмай қолында бар дүниесімен көмектесіп бақты.
Кеңес – Герман соғысы басталған 1941 жылдың шілде айының аяғында МХРП (Моңғол Халық Революцияшыл Партиясы) ОКБ (Орталық Комитеті Басқарамасы) және Министрлер Кеңесі біріккен жиын өткізіп, Моңғолия республикасы «Фашистік басқыншыларды өлердей жек көретіні» туралы әлемге мәлімдеп, апақ-сапақта қиындыққа ұшыраған Кеңес Одағына барынша көмек қолын созу қажет деген шешім қабылдайды.
Бұл шешім идеологиялық емес жаппай бұқаралық сипат алу қажет болғандықтан 1941 жылы 23 маусым күні Ұланбатыр қаласының орталық алаңына күллі халықтық митинг өтіп, республика бойынша «фронтқа көмек» қозғалысы құрылады.
Осы жылдың қыркүйек айында ел көлемінде Қызыл Армияға көмектесу штабы құрылып, барлық аймақ, сұмын, кейбір ірі өндіріс орындарында штаб бөлімшелері ашылады. Осы іске тартылған штаб мүшелері бұқараға «Барлығы фронт үшін», «Жеңіс үшін жан пида» деген ұран тастап, күні-түні тынбай қызу іске кіріседі. Расын айтқанда моңғол араттары (халқы) өздері қару алып, майданға қатыспаса да, шынайы көмек жасаудың үлгісін көрсете білді.
Қарапайым өндіріс жұмысшылары, атап айтқанда Ұланбатырдағы орталық электр комбинаттың қатардағы еңбекшілері күндік нормасын 400 пайыз асыра орындап, тіпті жексенбілік һәм жылдық кезекті демалысын алмай еңбек етті.
1941 жылы қараша айында шақырылған МХРП ОК кезекті пленумы «Барлық мемлекеттік құрылымдар: соның ішінде саяси, экономикалық, мәдени, қорғаныс саласы т.б. жұмысын соғыс жағдайына көшіріп, төтенше тәртіп енгізілсін» деген қаулы қабылдаса, 1942 жылдың қаңтар айында ашылған Моңғолия Республикасының 25-ші құралы: «Мемлекет алдындағы басты міндет – елдің қорғаныс қабілетін күшейтіп, одан кейін қолда бар барлық мүмкіндікті пайдаланып Қызыл Армияға көмек беру ісін жандандыру» жайлы шешім қабылдайды. Кейінгі тарихшылар бұл шешім: соғыс жағдайына көшкен елдің ішкі бірлігін нығайтып, сыртқы саясатын нақтылауға даңғыл жол салды деген пайым айтуда.
****
Ол тұста Моңғол елінің негізі экономикалық тірек көзі мал шаруашылығы болғандықтан, фронтқа жіберілетін көмекте осы бағытта ұйымдастырылды. МХРП ОК мен Министрлер кеңесі 1943 жылы 28 қыркүйек күні «Герман фашистерінің басқыншылық зардабынан зиян шеккен Кеңес елінің қарапайым бұқарасына көмектесу туралы» құжат қабылдады. Осы құжатта: «Герман фашистерінен азат етілген райондарға арнап жылқы түлігін жіберу ісі қолға алынсын» деп көрсетіледі. Бұл іске ат салысқан араттарға «Қызыл Армияға жылқы берген адамдармен тең дәрежеде бағалансын» деген үкім шықты.
Осы орайда, 1943 жылы желтоқсан айында ашылған МХРП ОК кезекті пленумы елдегі мал шаруашылық саласын өркендетудің басты қағидаттарын нақтылап, мал өнімдерін арттырудың жолын қарастырды. Мұндағы мақсат – мал өнімдерінен алынатын шикізат және ет-сүт өнімдерін Кеңес еліне көмек ретінде жолдау еді. Бұл іске бір адамдай ат салысқан ауыл еңбекшілері соғысқа қажет экспорт көлемін 2,5 есе арттырып, әсіресе малдан алынатын жүн өнімдерін 2 есеге көбейтті.
Сондай-ақ соғыс жылдары Моңғол мемлекетті мал шаруашылығымен қатар, ел көлемінде диханшылық кәсібін дамытуды қолға алып, тамақ өнімдерін өндіруді жолға қойды. Нәтижесінде, 1940-1945 жылдары тамақ өнеркәсібі 17,6 есе өсіп, жалпы өнім өндіру мөлшері 28 есеге артты. Дәл осы жылдары Бұлғын, Көбіскөл, Арықанғай, Өбірқанғай, Забқын, Кентей, Қобда, Дорнод аймақтарында Азық-түлік комбинаты іске қосылды. Бұл мекемелер нан және ет өнімдерін көптеп өндірді. 1945 жылы жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің үлесі жалпы өндірістің 41,2 пайызын иеленді.
Соғыс жылдары елде 13 қол өнершілер артелі орнап, олар өнім көлемін 45 пайызға арттырса, 1940 жылы ауыр өндіріс орындарында 33,1 мың адам еңбек етсе, 1944 жылы бұл сан 45,5 мыңға жетті. Ал кіші өндіріс орындарында 1940 жылы 14,8 мың жұмысшы болса, 1944 жылы 22 мыңды құрады.
Моңғолия соғыстан бұрын ішкі өндірістік қажеттілігін Кеңес елінен алып отырған еді. Соғыс жылдары осы қажеттілігін екі есе қысқартты. Соның ішінде, авто машина саймандары, бензин, әртүрлі темір бұйымдарды 4,5 есе азайтты. Бұл ел 1941 жылы Кеңес одағынан 2,5 млн рубльге техникалық құрал-сайман алып тұрса, 1942 жылы оны 75 мың рубль мөлшеріне түсірді. Соғыс жылдары мемлекеттік бюджеттің 30-50 пайызы қорғаныс саласына бағытталып, 1941-1945 жылдары бұл салаға 487 млн төгрек жұмсалыпты.
Яғни соғыс жылдары Моңғолия ішкі өнімін арттырып, Кеңес елінен алынатын тауарды қысқарту арқылы тапқан пайдасын фронтқа жолдап отырды. Бұл іске жаны бар адамның бәрі үлес қосты.
****
Моңғолиялықтар фронтқа көмек ретінде алғашқы составты 1941 жылы қараша айында аттандырды. 137 вагоннан құралған бұл составта: 155 тонна малдың еті, 10 тонна аңның еті, 40 тонна май, 10 торқа арақ, 2718 дана жылы тон, 220 мың қорап шылым, 4102 тері кеудеше, 1300 тері тон, 16300 қысқа тон, 21 мың қолғап, 4500 топ киіз, 17000 қайыс белбеу, 18000 пима, 19000 жүнді киім, 2000 жеңіл аяқкиім, барлығы 7,2 млн төгректің тауары жөнелтілсе, 1942 жылы ақпан айында жолға шыққан 236 вагоннан құралған екінші составта: әр қайсысы 30000 дана болатын: тері тон, пима, кеудеше және 660 тонна азық-түлік, 27000 аңның (киік) еті жөнелтілді.
Ал келесі 1943 жылы фронтқа 8,3 млн төгректің тауары жолданыпты. Жалпы алғанда соғыс жылдары моңғол араттары (халқы) фронтқа ақшаға шаққанда 1 913 705 төгректің көмегін көрсеткен екен.

Фронтқа көмек науқанына елдегі үлкен өндіріс орындары өндірген өніммен қатар былайғы қарапайым халық өздерінің қолдарында бар (алтын, күміс, т.б.) бұйымдарында соғысқа садақа етті. Бұның бәрі «фронтқа көмек» ұраны астында жүргізілді.
Соғысқа деп жиналған көмек қорды ІІМ орынбасары Б.Дордықтың төрағалығымен тағайындалған арнайы кәмесия бақылап отырды. Бұл кәмесияның бөлімшелері ауыл-аймақ, жекеленген өндіріс орындарында жұмыстап тұрды.
Архивтегі мәліметке қарағанда, аталмыш кәмесия құрамына 3241 адам тартылып, олар жеке адамдардан 405 мың төгрек (1942 жылы 80 мың, 1943 жылы 227 мың, 1944 жылы 98 мың) жинапты. Оның сыртында жеке тұлғалар майданға қажет әртүрлі жалпы саны 40 мыңға тарта бұйым беріпті. Мысалы, 10 мың тері тон, 5000 мың қасқыр терісінен тігілген қолғап, ұшқыштарға арналған 1000 дана ит терісінен жасалған етік т.б.
Моңғолиялықтар фронтқа көмек ретінде қолдарындағы малынан басқа, даланың аңын аулап, оның терісінен тігілген бұйымдарды фронтқа аттандырып отырған екен. Тіпті даланың аңын аулап фронтқа көмек көрсету жайлы 1942 жылы Министрлер кеңесі қаулы қабылдап, ауыл-аймақтардағы тәжірибелі аңшылардың басын қосып, мөлшерлі түрде даланың жабайы қабанынан бастап, жыртқыш аңдар қасқыр, қарсақ, суыр т.б. аулаған екен.
Яғни, 1943 жылы 28 қыркүйек күні МХРП ОК және Министрлер кеңесі бірлесіп өткізген жиында соғыс жағдайына байланысты ішкі қажеттілікке тиесілі ет өнімдерін керектенуді азайтып, оның орына даланың қоңыр аңын аулап пайдалану туралы қаулы қабылдайды.
****
Соғыс нағыз қызып жатқан 1943 жылдың қаңтар айында шақырылған 25-ші пленум «Революцияшыл Моңғол ұлысы» атты танк колоннасын жасақтап, оны Қызыл Армияға сыйлау керек деген шешім шығарады. Бұл шаруаны іске асыру үшін 2,5 млн төгрек қажет болады. Бұған барлық бұқара, өндіріс ошақтары ат салысып танк колонасын жасап шығады.

Дайын болған танк колоннасын Қызыл Армияға ресми түрде табыстау үшін мемлекет басшысы Х.Чойбалсын бастаған өкілдер 1943 жылы 12 қаңтар күні Мәскеуге келеді. Олар ертеңінде қала іргесінде орналасқан 112-ші танк бригадасына: мұнара люктеріне орыс тілінде «Революционная Монголия» деген жазуы бар Т-34 және Т-70 маркалы су жаңа 53 танкіні тапсырады. Бұл оқиға майданның Бас қолбасшысы Сталин тарапынан мақтап, мадақталады.
Осы «Революционная Монголия» атты 112-ші танк бригадасы Курск доғасында болған атақты шайқасқа қатысып, ерлік көрсеткені үшін «гвардия» атағы беріледі. Кейін бұл танкі қосыны «44-ші гвардиялық танкі бригадасы» деп аталып, 1944 жылы қаңтар айында Бердичев қаласын азат ету майданында көрсеткен ерлігін есте сақтау мақсатында танкі бригадасы «Бердичев қаласының» аты берілді. Осы танкі қосыны жауды тықсыра отырып, 1945 жылы 25 сәуір күні Берлин қаласына тұмсығын тірепті.
****
Одан кейін 1943 жылы наурыз айында өткен 26-шы пленум фронтқа «Моңғол арат» атты эскадриль жасап беру керек деген шешім қабылдайды. Халық бұқара эскадриль жасауға қажет қаржыны төрт айдың ішінде жинап береді. Нәтижесінде, 1943 жылы 25 қыркүйек күні Смоленск облысы «Вязовая» теміржол стансасы маңында орналасқан дала аэродромына қабырғасында «Монгольсий арат» деген жазуы бар «Ла-5» маркалы 12 ұшақты тапсырып береді.

Монғол елінің соғыс жылдары атқарған тағы бір келелі ісі – халықтың қолындағы сапалы жылқы түлігін сатып алып, майдан даласында зеңбірек сүйрету үшін фронтқа жібері еді. Бұл шаруа «жақсы аттарды майданға жөнелтейік» деген ұран астында іске асты. Нәтижесінде мемлекет халықтың қолынан 413 мың ат сатып алады. Сондай-ақ, қара бұқара өздері 35538 атты тегін тарту етеді.
Ел ішінен жылқы жинау науқаны заңды саяси негізде жүргізілді. Атап айтар болсақ, 1943 жылы 27 қаңтар күні Министрлер кеңесі мен ОК-тің басқарма мүшелері бірлескен жиында «Қызыл Армияға жылқы сыйлау» туралы қаулы қабылданып, күллі республика бойынша жылқы сатып алуға тәжірибелі адамдар тартылды. Бұл жұмысты үйлестіру Министрлер кеңесінің орынбасары Ламжавқа жүктелді. Бұл шаруа барынша ықыласты атқарылады. Үлес қосқан шаруалар 1943 жылы 4 ақпан күнгі Министрлер кеңесінің арнайы шешімімен марапатталды.
Одан кейін 1943 жылы 9 қазан күні Министрлер кеңесі мен ОК-тің басқарма мүшелерінің бірлескен жиыны өтіп: «Қызыл Армияға қажеттілік үшін жылқы жинау ісі әлі де жалғасын тапсын» деген шешім қабылдайды. Сөйтіп, тез арада 75 мың бас жылқы жинау керектігі айқындалды. Бұл жылқы саны аймақ-аймаққа бөлініп тапсырылды. Кешікпей 1943 жылы 16 қазан күні Министрлер кеңесі жиын ашып халықтан сатып алынуға тиіс әрбір жылқы басына 29 төгрек төлеу туралы қаулы шығарды.
Қысқасы екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Моңғол мемлекеті соғыс жалыны шарпыған Кеңес еліне 32 мың жылқы, 8 дүркін жолданған состав арқылы 400 млн-нан астам төгректің дүние-мүлкін, 300 кило алтын жеткізіп беріпті. Осы заттарды халықтан жинаған және қорғап-қоршап фронтқа жеткізген 512 адам әртүрлі мемлекеттік марапатқа ие болыпты.
****
Одан кейін Моңғол елінде қызмет атқарып жүріп майданға аттанған Кеңес азаматтарының отбасына көмек көрсету жайы қарастырылады. Олардың әрбір отбасына 1942, 1943 жылдары мемлекеттік қордан 20-100 төгрекке дейін жәрдемақы беріледі. Балаларына балабақша ашып береді.
Келесі кезекте 1944 жылы 28 сәуір күні ашылған МХРП ОК мен Министрлер кеңесінің бірлескен отырысында Қызыл Армия жауынгерлерінің отбасына көмек көрсету мақсатында орталық құрылып, іске кірісті. Бұл шаруаны тиянақты атқару міндеті – Өндіріс министрі Гомбажаб, Қолөнершілер қоғамының вице төрағасы Базарсад, Азық-түлік министрі Доржығотобтарға жүктелді.
****
Соғыс жүріп жатқан жылдары Ұланбатыр қаласына Кеңес одағының көмегімен ет комбинаты салынып, жылына 4400 тонна жүн жуатын фабрика және тері өңдеу зауаты, алебастр өндіру цехы, Налайқы көмір шахтасы, Зуын бұлақ көмір өндірісі, Ерөө кентінде ағаш өңдеу зауыты, Шоно өзені алқабында түсті металл өндірісі, күдір тазалайтын фабрика және нефть шығаратын оңғылар іске қосылыпты.
Соғыс аяқталғаннан қолда барын аузынан жырып беріп көмектескен Моңғолияға Кеңес үкіметі ризалық танытып, Кеңес елінің басшысы Сталин Моңғолияға экономикалық қолдау көрсету мақсатында 1947 жылы «Наушки-Ұланбатыр» бағытында теміржол құрлысын салу туралы» бұйрыққа қол қояды. Жұмысты ұйымдастыру үшін Ішкі істер министрлігі «отанын сатқандардан» жасақталған «505-ші» түрмені пайда болдырды. Бұған жазасын өтеп жатқан 80 мың адам тартылып, теміржол құрлысын басқаруға тәжірибелі инженер генерал-майор Ф.А.Гвоздевский тағайындалды. 80 мың тұтқынның көбі соғыста немістің қолына түскен кеңестік солдат-офицерлер болса, соның 3000-ы таза власовшылар еді.