Шетелдік қорлардағы құнды жазба мұралар жинақталды

23.04.2026
161
Шетелдік қорлардағы құнды жазба мұралар жинақталды - e-history.kz

Астана төріндегі «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» елімізден тыс жерлерінде сақталған жазба мұраларымызды жинақтап, зерттеуде үлкен жұмыстар атқарып келеді. Ашылғанына 10 жылға жуық уақыт болған орталық  ерте замандардан бүгінгі күнге дейінгі көне қолжазбалар мен сирек кітаптарды жинақтап, тарихи-мәдени құндылықтарымызды жаңғыртуда.

Президентіміз Бурабайда өткен ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында: «құжат түріндегі мұраларымызды ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу мәселесін, халқымыздың тарихын, мәдениетінің байлығын әлемге таныту және ұлттық мұрамызды сақтау» - мәселесін көтерді. Бұл игі бастама мыңжылдық тарихымызды ұлттық цифрлық мұрағат негізінде жасанды интеллект жүйелеріне кіріктіру, тарихи зерттеулерді жандандыру міндеттерін айқындады. 

Соңғы жылдары шетел архивтері мен кітапханаларында және жеке қорларда сақталған ұлт тарихына қатысты қолжазбалар мен сирек кітаптарға ғылыми зерттеу бағытында қызығушылық оянды. Одан бөлек еліміз ғылыми зерттеу бағытындағы гранттық жобалардың үлесін арттырды. Сондықтан болар шетелдің архив қорларынан 7 мыңнан астам архивтік құжаттар елімізге оралды. «Архив-2025» бағдарламасы аясында қазақ тарихы, әдебиеті мен мәдениетінің сан қырлы беттерін ашатын қүнды дереккөздер, қолжазбалар, сирек кітаптар табылды. 

Соларды жинақтап, олардың қазақ тарихына қатыстылығын зерттеп, ғылыми айналымға енгізуде - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы» мамандары жүйелі жұмыс атқарды. Сол жұмыстардың нәтижесінде 2024 жылы орталық қызметкерлері «Шетелдік қорлардағы құнды жазба мұралар» атты каталог-альбомның І томын жинақтады. Алғашқы томда XIII-XX ғасырлар аралығындағы араб, парсы, шағатай және төте жазуында жазылған 65 қолжазба жүйеленіп, ғылыми сипаттамасымен берілді. 

Күні кеше сол каталог-альбомның ІІ томы жарық көріп, оқырман назарына ұсынылды. Католог-альбомда Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғылыми-зерттеу жұмыстары аясында Ұлыбританияның Бодлеан кітапханасы, Джон Райлэндс кітапханасы, Үндістанның Худа Бакш кітапханасы, Францияның Ұлттық кітапханасы, Иранның Парламенттік кітапханасы, Түркияның Сүлеймания кітапханасы және тағы басқа да кітапханалар мен ғылыми орталықтарынан анықталған Қазақстан тарихына қатысты бар маңызды сирек қолжазбалар мен құнды баспа кітаптардың сипаттамалары берілді. Жинаққа қазақ жерінен шыққан атақты ғұламалар – Хусам ад-Дин, ас-Сығанақи, Қадыр Али Бек Жалайри, Мұхаммед Хейдар Дуғлат және басқа ғалымдардың еңбектері енгізілді. 

Кітапты құрастырушылардың бірі, шығыстанушы, тарихшы Алмат Амантайұлының айтуынша, басылымға енгізілген құнды құжаттар, қолжазбалар шетелдегі ірі кітапханалар мен архивтерге жасалған археографиялық экспедициялар арқылы жинақталған. 

«Каталог-альбомда араб, парсы, шағатай, түркі және қазақ тілдерінде жазылған 72 қолжазба мен сирек кітаптар енгізілген. Барлығы шетелден әкелінген құнды құжаттар. Барлығының көшірмесі біздің орталықта бар. Кітапта қамтылған құнды құжаттардың 70 пайызға жуығы тікелей Қазақ елінің тарихына қатысты деректер. Олардың қатарында Алтын Орда тарихы, қыпшақ-қимақтар тарихы туралы, Қарахан мемлекетіне және де Қазақ хандығына қатысты қолжазбалар топтастырылды. Материалдарды іріктеу барысында олардың тарихи, мәдени, ғылыми, діни және әдеби маңызы ерекше ескерілді. Сондай-ақ баспаның сирек немесе бірегей болуы, қолжазбалардың Қазақстан тарихына мен мәдениеті үшін құндылығы басты назарға алынды» дейді А. Абсаликов. 

Ғылыми еңбектегі құнды қолжазбаның бірі – Насаб нама Мулук. Көне құнды кітаптың авторы – Рашид Әд-дин Хамадани. Парсы және моңғол тілінде жазылған. Сирек кітап Түркияның Ыстамбұл қаласындағы Топ-Капы кітапханасынан табылған. 

«Каталог-альбомда қамтылған ең құнды қолжазбалар қатарында Қарахан дәуірінің құраны, Сұлтан Бейбарыс пен Өзбек ханның құраны, Панджгана кітабын жатқызуға болады. Солардың ішінде Паджгана еңбегіне тоқталып өтсем. Әлемдік зерттеушілер Шуаб Панджгана деп атап кеткен Рашид Әд-диннің «Насаб нама мулук» атты еңбегі өз қолымен жазылған құнды кітап. Ол бұрын орыс тіліне аударылған. Ғылыми айналымға енгізілген. Қазақ тіліне тәржімеленіп, әдеби түсініктемесі жасалынбады. Сондықтан біздің орталық мамандары бұл еңбекті алғаш рет қазақ тіліне аударып, ғылыми түсініктемесін жасап отыр. Бұл еңбек Шыңғыс ханның және оның ұрпақтарының генеологиясына арналған» дейді Алмат Амантайұлы. 

Аталған іс-шара Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күні аясында ұйымдастырылып отыр. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында кітап оқудың маңыздылығын ерекше атап өтіп, оны ұлт сапасын қалыптастыратын басты құндылықтардың бірі ретінде айқындаған болатын.

Қарахан дәуірінің құраны. Джон Райландс кітапханасы, Ұлыбритания

Іс-шараның мақсаты – ұлттық жазба мұраны насихаттау, шетелдік қорларда сақталған құнды қолжазбалар мен сирек кітаптарды ғылыми айналымға енгізу, сондай-ақ заманауи цифрлық және жасанды интеллект технологиялары арқылы мәдени мұраға қолжетімділікті кеңейту.

«Бұл ғылыми кітап «архив-2025» жобасы аясында әлемнің көптеген ғылыми орталықтары, архивтері, кітапханалардан жинақталып, оқырман назарына ұсынылып отыр. Былтырда бұл кітаптың бірінші бөлімі жарық көрді. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасады. Қазір Астанамызда кітап күні мерекесі басталып жатыр. Бұл шарада сол мерекенің қарсаңында өтіп жатыр. Әлемнің отызға жуық елінен делегаттар қатысып, 80-ге жуық баспа өз өнімдерін ұсынып жатыр. Жоғарыдағы аталған «Архив-2025» жобасы бес жыл көлемінде жұмыс атқарып, шетелдің архив қорлары, кітапханаларынан 7 мыңнан астам құжатты елімізге әкелді. Олардың барлығы Қазақстанның тарихына қатысты. Ол еңбектердің барлығы зерттеуші жас ғалымдарға, ғылым докторларына қолжетімді. Құнды құжаттар осы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві ғимаратында сақтаулы. Ұлттық архивтің 83 қорында сол құжаттардың барлығы орналасқан» - деді Ұлттық архив қорын пайдалану және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасы басшысы Ибраим Бабаев. 

Сонымен қатар, Ұлттық орталықта жасанды интеллект технологиялары негізінде әзірленген жаңа веб-сайт іске қосылды. Платформа пайдаланушыларға қолжазбалар мен сирек кітаптарға қолжетімділік беріп, QR-код жүйесі арқылы ақпаратты жедел әрі ыңғайлы түрде алуға мүмкіндік береді.

Іс-шара барысында жаңа жобаның негізгі мүмкіндіктері таныстырылып, каталог-альбомның мазмұны мен ғылыми маңызы кеңінен талқыланып, ресми тұсаукесері өтеді. Жиынға отандық ғалымдар, архивистер, тарихшылар, мәдениет саласының өкілдері және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз