2026 жылдың 17 сәуірінде Ақмола облысы, Целиноград ауданына қарасты Ақмол ауылында орналасқан «АЛЖИР» мемориалды музей кешенінде қазақ руханияты үшін аса маңызды ғылыми жиын өтті. Астана қаласы әкімдігінің «Бірлескен мұражайлар дирекциясы» МКҚК мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Филология факультеті бірлесіп ұйымдастырған бұл республикалық ғылыми-практикалық конференция жазушы-драматург, журналист, тарихшы, лингвист, ұлт қайраткері Қошке Кемеңгерұлының 130 жылдығына арналған «Алаш мұрасының зияткер ұлт қалыптастырудағы маңызы» тақырыбындағы конференция тұлға мұрасын және бүгінгі қазақ қоғамы үшін өзекті әрі терең мазмұнды мәселелерді қамтыды.
Конференцияның ашылуында сөз алған «АЛЖИР» мемориалды музей кешенінің директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Даулеткерей Кәпұлы тарихи жадыны жаңғырту мен Алаш мұрасын ұлықтаудың маңызын ерекше атап өтті.

Қошке Кемеңгерұлының шығармашылық және ғылыми мұрасы тек өткеннің ескерткіші ғана емес, қазіргі ұлттық сананың негізін құрайтын рухани тірек екенін қадап айтты.

Ғылыми баяндамалар бөлімінде әртүрлі сала ғалымдары Қошке Кемеңгерұлының көпқырлы тұлғасын жан-жақты ашуға тырысты. ҚР ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы өз баяндамасында Кемеңгерұлының журналистік қызметін талдай отырып, оның қазақ баспасөзінің қалыптасуындағы рөлін нақты деректермен негіздеді. Академик Дихан Қамзабекұлы баяндама барысында:
«Бүгінгі таңда біз Алаш мұрасын қандай бағыттар арқылы зерделеп, оны қоғамға қалай тиімді жеткізе аламыз деген мәселе өзекті болып отыр. Бұл жерде ең алдымен баспасөздің рөлі айрықша. Қазақтың зиялы қауымы қалыптастырған баспасөз дәстүрі – бір күнде пайда болған құбылыс емес, ол – үлкен тарихи еңбектің нәтижесі. Біз кейде Алаш зиялыларын бір ғана тұлғаның айналасына топтастырып, мысалы, Әлихан Бөкейхан немесе Ахмет Байтұрсынұлы есімдері арқылы жалпылама түрде сипаттаймыз. Алайда мұндай біржақты қарастыру Алаш қайраткерлерінің ұрпақтары тарапынан орынды сын тудыруы мүмкін. Себебі Алаш – бір адамның емес, тұтас буынның, ортақ идея жолында біріккен тұлғалардың символына айналған құбылыс.
Қазақ баспасөзінің дамуын қарастырғанда, «Қазақ» газетінен бұрынғы және кейінгі кезеңдерді бөліп қарау маңызды. Әсіресе ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы баспасөз ерекше қарқынмен дамыды. Бұл кезеңде зиялылар «қалай ел боламыз, қалай бірлікке жетеміз, халықты қалай оятамыз?» деген сұрақтарға жауап іздеді. Саяси құралдармен қатар, ағартушылық бағыттағы баспасөз негізгі мінберге айналды. Алғашқы кезеңдерде бұл үрдіс қолжазба журналдардан бастау алды. Мысалы, Омбы қаласындағы қазақ жастары құрған «Бірлік» ұйымы «Балапан» атты қолжазба журнал шығарды. Мұнда жастардың мәдениетке, білімге, жаңа өмірге ұмтылысы айқын көрініс тапты. Олар «біз ешқашан артта қалмауымыз керек, өз мәдениетімізді, өз кеңістігімізді өзіміз қалыптастыруымыз қажет» деген идеяны алға тартты. Бұл ұлтқа қызмет етудің нақты көрінісі еді. Сол кезеңдегі әрбір сөйлемнің астарында ұлттық жаңғыруға деген ұмтылыс жатты. Алаш зиялылары Ресей империясының құрамында отырып, демократиялық жолмен ұлттық автономия құруды көздеді. 1917 жылғы тарихи оқиғалар барысында қазақ зиялылары өз мемлекеттілігін қалыптастыруға ұмтылды. Бұл әрекеттерді қазіргі құқықтық тұрғыдан қарастырсақ, халықтың өзін-өзі билеуге деген талпынысы заңды негізге ие екенін байқаймыз. Яғни, белгілі бір халық өзінің мемлекеттік құрылымын құруға ұмтылса, бұл халықаралық құқық қағидаттарына сәйкес заңды құбылыс болып саналады. Осы тұрғыдан алғанда, Алаш зиялыларының, соның ішінде Қошке Кемеңгерұлының журналистік қызметі ерекше мәнге ие. Олар баспасөзді қоғамның мінберіне айналдырып, халыққа ой тастайтын, бағыт-бағдар беретін құрал ретінде пайдаланды. ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы қазақ баспасөзінің негізгі бөлігі дәл осы зиялылардың еңбегімен қалыптасты. «Ақ жол», «Қазақ», «Темірқазық» сияқты басылымдарда жарияланған материалдар – ұлттың рухани дамуына ықпал еткен маңызды дүниелер. Бұл кезеңде шамамен алпыс-жетпіске жуық қаламгер белсенді еңбек етті. Солардың қатарында Қошке Кемеңгерұлының да орны айрықша. Оның публицистикалық еңбектері қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, халықты білімге, бірлікке, ұлттық сананы жаңғыртуға шақырды. Ол тек жазушы емес, қоғам қайраткері ретінде де баспасөз арқылы халықпен тікелей байланыс орната білді», - деді.

Конференция аясында Қошке Кемеңгерұлы мұрасының әртүрлі қырлары кешенді түрде қарастырылды. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің қауымдастырылған профессоры Өмірзақ Сұлтанов «Қ.Кемеңгерұлының ауылшаруашылық саласындағы ғылыми-танымдық еңбегі» атты өз баяндамасында Қ.Кемеңгерұлының ауылшаруашылық саласындағы ғылыми-танымдық еңбектеріне тоқталды. Атталған баяндамада:
«Құрметті жиналған қауым!
Жаңа сөзінің басында академик Дихан Қамзабекұлы «Қошке әлемі» деген тіркесті қолданды. Шынында да, Қошке Кемеңгерұлының өмірбаянына назар аударсақ, оның сан қырлы тұлға болғанын анық көреміз. Жалпы, бұл жерде бір маңызды жайтты айта кеткен жөн: Алаш зиялылары, соның ішінде Әлихан Бөкейхан бастаған қайраткерлердің өмірбаянына үңілсек, олардың айналыспаған саласы, назар аудармаған мәселесі жоқ деуге болады. Әсіресе қазақ халқының тағдырына қатысты барлық салаға белсенді араласқан. Сол тұрғыдан алғанда, Қошке Кемеңгерұлы да – жан-жақты тұлға. Ол жазушы, драматург, әртіс, журналист, тіл маманы ретінде белгілі. Сонымен қатар оның білім жолына қарасақ, ауыл шаруашылығы саласына да тікелей қатысы бар екенін байқаймыз. Мен өзім Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетте қызмет атқарғандықтан, кейбіреулер «оның ауыл шаруашылығына қандай қатысы бар?» деп ойлауы мүмкін. Алайда Қошке Кемеңгерұлының алғашқы алған білімі осы салаға тікелей байланысты болған.
Соңғы жиырма жыл шамасында біз Алаш қайраткерлерінің, оның ішінде Әлихан Бөкейханның өмірбаянын, әсіресе оның экономикалық көзқарастары мен ауыл шаруашылығына қатысты еңбектерін зерттеп келеміз. Ветеринария, медицина саласына маманданған қайраткер жаратылыстану және ауылшаруашылық ғылымына қатысты мақалалар жазып, «Химия» оқулығын аударған. «Егін салу турасында» атты зерттеуі 1923 жылы жарық көріпті («Бостандық туы» газетінің (Қызылжар) бес санында жарық көріпті.). Ол еңбегінде қазақ жерінде егін өсіру жайы жазылған. Жалпы бұл сол кезең үшін көкейкесті мәселе еді. Бұл - қаламгердің ауыл шаруашылығы туралы үлкен зерттеуінің бір бөлігі ғана. «Қазақ тарихынан» (1922 жылы жазылып бітіп, 1924 жылы Мәскеудің «Күншығыс» баспасынан шыққан) атты зерттеу еңбегінде отырықшылыққа байланысты пікірлері бар екен. Онда былай дейді:
«Қазақ елі құрымас үшін отырықшы болу керек» деушілер бар. Отырықшы болған соң шаруа түрі өзгеріп, ауданы тараяды. Мұндай шаруаны алып бару үшін білімді көсемдер керек (оқытушы, агроном, адам һәм мал дәрігерлері сияқты), бұлар табылса һәм жер су егіндікке қолайлы болса, отырықшы болған артық. Көсемдер болмағанда әншейінде кең қонышты, салақ, жалқау қазақтарға бірігіп қала болып отыр деуге өлімге итергенмен бірдей».
Ал Қошке Кемеңгерұлының бұл бағыттағы еңбектеріне соңғы бір-екі жылдың көлемінде ғана тереңірек назар аударыла бастады. Бұған дейін де жекелеген зерттеушілер тарапынан зерттеулер жүргізілген. Сонымен қатар оның үш томдық шығармалар жинағында да ауыл шаруашылығына қатысты еңбектері жарияланған. Енді оның білім жолына келсек, Қошке Кемеңгерұлы алғашқыда екі жылдық ветеринарлық-фельдшерлік училищеде білім алған. Бұл оқу орнында ол медицина негіздерімен де таныс болды. Кейін 1913–1918 жылдары Омбыдағы ауыл шаруашылығы училищесінде білімін жалғастырған. Оны бітіргеннен кейін еңбек жолын бастаған. Осы жерде айта кететін маңызды мәселе – оның негізгі мамандығы агрономия саласына жақын болған. Сондықтан біз оны ауыл шаруашылығы ғылымымен байланыстыра қарастыруымыз орынды. Бұл мәселені біз бүгінгі студенттерге де жеткізуіміз қажет. Қазіргі таңда Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университеттің студенттері ғана емес, оқытушылары да Қошке Кемеңгерұлының мұрасын тереңірек танып-білуі тиіс», - деп, Қошке Кемеңгерұлының тек гуманитарлық бағытта ғана емес, аграрлық салада да терең білім иесі болғанын атап өтіп, оның бұл бағыттағы еңбектерінің ғылыми мәнін ашып көрсетті.

Профессор Өмірзақ Сұлтанов өз баяндамасында Қошке Кемеңгерұлының публицистикалық мұрасына ерекше тоқталып, оның 1918 жылы «Жас Азамат» газетінде жарияланған «Қазақ жеріне қолқа салушылары» атты мақаласын талдады. Ғалым бұл еңбекті Алаш кезеңіндегі жер мәселесіне қатысты ең өткір, ең көреген публицистикалық туындылардың бірі ретінде бағалай отырып, Қошкенің сол кезеңдегі отаршыл саясаттың астарын дәл танығанын атап өтті. Аталған мақалада Қошке Кемеңгерұлы қазақ жеріне бағытталған төрт негізгі қауіпті жобаны көрсетеді:
«Қазақ жеріне салқынын тидіретін төрт жоба:
1.Алтай, Семей, Ақмола аудандарында свекла-қант зауыттарын ашуға болады...20 000 десятина жер керек. Ақмола, Семей туралы пікір жабық болса да, айдай айқын: бұл екі облыста қазақ жеріне айналатындығы.
2.Ақмола, Атбасарға қараған Нұра, Теңіз көлі, Есіл арасында 700 мың десятина жерге, Қызылжар, Атбасарға қараған елмен Торғай шекарасында 800 десятина жерге арық жүргізіледі... Осы айтылған аудан суарылып, егін шаруасына қолайланса-ақ переселенге (келімсек-қара шекпен) толтырылады. Тұрғын көшпелі қазақ шөлге қарай жылысады.
4. Егіндік жердегі қазынаның, жеке байлардың мәдени мал шаруаларын таулы-тасты жерге көшіріп, бұлардан босаған жерлерді сұраушыларға беру керек... Бұл енді қазаққа таулы-тасты жерді еркін тимейтіндігін көрсетеді.
4. Шет мемлекеттердің капиталы (іс-құралдары) кірсін... Бұл кен қазу, зауыт-фабрика салу (қазақ жеріне кірсе), жоғарыдағы 3 жобаны да орындауға кіріседі деген сөз»
Қошке Кемеңгерұлы өз еңбегінде қазақ жеріне төнген қауіп-қатерді нақты экономикалық жобалар арқылы ашып көрсетіп, ұлттық мүдде тұрғысынан терең талдау жасайды. Сондай-ақ, жерге үлкен назар аударып, «ЖЕР – мәңгі байлық, алдыңдағы малыңнан, қойныңдағы ақшаңнан қымбат. Өнер-білім кенжелігі болса да автономияға аласұрып жатқандық – жер үшін», -дейді.

Конференция барысында Қошке Кемеңгерұлы мұрасының әртүрлі қырларын қамтыған мазмұнды баяндамалар ұсынылды. Атап айтқанда, т.ғ.к., Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова «Қ.Кемеңгерұлының Омбы облысының тарихи архивінен табылған қолжазбасы» тақырыбында тың деректерді таныстырса, ф.ғ.д., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры Бекжан Әбдуәли «Қ.Кемеңгерұлы кейіпкерлері: антропонимдік зерделеу» арқылы қаламгердің көркемдік әлемін талдады, ф.ғ.д., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Сағымбай Жұмағұл «Қошке Кемеңгерұлының нақыл сөздері» тақырыбында оның ойшылдық қырын ашып көрсетсе, п.ғ.к., А.Құсайынов атындағы ЕАГИ қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті Айжан Шормакова «Қ.Кемеңгерұлының әдістемелік технологиясы: дәстүр мен сабақтастық» аясында педагогикалық мұрасын қарастырды. Сонымен қатар, Астана қаласындағы Қ.Кемеңгерұлы атындағы № 49 мектеп-гимназиясының директоры Жайнар Сейдуллаев «Қошке Кемеңгерұлы мұрасының мектепте оқытылуы» мәселесіне тоқталса, Astana IT University-нің Жалпы білім беру мектебінің ассистент-профессоры, PhD Алмас Иманғалиев «Қ.Кемеңгерұлы еңбектеріндегі қазақ тарихының көрінісі» тақырыбында тарихи танымды саралады. Ал Астана қаласы әкімдігінің «Абай Құнанбайұлы атындағы 87 мектеп-гимназия» ШЖҚ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының докторанты Данияр Ихсан «Алаш қайраткерлерінің Түркістан баспасөзінен табылған туындылары» негізінде олардың публицистикалық мұрасының маңызын айқындады.

Жиынның ерекше мазмұндық бөлігінің бірі – Алаш ұрпақтарының естеліктеріне арналды. Бұл бөлімде Қошке Кемеңгерұлының туған-туыстары сөз алып, оның тұлғасын адами, отбасылық қырынан танытты. Қ.Кемеңгерұлының жиені, зейнеткер Қарлығаш Шайхманова «Зайра Қошкеқызының аманатқа адалдығы» атты баяндамасында әулет ішіндегі рухани сабақтастықты, ұрпаққа жүктелген тарихи жауапкершілікті әсерлі естеліктер арқылы жеткізді. Ол Зайра Қошкеқызының тағдыр-талайына тоқталып, Алаш қайраткерінің аманатына деген адалдықтың үлгісін көрсетті. Қ.Кемеңгерұлының немересі, ардагер ұстаз Ризабек Кемеңгеров «Нарманбет Қошкеұлының ғибратты ғұмыры» тақырыбында сөз сөйлеп, әулет өкілдерінің өмір жолы арқылы ұлттық құндылықтардың жалғастығын айқындады. Ал Қ.Кемеңгерұлының жиені, зейнеткер Қамария Ризақызы «Сәуле Қошкеқызының ата-ана қасиетін ұстанған жолы» атты баяндамасында отбасы тәрбиесінің, ата-ана аманатының маңызын, тұлға ұрпақтарын фотосуреттер негізінде ашып көрсетті. Аталған естеліктер Қошке Кемеңгерұлының тек қоғам қайраткері ғана емес, сонымен қатар ұрпағына өнеге қалдырған тұлға екенін терең сезінуге мүмкіндік берді. Бұл бөлім ғылыми талдаудан гөрі рухани әсерге толы болып, тарихи жадыны жандандыруымен ерекшеленді. Сонымен қатар, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры Қайырбек Кемеңгер қошкетану саласында әлі де толық игерілмеген мәселелер бар екенін атап өтті.

Конференцияның соңғы бөлігінде жастардың қатысуы ерекше мәнге ие болды. ЕҰУ студенттері «Алаш мұрасын жасанды интеллект арқылы насихаттау» тақырыбында баяндама жасап, ұлттық мұраны цифрлық кеңістікте дәріптеудің жаңа жолдарын ұсынды. Сонымен қатар, Қошке Кемеңгерұлының ұрпақтары мен студент жастардың өлең оқу, күй орындау сияқты мәдени бағдарламалары рухани сабақтастықтың айқын көрінісіне айналды. Жалпы алғанда, бұл ғылыми-практикалық конференция Қошке Кемеңгерұлының тұлғасын жаңа қырынан танытып қана қоймай, Алаш мұрасының бүгінгі зияткер ұлт қалыптастырудағы орнын айқындап берді.