«Алпамыстың ұрпағы»: Қазақстанға Моңғолия президенті келді

20.04.2026
327
«Алпамыстың ұрпағы»: Қазақстанға Моңғолия президенті келді - e-history.kz

Бүгін Астана аспанында ерекше дипломатиялық леп есіп тұр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүх ресми сапармен елімізге келіп жатыр. 

Бұл сапар – тек хаттамалық кездесу емес, тамыры тереңде жатқан екі елдің байланысын одан сайын нығайтатын қадам болғалы отыр. 

Қазақ пен моңғол халықтарын байланыстыратын ортақ құндылықтар тым тереңде жатыр. Екеуі де Орталық Азияның ұлы даласын тең бөлісіп, тай-құлындай тебісіп келе жатқан ежелгі көршілер. XIII ғасырдағы Шыңғысхан империясы тұсынан бастап екі халықтың тағдыры тіптен жақындай түсті. 

Екі елдің тарихи негізінде сақ, ғұн, түркі және моңғол кезеңдерінің ізі жатыр. Көне Түркі қағанатының алтын бесігі болған Орхон-Енисей ескерткіштерінің бүгінде Моңғолия аумағында сақталуы – біздің рухани жақындығымыздың айқын айғағы. Сол секілді Шыңғыс хан құрған империяның шаңырағы астында қалыптасқан мемлекеттік басқару жүйесі кейіннен Қазақ хандығының саяси құрылымына тікелей әсер етті.

Дипломатиялық байланыс

Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ресми дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы 22 қаңтарда орнады. Сол 34 жылдан бері екі ел арасында саяси қайшылық болған емес.

1991 жыл

Қазақстан тәуелсіздік алысымен Моңғолия алғашқы мойындаған мемлекеттердің бірі болды. Екі ел арасындағы ресми дипломатиялық қатынас орнады.

1993 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлан-Батырға тұңғыш ресми сапармен барды. Сапар барысында екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынас орнап, реми байланыстың шарттық-құқықтық негізі қаланды.

1998 жылы Моңғолия Президенті Н.Багабандидің Қазақстанға сапары мен ҚР Президентінің Моңғолияға қарымтап сапары екіжақты қатынасқа тың серпіліс берді.

2007-2008 жылдар аралығында Моңғолия Президенті Н.Энхбаярдың Қазақстанға, Қазақстан Президентінің Моңғолияға мемлекеттік сапарлары болды. Екі ел президенттерінің Бірлескен мәлімдемелеріне қол қойылды.

2024 жылдың жылдың қазан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Моңғолияға мемлекеттік сапары болды. Бұл сапарда екі ел арасындағы «стратегиялық серіктестік» декларациясына қол қойылды. Зейнетақы саласы, авиациялық байланыс, 2025–2027 жылдарға арналған сауда жол картасы бекітілді.

Енді міне жауап сапар ретінде Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсүхтің Астанаға мемлекеттік сапармен келе жатыр. Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту саласында көптеген келісімдер жасалады деп күтіліп отыр. 

1991 жылдан бүгінге дейін Қазақстан мен Моңғолия арасында 40-тан астам екіжақты келісімшартқа қол қойылған екен. 

2026 жылғы қаңтардағы деректер бойынша, екі ел тауар айналымын 500 миллион долларға жеткізуді көздеп отыр. 2025 жылы қол қойылған еркін сауда туралы келісімдер бүгінде екі ел арасындағы экономикалық тосқауылдарды жоюға жол ашты.

Моңғолиядағы қазақтар

Моңғолиядағы қазақтар - тек диаспора ғана емес. Олар сол елдің тарихы мен мәдени өміріне тікелей үлес қосқан, яғни елдің батыс аймағын ғасырлар бойы мекендеп келе жатқан халықтың ұрпағы. Нақты айтар болсақ, олар өздерінің ата-қонысында отыр. Алтай тауларының баурайын, Баян-Өлгей аймағын ертеден мекендеп, өз жер-су атауларын, рулық тіршілігін сақтап келеді. Баян-Өлгей аймағы халқының 93 пайызын қазақтар құрайды.

1991 жылдан бастап Қазақстанның тәуелсіздік алуына байланысты оралмандар бағдарламасы аясында мыңдаған отандастар тарихи атамекенге оралды. Содан бері бір миллионнан астам қазақ өз отанына оралды. 

Моңғол мемлекетінің дамуына үлес қосқан қазақтар

Моңғолиядағы қазақ диаспорасы – екі ел арасындағы «алтын көпір» саналады. Бүгінде бұл елде 100 мыңнан астам қандасымыз тұрады, олар Моңғолияның саяси, мәдени және экономикалық өміріне елеулі үлес қосып келеді. Сондай-ақ, елдің саяси, мәдени және рухани өміріне белсене атсалысып отыр.

Ақыт Үлімжіұлы -Моңғолия қазақтарының ең ірі ақындарының бірі.

Ақтан Бабиұлы - Моңғолия қазақ әдебиетінің негізін қалаушы. Оның драматургиясы мен поэзиясы моңғол сахнасында қазақ тұрмысының айнасы болды.

Мініс Әбілтайұлы - Моңғолиядағы қазақтар арасынан Мәскеуде докторлық атақ алған тұңғыш тарихшы. Партия тарихы институтында тете директор лауазымын атқарды. Бұл өз кезегінде моңғол мемлекетіндегі жоғары лауазым болатын.

Жайсанып Мүдәрісұлы - Моңғолиядағы алғашқы қазақ генералы, жоғары лауазымды қызметкер.

Моңғолия қазақтарында қонақта

Мұсахан Құрманханұлы - Моңғолияның мемлекеттік қайраткері, Баян-Өлгей аймағының негізін қалаушылардың бірі. Оның ұйымдастырушылық қабілеті арқасында қазақтар шоғырланған аймақтың әлеуметтік-экономикалық іргетасы қаланды.

Ағыпер Бәкей - Моңғолия Великого Государственного Хуралының (парламент) депутаты болған, елдің заң шығару жүйесіне, әсіресе ауыл шаруашылығы саласына үлкен үлес қосқан саясаткер.

Сұлтан Тәукейұлы: Моңғолияның Қарулы Күштерінде жоғары шен иеленген генерал, екі ел арасындағы әскери ынтымақтастықтың нығаюына еңбек сіңірді.

Моңғолияның Халық артистері: Ж.Қибатдолда, Ә.Қабылаш, А.Моңғолхан және басқалар. Бұл кісілер Баян-Өлгийдегі Ұлттық музыка-драма театрының негізін қалап,  қазақ өнерін дамытты. 

Ікей, Қожағапан, Шоя, Солтан есімді Моңғолияның алғашқы Ұлттық батырлары мен Еңбек Ерлері қалыптасты.

Мәселен, Ұлболған Шегірткеқызы (1937 ж., Баян-Өлгий) Моңғолияның Еңбек Ері атағын алған алғашқы қазақ әйелі.

Хайрол Жәлелұлы - Дүниежүзіне танымал нейрохирург.

Мекей Әбішұлы - Атақты математик, АҚШ-та дәріс берген.

Дінейхан Миналұлы – әлемге танымал ядрофизик

Сол секілді Зардыхан Қинаятұлы, Қаржаубай Сартқожаұлы, Жәмила Әпселеңқызы, Ноғай Шымшырұлы, Қашқынбай Мәлікұлы, Құрметбек Байтазаұлы, Ахмет, Сандалхан Раздықұлы сынды өз уақытында министр, депутат, жоғары шенді қызметкер аталған тұлғалар көп. 

Моңғол демократиясының архитекторы

Моңғолияның қазіргі заманғы саяси тарихында Зардыхан Қинаятұлының есімі алтын әріппен жазылған. Ол моңғол қоғамындағы демократиялық реформалардың идеологы, мемлекет қайраткері және ірі ғалым.

1990-жылдардың басындағы Моңғолиядағы «мамық төңкеріс» кезінде Зардыхан Қинаятұлы демократиялық күштердің алдыңғы шебінде болды.

Ол Моңғолия Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары (Вице-премьер) және Парламент (Кіші Хурал) төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.

Конституция авторы. Моңғолияның жаңа Демократиялық Конституциясын дайындау комиссиясы төрағасының орынбасары ретінде елдің құқықтық негізін қалады.

Зардыхан Қинаятұлы | өмірбаяны

1997 жылы атажұртқа оралған соң, Қазақстанның тарих ғылымына, әсіресе Шыңғыс хан дәуірі мен Моңғол империясы кезеңін зерттеуге зор үлес қосты.

Қазіргі уақытта да қазақтар саяси өмірде өте белсенді. Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралында қазақ депутаттары отырады, үкіметте министр деңгейіне дейін жеткен тұлғалар болған. Баян-Өлгейде қазақ тілінде білім беріледі, мәдени-рухани жағынан еркіндік бар. 

Моңғолияда күрес өнері жоғары бағаланады. Күрес - ұлттық намыс пен рухтың өлшемі. Қазақ жігіттері бұл салада да алдына жан салмай келе жатыр. 

Бақыт Одынайұлы - Моңғолияның төрт дүркін чемпионы, «Мемлекет сұңқары» (Лашын) атағының иегері. Ол - еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, моңғол спорт тарихындағы аңыз тұлғалардың бірі.

Серік Бердімұратұлы - Сумодан жасөспірімдер әлем чемпионы. мемлекеттік піл дәрежеcін иеленген палуан. 

Нұрлан Жүнісұлы - Бодибилдингтен әлем чемпионы атанып, Моңғолия туын халықаралық аренада биікке көтерді.

Сайфолла Тілеубердіұлы - Пауэрлифтингтен әлемдік рекордтар орнатқан спортшы.

Моңғолиядағы қазақтар — тек этникалық топ емес, бұл елдің саясатын жүргізген, заңын жазған, мәдениетін байытқан және спорттық айбынын асқақтатқан мемлекет құрушы ұлттардың бірі. 

Тақырыпқа тұздық: 

Моңғолияда 1990-жылдардың соңында азаматтарға өздерінің ежелгі рулық тектерін («овог») қайта жаңғыртуға рұқсат берілді. Сол кезде моңғолдардың басым көпшілігі (90%-ға жуығы) өздерін Шыңғыс ханның руы — «Боржигин» деп жаздырды. Алайда, Моңғолияның қазіргі президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх өзінің нақты тарихи руы — Харнууд тегін сақтап қалған. Дегенмен қазіргі Моңғолия саясатында рулық тиістілік қазақ қоғамындағыдай маңызды рөл атқармайды. 

Харнууд — бұл қазақ пен моңғолдың бөлініп кетпеген кезіндегі ортақ тарихының жұрнағы. Егер Қоңыратты үлкен ағаш десек, Харнууд — сол ағаштың Моңғолия аумағында қалған бұтағы, ал қазақ Қоңыраттары — Батысқа қарай жайылған тамырлы бөлігі.

Моңғол шежірелері мен тарихи деректерде (мысалы, "Моңғолдың құпия шежіресі") Харнууд руы көбіне Қоңырат (Хонгирад) тайпалар одағының құрамында немесе солармен тығыз одақтас топ ретінде аталады.

Ортақ тектік топ: Тарихи деректерде Қоңыраттардың бір тармағы ретінде "Харнууд" атауы кездеседі. Моңғол империясы құрылғанға дейін де бұл екі топ Алтай мен Халха өзенінің бойында көршілес және қыз алысып, қыз беріскен «құдандалы» (куда-анда) қарым-қатынаста болған.

Этимологиялық байланыс: "Харнууд" сөзі "Қаралар" (көпше түрде) дегенді білдіреді. Түркі-моңғол халықтарында "Қара" сөзі көбіне "үлкен", "күшті", "негізгі" немесе "халықтық" деген мағынаны білдірген. Кейбір зерттеушілер Харнуудтарды Қоңыраттардың ішіндегі ең жауынгер немесе ең көне тармағы деп есептейді.

Қазақ руларымен байланысы

Қазақ халқының құрамындағы рулар мен моңғолдағы Харнуудтар арасында мынадай параллельдер бар:

Қоңыраттың ішіндегі таңбалас рулар: Қазақ Қоңыраттарының (Орта жүз) құрамындағы кейбір аталар мен таңбалар (мысалы, "босаға" таңбасы) Моңғолиядағы Қоңырат және Харнууд топтарында да кездеседі. 

 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз