Халел Досмұхамедұлының нақыл сөздері

Автор:
24.04.2026
37
Халел Досмұхамедұлының нақыл сөздері - e-history.kz

Сурет: ЖИ

Алаш ренессансын тудырған алыптар тобының айтулы тұлғасы Халел Досмұхамедұлының сан қатпарлы қазыналы мұрасының ұлтымыздың рухани кемелденуіндегі тұғыры асқарлы. 

Санкт-Петербург императорлық әскери-медициналық академиясында білім алған кәсіби дәрігер ұлт саулығын сақтауда аянбай тер төкті. «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік – сүзек», «Жұқпалы ауру хақында», «Шәкірттер саулығын сақтау», «Ұйқы деген немене?», «Оқушылардың саулығын сақтау», «Шума қандай ауру?», «Жұқпалы аурулар» мақалалары, «Как бороться с чумой среди киргизского народа» (1916), «Как бороться с чумой среди киргизского народа (Практическое руководство для работающих на чумной эпидемии). 2-ое издание» (1924), «Шәкірттер саулығын сақтау» (1923), «Оқушының саулығын сақтау» (1925) еңбектерімен отандық медицинаға олжа салды. Денсаулық сақтау саласында ана тілімізде алғашқы оқулықтар жазды.

Қоғамдық қызметін қазақ конститутциялық-демократтық партиясының құрамында бастаған қайраткер Орал облыстық қазақ съезі, Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысады. Ұлт-азаттық Алаш қозғалысына ұйытқы болу, «Алаш» партиясын құрудағы мемлекетшіл тұлғасымен әлеумет құрметіне бөленеді. Бірінші, Екінші Жалпы қазақ сиездеріне қатысып, Алашорда үкіметінің құрамына сайланды. Алаш әскерін, Алаш қорын құруда, қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалуда жанкештілік танытты. Қазақ елінің ұлттық автономия алуында тарихи қызмет атқарды. 

Түркістан Республикасы Халық ағарту комиссариаты жанынан Түркістан халықтарының рухани әлемін жаңа кезең талабында жаңғырту мұратында Ташкентте ұйымдастырылған Білім комиссиясының мүшелігіне ұсынылды, төрағасы қызметіне сайланды. Білім комиссиясындағы жұмыстары жемісті болды. «Абай Құнанбайұлы. Таңдамалы өлеңдерін» (1922) басып шығаруға қатысып, жат сөздерге түсінік жазды.

«Талап» қауымының басқармасына төрағалық етіп, Түркістан Денсаулық сақтау халық комиссариаты, Орта Азия мемлекеттік баспа коллегиясы, Қазақ мемлекеттік баспасында қызмет атқарды. Орта Азия (Түркістан) университетінде, Қазақ педагогикалық институтында ұстаздық етті. 

Қазық ғылымының дамуында ерен еңбек еткен тұлға «Табиғаттану. І бөлім» (1922), «Жануарлар. І бөлім. Сүйектілер хақында» (1922), «Жануарлар. ІІ бөлім» (1922. 1926), «Жануарлар. ІІІ бөлім» (1926), «Зоология» (1922), «Адамның тән тірлігі» (1927), «Оқушылардың саулығын сақтау» (1925) атты ана тілімізде жаратылыстану ғылымынан тұңғыш оқулықтар жазды.

Ұлт руханиятының аса ділгір мәселелерінде қалам тербеген санаткердің ғылым-білім, тіл білімі, Отан тарихы, әдебиет хақындағы «Қазақ-қырғыз білім комиссиясы жайынан қысқаша баяндама», «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингорманизм заңы», «Қазақ емлесі», «Дүния қалай жаратылған?», «Түркі тілдері туралы», «Қазақ-қырғыз білім комиссиясынан», «Диуани лұғат ат-түрк», «Миллион деген немене?», «Жұлдыздарды күндіз көруге бола ма?», «Мәшиненің күші», «Қазақ-қырғыз мәдениетін көркейтушілер қауымы «Талап» қоғамының жолы», «Мұрат ақын», «Қазақтың өткен ақындары туралы», «Қазақтың батырлары: Исатай, Махамбет», «Кенесарының соңғы күндері», «Қазақ тіліне латын харфін алу мәселесі», «Шернияз шешен», «Шернияз кім?», «Жалаңтөс батыр», «Жат сөздер туралы», «Адай Абыл ақынның сөздерінен қалған бір жұрнақ», «Үш қиян (Мұрат ақынның сөзі)», «Базар жырау»  т.б. ғылыми саралаулары, көркемдік-эстетикалық пайымдары энциклопедиялық ізденістегі тереңдігін көрсетеді

«Өз жұртына жұмыс қылып, еңбек сіңірген адамдарды кәдірлеу – елдіктің белгісі» (Қазақ-қырғыз білім кәмисиесінен) деген санаткер «Кенесары-Наурызбай» (1923), «Сұлтан Кенесары тарихына қосымша материал» (профессор Поливановпен бірге) (1923), «Қыз Жібек» (1923), «Мұрат ақынның сөздері. Бірінші бөлім» (1924), «Исатай-Махамбет. Бірінші бөлім» (1925) сынды жаухар мұраларымызды жариялап, текстологиялық зерделеулер жүргізді.

Классссикалық мұрамызды жариялауда, текстологиялық зерделеуде «Қыз Жібек» (1923), «Мұрат ақынның сөздері. Бірінші бөлім» (1924), «Исатай-Махамбет. Бірінші бөлім» (1925), «Аламан. Қазақтың ел әдебиетінен алынған сөздер» (1926), «Казахская народная литература (Доклад, прочитанной в кабинете казахского языка при Казахском высшем педагогическом институте)» (1928) ғылыми еңбектерін жазды.

Ю.Вагнердің «Өсімдіктердің тіршілігі мен түзілуі туралы әңгімелер» (1924), «Денеміздің түзелуі мен жұмыс қылуы туралы әңгімелер» (1924) еңбектерін қазақ тіліне аударды.

Халқы қадірлеген, ұлтын қастерлеген Халел жұлдызы Алаш көгінде өзі сүйген қазағымен жарқырай береді.

 

Тұлға нақыл сөздері

Адамның ішкі сарайы сау болса, дені таза болса, тамағы тоқ болса, ауру жұқпасқа, жұқса да ауырмасқа себеп болады.         

(Жұқпалы аурулар хақында)

Әр жұрттың тарихында қуанышты да қайғылы да мезгіл болады.

(Екі дәуір)

 

Құлағанды көтеру – адамшылықтың белгісі!!! 

Сұлағанды көтеру – ағайыншылықтың белгісі!!!

(Екі дәуір)

Біздің қазақ-қырғыз жұртының бұрын көрген жауыздықтарының ең үлкені – отаршылдық...

(Азаттықтың жолы осы)

Тіршілік орнықты жолға құрмай, алған саяси азаттық жұмысы аз болады.

(Азаттықтың жолы осы)

Нағыз алтында, нағыз темірде қосымша жоқ.

(Адамның тән тірлігі)

Елді ағартып, надандықты жоюдың шын жолына түсудің заманы келді. Надандықты жоюдың шын жолы ана тілімен ғылым үйрету, ғылым үйрететін мектептерді көбейту.

(Жануарлар. Бірінші бөлім )

Алаштың ішіндегі білімділердің мойнындағы борышын атқаратын заман келді.

(Жануарлар. Бірінші бөлім )

Қазақ тілін ғылыммен таныстырып, ғылым жолына салатын заман келді.

(Жануарлар. Бірінші бөлім )

Осы заманғы ғылым – Ауропа ғылымы...

(Жануарлар. Бірінші бөлім )

Бұл заманда ғылым іздеп қатарға кірем деген халық латын сөздерінен қаша алмайды.

 (Жануарлар. Бірінші бөлім )

Қазақ тілі ғылым жолына салынып іреттелсе, іш бір жұрттың тілінен кем болатын емес, бұған илануымыз толық. 

(Жануарлар. Бірінші бөлім )

Табиғат ғылымын тәжірибесіз оқыту – жарты оқыту болады.

(Табиғат тану)

Мәдениеттің негізі – білім. Білімге тіл арқылы жетіледі. Білімді жұрттардың тілі бай болады.

(Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы)

Оянған жұрт қарқынды келеді. Елестеген мұратқа жету үшін көбіне алды-артына, жан-жағына қарамай екпіндейді. Әдет, заң, тіл секілді өзіндегі барды кемге санап, соларды жылдамырақ көңілдегідей өзгертуге салынады. 

(Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы)

Жайымен тергеп, ақырындап тексеруге талпынған жүрек сабыр бермейді. Қарқынды жарыста, екпінді жұмыста елдің елдігіне негіз болып тұрған нәрселердің де абайламастан өзгеріп кететіні болады.

(Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы)

Мәдениет қуған жұрттың ең алдымен тілі өзгермекші.

(Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы)

Сингармонизм түрік тілінің айрықша өзіне біткен қасиеті.

(Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы)

Ақындық – табиғаттың саннан таңдап бірен-саран адамдарға беретін артық өнері. 

(Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы)

Тілді бұзбай ұстарту, шеберлету, байыту – ақындардың мойындарына артылған зор борыш.

(Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы)

Арақ, шылым, аурулар адамның денесін бұзса, зорлықпен кіргізген жат сөздер елдің түп қазығы болған тілді бұзады.

(Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы)

Өзінің заңымен өзгертпей қазақ тілі ішіне ешбір жат сөзді алмайды, кіргізбейді. Бұл – ақиқат нәрсе.

(Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы)

Елдің тілін бұзатын – көршілес елдердің мәдениетін үлгіге алған мәдениетті елдердің әсері.

(Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы)

Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгеруге жол басшы болады.

(Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы)

Әдебиет тілінің қаруы – баспа мен мектеп. Баспа мен мектеп деген – адам шошынарлық өте қайратты қару. Баспа мен мектепте қолданған тіл елге ақырында сіңбей қалмайды.

(Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы)

Мектеп пен баспаның тілі дұрыс тіл болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді; мектеп пен баспада қолданған тіл шатасқан тіл болса, ол ел – сорлы ел, мұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды.

(Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы)

Тілдің өз сөздерінен туған сөз тілдің негізгі заңымен тууы керек, тілдің нағыз өз баласы болуы керек. Бұған ешкім таласпас та, таласпайды да.

(Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы)

Тілді бұзу емес, тілді ұстарту жолына түсу керек.

(Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы)

Жасында ұлт мектебінде дұрыстап оқыған адам ана тілінің заңын ұмытпайды...

(Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы)

Бөтенше жақсы сөйлеймін деп мақтану керек емес, ойлаңқырау керек.

(Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы)

Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып жат тілді еліктей беруі зор хата. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек.

 (Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы)

Заманымыз мәдениет заманы. Мәдениетке білім жеткізеді. Білім оңайлықпен қолға түспейді. Білім алуға көп еңбек, аса сабыр керек. «Сарғайған жетер мұратқа» деп атамыз айтқан. 

(Қазақ-қырғыз білім кәмисиесінен)

Білім мысқалдап кіреді. Білімді болу үшін көп сарғаю керек. «Еңбек етсең емерсің». Еңбек қылмай білім жоқ. Еңбексіз ағартып, тезден елді мәдениетті қыламын деген ой ауысқандық.

(Қазақ-қырғыз білім кәмисиесінен)

Білім алудың жолы көп. Жолдың ішінде ең төтесі – жақсы мектеп, білімді мұғалім. Мұнан қалса, ел ішіне көпке түсінікті болып жазылған білім кітаптары. Мектеп жақсы болу үшін құралдары түгел, саймандары жеткілікті болуы шарт. Құралды-сайманды түгіл, құралсыз да бізде мектеп жоқ. Сондықтан мектеп түзеу – біздің бірінші жұмысымыз.

(Қазақ-қырғыз білім кәмисиесінен)

Ауруын жасырған жазылмайды.

(Қазақ-қырғыз білім кәмисиесінен)

Заман тоқтамайды, гулеп өтіп барады.

(Қазақ-қырғыз білім кәмисиесінен)

Өз еліміздің өткен-кеткені туралы, басынан кешкен дәуірлері туралы бұрыңғы, осы күнгі мекендері туралы қолдан келгенше толық мағлұмат беру, ата-бабаларымыздың істерімен танысып, еткен жаңылыстарына күйініп, жақсылықтарына сүйініп, ғибрат алмақ – адамға сана береді.

(Қазақ-қырғыз білім кәмисиесінен)

Тіл – жұрттың жаны. 

(Қазақ-қырғыз білім кәмисиесінен)

Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды. Мәдениетке ұмтылған жұрттың алдымен тілі өзгермекші, тілі бұзылмақшы. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт.

(Қазақ-қырғыз білім кәмисиесінен)

Білім таратып, елдің қолын мәдениетке жеткізетін – мектеп.

(Қазақ-қырғыз білім кәмисиесінен)

Өз жұртына жұмыс қылып, еңбек сіңірген адамдарды кәдірлеу – елдіктің белгісі.

(Қазақ-қырғыз білім кәмисиесінен)

Қанат, құйрық болмай, сүйеуші тіреу болмай жұмыс көркеймейді.

(Қазақ-қырғыз білім кәмисиесінен)

Өткен күн бос кетпейді. Келешек күнге тәжірибе болады. 

(Қазақ-қырғыз білім комиссиясы жайынан қысқаша баяндама)

Білім әдебиетінің негізі – ғылым атауларын дұрыстап тағу. Өзінің жақсы білетін пәнін қолға алып, бұны қалайша қазақша аударамын деп, алғы сөзімен шатасқан кісі ғана ғылым атауларын дұрыстап таға алады. Бұндай кісілер – кітап жазушылар.

(Қазақ-қырғыз білім комиссиясы жайынан қысқаша баяндама)

Ғылымды іздеп тауып, тексеріп, бәрін шешіп отырған – адамның ақылы. Адамның ақылы, ақылдың баласы – ғылымнан айналса болмай ма?!

(Мәшиненің күші)

Шын азаттықты білім береді.

(Мәшиненің күші)

Шылым тартпа. Насыбай атпа. Темекі – өте зиянды нәрсе.

(Шәкірттер саулығын сақтау)

Саламаттықты сақтау үшін таза ауа, күннің шуағы өте қажет нәрсе. 

(Шәкірттер саулығын сақтау

Наша екпе. Көкнәр (опиум) жеме, диуана боласың.

(Шәкірттер саулығын сақтау)

Жазу мәселесі – өте зор мәселе; оны жете тексеріп барып шешу керек.

(1924 жылы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының съезінде сөйлеген сөздерінен)

Қазақ тілі тексеріліп болған жоқ. Біз жат тілдерге қызығуды қойып, әуелі өз тілімізді дұрыстап тексеруіміз керек. Шындап тексерсек, қазақ тілінің өзінен пәнге жарайтын көп сөздер табылады.

(1924 жылы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының съезінде сөйлеген сөздерінен)

Нысамбайдың тілі – нағыз үлгі боларлық қазақ тілі.

(Түзетушіден «Кенесары-Наурызбай»)

Мұраттың заманы – бостандық үшін «егескен ердің бәрі жер тіреген» заман.

(Мұрат ақын туралы қысқаша мағлұмат)

Елдің өзінен шыққан, қанымен қаны, жанымен жаны бір дерлік ақын елдің мұңын айтпай қалай тұрсын?

(Мұрат ақын туралы қысқаша мағлұмат)

Қазақтың тарихын жазған адам Мұрат секілді ақындардың сөзін елеусіз тастай алмайды.

(Мұрат ақын туралы қысқаша мағлұмат)

Мұраттың тілі – әдебиетімізге негіз болған ел әдебиетінің тілі.

(Мұрат ақын туралы қысқаша мағлұмат)

Сұрқылтайдың жұмысы белгілі ғой.

(Шернияз кім?)

Шылым тартпа, насыбай атпа, темекінің өте зиянды екенін ұмытпа. 

(Оқушының саулығын сақта)

Аурудың жауы – тазалық. 

(Шума қандай ауру?)

Шешендікпен өз ойын ырғақ-әуенмен жеткізу қабілеті күллі қазақ халқына тән қасиет.

(Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат)

Жүгенделуге хандықтың табиғаты қарсы.

(Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат)

Он сегізінші, он тоғызыншы әсірлердегі қазақтың қозғалысының ең күштілері – Сырымдікі, Исатайдікі, Кенесарынікі.

(Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат)

Елдің қимылын жолға салып, ұйымдастырып отыратын көсем керек.

(Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат)

Қимылдың көсемі бас пайдасынан баз кешіп, жан-тәнімен көптің тілегін орындауы керек.

(Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат)

Ұлы қимылдардың уақытында көптің әлеумет сезімі күшті болады.

(Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат)

Ел бастаған көсемнің ізі бағулы болады.

(Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат)

Көсемнің басқан қадамы, жүрген бағыты көпке жақпаса, халық теріс айналып кетеді. Кешегі мыңды бастаған серке, ертеңгі күні далада жаңғыз маңырап қалады.

(Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат)

Исатай – нағыз батыр. Орынсыз мақтанның батыры емес, керек орында батыр. 

(Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат)

Қиын уақытта елгі басшы болған адам көпті ұйымдастыра білу керек. 

(Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат)

Исатай көтерілісі қазаққа өзінің ел екенін білдірді, жұрттың ұлт сезімін қозғады, қазақтың бірігуіне себеп болды. 

(Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат)

Халықтың құлқы, мінезі, ойы заманындағы әдебиетінен біленеді. Әдебиет – халықтың түрлі қимылдарының айнасы. 

(Аламан)

Әдебиетті тексеріп отырсақ, қазақтың өткендегі құлқы, мінезі, заманындағы күйініші, сүйініші, арасында болған түрлі әлеумет қимылдары анық сезіледі.

(Аламан)

Отан сезімі, мемлекет сезімі кем, мен-мендік сезімі өте күшті құлықты аламандық дейміз.

(Аламан)

Ұлт мемлекетін жасап, қазақ арасынан әлеуметшілік туғызамыз деген дәуірде тұрмыз.

(Аламан)

Жаңа әлеуметшілікті тура жолмен жасау үшін елдің бұрынғы, соңғы әлеумет мінездерін тексеру керек.

(Аламан)

 Әлеуметшіліксіз қазақта ұлт тіршілігі, ұлт мемлекеті болуға мүмкін емес. 

(Аламан)

Қазақ әлеуметшілігінің өткенін жөндеп түсініп, әзіргі қалпын анық көріп, кемісін болжай білу – көп қазаққа көз болған, мәдениет жолына көшбасшы болған, «молдаға оқып тәрбие алған, ордаға кіріп жол көрген» оқыған зиялыларымыздың міндеті.

(Аламан)

Оңды әлеуметшілік құру үшін елдің өткен-кеткен тұрмысын, бұрынғы болған әлеумет қимылдарын тану керек.

(Аламан)

Ел әдебиетімен таныспайынша, өткеннің көбін де, бардың жарымын да тану қиын.

(Аламан)

Заң үйретушінің алдымен өзі заңға бағынуы керек.

(Жат сөздер туралы)

Халық әдебиетінің қайсы бір үлгі-нұсқасының із-түзсіз жойылып кетуі мәдениетіміз үшін орны толмас өкініш болмақ. 

(Қазақ халық әдебиеті. Қазақ жоғары педагогика институтының қазақ тілі кабинетінде оқылған баяндама)

Қазақтың жеке өмірінің барлық сәттері – туғаннан бастап өмірден озғанға дейін, сондай-ақ тұтас халықтың немесе жеке рудың қоғамдық өміріндегі барлық оқиғалар халық әдебиетінде жырланады. 

(Қазақ халық әдебиеті. Қазақ жоғары педагогика институтының қазақ тілі кабинетінде оқылған баяндама)

Насихат жырларында қазақтың имандылық пен ізгілік туралы барша таным-түсінігі алақанға салғандай анық көрініс тапқан.

(Қазақ халық әдебиеті. Қазақ жоғары педагогика институтының қазақ тілі кабинетінде оқылған баяндама)

Қазақ баласының шыр етіп жерге түскеннен бастап кәмелетке толғанға дейінгі тыныс-тіршілігі ән-жырдың құшағында өтеді.

(Қазақ халық әдебиеті. Қазақ жоғары педагогика институтының қазақ тілі кабинетінде оқылған баяндама)

Бұхарадағы Көгілташтың салынуы, Қазығұрт тауы, Байтақтам, Қорқыт Ата, Көкшетаудағы Оқжетпес шыңы және т.б. хақындағы аңыздар қазіргі ақындарымыздың поэтикалық қиялына шабыт үстемелеген ғажап материалдар. 

(Қазақ халық әдебиеті. Қазақ жоғары педагогика  институтының қазақ тілі кабинетінде оқылған баяндама)

Қазақтың барша тұрмыс-тіршілігі мен өмірлік жағдайын оның халық әдебиеті бойынша зерттеп шығуға болар еді.

(Қазақ халық әдебиеті. Қазақ жоғары педагогика институтының қазақ тілі кабинетінде оқылған баяндама)

Қазақтың ұшы-қиырына көз жетпес кең даласы, оның құмы, өзені, тауы, алқабы, орманы, тоғайы – бәрі-бәрі халық әдебиетінде жырланған.

(Қазақ халық әдебиеті. Қазақ жоғары педагогика институтының қазақ тілі кабинетінде оқылған баяндама)

Сөздердің туралығы мен дәлдігі, айқындылығы мен әуезділігі, тілдегі кең қамтып суреттеу мен әуенді-әуезділік қазақ халық әдебиетінде ғажап дамыған.

(Қазақ халық әдебиеті. Қазақ жоғары педагогика  институтының қазақ тілі кабинетінде оқылған баяндама)

Кез келген шығарманы әрбір қазақтың өлеңдетіп не әндетіп  орындауы қазақ халқының ерекшелігі...

(Қазақ халық әдебиеті. Қазақ жоғары педагогика  институтының қазақ тілі кабинетінде оқылған баяндама)

Халық әдебиетін тудырушы және сақтаушы қазақ халқының өзі болғанымен, халық творчествосын жарқыратып көрсетушілер: өлеңшілер, халықтың сурыпсалма ақындары және халық билері.

(Қазақ халық әдебиеті. Қазақ жоғары педагогика  институтының қазақ тілі кабинетінде оқылған баяндама)

Шешендікпен өз ойын ырғақ-әуенмен жеткізу қабілеті күллі қазақ халқына тән қасиет...

(Қазақ халық әдебиеті. Қазақ жоғары педагогика  институтының қазақ тілі кабинетінде оқылған баяндама)

 

Құрастырып, алғы сөзін жазған

 Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ əдебиеті кафедрасының профессоры, 

филология ғылымдарының докторы  Сағымбай Ботпайұлы Жұмағұл

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз