Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мәртебелі мансаптар

1222
Мәртебелі мансаптар - e-history.kz

Өткен ғасырдағы Қытайдағы қазақ әдебиетінде болсын, Қытай тарихындағы қазаққа қатысты деректерде болсын біз түсіне бермейтін лауазым атаулары көп. Әсіресе осындай мансап аттары 1636–1912 жылдары өмір сүрген Қытай тарихындағы соңғы империя – Чиң (Цинь) патшалығы кезін баяндаған әдебиеттерде жиі кездеседі. Біз бүгін Қытайдағы Іле халық баспасынан 2009 жылы жарық көрген «Чиң әулеті сарай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» атты кітапта кездескен бірқатар лауазым аттарына тоқталамыз. Қаһарман Мұқашұлы, Кәкеш Қайыржанұлы бірге аударған еңбектегі түсініктемелерді басқа да мансап аттарымен толықтырып жариялап отырмыз. 

Чянлуң (Цяньлун/乾隆/abkai wehiyehe) жылнамасы – Чиң Гаузұң Айсинь Гьоро Хунлидің (Aisin Gioro Hongli) жылнамасы, ол 1736-1795 жылдарды қамтиды. 

Жасақ – Чиң (Цинь) әулетінің моңғолдарды аймақ, аудандарға бөліп басқару тәртібі. Моңғолша «жасса» (жасы) деген сөзден шыққан (заң мағынасында). Мәнжур (Маньчжур) түзімі бойынша моңғолдар да туларға бөлінді, әрбір туға бірден жасақ тағайындалды. Жасақтар хан, уаң, бейле, бейсі, тәйжі, гүңдерден қойылды. Жасақтың қол астында залың (оқшы), жалан (тушы ежен), шығауыл міңер, зәңгілер болды. 

Уаң  аға сұлтан дәрежесіндегі мансап аты.  

Бейле – мәнжурше мансап аты. Шүршіттердің «үлкен ұлық», «жоғары мансап иесі» деген мағынадағы сөзінен шыққан. Хан, бектерден төмен тұратын үшінші дәрежелі ұлық. 

Бейсі – лауазым аты. Хан, бек, бейледен кейінгі төртінші дәрежелі ұлық. 

Тәйжі (台吉) – мансап аты. Моңғол, тибет ақсүйектерінің мансап аты. Қытай тілінің «тәйзі/太子» (ханзада, патшазада) деген сөзінен шыққан. Моңғол империясы тұсында «Хонтәйжі», оның ұрпақтары «тәйжі» деп аталды. Ойраттар да осы үрдіспен қолданды. Чиң әулеті мұны шен-лауазым ретінде қолданды. Тәйжі – уаң, бейле, бейсі, гүңнен (сұлтан) кейінгі мансап. Чиң әулетіне бағынышты болған моңғол, қазақ, ұйғыр ақсүйектеріне де осы лауазым берілді. 

Гүң – Цинь империясында қолданылған мансап аты. Гүң лауазымы XX ғасырдың басына дейін қолданылған. Бұл лауазым қазақ қоғамындағы старшындық лауазыммен деңгейлес деуге болады. 

Зәңгі – мәнжурше лауазым аты. Шүршіттер ежелде топтасып аң аулағанда он адамға бір ниру ежен (нируй ежен) сайлайтын. «Ниру» – оқ, жебе; «ежен» – ие, қожа, бастық деген сөз. Ниру ежен – оқбасы, оқ иесі деген мағынада. Нұрқаштың тұсында үщ жүз оққа (адамға) бір оқбасы тағайындалып, ресми сегіз тулы әскери-әкімшілік жүйеге енгізілді. 1634 жылы бұл «нируй зәңгін» (nirui jianggin) деген атқа өзгертілді. «Зәңгін» – қытайлардың «жияңжүн/将军» (генерал, сардар) деген сөзінен шыққан. 1660 жылдан бастап қытайлар бұл лауазымды «золиң» деп атады. Кейін бара-бара бұл сөз моңғолдар мен Қытайдағы қазақтарға «зәңгі» түрінде сіңді. Чиң әулетінің әрбір билеушісі тұсында 200, Каңши заманында 130-140, Жиячиң тұсында 150 шерік қарады. Кейінгі кезде ежен ханға қарасты Іле қазақтарында ауыл бастықтары көбінесе зәңгі деп аталды. 

Жайсаң 宰桑– моңғолша лауазым. Қытайша зайшияң (宰相/уәзір) деген сөзден шыққан. Жоңғарларда ханнан кейінгі рубасылар. Бір ұтықты (руды) бір жайсаң, кейде бірнеше жайсаң басқарып тұрды. 

Амбань (амбы) – мәнжурше уәзір, ұлық, бастық, әкім деген мағынада. Қытайдағы қазақтар мұны «амбы» деп те айтады. 

Жасауыл амбаны (жасауылбек) – қорғаушы жасауылдар басқармасының жоғары дәрежелі мансаптысы. Ішкі істер уәзіріне (министріне) көмектесіп, жасауыл ұландар армиясын басқарады. 

Әскери құпиялық амбаны  Чиң әулеті орталық үкіметінің әскери құпиялық меңгермесінің ұлығы. Жер-жердегі генерал, губернаторларға патшаның құпия жарлықтарын жеткізеді, патшаға әскери мәлімет, ақпарлар береді. Патшаның күнделікті ірі-ірі әскери орналастыруына, соғыс істеріне көмектеседі. Мәнжурше: Чоқай насқұн и амбаны. 

Тушы амбань (тубек) – мансап аты. Чиң патшалығының сегіз тулы әскери-әкімшілік жүйесіндегі әрбір тудың ең жоғары әкімі. Мәнжурлер «гуса ежен» (ту иесі, ту ұстаушы) немесе «гуса амбан» деп атаса, қытайлар «дутуң/都统» деген. «Дутуң» түріктердің «түртүн» сөзінен шыққан дейтін пікірлер де бар. Тушы амбань – көне қазақ тіліндегі «тубекпен» баламалас ұғым. Кейінірек өлкелердің әскери-әкімшілік бас ұлықтары да осылай аталды. Мысалы, Үрімжі дутуңы (Үрімжі тубегі). Шаһар дутуңы (шаһар тубегі), т.б.

Кеңесші амбань – мансап аты. Чиң әулеті 1759 жылдан бастап Іле, Үрімжі, Қашқар, Тарбағатай сияқты жерлерге кеңесші амбань тағайындады. Ол атқарушы амбань, қолбасшы амбаньдардың үстінен қарады. Кейде жорық жасаған қолбасы-сардарлардың қол астында да кеңесші амбаньдар жеке армияға қолбасшылық істеді. 

Бас тұтық – бір немесе бірнеше өлкенің (уәлаяттың) ең жоғары әскери-әкімшілік ұлығы.

Даутай – өлкелердің (уәлаяттардың) облыстарын немесе арнаулы салаларын басқаратын әкімдері. Қытайша «дауйуан/道元» деп те аталады.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?