Тарихты пәлсапамен толықтырған
Жошы – қазақтың ішіне түскен дерт. Жошы – қазақтың жолына біткен серт. Қалам-хат ұстаған қауым сол екі шектің шырғауынан шыға алмайды. Ал осы дұрыс па?
Дулат Исабековтің «Бөрте» драмасындағы гуманистік идея жошытануда жаңа бағытқа жол ашты. Өз тарапымыздан оған «лиротрагедия» деген анықтама бердік. «Бөрте» – трагедия емес, лиротрагедия!
Лиро-эпостық жырлар жанымызға жақын. Трагедия тарих болса, лиро – өнер. Көптеген ұлы шығармалардың жанры трагикомедия деп аталатыны бекер емес. Кәнігі драматург қойылым басталғаннан кейіпкерлерге іш тартқан көңіл күйімізді ұмыттырып, өнер деген сиқырлы дүниенің күйдіріп-жандырған көркемдік әлеміне күмп еткізеді. Мұны тәптіштеп айтып отырғанымыздың себебі бар.
Тарихи тақырып біз үшін пафосқа айналғалы қашан. Кеңестік цензура басқаға тыйым салса да, пафосқа кеңшілікпен қарады. Сахнада еденге қадалған қылыштың дірілдеп тұрғаны сияқты пафостық детальдармен де айтарын айтып қалған ағалар-ай дейсің. Бір кезде осыған да тебірендік!
Бірақ көне сүрлеуді шиырлай беру ешқандай даңғылға бастамасы белгілі. Думан Рамазан да мұны түсіну үшін біраз шығармашылық жолдан өтті. Кенесарының басын іздегенде, ол да біраз сентименталды көңіл күйге түсті. Әрине, бұл журналистік, публицистік жол болатын.

Меніңше, Думан драмаға тақырыпты ішінен біліп, жаны ауырып келді. Қарғадайынан Кенесарының басын іздеп жүріп, небір шындықтың бетін ашты. Қараса тарих қаһармандықпен қоса қып-қызыл қан да екен.
Бізде бір бағыттың басында тұру үшін тұлға болып мойындалу керек. Бұл тұрғыдан Думан Рамазанды Дулат Исабеков арқылы ашуға тура келеді. Иә, Думан да – әлемге әйгілі хандық пен қаһармандық тақырыбын гуманистік идеяға бұрған қаламгер.
Біз қазір Жошыны тәуелсіз санамен жаза бастадық. Әйтпесе, әзелгі аңызда домбыраның шанағына қорғасын құйдыратын Жошы хан еді. Кейін оны Жошыны өлтірткен Шыңғыс ханға теліп, ретке келтірген болдық. Ал шындығында бұл Шыңғыс ханға дейін де болған аңыз емес пе? Бірақ Жошының тарихынан әлгі аңызды алып тастасаң, талғажау етерлік ештеңе қалмайтын сияқты. Кешегі кеңестік саясат хандар тарихын осылай жалаңаштап тастады. Енді бұл тарихты немен байыту керек?
Міне, Думан Рамазанның таңдаған жолы – осы. Яғни тарихты пәлсапамен толықтырады. Осыншама кең кеңістікте хандық құру үшін оның философиясы болғаны ләзім. Мұны ұлы хан Жошының басына жинақтау – ең ұтымды тәсіл. Думан драматург ретінде Жошының тағдырын аранға салмай, ұлы хандықтың негізін қалаушы тұлға ретінде танытуға күш шығарыпты.
Шынында да, Жошы мақсатына жетпей өліп кетсе, өзінен кейін таққа мұрагерлік еткен ұрпағы қандай жолмен жүрер еді? Бүгінгі тілмен айтқанда, ұлы даланы ұрпаққа аманаттаған билік институты сол қалпында қалыптасар ма еді? Жошы соншалықты аурушаң, дімкәс, дәрменсіз болса, ондай адамның соңында не қалмақ?
Думан Жошыны қанқасапқа қарсы тұрған тұлға ретінде шыңдайды. Жошы осы болмысымен кәрлі тарихта ізгі жосын түзеді. Автордың драмалық шығармаларының бәріне осы ізгі жосын лейтмотив болып тартылған. Сондықтан да қаһармандықтан гөрі лиротрагедиялық элементтерді көбірек енгізуімен тақырыпты көркемдікке жақындата түседі. Сол себептен де оның драмалық шығармалары «Абылай ханның арманы», «Кенесары – Күнімжан», «Пешене», «Бейуақ», «Қанатталды» деп жалғаса береді. Осы себептен де Дулат Исабековтен Думан Рамазанға дейінгі тәуелсіз санадағы драматургтердің жазып жүргені – трагедия да, трагикомедия да емес, өзіміздің жанымызға жақын лиротрагедия! Дейтұрғанмен де оның биыл мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Жошы хан» тарихи драма қойылымы басқалардан қандай шығармашылық ерекшелігі бар деген сұрақ туары заңды.

Біріншіден, ата тарихымыздан сыр шертеді, хандар арқылы қазақ халқының тағдыр-талайын баяндайды. Екіншіден, тұтас дәуірдің кескін-кейпі мен шындығын сипаттайды. Үшіншіден, өзінше, өзгеше толғайды, нені және қалай жазуды біледі, тарихи тұлғалардың өмір жолын термелемейді, қажетті деп тапқан, өмірлік мән-маңызы ерекше кезеңін тамыршыдай тап басып, тұлғалық қадір-қасиетін толық сипаттап жеткізеді. Төртіншіден, «тарихты тұлғалар жасайды» демекші, тарих жасаған, елге, ұлтқа, халыққа қалтқысыз қызмет еткен, мемлекетті құрған, қалыптастырған, дамытқан, елдік пен тәуелсіздік үшін күрескен ұлы көсемдер жөнінде ғана қалам тербейді. Бесіншіден, кейіпкерлердің характерлерін ашуға, образдарын даралауға шебер, көркем бейнелер қай жағынан болсын бір-бірлеріне ұқсамайды, өзінше дара, өзгеше кейіптейді. Алтыншыдан, тек тарих қана емес, қазақтың этнографиясын, салт-санасын, әдет-ғұрпын, таным-түсінігін, өмір сүру салтын, тыныс-тіршілігін көрсеткен. Жетіншіден, мен білетін Думанның мінез-құлқында өтірік айту, бірдеңені бұрмалау, бұра тарту жоқ, сондықтан шығармалары да шынайы, шындыққа суарылған. Сегізіншіден, тарихилық қана емес, шеберлік пен көркемдік тұрғысынан да мінсіз, тартымды, қызықты, жып-жинақы жазылған. Тоғызыншыдан, бәрі де ойға құрылған, аз сөзге көп мән-мағына сыйдыра біледі, тарихи драманы оқып немесе қойылымды көріп отырғанның өзінде түрлі ойларға жетелеп отырады, оқып болған соң да сол күй мен әсерден арыла алмайсыз, астарына ой тастап кетеді. Оныншыдан, адамгершілік пен билік, империялық қатыгездік пен мемлекетшілдік ұстанымдардың арасындағы мәңгілік тартысты ашу және бүгінгі қоғам үшін де маңызды бірнеше күрделі мәселені алға тарту. Он біріншіден, тарихи оқиғаларды кескіндей отырып, бүгінгі күнгі жағдаяттарды қозғайды, болашағымызға бағыт-бағдар сілтейді. Ең баастысы, Шыңғыс хан мен Жошы ханның қазақ тарихындағы орны, Алтын Орда кезеңі жаңаша қалыпталып, жаңа қырынан зерделенеді. Әлемді тітіренткен Шыңғыс ханның билік үшін қантөгіс жасау мен күш көрсету идеясына Жошының гуманистік көзқарасы қарсы қойылады. Әке мен баланың, яғни екі ірі тарихи тұлғаның арасындағы психологиялық тартыс пен мемлекет басқару ісіндегі қайшылықтар көрерменді терең ойға жетелейді. Қазақ мемлекеттілігінің тамыры тереңде жатқанын, қазақ хандығының тамыры Жошы ұлысынан бастау алатынын және елдікті сақтаудың басты шарты – бірлік екенін ұғындырады.
Бір уақ көне тарихқа ой жіберіп қарасаңыз, Жошы ханның, Керей мен Жәнібектің, Абылай мен Кенесары хандардың алдында тұрған елдік мәселелер әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Ендеше Думанның өткенді бүгінмен салыстыра-сабақтастыра, астастыра суреттегісі келетіні де түсінікті. Өткен күннің оқиғаларын баяндай отырып, өз қоғамына ой айтады, ескерту жасайды. Біз сөз етіп отырған «Жошы хан» қойылымындағы идеялардың да XXI ғасырмен, бүгінгі күнмен үндестігі өте жоғары. Себебі тарихи драмада көтерілген мәселелер – ескірмейтін, уақыт пен кеңістіктен тыс мәңгілік тақырыптар. Тарихи шығарма бүгінмен астасып жатқанда ғана өзекті, мәнді, маңызды болмақ. Құны да сонысымен өлшенбек. Драматург жазған тарихи драмалардың ел сұранысына ие болып, көптің көңілінен шығуы мен көрерменнің ыстық ықыласына бөленуінде де осындай құпия-сыр жатыр.
Міне, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында сахналаған «Жошы хан» қойылымының көркемдік қуаты мен тарихи мән-маңызы тең түскендіктен еліміздің қоғамдық өмірінде елеулі мәдени оқиғаға айналғаны анық. Спектаклдің тұсаукесеріне мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, оң пікір білдіріп, жоғары баға берді. Осының арқасында, Қаллеки театрына Президент жарлығымен ұлттық мәртебе берілді.
Драматург Думан Рамазанның «Жошы хан» тарихи драмасын сәтімен сахналаған қоюшы режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақовтың тапқан басты режиссерлік шешімі – Шыңғыс ханның диктаторлық, қатыгез саясаты мен Жошы ханның гуманистік көзқарасы арасындағы идеологиялық тартысты визуалды, символикалық және психологиялық деңгейде айшықтап, көрсете алғаны. Режиссер бұл екі түрлі әлемді сахнада тек сөзбен емес, арнайы театрлық тәсілдермен қақтығыстырады. Сахнадағы жарық пен декорациялар Жошының бейбітшілікті аңсаған ақ ниеті мен Шыңғыс хан ордасының қантөгіске толы, суық, сұсты атмосферасын бөліп көрсетеді. Кейіпкерлерді жай ғана тарихи плакаттық тұлғалар етпей, олардың ішкі жан дүниесін алдыңғы планға шығарады. Жошының әке бұйрығы (қан төгу) мен өз жүрегінің үні (бейбітшілік) арасындағы шаршауын, соққысын көрсету үшін актерлік ойынның Психологиялық мектебін тиімді пайдаланады. Спектакльдегі ең күшті режиссерлік шешімдердің бірі – кейіпкерлердің сөйлеспей, тек көзқараспен, дене тілімен немесе сахнадағы кенеттен орнайтын үнсіздікпен екі идеологияның (күш көрсету мен гуманизмнің) ымыраға келмес қайшылығын жеткізуі. Режиссер Болат Ұзақовтың бұл тапқыр шешімдері драманың басты хабарламасын – «Ешқандай ұлы империя немесе билік адамның қаны мен көз жасына татымайды» деген Жошының гуманистік шындығын көрермен жүрегіне дәл жеткізуге мүмкіндік берді. «Жошы хан» қойылымындағы сахналық декорация (сценография) мен музыка – режиссер Болат Ұзақовтың идеялық концепциясын толыққанды ашып, көрерменді сол дәуірдің атмосферасына енгізетін ең басты көркемдік құралдар. Олар жай ғана фон емес, спектакльдің дербес кейіпкері іспетті қызмет атқарады. Билікке ұмтылу мен оның зардабын көрсету үшін сахнада деңгейлі (биік-аласа) платформалар мен сатылар пайдаланылады. Шыңғыс ханның тағы өте биікте, қол жетпес және суық орында орналасқан. Ол – адамды халықтан бөліп тастайтын билік символы. Ал Жошы бұл биіктікке ұмтылмайды, ол халықпен бір деңгейде болуды қалайды. Қойылымда қобыздың мұңды сарыны, домбыраның екпінді қағыстары мен бағзы заманғы соғыс дабылының дауыстары үлкен рөл атқарады. Қобыз үні – Жошының ішкі жан дүниесінің айқайы, оның бейбіт өмірді аңсаған мұңы мен қасіреті.

«Жошы хан» тарихи драмасындағы актерлердің ойыны, олардың музыка мен сценографиямен үндесуі – қойылымның басты жетістігі. Болат Ұзақов ұсынған символикалық декорациялар мен этно-музыкалық сарындар актерлерге плакаттық кейіпкер деңгейінен шығып, терең психологиялық тұлғаларды сомдауға мүмкіндік берген. Шыңғыс ханды сомдаған Асылбек Қапаев кейіпкерінің болмысы мен мінез-құлқын дәл жеткізген. Дауыс ырғағымен, сұсты көзқарас-мимикасымен, қимыл-қозғалыстарымен ұлы қағанның айбатын айнытпай көрсетеді. Десе де ортадағы ауыр, темір құрылымдар оның да билік жүйесінің тұтқыны екенін аңғартады. Ал Жошы ханды кейіптеген Қайыржан Садықовтың ойынындағы басты ерекшелік – қақтығыстар кезінде дауыс көтеру емес, ішкі байсалдылық. Қобыздың мұңды сарыны ойнағанда, актер Жошының әке бұйрығы мен өз адамгершілік ұстанымы алдындағы жан арпалысын үнсіздік мизансценалары арқылы шебер жеткізеді. Спектакльдегі массалық сахналар мен сарай көріністері – композиторлар Еділ Құсайынов пен Қайрат Тоқымбетов жазған көне сарындағы әуендермен астасып жатыр. Драмада Жошы мен бәйбішесі Бектомыштың (Диана Жолдыбек) арасындағы қарым-қатынас ерекше жылылықпен өрілген. Актерлер осы сәтте Жошы ұстанымындағы бейбітшілік пен мейірімнің символы ретінде нәзік ойын өрнегін көрсетеді.
Қазір Жошы тақырыбын қайта қаузаушылар да көбейді. Себебі Жошы – қазақтың ішіне түскен дерт, Жошы қазақтың жолына біткен серт қана емес, Жошы өзекке түскен өрт те болып отыр. Тек ол өзекке түскен құрт болып жүрмесін деңіз!..
Рас, ата-баба тарихын қорғау керек, осы бағытта сан түрлі шығармалар жазу керек, бірақ өнерді де қолдау керектігін ұмытпау керек. Өнерде алдымен өнердің мүддесі биік тұрса ғана бұл салада өркениетке бет бұрамыз. Егер маған дауыс бергізсе, мемлекеттік сыйлықтың әлем әдебиетіне бейімделген туындыларға берілуін қолдар едім. Үміткерлер ішінен лайықты дегендерінің бәріне де осы шартты қояр едім. Ал Думанды бөлектеп отырған бір себебім, Шерхан Мұртазаның Қайым-Мұнар Табеевке Желтоқсан, Рақымжан Отарбаевқа Арал тақырыбын аманаттағаны сияқты мен оған бас редактор кезімде Кенесарыны табыстаған едім. Думан Жошы хан, Керей мен Жәнібек, Абылай хан, Кенесары линиясы бойынша бұл аманатты адал атқарып, тәуелсіз елдің жаңа бір биігіне көтерді, өз мәресіне жеткізді. Міне сол себепті де, «Жошы хан» қойылымын Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа лайық санаймын.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК