«Моңғол тот жазуы көне ұйғыр жазуынан шыққан» - тарихшы
Осы бітіг деген мағынада яғни бичиг формасы осы Шыңғысхан кезеңінде де қолданыс тауып, қазіргі таңда тот моңғол жазуы деген атаумен моңғол мәдениетін енді.
Моңғол тот жазуы көне ұйғыр жазуынан шыққан. Бұл туралы белгілі тарихшы, түрколог Талғат Молдабайұлы айтып берді деп хабарлайды e-history.kz порталы.
«Моңғол жұрты дүрлігіп жатыр. Әлеуметтік желіде қайың қабығына жазылған көне моңғол жазуы деген ақпарат тарап жатыр. Мынау қазіргі моңғол бичик жазуы негізінде жазылған дейді. Алайда бичиг деген сөзде де көне түркілік бітік деген мағына жатыр ғой. Қысқасы осындай көне бичиг жазуымен жазылған жазу табылыпты.
Енді артын аңдып көреміз енді, бұл қаншалықты мүмкін? Өйткені қайың негізі органикалық дүние болғандықтан, оның бүліну мүмкіндігі өте жоғары болады. Ондай дүниенің сақталуы, қандай шарттарда сақталды, мәтіннің мазмұны қандай, енді оны зерттеулер көрсетеді. Әрине, бұндай жаңалықтар, тың жаңалықтардың табылуы ғылымды қуантады. Әсіресе түркітанушылар үшін өте тың жаңалық.
Біз білуіміз керек, сол күні моңғол тот жазуының көне ұйғыр жазуынан шыққандығын. Соның жалғасы екендігін, өйткені ұйғыр жазуын Керей және Найман хандары қолданды. Және тура сол сөзді осы бітіг деген мағынада яғни бичиг формасы осы Шыңғысхан кезеңінде де қолданыс тауып, қазіргі таңда тот моңғол жазуы деген атаумен моңғол мәдениетін енді. Қазіргі уақытта моңғолдар сол тарихи мұрасын қайтадан жаңғыртып қолданысқа енгізуге тырысып жатыр.
Бұл да бір құптарлық дүние. Мысалы еврейлер кезінде өзінің жазуын жаңғыртты ғой. Қазіргі әлемге бейімдеп жаңадан қолданысқа енгізді. Неге болмасқа? Өйткені өзінің тарихи мұрасы, ол кез келген тарихи мұра сол ұлысқа тиесілі болатын болса, оның бойында ұлттық таным, жанағы түсінік қалыптасады. Бұл өте маңызды нәрсе», - дейді тарихшы.
Сондай-ақ ол сол моңғол жұрты секілді көне аат жазуымызды қайта жаңғыртып, компьютерлік жүйеге енгізу болатынын айтады. Тек әзірше ниет пен құлшыныс болмай отыр.
«Қазіргі технологиялық мүмкіндіктердің ұсынып отырған мүмкіндіктерін пайдаланып, кез келген жазуды қолдануға толық мүмкіндік бар. Бұған біз дайын емеспіз.
Әрине, басқа да себептер бар. Себебі өзі көне түркі жазуы түркі тілінің ерекшелігіне, жанағы фонологиялық дыбыстық ерекшелігіне байланысты бейімделіп жасалған дүние. Сонымен тығыз байланысты.
Мысалы, оларда мына үндесім заңдылығы деген нәрсе бар. Сондағы мысалы, егер жуан дауысты, бірінші буында жуан ашық дауысты кездесетін болса, келесі буындарда да сондай болу керек еді. Немесе қысаң болатын болса, жанағы жіңішке дауысты болатын болса, дәл сол қайталануы керек еді. Ал қазіргі тілімізде бұл заңдылық бұзылып кетті.
Сондай-ақ, көне түркі бітіг жазуындағы үндесім дауыссыздары деп аталатын дауыссыз дыбыста екі таңбамен беріледі. Мысалы «б» таңбасы екі түрлі яғни жуан дыбыстармен үндесетін немесе керісінше жіңішке дауыссыздармен үндесуіне қарай түрлі жазылады. Яғни көні түркі жазуында өзіндік жазылу заңдылығы бар. «А» мен «е», және «ы» мен «и» бір таңбамен жазылады. Әрі бұл таңбалар сөздің басы мен ортасында жазылмайды. Тек соңында, дауысты дыбыспен аяқталып тұрса ғана жазылады. Осындай ерекшелігі бар. Бірақ бұл кедергі емес. Заманға сай бейімдеп толық пайдалануға болады. Бірақ оған әзірше сұраныс болмай отыр. Бұл өз ұлттық құндылығымыз бен тарихымызды көрсететін ұлы мұра», - деп атап өтті тарихшы Қазақстан тарихына берген сұқбатында.