Жақында Қызылорда Жастар театрының сахнасында «Жас Алаш. Шындық шырағы» қойылымының премьерасы өтті. Пьеса авторы, танымал жазушы, алаштанушы-ғалым Елдос Тоқтарбаймен спектакль төңірегінде сұхбаттастық.
– Елдос мырза, Қызылордада сахналанған «Жас Алаш. Шындық шырағы» қойылымының негізгі идеясы неде?
– Бұл спектакль – үш үлкен мерейтойға арналған тарту. Біріншіден, ұлт қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы, екіншіден, тарихи оқиға куәгері, аяулы Гүлнар Міржақыпқызының 110 жылдығы, үшіншіден, Қызылорданың Астана атанғанына 100 жыл толуы. Біз осы айтулы даталарды сахна арқылы тоғыстырып, Қызылорданың ұлттық тарихтағы орнын айшықтауды мақсат еттік.
– Пьесаңыздың негізі қай деректерге сүйенді?
– Драмаға Гүлнар Дулатованың «Шындық шырағы» атты естелік кітабы арқау болды. Онда Қызылордадағы күндердің ерекше жылылығы, әке мен баланың, ұлт қайраткерлерінің қарапайым да асқақ болмысы айқын жазылған. Біз сол естеліктерді көркемдік құралдармен сахнаға көшіруге тырыстық.


– Қызылорда қаласының Алаш тарихындағы орнына тоқталып өтсеңіз.
– Қызылорда – 1925-1929 жылдары қазақтың алғашқы астанасы болған мекен. Бұл жерде «Қазақ» атауы ресми құжаттарға енді, алғашқы кәсіби қазақ театрының іргесі қаланды, «Қартқожа» сынды классикалық роман жарық көрді. «Әдебиет танытқыш», «Жағырапия», «Педагогика» сынды іргелі зерттеулер осы қалада басылған еді. Әдебиет, баспасөз, мәдениет пен ғылым үшін бұл қала – қазақ ренессансының ошағы еді. Өкінішке қарай, бүгінде сол кезеңге қатысты ғимараттардың көбі сақталмаған, арнайы музей, ескерткіштер де жоқ. Біз осы қойылым арқылы сол рухты жаңғыртып, көрерменді тарихпен қайта қауыштырғымыз келді.
– Жас театрдың шығармашылық ізденісі жайлы не айтар едіңіз?
– Қызылорда Жастар театры – еліміздегі ең жас ұжымдардың бірі. Жеке ғимаратқа ие болғанына небәрі екі-ақ жыл. Соған қарамастан, олар үлкен тәуекелге барып, Алаш тақырыбына ден қойды. Режиссер Ұлан Болатбек әр актерді өз бейнесіне дәл тауып, сахналық шешімдерді тың қырынан жасады. Әртістер архив пен музейді аралап, тарихи деректермен танысты. Соның арқасында ойындары сенімді шықты.

– Премьераға арнайы келген қонақтар әсерімен бөлісті ме?
– Ең басты қонақ – Гүлнар Міржақыпқызының қызы, белгілі дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жаннат Әбенқызы Сатыбалдиева болды. Ол сахналық қойылымнан кейін тебірене сөйлеп, көз жасына ерік берді. Бұл – біздің еңбегіміздің бағасы. Сонымен қатар, жергілікті зиялы қауым өкілдері, өнер қайраткерлері, кәсіпкерлер қолдау білдірді. Театр директоры Нұрмат Мансұр ағамыздың ұйымдастырушылық еңбегін де ерекше айтар едім.


– Қойылым көрерменге қандай ой салды деп ойлайсыз?
– Ең әуелі, тарихтың ауыр шындығын жеткіздік. Міржақыптың соңғы ұсталуын бейнелейтін сахнада зал түгел жылап отырды. Өйткені бұл – өткеннің ащы шындығы. Біз ұрпаққа шерден босаған, рухы асқақ қазақ бейнесін көрсетуге тырыстық.
– Алдағы жоспарыңыз қандай?
– «Жас Алаш. Шындық шырағы» – бастамасы ғана. Біз Алаш тақырыбын сахнада да, экранда да жалғастыруға тиіспіз. Бұл тек бір қаланың емес, тұтас ұлттың ортақ рухани мұрасы.

Жазушы Елдос Тоқтарбайдың сөзіне қарағанда, Қызылорда сахнасындағы қойылым – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа аманат. Алаштың өр рухы бүгінгі жас буынның жүрегіне қайта ұялады деген үміт мол.