Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Діни ағартушы Файзолла Сатыбалдыұлы туралы 10 дерек

719
Діни ағартушы Файзолла Сатыбалдыұлы туралы 10 дерек - e-history.kz

Тарихи тұлғаларды тереңірек таныстыру, ғұмырнамалық деректерді саралай отырып жаңаша насихаттау мақсатында оқырман қауымға «Тарихи тұлғалар жайлы 10 дерек» айдарын ұсынамыз. Бүгін тарихи тұлға, Алаш қайраткері, Құран қари, діни ағартушы, сондай-ақ Торғай өңірінде 1929 жылы болған Батпаққара көтерілісінің қатысушысы Файзолла Сатыбалдыұлы жайлы баяндаймыз.

  1. Файзолла Сатыбалдыұлы 1883 жылдың 27 қыркүйегінде Торғай облысы, Торғай уезіне қарасты Батпаққара өңірінде дүниеге келген. Ол –  есімі Кіндік Азияға кеңінен танымал дін қайраткері, әулие Сатыбалды ишанның (Қыпшақ ишан деген лақап атпен белгілі) отбасынан шыққан.

  2. Бала кезінен ғылым мен білімге бейім болған Файзолла 7 жасында ауыл молдасынан алғашқы діни сауатын ашады. 8 жасында әкесінен дәріс алса, 9 жасында әкесінің Бұхарада бірге оқыған досы – Ахон хазреттен білім алады. 10 жасынан бастап 17 жасына дейін Бұхара шәріпте қарилық оқуда болып, Құранды толық жаттаған. 17 жасында Құран қарилық атағын алып, кәләмалланы жатқа оқитын дәрежеге жетеді. Ғұламалық жолдағы ұстазы әрі әке орнына санаған Ахон хазреттің фатихасын алып, 1901-1906 жылдар аралығында Торғай қаласындағы уездік мешіттер мен медреселерде діни қызмет атқарады.

  3. Алаш жолын мақсұт тұтқан торғайлық діни-ағартушы қайраткер Файзолла – Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Ғұмар Қараштың рухани мұрасын жалғастырушы тұлға.

  4. 1921 жылы елді жайлаған ашаршылық Батпаққара мен Торғай өңірін де ауыр күйге түсіреді. Сол жылдары халыққа көмек көрсету мақсатында құрылған Торғай уездік аш-арық бөліміне Файзолла Ишанұлы, Батырхайыр Тоқтыбаев, Шайхы Құлжанов сынды азаматтар комиссия мүшесі болып сайланады. Ашаршылық зардабын билікке жеткізу үшін Файзолла ишанның бастамасымен «Торғай Керуені», «Бұл не?», «Ашыққан ел», «Торғай халқының мұңы» атты мақалалары «Ақжол» газетінде жарияланып, онда биліктің әділетсіз саясаты мен халықтың мүшкіл жағдайы жеткізіледі. 

  5. 1928 жылдың желтоқсанында Файзолла Сатыбалдыұлы Батпаққара көтерілісіне қатысқандығы үшін «діншіл, зиянкес жат элемент» ретінде тұтқындалып, Қостанайдағы Ақтүрмеге жөнелтіледі. Осы кезеңде оның туыстары – Сатыбалдин Мырза ишан және оның төрт інісі (Шахуетдин, Ақмалетдин, Жамалетдин, Файзолла) мен Файзолланың екі ұлы Хажетдин мен Серажетдин де абақтыға қамалады. Ағасы Мырза ишан және оның балалары ату жазасына кесіледі. 

  6. 1929 жылы Файзолла ишан Алматыға жер аударылып, Қостанай округтік сотының үкімімен 14 жылға сотталып, Ақтеңіз–Балтық канал құрылысына ауыр еңбекке жегіледі. Айдаудағы жылдары Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мырзағазы Есполұлымен бірге өтіп, Мағжан Жұмабаймен екі жыл бес ай бір бригадада жұмыс істейді.

  7. Темір тор қабырғасында Мағжан Жұмабаймен бірге «Қызыл ту» қабырға газетін шығарды. 

  8. Рухани дос болған Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабай, Ахметсапа Жүсіпұлы, Ғазымбек Бірімжан сынды қазақ зиялыларына арналған хаттары, жыр шумақтары сақталған.

  9. 1935 жылы оның 14 жылдық жазасы жер аударумен алмастырылып, ол Татарстан, Башқұртстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан мен Ақмола аймақтарында қоныс аудара жүріп өмір сүреді. Тек 1946 жылы ғана, 63 жасында туған топырағы Батпаққара ауданына оралады. 

  10. Ол 1959 жылы ұзаққа созылған қуғын-сүргін салдарынан қайтыс болады. Өсиеті бойынша сүйегі бір апта сақталып, кейін діни қайраткер Әлмұхамед  Оспанұлы жаназа намазан шығарды. Құран қари әрі ақын болған тұлғаның артында ХХ ғасыр шындығын айшықтайтын мол әдеби мұра қалды. 

Жауынбай Жылқыбайұлы

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?