Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Бүгін тарихта

Қарқаралы округі құрылды

- = -

Барлыбек Сырттанұлының «Қазақ елінің Уставы» жазылды

26420
1911 жылы 13 маусым күні ағартушы-демократ Барлыбек Сырттанұлы жаңа заң жобасын жазып шықты
Барлыбек Сырттанұлы 1910-1913 жылдар аралығында құпия түрде қазақ өлкесін Ресейдің ішкі колониясынан шығарып, оны тәуелсіз республика статусы бар мемлекет қылып құру жөнінде Устав жазды. Оның қаламынан туған «Қазақ елінің Уставы» небәрі 28 баптан тұрады және соған қарамастан, мазмұны осы күні де білгір заңгер ғалымдарды қайран қалдырады. Уставтың ең негізгі идеясы – Қазақстанды Ресей отарынан шығару және дербес тәуелсіз мемлекет құру. Бұл идеяны ол төңкеріс жасау немесе құрылу күрес арқылы емес, керісінше, парламенттік жолмен, съезд шақыру, халық сайлаған депутаттардың шешім қабылдауы арқылы іс жүзіне асыруды басты мақсат етіп қояды. «Уставтың» кіріспе сөзінде ол осы мақсаттағы ойларын былайша қорытады: «Жаңа заманда атыссыз, соғыссыз, қан төкпей, бейбіт жолмен өз жерімізде тәуелсіз ел болу мақсатында... жеке Қазақ елі республикасын құрамыз». «Уставтың» бірнеше баптарында Б. Сырттанұлы адам құқығының мемлекетте тиімді қорғалуының ең маңызды мәселелерінің сапына жатқызады. Оның ойынша, барлық демократиялық санаттағы қоғамда жеке адам дініне, нәсіліне, әлеуметтік жағдайына, шыққан тегіне, атқаратын қызметі мен лауазымына қарамастан заң алдында тең болуы тиіс. Бұл талап – өркениеттіліктің, еркіндік пен бостандықтың іргетасы. Уставта ол: «Қазақ елінде адам баласының бәрі тең құқылы. Дініне, қанына, тегіне, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон мен құдай алдында жауап береді», - деп атап көрсетеді. Оның мұндай көрегендік саяси көқарасы бүгінгі күннің талабына сай келетінін дүниежүзілік саяси-әлеуметтік тәжірибе өзінен-өзі дәлелдеп отыр. Демократиялық мемлекеттердегі жеке адамның еркін пікір айту, плюрализм идеясын қазақ заңгері жан-тәнімен қолдайды. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі құқықтық мемлекеттерде негізгі міндет ретінде іс жүзіне асырылып жатқан «тыйым салмағанның бәріне рұқсат етіледі деген» қағиданы іс жүзіне асыруды сол заманның өзінде-ақ жақтаған.