Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Смағұл Елубай: Ашаршылық 5 миллионға жуық қазақтың өмірін жалмады

1024
Смағұл Елубай: Ашаршылық 5 миллионға жуық қазақтың өмірін жалмады - e-history.kz

Қазақ соңғы үш ғасырда небір азапты көрген халық. Өткен ХVІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап, патшалық Ресейдің аяусыз отарлауына ұшыраса, ХІХ ғасыр басында пайда болған большевиктік билік кезінде аштықтан, таптық жазаланудан және орынсыз қудаланудан көз ашпады. Осылардың ішінде халқымыздың демографиясы мен рухани кеңістігіне аса ауыр соққы болып тиген оқиға – өткен ғасыр басында екі дүркін орын алған ашаршылық. Осы орайда, аталмыш оқиғаны ұзақ жыл зерттеген және осы тақырыпты өзінің көркем әдеби кітабына («Ақбоз үй» романы) арқау еткен қаламгер, Қазақстанның Халық жазушысы һәм Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының профессоры, жазушы-кинодраматург Смағұл Елубаймен жүргізген сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

– Смағұл Абатұлы сіз өткен ғасыр басында қазақ даласында үш ашаршылық болды деген пайым айтып жүрсіз. Осыларды портал оқырмандарына жеке-жеке жіктеп, жіліктеп түсіндіріп берсеңіз? 

– Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанға дейін, алдымен «ақ патшаға», содан кейін «қызыл патшаға» тәуелді болғанымыз белгілі. Тәуелсіздік қадірін  тәуелділік трагедиясын білгенде ғана терең түсінеді екенбіз. Ендеше, «қызыл патшаға»  тәуелді болған алғашқы 15 жыл ішінде қазақ халқы көрген азапты еске алайық. Яғни сол 15 жыл ішінде, 1918 жылдан 1933 жылға дейін Қазақ елі бастан кешкен 3 ашаршылықты еске алайық. 

Бірінші ашаршылық. 1918-1919 жылдары қазақ ауылы ақ, қызыл боп шайқасқан азамат соғысының табанында қалды. Билікке келген қызылдар контрибуция дегенді ойлап тауып халықтың қолындағы наны мен алдындағы малын тартып алды. Алғашқы ашаршылық содан басталды. 1919 жылы өткен Түркістан советтерінің төтенше съезінде Тұрар Рысқұлов бұл ашаршылықта қырылған қазақтардың саны 1 млн 214 мың адам болды деді. Түркістан республикасын бұл кезде Кремль өкілі Иван Осипович Тоболин басқаратын. 

Өлке басшысы Тоболин: «марксистік тұрғыдан алғанда экономикалық  артта қалған қазақтар құрып бітіп жойылуға тиіс!» деген теориясымен тарихта қалды.

Ал 1921 жылы екінші ашаршылыққа ұрындырған Қызыл өкіметтің    «продразверстка» саясаты еді. Қызыл өкімет «берсең - қолыңнан, бермесең – жолыңнан!» деп, қазақтардың қолындағы малы мен нанын тағы да тартып алды. 

Осы реткі «ашаршылықпен күрес комиссиясын» басқарған жазушы Мұхтар Әуезов: «1921 жылғы  ашаршылықта қырылған қазақтың саны  1 млн 700 мың кісіге жетті!» деп жазады. 

Содан кейін Голощекин ұйымдастырған үшінші ашаршылықтың апаты бәрінен де асып түсті. Қазақтың тұқымы тұздай құруға шақ қалды. «1931-1933 жылдардағы ашаршылықтан  қырылған қазақтардың саны 2 млн 300 мың адам, өзге ұлт өкілдерінің шығыны 200 мың адам» деп қорытты, 1992 жылы республика бойынша құрылған парламенттік комиссия.

Сонда Қазақстанды қызыл өкімет басқарған алғашқы 15 жыл ішінде қырылған халық саны 5 млн 214 мың кісі болып  тұр. Оның 200 мыңы өзге ұлт өкілдері. Қалғаны, яғни, 5 миллион – қазақ халқының шығыны. Шекара асып кеткен 1 млн қазақты қосып есептесек, Қазақстан осы 15 жыл ішінде 6 миллион адамынан айырылған болып шығады. 

Осы жерде мынадай сұрақ туындайды. Қазақ елі осынау апаттарға соқтықпай айналып өтуі мүмкін бе еді? 

– Әбден мүмкін еді. Егерде большевиктер 1917 жылы құрылған Алаш автономиясын жөргегінде тұншықтырмағанда, келімсектер емес, Қазақстанды қазақ  басқарғанда бұл сұрапыл апаттар атымен болмас еді.

Қазақтың санын 5 миллионға қысқартқан бұл үш ашаршылықтың демографиялық және психологиялық салдары сұрапыл болды. Егер қолдан жасалған осы үш ашаршылық болмағанда республикадағы қазақтың саны бүгінде 100 миллионнан асады екен. Ал біз бүгінде небары 14 миллионға әзер жетіп отырмыз. 

Ашаршылықтың рухани-психологиялық салдарына келсек, ол одан да сорақы. Зор азапты көрген қазақ тәуелсіздікке дейін мойынында салпаңдап жүрген  құлдық қамытты көрмеуге тырысты. Қарнының тойғанына мәз болды. Тәуелсіздік, тіл, дін, тарих, дәстүр  дегендер ұлттың күн тәртібінен түсіп қалды. Соның нәтижесінде қазақ жаппай орыстана бастады. Ашаршылық  репрессияның психологиялық салдарымен біз бүгінде ширек ғасырдан астам күрессек те әлі арыла алмай келеміз.

Осынау апаттар болмағанда бүгінде республикамыздағы қазақ халқының саны қанша 100 миллион болар еді дейсіз, бұл нағыз шындық ба, әлде демографиялық болжам ба?

 – Бұл уәж қысыр қиялдан туа салған цифр емес. Қараңыз: Ресей  империясында 1897 жылы өткен  халық  санағында қазақтардың  санын 4 млн 84 мың  кісі деп  көрсетілген. Сол санақ бойынша өзбек, қырғыз, тәжік, түрікпен тәрізді  Орта Азиялық  көршілеріміздің  бәрін қосқанда   қазақтың  жартысындай ғана болыпты. Мысалы, сол кездегі қырғыздардың  саны 200  мың адам болған  екен. Осы бізбен біртуған халықтың  1897 жылдан бергі 120 жыл ішіндегі көбеюі 30 есе болып, бүгінде 6 миллионнан асып отыр. 120 жыл ішінде қазақ небары 4 есе ғана көбейіп, әлем бойынша 17 миллионға әрең жетіп отыр. Қазақпен ұлттық болмысы ұқсас қырғыздар тәрізді қазақтар да, өз табиғи өсімімен  120 жыл ішінде 30 есе көбеюі мүмкін бе еді? Әбден мүмкін еді. Ендеше, 1897 жылғы 4 млн 84 мың  қазақты 30-ға көбейтіңіз! Сонда 100 миллионнан асып түсетін цифр шығады. Яғни қырғын көрмей  қырғыздар тәрізді өзінің табиғи  өсімімен көбейгенде қазақтардың саны бүгінде 100 миллионнан асып түсіп, әлемдегі алып елдердің бірі болып отырады екен. Тек ғана жер көлемімен ғана емес, халқының санымен де қазақтар әлемдегі алып елдердің қатарында, 9-шы не 12-ші орында болады екен.

– Отандық әлеуметтанушы ғалымдар «қазақ халқының басына түскен ашаршылық нәубеттер әдейі, қасақана қолдан ұйымдастырылды» деген пайым айтуда, сізше қалай? 

– Біздің ойымызша, бұл ашаршылықтың әртүрлі шаруашылықтық-әлеуметтік науқандарды ұйымдастыру нәтижесінде кеңестік билік тарапынан қолдан жасалғаны, бірақ оның қазақ халқына қарсы әдейі ұйымдастырмағаны анық. Бұлай дейтін себебіміз, кеңестік билік осы қасіретке алып келген және 1925 жылдан басталған елді жеделдете индустрияландыру саясатын жүзеге асыру үшін Қазақстанда да елдің басқа өңірлері тәрізді орталықта салынып жатқан өнеркәсіптерге шикізаттық өнімдер дайындау, оларды ауылшаруашылығы өнімдерімен, азық-түлікпен қолдау үшін әртүрлі күштеу шараларын жоғарыдан жүзеге асырды. Қазақстанда, әсіресе, Ресейдің ірі қалаларын, индустрия орталықтарын, қызыл армияны етпен қамтамасыз ету шаралары аса қатал және дөрекілікпен жүзеге асырылды.

Алайда стратегиялық мақсатты ғана көздеген бұл науқандар елді жаппай аштан қыруға алып келетінін Мәскеудегі басшылық алдын-ала болжай алмады. Ашаршылық негізінен алғанда биліктегілердің қате саясатынан, адам құқын аяқ асты ететін, зорлыққа негізделген шаруашылықтық-саяси науқандарынан туындады. Алайда өзінің салдары жағынан қазақ халқының жартысына жуығын жалмаған бұл қасірет геноцидтің қатерлі қорытындысымен бірдей болып шықса да, оған алып келген Сталин бастаған тоталитарлық мемлекеттік жүйенің қазақ халқын түбегейлі жойып жіберу мақсатын көздемегені де анық нәрсе. 

Түсінікті. Ашаршылық салдары еліміздің өңірлерінде әртүрлі жағдайда өрбігені анық. Бірінде аса қатты, екіншісінде жеңіл дегендей. Демек осыған байланысты архивтік құжаттар не дейді?

– Біз екінші ашаршылық деп атап отырған 1921-1922 жылдардағы  ашаршылық деректері архивтерде ашық және кеңестік-қазақстандық тарихшылар еңбектерінде біршама зерттелген. Егер кезінде большевиктердің өздері жариялаған ресми деректерге жүгінер болсақ, 1921-1922 жылдардағы ашаршылық Орынбор, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Бөкей, Торғай губернияларында қатты болған. Осы ашаршылық салдарынан Батыс Қазақстан өңіріндегі халық 1917-1923 жылдар аралығында 981 384 адамға кеміп кеткені айтылады.

Бұл аймақтардағы село-ауыл халқы 1917 жылмен салыстырғанда 1920 жылы 9,7%-ке азайса, ал 1923 жылы алғашқымен салыстырғанда 38%-ке азайды. Әсіресе, ғаламат қырғын 1921-1922 жылдардағы ашаршылықта болды. Тек 1920-1923 жылдар арасында ғана аталған өңірде село-ауыл халқының саны 31,4 %-ке азайды. Азамат соғысы кезінде қазақтардағы мал басы 59,2 %, яғни екі еседен астамға азайып кетсе, ал келесі 1921-1923 жылдары ашаршылық болған үш жылда бұл кему тағы да 47,3%, ал жалпы осы алты жылды тұтас алғанда – 78,5% болды.

Осы қырғыннан аман қалған мал 1923 жылы бұрынғы 1917 жылдағы жалпы мал санының 5/1-нен сәл ғана асып түсті. Бұл кеңестік билік өзі мойындаған ресми мәліметтер. Кеңестік билік осы ашаршылықта ауыл халқының Қазақстан аймағында 30%-тен асып кеткенін, яғни  бір млн-ға жуық адам кемігенін мойындаса да, осы кемудегі өлгендер қанша дегенге ешкім нақты жауап іздей қойған жоқ. Демографиялық есептеулер осы кемуде өлген қазақтар саны 700 мың адамнан асады деп көрсетеді. Кеңестік билік бұл ашаршылықтың бәрінен бұрын дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысатын қазақ шаруаларына ауыр тигенін айтудан жалтаруда.

Ал үшінші ашаршылық жайлы айтар болсақ, осы нәубеттің зардабы жайлы зерттеген Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының комиссиясы өзінің қорытындысында: «Қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, сондай-ақ табиғи өлім деңгейінің үнемі жоғары болуынан 2 млн 200 мың адамынан, яғни барлық қазақ халқының 49 процентінен айрылды» деген пәтуа айтты. Бұл ресми дерек.

Тағы бір назар аударатын мәселе: архивтік құжаттарда үшінші ашаршылық жылдары (1930-1933) далалық өлкеде өмір сүріп жатқан халық саны 3,379,5 мың адамға кемігені айтылады. Бұл кему негізінен қазақ халқына қатысты. Өйткені осы жылдары қазақ халқының 90 пайызы мал шаруашылығымен айналысып, 6 пайызы ғана қалалық жерлерде тұрды. Оның үстіне бұл жылдары қала халқының өсуінің  қазақтарға қатысы жоқ. Босқын қазақтарды қалалар тіркеуге алмады. 

Қазақтардың жоғарыда көрсетілгендей көлемде кеміп кетуі Қазақстанның Халық шаруашылығы есептеу басқармасы (Казнархозучет) бастығының орынбасары Н.Мацкевичтің Л.И.Мирзоянға 1935 жылы 23 қыркүйекте жазған едәуір көлемді құпия хатында да көрсетілген. Ол бойынша ауыл халқының 1930-1933 жылдардағы кемуі 3 млн 559,8 мың адамды құраған. Егерде мұрағат қойнауындағы «алтаудың» И.Сталинге (көшірмесі Л.Мирзоянға) жазған мәліметтеріне назар аударар болсақ, 1930 жылғы 4 млн 800 мың қазақтан (800 мың қазақ шаруашылықтарынан) 1932 жылдың көктемінде 2 млн-ға жуық ғана  қазақ (450 мың қазақ шаруашылықтары ғана) қалғанын аңғара аламыз. Яғни 1930 жылдан 1932 жылдың көктеміне дейін қазақтар саны 2 млн 575 мың  адамға қысқарған. 

Әрине бұлардың бәрі өлгендер емес, мұнда босқындар да бар. Алайда бұл деректе ашаршылық асқынған 1932 жылдың жаз және күз айларындағы және 1933 жылдың алғашқы жартысындағы қырылғандар есепке тіркелмеген. Жанама санақтар ашаршылықтың соңғы жылдарында ауыл тағы да 1 миллионға жуық адамның қысқарғанын, яғни 1930-33 жылдардағы ауыл халқының кемуінің 3 млн адамнан асып кететінін мойындайды. Алайда мұның 1 миллионға жуығы тірі қалған босқындар болып табылатындықтан аталған ашаршылықта 2 миллионнан астам қазақ қырылды, ал бұл республикадағы қазақ халқының жартысына жуығы деп қорытынды жасауға болады. Мұндай қорытынды жоғарыда аталған осы мәселеге байланысты  өкімет комиссиясы құрамына енген ғалымдар тұжырымына да сәйкес келеді. 

–  Өзіңіз жоғарыда атап өткендей екінші (1921-1922) және үшінші (1931-1933) ашаршылықтың  себептері мен салдары ғылыми тұрғыдан анықталды ма?

– Сіз айтып отырған екі ашаршылық кеңестік тоталитарлық жүйе әлі қалыптаса қоймаған кезеңде орын алғандықтан тарих ғылымында құпия бола қойған жоқ. Рас қырылған адамдар сандарын анықтауға құлшыныс байқала қоймады. Кеңестік тарихнама бұл қасіретке байланысты негізгі кінәны климаттық жағдайдың нашарлауына және ақтардың азамат соғысын тудыруына аударып құтылды. Мұнда әрине шындық біршама бұрмаланды. Қазақ жерінде  азамат соғысының тұтануына ең алдымен большевиктердің өздері кінәлы еді. Тарихи әдебиетте міне осы мәселе айтылмады. 

Ал енді үшінші ашаршылықтың себептеріне тоқталар болсақ, Қазақстан жағдайында  негізінен дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысқан қазақтар қырылғандықтан шетелдік ғалымдар айтып отырған климаттық ауыртпалық, яғни егіннің шықпай қалуы Украинадағы немесе Еділ бойындағы сияқты  ашаршылықтың негізгі себебі бола алмайды. Бұлар ашаршылықтың жанама себептері ғана. Нақтырақ айтқанда, ет дайындау және коллективтендіру науқандарында қазақтардан малды жаппай тартып алу – 1931-1933 жылдарда Қазақстанда орын алған ашаршылықтың басты себебі болмақ.

 Әсіресе қазақтардың негізгі шаруашылығын құраған және негізгі тамақтану көзі болып табылатын дәстүрлі мал шаруашылығын күшпен күйрету, жоғарыда аталған ет және астық салығының толастамауы қазақтардың аштан қырылуына алып келді. Сталиншілдер бұл жерде басты нәрсені ескермеді: ғасырлар бойы мал шаруашылығымен айналысқан қазақ тәрізді көшпелі және жартылай көшпелі халықтың дәстүрлі тіршілігін күшпен зорлап өзгерту олардың тұрмысын жақсартпайтынын былай қойғанда, жалпы халықтық қасіретке, демографиялық апатқа ұрындыруы әбден мүмкін еді. Шын мәнінде осылай болды.

– Уақыт өтті, заман өзгерді, қазір тәуелсіз елміз, осы орайда, өткен ғасырдың басында халқымыздың басынан өткен зұлматтарды геноцид деп сипаттауға бола ма? 

– Өткен ғасыр басындағы зұлматтарды геноцид деп тануға толық негіз бар. Осы мәселеде мемлекет тарапынан әлі ресми жауап жоқ деуге болады.  Геноцид туралы айтқанда әдетте, 1948 жылы БҰҰ бекіткен «геноцид туралы қағидат басшылыққа алынады. Алайда бұл беделді халықаралық ұйымның геноцидке байланысты анықтамасында қазақ тәрізді дәстүрлі қоғамда өмір сүрген халықты тоталитарлық биліктің реформалау саясатының қатыгездігі және адамгершілікке жаппай қырғынға ұшыратуын қалай сипаттау керек деген мәселеге қатысты тұжырымдама жоқ екен.

Халықаралық конвенцияда «геноцид» деген ұғым бір халықты немесе ру мен тайпаны басқалардың, оларды жойып жіберу үшін  әдейі қасақана,  қаскүнем шаралар ұйымдастыруын білдіреді дейді. Ал шын мәнінде халықты жойып жіберуді алдына мақсат етіп қоймаса да, билік жүргізген саясат немесе реформа Қазақстандағыдай халықты жаппай қырғынға ұшыратуға алып келсе, яғни  жүргізілген шаралардың нәтижесі геноцидтің қорытындысымен бірдей болып шықса, оған қандай баға береміз деген сауалға БҰҰ-ның жоғарыдағы анықтамасы нақты жауап беруі тиіс еді.

Осыған байланысты мынадай пікір қайшылығы орын алып отыр: геноцид туралы БҰҰ-ның ұстанымына және шешіміне сәйкес келмейтіндіктен бұл мәселе туралы нақты пікір айтудан шетел зерттеушілерінің көпшілігі жалтарса, ал қазақстандық мәдениет қайраткерлері бұл қасіретті геноцид ретінде сипаттауды ұсынады. Қазақстандық зерттеушілер қазақ халқының жартысына жуығын қырғынға ұшыратқан бұл ашаршылық науқанының этникалық қылмыс, яғни, этноцид екенін де айтып жүр.

Бірақ архив қойнауында аталған тарихи кезеңде Кеңестер Одағының болшевиктер партиясының және үкімет органдарының қазақтарды қырғынға ұшырату туралы арнайы шешімдерінің және нұсқауларының болмауы жергілікті ғалымдардың зерттеулерінде геноцид ұғымына және түсінігіне сай сипаттаулар жасауларына кедергі болып отыр. 

Дегенмен де, бұл ашаршылық өзінің салдары мен қорытындысы жағынан геноцид деп тұжырымдауға сәйкес келеді, өйткені осы зұлматта республикадағы қазақ халқы жеке ұлт ретінде мүлде жойылып кете жаздады. Алайда бұл іс геноцид екенін дәлелдеумен іс бітпейді. Осы «геноцидке кім кінәлі?» деген саяси астары бар салмақты сауалға да жауап беруге тура келеді. Ал біз осыған дайынбыз ба?

– Түсіндім. Мәселенің астары тереңде жатыр екен. Десе де біздің өз қолымыздан келетін қандай шаралар бар деп ойлайсыз?

– Дұрыс айтасыз. Өзіміздің қолымыздан келетін іс: жыл сайын ашаршылық құрбандарын еске алуды жалпыхалықтық деңгейде аса маңыз беріп өткізген дұрыс. Одан кейін сол зұлмат құрбандарына арнап Алматы қаласына «Аза сарайы» атты кешен тұрғызған жөн. Одан кейін 31 мамыр күні ашаршылық және репрессия құрбандарына арналып мешіттерде дұға  оқылуы тиіс. Осылайша ұлттың ұлы қасіретін ұлықтау арқылы біз жоқтаусыз кеткен сол бір жойқын жылдардың 5 миллион құрбаны алдында азаматтық парызымызды өтей бастаған болар едік. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?