Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ИТ ҰЛЫҒАН ТҮН (деректі – этнографиялық әңгіме)

2005
ИТ ҰЛЫҒАН ТҮН  (деректі – этнографиялық әңгіме) - e-history.kz

Бірер апта бұрын елорда төрінде «Отандастар» қоры» КеАҚ ұйымдастыруымен әлем қазақтары бас қосқан форум өтті. Мәртебелі жиынға түркиялық Нұрахмет Гюнеш атты егделеп қалған ағамыз келіпті. Бағзыдан бергі бір әдетім, түркиялық көнекөз қазақтарды көрсем болды, сонау 1940-шы жылдары Алтайдан ауып, Анадолыға барған алғашқы көштің баяны жайлы сұрамай тынбаймын. Әркез бұрын-соңды хабарым болған бір оқиғаны естимін. Бұл жолы да қызық әңгіме естіп тебірендім. Сонымен...

– Бұл оқиғаны анам Қамарияның аузынан естідім , - дейді ағамыз. – 1930-шы жылдары Шыңжаң билігін қолына қондырған гоминьдан партиясының озбыр өкілі Шың Ши Сайдың кесірінен Өр Алтайдың Сарытоғайынан үріккен ел Баркөлге ауып барып бес-алты жыл тұрақтапты. Бұл жерде оларға баянды қоныс, тиянақты тұрақ болмаған тәрізді. Өйткені, бастарын иіп бағынбаған, айтқанына жүріп, айдағанына көнбеген елге өшіккен қытайлар ұзынқұрық жалдамалы жандайшаптарын жіберіп, маза бермепті. Оның сыртында халық арасындағы ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, қол бастаған ерлерді «бәтуаласайық» деген желеумен Үрімжіге шақырып алып, бірін қалдырмай жер жастандырған. Кеше ғана бақиға аттанған марқұм ақын Несіпбек Айтұлы: 

«Еркіндік болмаған сол ел басында,

Қарамас жүйріксің бе, жорғасың ба.

Ай менен шағылысқан алтын басың,

Қор болар қой боғындай қорғасынға», - дегеніндей, талай боздақ, тайпалған талай жорға, осылай тағдырдың кез болыпты кермесіне (Ахмет Байтұрсынов).

****

Осылай қуғын көріп, жаудың соққынан көз ашпаған ел Баркөлден ауа көшеді. Аспаннан оқ төккен айырпланмен айқаса жүріп, түн қараңғысында қоршап алып жалғыз қара қалдырмай қырамыз деп ентелей ұмытылған қытай әскерімен қара тұяғынан қал кеткенше айқасып, бесіктегі баласы мен ай дидарлы жарын, ақ сүтін беріп асыраған анасы мен жетесіне қорғасын құйып, арқардың сүйізімен саптаған асыл қанжардай қайрап өсірген қарт атасын кәпір жаудан қорғап, арыстандай айқасқан ерлер көшкен елді бастап Бисан тауына барып паналайды. Бұл жерде ұзақ тұрақ болмайды. Өштескен гоминьдан әскері кәрін төгіп, өкшелеп қуады...

Ауған ел Ошақтыдан өтіп, Өлгейге жетеді. Арықарай Шынығанға тиіп тұрған Қарадырға тұяқ іліктіреді. Ұйқы-күлкі көрмей Іңіз тауына барып папалайды. Баяғы жау, оқ боратып қуып келеді... Қытай әскерлерімен табан тіреп шайқасын ерлер Қақтың жазығын көктей өтіп, қашқан елді Мажын тауына әкеліп ықтатады. Алда Тибет. Бұл басқа өлке, басқа ел. Шыңжанға бағынбайды. Яғни, қашқан халықты түгелдей қырып тастауға бұйрық алған гоминьдан әскері осы жерден тізгін тартып, кері шегінеді де, зұлым басшылары сұраусыз-сұрақсыз, қорғаусыз-қамқорсыз қашқан елді қырып тастаңдар деп жауыз дүңғандарға қару-жарақ береді. 

Өздерін мұсылман баласы санайтын дүңғандардың жауыздығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қытайдың жалмауыз әскері былай қалып, қаныпезер дүңған-тибеттермен жанталаса айқасқан ел Гансуды артқа тастап, Тұла, Сұр, Ақши деген жерлерден өтіп, Үндістанның шебі Алтыншөге өңіріндегі Нақша атты шағын қалашыққа табан тіреп жығалады. Әбден азып-тозған олар 1941 жылдың күзінде айналасын тау қоршаған Шүршіл ойпатына жиналады. Бұл Үндістанға өтетін шекара бекеті. 

Осы көштің басы-қасында болған Халифа Алтай жарықтық, өзінің өзекжарды естелігінде: «1930-шы жылдары Алтайдан ауа көшіп Гансу өлкесіне келгенде біз 18000 адам едік. Осылардан 5000 адам Тибетке тірі өттік. 1941 жылы Үндістанға 3000 адам өтіп, 1942 жылы осыдан 1000 адам ғана тірі қалдық» деп жазатыны осы.

****

 – Үндістан шекарасында бір бойы қамалған елді сол елдің атқа мінерлері қабылдап алуына мына бір оқиға себеп болыпты, - дейді түркиялық қонақ. – Бір қазақ мал қайырып жүріп шекара шебінен байқамай өтіп кетеді. Оны күзетте тұрған солдаттар ұстап алады. Тінтіп көрсе, мойынында тұмар бар екен. Оны ашып көрсе құран аяттары жазылған. Алланың әмірі-ай әлгі жердегі күзет бастығы мұсылман баласы екен. Дереу биліктегі діндестеріне хабар салған. «Мұсылман бауырлар кәпір қытайдан қорлық көріп ауып келіпті». Бұл 1941 жылдың қыркүйек айы. 

Ақыры ауған елді Үндістанның ағылшындар бақылауындағы аумақ қабылдайтын болады. Әбден азып-тозған халық ертең шекара асырады деген күні қолда бар арық-тұрағын сойып, сорпаланған болады. Сүйек-саяғын сонау Баркөлден бері көшке ілесіп табаны тесіліп келе жатқан иттеріне тастайды...

 Кешкі мезгіл. Бұл жердің күні Алтайдағы сияқты көктің белдеуін қиялай жүзбейді екен. Тік төбеден шаншылып күйдіреді. Мыңдағын жылдар бойы ыстыққа қақталған Шүршіл ойпаты қуарып тұр. Бұрын мұндай ыстықты көрмеген халық қалқа іздеп талмаусыраса, бұрын киіз үйді айнала көлеңке қуып жамбастап жататын иттер тілі салақтап, ықылық атады. Үздіксіз қара жердің қыртысын қуырған күнде алаулап батуға беттеді... 

Кенет... кенет кәрі сексеуілдің түбінде бұйығып жатқан Жаңғабыл шалдың кәрі төбеті ұлып қояа береді. Зарлы дауыс, запыранді үн, бейне бір қу медиен далада сүйегі шашылып көмусіз қалған  15 мың қазақты жоқтап жатқан сияқты. Кәрі төбеттің мұң-зарына таңдана қалған Шәмсия кемпір «Кет әрі, өз басыңа көрсін» деп ашық отқа қақталып, қап-қара болып кеткен мыс шәйнегін үйкеп әлек...

Бір заманда кәрі төбеттің зарына ала қаншық қосылды. Екеуі тұмсығын көкке шаншып алып қосылып ұлиды. Аздан соң бұл екеуіне көрші қостың иттері қосыла кетсін. Мұндай зарлы ұлуды адам баласы бұдан бұрын ешқашан естімеген. Қыл қобыздың запыран зары сияқты күңірене басталған иттердің үні жалғыз ұлы жау қолында өліп, өзегі өртенген кейуананың мұңындай үздіге үзіле естіледі. Күнде батты алаулап. Іңір қараңғысымен қосылып күллі елдің иті қосыла күңіренсін кеп. У-шу ұлыған иттер. Тарғылдана ыңырсып, тұншыға құмыққан кәрі төбеттердің үніне, ботасы өлген інгендей зарлана боздап, сыңсып барып сарқыла үзілген қаншық иттердің мұңлы дауыстары қосылса, анасы өліп жұртта қалып жылаған сәбидің шырылындай тұлабойды шымырлатқан күшіктердің аянышты үзік-үзік ұлуы...

Үлкені бар, кішісі бар, төбеті бар, қаншығы бар, сырттаны бар, күшігі бар... үш жүз иттің бір мезгілде іңір қараңғысынан бастап, рауандап атқан таңға дейін үздіксіз ұлуын бұған дейін көрген һәм естіген жан баласы жоқ. Өздері азып-тозып, жаудың қолынан өлген жандардың жүзін жасыруға шамасы келмей қансоқты болған жұрт иттердің мына қылығын неге жорырын білмей аң-таң. Кешіккей бұл жұмбақтың да шешуі табылды. 

Қалай дейсіз бе? Былай. Таң атып, күн арқан бойы көтерілген мезетте, ортадағы құм төбенің басына жиналған барлық ит соңғы рет жаппай ұлып алады да, көштің келген ізіне түсіп туған мекені Баркөлді бетке алып тартып отырады. О, құдірет, тіпті кішкентай күшіктердің өзі қалмай үйір иттің соңынан бүлкілдеп бара жатыр... Бейшаралар сүйек-саяқ беріп асыраған иелеріне жалтақ-жалтақ қарап қояды...

Иттердің бұл ісін барлық жұрт айтпай-ақ түсінді. Ит болса да хайуандар жат жер, жатырқау өлкеге барудан бас тартты. Сөйтіп, ертең шекара асқалы отырған иелерін тастап туған жеріне тартып отырды. Осы көрініске қарап  көкірегі қарс айырылған бір әйел: 

Айырылып елден сорладық,

Қаңырдық, қалдық, оңбадық,

Жат елге ауып барамыз,

Бола ма ол жақ папамыз,

Туған жұртын қимаған,

Ит құрлы да болмадық... – деп жылапты дейді.

 Расында бұл таңғажайып оқиға. Естіп отырып қатты тебірендік. Осылай Үндістанда 12 жыл тұрып, кейін 1954 жылы Түркия еліне қоныстанған осы ауған елдің бір адамы 1980 жылдардың ортасында Баркөлге жаққа барып, шекара аспай қайтып кеткен иттер туралы сұрастырған екен. Бұл оқиғадан хабары бар адамдардың айтуына қарағанда: Шүршілден кеткен иттер үш бөлік болып туған жеріне жеткен екен. Әбден арықтаған. Келген бетте иелері үй тіккен жұртқа келіп жығылыпты. Сол беті тұрмаған. Тіпті ұлымапты. Тек үнсіз ыңырсып жатып, барлығы жан тапсырған. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?