Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Исламдағы ірі тұлғалардың дені Орта Азиядан шыққан...»

2145
«Исламдағы ірі тұлғалардың дені Орта Азиядан шыққан...» - e-history.kz

Кеңшілік Тышқанұлы, философия ғылымдарының кандидаты, теолог, Еуразия Ұлттық университетінің оқытушысы.

-Құрметті Кеңке, әуелгі әңгімемізді  отыз күн оразадан бастасақ деймін. Осы орайда оразаның танымдық мағынасына тереңірек үңіліп көрсеңіз?

-Ораза парсының «рузе» сөзінен келген сөз ғой. Руз- күн, күндіз деген мағына берсе рузи-азық, тамақ деген мағынаны білдіретін екі сөзге байланысы бар ғой деп ойлаймын. Күндіз бойы ішіп-жеуден тиылу деген қорытынды шығады. Ал танымдық мағынасы әлде қайда тереңде жатыр. Жалпы қазіргі мұсылмандардың бір қателігі құлшылықтың сыртқы формасына ғана жабысу ғой. Кезінде өзіңіз білетін медресе үлгісінде «Хикамия» деген бағыт бөлек оқытылған. Ол әрбір нәрсенің астарына үңілуге, ойлануға дағдыландыру еді. Діннің де міндеттерінің астарында түсінген адамға терең мән жатыр. Ал ол мәнге жете алмасаңыз құлшылық орындау тек формада қалады. Абай өзінің қара сөздерінде «Ғылымсыз оқыған намаз тұтқан ораза, қылған қажылық ғибадат орнына жүрмейді» демей ме?! Осында айтып отырған «ғылымы» ол алдымен ғалым болу керек дегені емес, керісінше не үшін намаз оқып жүрсін, ораза неге тұттың, қажылықтың түп мақсаты не соны біл, әйтпесе ғибадат болып саналмайды дегені ғой.

Кезінде дінге тиым салған уақытта қазақ даналары:

Отыз күн тәмәм бітіріп

Нәпсінің кірін кетіріп,

Ораза ұстап, айт оқып

Қайтқанның қадірін кім білген?!- деп жырлаған ғой. Осы жердегі нәпсінің кірін кетіруді еш түсінбейміз. Әсіресе оразаның нәпсінің кірін қалай кетіретіндігіне назар аудармаймыз. Шәкәрім қажы да бір өлеңінде:

Бұл күнде дұрыс иман жоқ,

Шатақ дін нәпсі тыйған жоқ.

Ақылы саудың ойына

Алдамшы діндер сыйған жоқ,- демеді ме?! Міне егер діни таным дұрыс қалыптаспаса, хикметпен ұсталмаса дін – шатақ дінге айналып кетеді. Шатақ діннің екі зардабы бар. Бірі адамның өзін алдауы, екіншісі айналасын алдауы. Бірақ бұлардан да үлкен зардап дінге қиянат жасайды. Мұсылманды – исламмен шатастыратын қазіргі қоғам мұсылманның бейнесін исламның бейнесі деп ойлайды. Ал қиянат деген дүние әрбір діндар үшін бірінші дұшпан болуы керек қой. «Қиянатың бар болса иманың жоқ, маған десе мың жылдай қыл ғибадат» дейді ғой Шәкәрім дана.

Енді осы нәпсі деген не, деген сұрақты ашып көрейікші. Нәпсінің тура мағынасы арабшадан «адамның өзі» деген сөз. Дін демек, алдымен адамның өзі үшін, өзін ағарту үшін, өзін нұрландыру үшін, өзінің кемшіліктерімен күресу үшін керек. Тіпті әрбірден соң «Діндарлығыңды құдайға көрсет (өзің үшін, маған адамшылығың керек» деген сөз ұнайды маған.

Діни теологияда да құдайды танимын десең алдымен өзіңді таны деген жақсы қағида бар. Міне адам баласының ең үлкен қателігі құдайды тануға, басқа адамдарды тануға талпынамыз, бірақ өзімізді тани алмаймыз. Өзімізді танысақ не болады?! Онда өзімізді тәрбиелейміз, жетпейтін жерін жеткізуге, артығын кесуге тырысамыз. Былайша айтқанда өзімізбен «күресеміз». Ал ораза нәпсінің екінші мағынасына келетін «құмарлықтарымызды» ауыздықтау арқылы тәнге емес, жанға билетуге көмектеседі.

Шәкәрімнің:

Затшылдық көзін байлады,

Адастырып айдады.

Жан билемей тән билеп

Ақылдың соры қайнады,- дегенінде  затшылдықты тек материализм деп алатын болсақ, қазіргі діни ұстанымдар да сыртқы формаға негізделіп материализмнен айырмашылығы болмай қалғандығын түсінуге болады.

Сайып келгенде, ораза отыз күн ашығу, фигураны түзету, денені токсиндерден ғана тазалау емес. Бір уақыт пендешіліктің әлсіздігін сезініп, тәубаға келу, тойымсыз құмарлықтан арылу, қара нанның иісін, қара судың дәмін сезіп өз әлсіздігіңді мойындау, өзгеге деген мейірімнің оянуы, көптеген нығыметке шүкіршілік, рухани-материалдық тазару және жыл бойы сол тазалықты сақтап қалуға тырысу. «Мұсылманшылық кімде жоқ, тілде барда ділде жоқ» дейміз ғой. Сол сияқты діл пұсырман болмаса тіл пұсырман не пайда?! Біздің мұсылманшылығымыз адамның ішінде, сыртында емес!

-Осы қазақтың жекелей діни жолы мен моделі бар ма? Бар болса бұған не айтқан болар едіңіз?

-Иә, әрбір халықтың, әрбір ұлттың, тіпті әрбір пенденің жеке діни танымы болады. Біздің қазақ «Әлімсақтан мұсылманбыз!» деп санайды өзін. Біраз қазақтың мұсылманшылығы өзге халықтардың мұсылманшылық түсінігінен өзгеше. Біздің мұсылманшылық Құрандағы Шын мәнінде мұсылмандар бір-біріне бауыр» (Хужурат сүресі, 10 аят) «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп!» (Абай) деген мұсылманшылық. Біздің мұсылманшылық «Мас бола тұра намазға жақындамаңдар» (Ниса 43). Бұл жердегі мастық дүниеге деген махаббаттан мастық, оған көп мән бергендіктен мас болу деп түсіндіріледі» (Ержан Хазірет) деген Құранның мәнін астарлы түрде түсіне білген мұсылманшылық. Біздің мұсылманшылық,

«Ақылған билетпеген пенде айуан»

Десем де бола қоймас сөзім ағат

Құранның шын мағынасын шатақ ұғып

Молдалар маған қоймақ кәпір деп ат

Ақылыңа сынат деп дәлел айтқан

Құраннан табылад талай аят» -дейді Шәкәрім қажы.

«Ақыл деген неңізде арап тілі,

Білімділер зарттеуші білер мұны.

«Тұсамыс, шідер» деген мағынада,

Асау аттай нәпсінің тыяр жолы.

Нәпсіқұмар, баққұмар, ойынқұмар,

Дәулетқұмар атақты қылмақ тұмар.

Бәрі де бір нәпсінің қызықтауы,

Пайда мен зияндысын ақыл сынар» дейді Садуақас Ғылмани.

«Ақ оралып, жүйрік озар күн келер

Сіз бен бізді тірі болып кім көрер

Әттең сол күн сөйлер ме едің Ахмет

Ар алдында адалдыққа күн берер» дейді Файзулла қаридың Қостанай түрмесінде 1928 жылы жазғаны ғой Ахмет Байтұрсынұлына айтқаны).

Ал енді мына бір ғазалға қараңыз.

«...Ұлықтың пара болды қаражаты

Нашарға толып жатыр қиянаты

Айтады билер билік пұлға қарап

О дағы ақырзаман әламаты (Садық хазірет) деген қара қылды қақ жарған мұсылманшылық. Көрдіңіз бе, біздің исламды түсінуіміз деп түсіндіруіміз де өзгеше. Бұл айтылғандар теңіздің тамшысы ғана. Ал қазір исламды балақтық қысқалығымен, сақалдың ұзындығымен өлшейтіндерге мұның иісі де жетпейді. Сосын ғой кейбіреулердің «Таза Ислам бізге тәуелсіздіктен кейін келді» деп сандырақтап жүргеніміз. Мұсылмандардың арасында танымал болған бір сөз бар ғой «Құран-Меккеде түскен, Мысырда оқылған, Стамбулда жазылған» деген. Соған мен Құран-Түркістанда мәні ашылған (түсінілген) деп қосып жүрмін. Рас, исламдағы  ірі тұлғалардың дені Орта Азиядан шыққаны шындық қой. Тек қазір сол кезеңмен, сол түсінікпен сабақтастықты орната алмай жүрміз тентіреп. Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар бөліміндже 13 мыңға жуық қолжазба оқылмай жатыр. Сирек қолжазбалар орталғында жүздеген қолжазбаны оқитын адам жоқ. Бар болса да мардымсыз жалақыға ешкім отырғысы келмейді. Ал атамның мұрасы деп ешкімге үйдегі мұраларын бермей жамбасына басып жатқандар қаншама. Ертеңгі ұрпағы сол мұраға ие бола алатын саналы, сауатты болса қанеки?! Бізде жарыққа шығып жатқан бірен-сараң тұлғалар, батырлар ұрпақтарының қолында билігі мен қаражаты барлардың ғана ата-бабалары.

Ал қалғандарының не іздеушісі жоқ, не ұрпағының мүмкіншілігі жоқ. Өткен жылы жол түсіп Қызылжардың Жарқайың деген ауылына бардым. Онда да бір ағамыз өзінің атасын іздеп, құлпытасын оқып бер деп өтініш жасады. Сонда қораның орнындай жерде оншақты ғалым ғұламалардың тастарын оқыдым. Біз іздеп барған Тоқбет хазіреттің (Тұқбатулла әл-Қызылжари) құлпытасында ғалым, фазыл, кәміл Тухфатулла Данияроғлы деп басталған жазба екен. Демек, біздің талай тау тұлғаларымыз шөптің арасында, топырақтың астында жатыр. Бетіне шыққаны да ұрпақтың игілігіне ұсынылған жоқ. «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» сияқты бағдарламалар өкінішке қарай  науқаншылықтан арыға бара алмай тұр.

-Қазіргі Қазақстандағы діни ахуалға қандай баға берген болар едіңіз. Деструктивті ағымдардың қазіргі қарқыны қатты. Біз өзіміздің бозжусан болмысымызбен тарихи танымымызды сақтап қала аламыз ба?

-Қазақстандағы діни ахуалға екі қырынан баға беруге болады. Біріншісі саясат, екіншісі руханият. Саяси қырынан алғанда ахуал тұрақты. Халықтың түрлі ағымның сойылын соғуы, бастарының бірікпеуі, ортақ рухани құндылыққа жұмылмауы жалпы саяси тұрғыдан тиімді басқару тәсілі.

Ал рухани тұрғыдан алғанда сиырдың бүйрегіндей бөлшек-бөлшек діни ағымдар әркімнің қолынан жетелеп түрлі шатақ діндерге алып кетіп барады. Шәкәрім айтпақшы:

Анықты ешкім тапқан жоқ,

Іздемей қарап жатқан жоқ.

Әлімді зәлім қылатын

Шатақ діндей қақпан жоқ!. Қазірде ұзын саны 3818-ге жеткен діни бірлестіктер қарап жақтан жоқ. Барлығы демократия, сенім бостандығы, діни плюрализм (әралуандық), адам құқы деген ұрандармен жұмыс жасайды. Ал оның болашақ ұрпақтың діни бірегейлігіне, елдің тұтастығына, бабалар мұрасына адалдыққа, тарихи танымымыздың сақталуына қаншалықты кері  әсерде екендігін өзіңіз бажайлай беріңіз!

Дегенмен, бәрінен айырылдық деуге болмас. Әлі де үміт ұялататын талпыныстар, елге жаны мен тәнімен қызмет еткісі келетін жастарды көріп сәл үміт оты оянғандай болады. Бірақ, енді бар қазақты тұтас бір діни ұстанымда көру мүмкін болмасы шындық. Тек бөлінген ағымдарының атынан ортаға от тастап руға бөлініп, трайбализмнің сарқыншағынан әлі де құтыла алмаған қаймана қазақты бір-біріне айдап салмаса болғаны деп тілейміз. Қазіргі ғаламдық саясаттың ауаны да дінді саясатқа шоқпар етіп пайдаланып, дін-руханияттан бейхабар жастарды арбау ғой. Жүздеген қазақ Сирияға барып жер құшты, кім үшін? Жесір әйелдер мен жетім балалар әкелінді, не үшін? Бірін сопы, бірін уахабист, бірін тәңірші, бірін арабқұл деп жеуге даяр жүргендер жастардың болашақ діни ахуалы қалай болмақ? Әзірге бұл сұрақтардың жауабын дөп басып айту мүмкін емес. Тек уақыт еншісінде. Әрі ұрпақ сабақтастығында жатыр. Оны қамтамасыз ету үшін білім беру саласында жүйелі, жанашыр саясат керек. Ал дін мемлекеттен бөлінген деген қағидамен, зайырлылық ұстанымдармен рухани бірлікке қол жеткізу мүмкін бола қояр ма екен?!

жалғасы бар...

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?