Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жандарбек Мәлібекұлы: Елтаңба ұлттық намыстан жасалды

902
Жандарбек Мәлібекұлы: Елтаңба ұлттық намыстан жасалды - e-history.kz

Бірде «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының қолжазба қорынан шығып келе жатқанымда, еліміздің Мемлекеттік Елтаңбасының бірден-бір авторы, белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібекұлымен кездесіп қалдым. Амандық-саулық сұрасқан соң, шағын әңгімеміз ұзай түсті. 83 жасқа келгеніне қарамастан, ақсақал көлігін өзі жүргізіп жүр екен. Бірақ сол сәтте күтпеген жағдай орын алды – ағамыз көліктің кілтін ішінде ұмытып, есігін құлыптап алыпты.

Не істеу керек? Жандарбек аға абыржып, «эвакуатор шақыру керек» деді. Ал мен автоэлектрик маманды шақырсақ дұрыс болатынын айтып, көмектестім. Тиісті шеберге хабарласып, жөнін көрсетіп беріп, өзім жиналысқа асығып кете бардым. Арада бір сағаттай уақыт өткен соң әлгі орынға қайта оралсам, ақсақал көлігін мініп, кетіп қалыпты. Телефон шалып едім, ақ жарылқап алғысын жаудырды.

Сол сәтте мен Жандарбек Мәлібекұлының шын мәнінде қарапайым, ашық мінезді, елгезек жан екенін түсіндім. Ол кісі өзін көрсетуге тырыспайды, атақ пен даңққа ұмтылмайды – нағыз өнер иесіне тән табиғи мінез. Ұлттық рәмізіміздің авторы бола тұра, ол кісінің бойында табиғи кішіпейілділік пен асқақ рухтың үйлесімі бар.

Сол кездесуден кейін аға сұхбат беруге келісті. Бүгін, 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай, сол сырлы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

— Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасын жасау идеясы қалай келді? Ол сәтте қандай ішкі сезімдер мен ойлар басым болды?

— Бұл идея маған бір күнде немесе тапсырыспен келген жоқ. Ол – жүректе көптен бері пісіп-жетілген, ұлт тағдырымен бірге толысқан рухани серпілістен туған ой. 1992 жылы еліміз тәуелсіздігін алып, өз рәміздерін қабылдауға кіріскен кезде мен ішімнен: «Енді халқымыздың болмысын, тарихын, рухын көрсететін Елтаңба жасау – бұл менің азаматтық әрі шығармашылық борышым» деп түйдім.

Сол сәтте менің бойымды ерекше толқу, жауапкершілік, намыс пен рух биледі. Бұл – жай ғана шығармашылық емес, бұл – ұлттың тағдырын бейнелеу болатын. Себебі Елтаңба дегеніміз – ғасырлар бойғы тарихымыздың, дүниетанымымыздың, мәдениетіміз бен болмысымыздың көрінісі.

Содан өз-өзіме сұрақ қойдым: «Біз кімбіз? Біз қайдан келдік? Біз қайда бара жатырмыз?» Осы сұрақтарға жауап беретін символ жасау менің басты мақсатыма айналды. Сондықтан мен Елтаңбаны параққа емес, жүрекке салып сыздым десем артық емес.

Басты ой – қазақ халқының ұлы өркениетін, кеңістіктік дүниетанымын, тәуелсіздікке деген мәңгілік ұмтылысын көрсету еді. Елтаңбаны жасау – мен үшін өнердегі немесе сәулеттегі кезекті жұмыс емес, бұл – ұлтқа қызмет ету жолындағы шын мәніндегі тағдырлы сәт болды.

— Елтаңбадағы әрбір символ (шаңырақ, жұлдыз, пырақ) нені білдіреді? Бұл рәміздер арқылы қандай ұлттық идеяны жеткізгіңіз келді?

— Елтаңбада қолданылған әрбір белгі – жай ғана көркем элемент емес, ол халқымыздың терең рухани болмысы мен дүниетанымынан туған мәні терең нышандар.

Шаңырақ – қазақтың киелі үйінің жүрегі. Ол – бірлік пен тұтастықтың, отбасы мен елдің амандығының символы. Шаңырақ арқылы біз бүкіл халықты бір үйдің, бір тағдырдың иесі ретінде бейнеледік. Бұл – қазақтың «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару» деген қағидасының көрінісі.

Пырақтар (қанатты тұлпарлар) – еркіндік пен тәуелсіздіктің, арман мен асқақ рухтың белгісі. Бұл – тек аңыздағы тұлпарлар ғана емес, бұл – қазақтың ғасырлар бойғы еркіндікке деген ұмтылысы, азат рухы, жеңімпаздықтың, алға ұмтылудың символы.

Бес жұлдыз – жарқын болашаққа деген сенім. Бұл – биік мұрат, бағыт-бағдар, елді алға бастайтын идеал. Жұлдызды «совет өкіметінің символы», «діни нышан» деп қабылдағандар болды, алайда қазақ халқының түсінігінде ол  алдымен аспан шырағы, осы арқылы мен әрбір азаматтың жүрегіндегі үміт сәулесін көрсеткім келді.

Осы символдар арқылы мен қазақтың ұлттық идеясы – бірлік, тәуелсіздік, биік рух пен жарқын болашаққа деген сенімді жеткізгім келді. Елтаңба – бұл жай ғана бейне емес, бұл – тұтас бір халықтың рухани паспорты, оның жүрегі мен жаны.

1992 жылы Жоғары кеңесте Елтаңбаны қабылдау сәтінде атақты заңгер Салық Зиманов марқұм: «Біздің Елтаңбада саяси немесе экономикалық ұстанымдар жоқ, онда тек қазақ халқының тарихы мен дәстүрі бейнеленген. Біздің мемлекетіміз мәңгі дамып, өсіп-өркендей береді» деп баға бергенін айтсам жеткілікті шығар. 

— Кейбір адамдардың пікірінше, елтаңбадағы символдарды, жалпы мағынасын түсіну қиынға соғады. Бұл пікірмен келісесіз бе?

 Мен бұл пікірмен келіспеймін. Елтаңбадағы бейнелерді түсінбеу – адамның өз ұлтының тарихын, мәдениетін, дәстүрін терең білмеуінен туындайды. Егер адам өзінің ұлттық болмысын танып, тарихы мен мәдениетін бойына сіңірсе, елтаңбадағы әрбір таңбаның мағынасын оңай ұғынар еді.

Мысалы, шаңырақ – бұл қазақ үшін тек архитектуралық элемент емес, ол – бірліктің, тұтастықтың символы. Тұлпар – батырлықтың, еркіндіктің белгісі. Киіз үй – қазақтың өмір салты мен дүниетанымының айғағы. Осындай терең мағыналардан хабарсыз жан, әрине, бұл рәміздерді түсінбей қалуы мүмкін.

Елтаңбада халқымыздың дүниетанымы, ұлы даланың мәдениеті, өмір салты, философиясы мен рухани құндылықтары көрініс тапқан. Сондықтан оны түсіну үшін ең алдымен ұлттық негізімізді білуіміз керек. Елтаңбамыз – бұл тек мемлекеттік рәміз емес, ол – қазақ халқының рухани айнасы.

— Қазақ тарихынан, руханиятынан немесе дәстүрлі өнерінен сізге ерекше шабыт берген қандай тұлғалар немесе оқиғалар бар?

— Маған жеке бір тұлғалар емес, тұтас тарихи кезеңдер әсер етті. Себебі мен қазақ халқының терең тарихы, терең философиясы, терең дәстүрі бар екенін терең сезінемін. Сол себепті Елтаңбаны жасағанда оны жай бір жоба немесе тапсырма ретінде емес, ішкі намыстан, ұлттық рухтан туындаған дүние деп есептеймін.

Мен өзіме үнемі мынаны айтамын: «Мен – тамырсыз, тарихсыз, мәдениетсіз, тұлғасыз халықтың өкілі емеспін. Мен – терең мәдениеті, бай тарихы, кемел философиясы бар халықтың перзентімін». Сондықтан Елтаңбаның да негізінде осындай ұлттық намыс жатыр. Бұл – жай бір символ емес, бұл – қазақ деген халықтың кім екенін әлемге танытатын рухани белгі.

Жекелеген адамдардың ықпалы болуы мүмкін, бірақ мен үшін олардан гөрі тұтас ұлттың бастан кешкен тарихи жолы, оның салт-дәстүрі мен дүниетанымы әлдеқайда маңызды әрі шабыт көзі болды.

— Сіздің өмірлік ұстанымыңыз қандай? Қандай қағиданы берік ұстанып келесіз?

— Мен әрбір жұмысымда кеңістікке, үлкен өркениеттік ауқымға қарап ойланамын. Біз – ұлы дала өркениетінің өкілдеріміз. Бұл кеңістікте сан ғасырлар бойы көптеген тайпалар мен рулар өмір сүріп, өз өркениетін қалыптастырған. Қазақ – жай ғана этнос емес, терең тарихы мен мәдениеті бар ел. Сондықтан менің өмірлік арманым – қазақтың өзінің сәулетті, сәнді үйлері болса екен. Қазақтың өзіне тән төрі, бекзат болмысына сай, рухани әрі мәдени кеңістігі қалыптасса деймін.

Мен қазақ баласының әрқайсысы сәулетті, рухани бай ортада өмір сүруге лайық деп санаймын. Қазақта серілердің үйі, ақын-жазушылардың үйі, зиялылардың, ойшылдардың ортасы болуы керек. Қазақтың болмысына тән осындай орта болса – ол шынайы тәрбие ортасы болар еді. Себебі тәрбие тыйыммен, шектеумен емес, дұрыс ортамен қалыптасады. Сен анаған барма, мынаған жолама деу арқылы емес, өзің үлгі боларлық орта жасай алсаң ғана ұлтты тәрбиелейсің.

Менің арманым – қазақ халқы өзінің дәстүрлі мәдениетіне сай ортада өмір сүрсе деймін. Сонда ғана бізге сырттан келген келеңсіз, кірме мәдениеттер ықпал ете алмайды. Біз өзіміздің дәстүрлі мәдениетімізді, ұлы даланың философиясын, өз демократиямызды, өзімізге тән сыйластық пен құрметті қайтадан орнықтыра аламыз. Менің бар ұмтылысым – осы.

— Астана қаласының тұрғынысыз. Бас қаламыздың инфрақұрылымдық дамуына көзқарасыңыз қандай? Елорданың бас жоспарына көңіліңіз тола ма?

— Астана – тәуелсіздіктің жемісі, елдің жүрегі. Бұл қала – жай ғана әкімшілік орталық емес, ол – ұлттық болмысымыздың, мемлекеттілігіміздің символы. Сондықтан оның дамуы мен келбеті барша халық үшін маңызды.

Қаланың инфрақұрылымдық дамуына келсек, жеткен жетістіктер бар, әрине. Жаңа жолдар, тұрғын үй кешендері, қоғамдық нысандар салынып жатыр. Бірақ сонымен қатар ойландыратын, алаңдататын мәселелер де жоқ емес. Қалада сәулеттік тұтастық, ұлттық нақыш, кеңістік мәдениеті әлі де жетіспейді. Сынау керек болса, қатты сынап та берейін, бірақ оның қажеті шамалы. Тек біз қаланы тек бетон мен әйнекке толтырып қана қоймай, оның рухын, ұлттың болмысын да сезіндіруіміз керек. Осы жағына қарай жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймын. 

Бас жоспар деген – бұл болашақтың көкжиегі. Ол тек көлік кептелісін азайту немесе ғимараттар салу ғана емес, адамның қалада өзін қалай сезінетінін, қандай құндылықпен өмір сүретінін де айқындауы тиіс. Сондықтан мен әрдайым қазақы философия мен далалық кеңістіктің ерекшелігіне сай урбанистикалық шешімдер болғанын қалаймын.

Астанамыз – жазық дала төсіндегі, айналасын жасыл желек қоршаған, сәні мен сымбаты келіскен дүниедегі жалғыз  астана. Мұндай симметриялық өлшеммен, дәлдікпен жасалған қалалар ілеуде біреу. Мен архитектор ретінде осыны көремін және бойымда мақтаныш сезімі ұялайды.

Елорда – тек астаналықтардың ғана емес, күллі қазақтың қаласы. Ол біздің үмітіміз бен рухымыздың көрінісі болуы тиіс. Егер біз ұлттық кодты, мәдениетті, кеңістікті дұрыс пайдалансақ, онда Астана нағыз Ұлы Даланың астанасына айналады.

— Бүгінгі жастарға ұлттық рәміздер арқылы патриоттық тәрбие беру үшін нені ескеру керек деп ойлайсыз?

— Ең алдымен, ұлттық рәміздерге құрмет – өз халқыңа, өз тарихыңа, өз болмысыңа деген құрметтен басталады. Сондықтан жастарға Елтаңба, Ту, Әнұран секілді рәміздердің сыртқы пішінінен бұрын олардың ішкі мағынасы мен рухани тереңдігін түсіндіру қажет. Насихаттау жұмыстарына көңілім тола бермейтінін жасырмаймын.

Мәселе – рәмізді жаттатуда емес, оның мағынасын жүрекке сіңіруде. Елтаңбадағы шаңырақтың не үшін бейнеленгенін, тұлпардың нені білдіретінін, жұлдыздың қандай үміт сыйлайтынын ұғынған жас ешқашан тамырынан ажырамайды. Ол өзін осы ұлы халықтың заңды мұрагері ретінде сезінеді. 

— Аға, сырлы сұхбат бергеніңіз үшін алғыс айтамыз. Сізді тек 4 маусым күні ғаеа емес, жылдың 365 күнінде де іздеп тұратын күнге жетейік!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?