Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тұрсын Жұртбай: Әкем Құдакелдінің тартқан теперіштері аз емес еді

559
Тұрсын Жұртбай: Әкем Құдакелдінің тартқан   теперіштері аз емес еді - e-history.kz

Сурет: Abai.kz

Көктемнің лебін сездірген наурыздың шуақты күндерінің бірінде біз – бір топ жас зерттеуші ұстазымыз, профессор Тұрсын Жұртбайды ортамызға алып, Бурабайға бет түзедік. Бұл – жай сапар емес, рухани толысуға, тарихи жадымызды жаңғыртуға бағытталған сапар еді.

Бурабайға дейінгі жол – 250 шақырымнан астам, яғни екі жарым сағаттық уақыт. Бірақ бұл уақыт көлік руліндегі маған өте шыққан мезет сияқты. Себебі жол бойы көкірегі шежіре қарт ұстазымыз әңгіме тиегін ағытып, бізді балалық шағының ащы да шыншыл иірімдеріне жетелей берді. 

Бұған дейінгі екеуара болған әңгімеде ол кісі полигонның салдарынан 242 бас сиырдың су ішіп, жүні жидіп түсіп қалғанын, әскери лазер сәулесінің малды қалай отқа орағанын әсерлі баяндап еді. Жүрекке салмақ тұсіретін мұндай ауыр оқиғалардың арқауы әке туралы әңгімеге ойысты. 

Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлына хат жеткізіп, өз өмірін қатерге тіккен бозбала Құдакелдінің ерлікке пара-пар алғашқы қадамынан басталған әңгіме шым-шымдап тереңдей бастады. Тұрсын ағамыздың қоңыр үні мен сөз саптауы бізді сонау зұлмат жылдарға жетелеп, тарихтың сай-саласына сұңгіте берді.  Мұндағы әрбір сөйлем, әрбір сөз, әрбір естелік – өткеннің өксігі ғана емес, «ол өзі өмір кешкен қанқұйлы заманның жанкешті жанталастарына – ақ пен қызылдың, алаш жігіттерінің (алаш әскерін солай атаған) қанды қақтығыстарына, тәркілеудің тәлкегіне, ашаршылықтың өлмелі сүлдеріне, түрменің тергеу-талқысына, қашып-пысудың қитұрқы сүргініне, «ерекше тізімнің» тұқыртқан айдауылдарға толы» тіршіліктің өз белгісі еді. Енді сөзімізді ұстазымыздың өзіне берейік.

«Тағдырдың қай құқайы, қай белсендінің сыпсыңы екенін кім білсін, менің әкем отызыншы жылдардың басында Алашорда қайраткерлерінің легінде ұсталып, Алматының Сайран көлінің жағасындағы, бұрынғы Комсомол (Төлеби) мен Бауман (Тұрғыт Озал) көшелерінің қиылысындағы түрмеден бір-ақ шығыпты, – деп бастады әңгімесін Тұрсын аға. – Онда өзінің айтуы бойынша сегіз-тоғыз айдай жатыпты да, отыз екінші жылы шамамен, қыстың аяғына –  ақпан айының ортасына қарай ебін тауып қашып шығыпты.

Кейін әкемнен өзінің түрмеге не үшін қамалғанын сұрағанымда ол кісі былай деп әңгімесін шертіп еді:

«Көтеріліс жылдары (1918) Ахмет Байтұрсынның хатын Мақаншыдағы алаштың жасақтарына жеткізгенімді совет өкіметі біліп қойыпты. Ол кезде он алты жаста едім. Біздің ауылымыз Тарбағатайдың бөктеріндегі Қарабұта. Жазда Тарбағатайдың жотасын жайлаймыз. Тау сағалай тасалана жолға шыққан Алаш адамдары бас қосып, Шәуешекке бара жатыр екен. Он алтыншы жылғы босқындарды қайырмақ. Тағы да бұдан басқа өз ойлары болса керек. Онысын аңғара алмадым. Қанағат болыстың пәрменімен соларға атшы болып жүргемін. Мақаншыда ақ пен қызыл кезек алмасып, алаш азаматтарын қорғауға шыққан алаш жігіттері екі жақпен де кезек соғысып жатқан. Отыншы сонда қаза тапты деп естідік. Солардан қалайда хабар алу үшін адам іздеді. Қазақтың көсемі (Ахмет Байтұрсынов, ол кезде аты аталмайтын): мені елеусіздеу көрінетін бала ғой, ешкім тексеріп-тергемес деп, жасырын бір хатты жасақтарға апарып беруге жұмсады. Мақаншыға тасалана жүріп барып, хатты жараланған алаш жігіттерінің сардарына (С. Аманжолов) бердім. Сардардың жазған жауабын алып, қамыс-бұтаны тасалап, кері қайттым. Қайтарда ақ па, қызыл ма, білмеймін, әйтеуір орыстың әскері қуды. Ептеп қудаластық. Жер жағдайын жақсы білгендіктен, тау сағалап құтылып кеттім. Сол бетіммен хатты Шәуешектегі алаштың көсеміне (А. Байтұрсыновқа) әкеп бердім. Ол кісі хатты оқып болған соң, қолымды қысып тұрды да: «Рақмет, қарағым!» – деді жылы шыраймен. Бар қылмысым осы. Хаттың ішінде не жазылғанында шаруам қанша. Сол үшін «алашорданың шабарманы» атанып, отызыншы жылы қамаққа алынып, тергеуге түстім. Көрген-білгенім әлгі. Сол жауапты тергеушілерге қайталап отырып алдым. Ақыры қашып құтылдым», – дейтін. 

– Тұрсын аға, бұл сізді алашқа тіке жалғап тұрған жіп сияқты нәзік арқау екен ғой. 

– Кезінде бұл әңгімеге мән бермеппін. Кейіннен бәрі де, жоғарыда көрсетілгеніндей, дерек ретінде расталды.

Әкеме абақтыдағы азаптан көрі, абақтыдан қашып шыққаннан кейінгі көрген халық қасіреті қабырғасын қатты қайыстырушы еді. Құдакелді Жұртбаев: «Е, бұл қу бас нені көрмеді дейсің. Түрмесін де, түнегін де, істігін де, штыгін де көрдік қой бұл өкіметтің. Соның бәрінен маған батқаны отыз екінші жылғы ашаршылық болды. Өз басымыз аман қалды демесең, ол көріністі еске алсам әлі де тұла бойым түршігеді. Несіне сөз бұйдалайын, аласапыранның уақыты. Аяқ астынан әскердің қолына түсіп, Алматыға айдалдым. Істі болдым да шықтым. Түрмедегі қорлықты айтпай-ақ қояйын. Оның өзі солай болуы да керек қой. Қазіргі тоқшылық заманда да абақтыдағылардың жағдайы мәз емес шығар. Әліпті таяқ деп білмейтін адамнан не саясат шықсын. Малдың бәрін тартып алған. «Ақ сиырдың» көтерілістері (Шәкерім қатысқан) бұрқылдап тұрған кез. Тағдырдың желі қуып жүріп түрмеден шықтық. Онда тоғыз айдай жаттым. Саясаттан хабарсыз болғандықтан ба, біраз адамды абақтыдан сыртқа шығарып, әр түрлі жұмыс істетті. Қыс түсе бастағанда-ақ түрменің маңына қайыршылар жинала бастады. Біз олардан бірдеңе дәметіп жүрсек, олар бізге келген адамдардан қайыр тілеп жүр екен. Елге аштық кіргенін содан білдік. Түрменің қара жұмысы, қара нан, қыс бойы соны қағажу еттік. Сөйте жүріп, үш жігіт, үшеуміз де жиырманың ішіндегі жас едік, тіл табысып, «кампан» болып алдық. Қолға түскеннің бәрін бөлісеміз. Бірі – Қаратаудың, бірі – Ақсу-Сарқанттың азаматы еді (аттарын есіне сақтай алмапты). 

Қыс ортасында түрменің айналасында үйіліп қалған, аязға қатып қалған аштардың денесін шанаға салып, өзеннің жағасындағы жарға құлата береміз (Ол ара қазіргі Сайран жағажайының орны болса керек). Әуелде зәреміз ұшып, бүйтіп өлгенше түрмеде жүргеніміздің өзі жақсы екен деп тәубе еттік. Осылардың кебін құшарымыз анық қой. Бізде қайбір жетіскен киім бар дейсің. Әлгі аштан қатқандардың тәуір киімі болса шешіп алып, етік-байпақтарын киіп, өлместің күнін көрдік. Алматыда жылымық ерте басталады екен. Ақпанның басында күн жылт ете қалып еді, әлгі өліктер ырсиып-ырсиып шыға келді. Ит екеш иттің де адамды басынғанын сонда көрдім. Адамның сүйегін кеміріп жатады. Қасына барсаң өзіңе ырылдап, сес көрсетеді. Үшеуміз бұл қорлықтан қатты қапаландық. Содан итке жем болмайық деп қалайда қашуға бекіндік. Ептеп азық-түлік, киім-кешек жинастырдық. Қойшы, ішіңе түскен ой кеміріп жеп бітеді ғой. 

– Түрмеден қашқан үшеу Алатауды жасырып жүрген болды ғой.

– Бір күні кешке қайтқан кезде әр қайсымыз үйіліп жатқан өліктердің ортасына жасырынып барып жатып қалдық. Күзетші іздейді ғой, бірақ та теңкиіп-теңкиіп жатқан өліктердің ортасына келуге дәттері шыдамайды. Түн ортасы ауа үшеуміз дыбыс берісіп, бас қостық та, аштардың дауысына сап, тамақ сұрап, ыңырсып жүріп Серкеш шыңын бетке ала тау сағалай жүрдік. Таң ата қалың ағаштың ішіне кірдік те, жатып қалдық. Сол арада мынадай байламға келдік. Бәрібір ауылға жете алмаймыз. Онда бізді сағынып отырған ешкім жоқ. Темір жолға барсақ, сақшылар ұстап алады. Қыстыгүні жолсызбен жүру қиын. Сондықтан да, неде болса Серкеш шыңының бауырына барып паналайық. Тау ішін ешкім тінтпейді. Жаз шыға бұйырғанын көреміз дестік. Содан баспалап отырып Алматыны орай Серкеш шыңына бір аптадай жүріп кеттік. Қайда асығамыз. Жол бойы шәңкіш, долана, итмұрын, сарыағаштың жапырағын теріп, дорбамызға жия бердік. Кейде тиін, ақкіс кездесе қалғанда, әлгілерді аулаймыз. Қауіпсіз деген бір шатқалға келіп, ағаштан қопын жасап, сонда орналастық. Ошақ орнаттық. Аштардан алған темір күрешке, шөңке, шәугіміміз, шырпымыз бар. Отты өшірмейміз. Алда қанша тауқымет бар. Оны да ойламасқа болмайды. Күн сайын біреуіміз қостың маңында қарауылға қаламыз да, екеуіміз қу тамақтың қамымен тау кеземіз. Жеміс-жидектің түйінін тереміз. Үшқаттың жіңішке бұтасынан ағаш қақпан жасаймыз, кейін садақ та жасадық. Не жедің, не ұстадың дерің бар ма. Аю мен арқар атқамыз жоқ. Тышқан ба, құс па, жылан ба, таңдағамыз жоқ. Бұйырғаны біздікі болды. Өмір үшін неге де болса барады екенсің. Үш жігіт ілдебайлап күнелттік. Жер әбден қарайған соң жолға дайындалдық. Ептеп өлместің азығын жидық. Көшкінде өлген аңның өлексесін қақтадық. Құстың жұмыртқасын талғажау еттік. Жуа, сарымсақ тердік. Жабайы адам не істейді, біз соның бәрін басымыздан кешірдік. Сонымен, мамыр айының аяғында қопынымызды тастап шықтық. Алатауды бүйірлеп отырып шығысқа қарай жүрдік те бір өзенді сағалап, Алтынемілге бет алдық. Шындығын айтайын үш жігіт болсақ та жолға тақап жүруге сескендік. Жолдың шетінің бәрі өлік. Исі мүңкіп, қолқаңды жарады. Оның үстіне адамдар әбден ашынып алған. Мерт етуі мүмкін. Ауыл тұрғындарынан да қайырым кеткен. Сондықтан жолдан он-он бес шақырым қашықтықта жарыса жүреміз. Әйтеуір жаз күні ғой. Жуа, сарымсақ, саумалдырық, рауғаш тердік. Жәндік көрсек бітті, оны олжаламай ілгері жүрмейміз. Бір-екі рет ауыл шетіне барып, енді ел көрместей күйге түстік. Үйіліп қалған өліктер. Қойшы, содан екі ай дегенде Балқаштың құмына іліндік. Киімнің борша-боршасы шықты. Аяқ тілім-тілім болып жарылды. Сол арада қаратаулық серігіміз: құмға іліндім, енді мен өз еліме Бетпақты сағалап жетіп алайын. Көріскенше қош болыңдар, қияметте де бұл достықты ұмытпаймын, – деп рұқсат сұрады. Жыласып, айырылыстық. Қалған екеуміз тағы жылжыдық (Бұл адам сол жылдары алаш оқиғасына байланысты Созақ-Сарысу өңірінен ұсталған ағайынды Бәйсейітовтердің жасағының бірі болуы мүмкін. Тергеу ісінде де солардың ішінен бір адамның қашып кеткені айтылады). 

– Расында да атамыздың көрмегені жоқ екен. Содан кейін не болды?

– «Мен сол жолы көргенімді айтпайын, сен сұрама» деуші едім әкем. Кісі етін жеп, есінен ауысқан бір адам біздің өзімізді торып, екі күндей зәре-құтымызды алды. Адамның жидіген шашынан қыл-шылбыр өріп алыпты. Зады, сонымен шамасы жеткенді қылқындырып өлтіретін болуы керек. Әсіресе, емшектегі баласын құшақтап, өлген әйелдердің сүйегінің қаңқасын көргенде қасымдағы серігім еңіреп, жылап жіберді де: «Мына жатқан менің әйелім мен менің балам болса қайтемін, Құдакелді-ау», – деп жерге отыра кетеді. Менің де қабырғам сөгіледі. Бойдақпын. Ондай уайым қыспағанымен де ағайын-туыс, әке-шеше еске түседі. Бірақ та олар шекарадан өтті дегенді құлағым шалып қалғаны бар. Сол дүрмектен қалмаса керек еді деймін ішімнен. Менің таңғалғаным, сол босқан елдің бейшаралығы еді. Құдай-ау, Балқаш көлінің маңында қырылғандар қаншама десеңізші. Әр қамыстың түбінде бір өлік. Етін балық мүжіп жатыр. Шіркін-ай, десеңші, балық адамды емес, адамдар балықты жесе, күнелтіп кетер еді ғой. Соған қауқары жетпеген неткен дәрменсіздік. Оны көріп өзеннен су ішуден қалдық. Бұлақ, құдықты іздейміз. Індет тарап кетеді деген қаупіміз бар. Қу үміт не ойлатпайды. Қойшы, ала жаздай арқа етіміз арша, борбай етіміз борша болып жүріп, күзге қарай Жоңғар Алатауының етегіне жеттік-ау. Енді Сарқант пен Ақсуды көздеп келеміз. 

– Ел шетіне бір ілінсек деген тәтті үміт қой.

– Қыркүйекке таман әлгі серігімнің ауылына келдік. Қауіп қайдан дерің бар ма. Ауыл толы белсенді. Ұстатып жіберіп отырғандардың өзі сол ағайындар ғой. Оның ауылы абыр-сабыр болып жатыр екен. Екі күндей ауылдың желкесіндегі биіктен бақылап отырдық. Серігім біресе әкесін, біресе шешесін, біресе әйелін көріп елеңдеп қалады. Кішкентай баланы көрсе, өз ұлына ұқсатады. Әйтеуір қос көзі төрт болды. Екінші күні етекке таман түсіп, мен ауылдың тұсындағы қалың бұтаның арасына тығылып қалдым. Серігіммен сол арада қоштастым. Ондағы қимастық сезімді қалай жеткізесің. Егер де ұзақ бөгелсем күтпе, менің қолды болғаным. Ал, мына бұтаның қасына келіп үш рет қақырынсам, онда елдің аман болғаны, – деді. Қас қарайған соң ол шеткі үйге жетті. Ар жағын аңдай алмадым. Түн ортасы ауғанша келмеді. Ауыл жақтан абыр-сабыры көп дауыстар естіледі. Үмітімді үзе бастадым. Суық та қалтыратып барады. Одан үрей күшті, үрейден аштық күшті. Енді орынымды ауыстырып, қарсы бетке барып жаттым. Кім біледі? деген сенімсіздік орнады. Содан күдер үзілген кезде бір сыбыс шықты. Тыңдадым да жаттым. Белгілі бұтаның түбін дәл тауып, үш рет әйел дауысы естілді. Қозғалмадым. Бірнеше рет қайталады. Содан кейін ақырын ғана: – Жолаушы! Сізге сәлем айтты серігің. Мен соның зайыбымын. Біздің ауыл аңдуда. Бірақ қазір арғы бетке көшуге қамданып жатырмыз. Сіз тезірек бұл маңнан кетіңіз. Құдай жолыңызды қылсын! – деп байыппен нақтылап айтып шықты. 

Әбден көзім жеткен соң, орнымнан тұрып қасына бардым. Жағдайды қысқаша түсіндірді де, қолыма бір дорба тамақ ұсынды. Киім де бар екен. Әлгі серігімнің әйелі: «Бары осы болды, таудан төмен түспегейсіз, мына Семей жақ қауіпті. Торуылшы көп. Алла дем берсін сізге», – деді де, кері бұрылды. Өксік кеудеме тығылып мен қалдым. Апыл-ғұпыл әкелген тамақтан асап-асап жібердім де, тау сағалап, таң атқанша жүріп отырдым. Бір төбенің басына барып тынықтым. Ертеңінде әлгі ауылдың орнына қарасам, өздері жоқ, тек жұрты ғана қалыпты. Сөйтіп, қияметтікке серт берген екі адаммен осылай мәңгі қоштастым. Тірі болса олар да мен туралы осыны айтып жүрген шығар. Алла разы болсын! «Бұл адам – Алаш атты жасақтарының құрамында болған адам сияқты. Кейін алпысыншы жылдардың аяғында Сарқанға іздеп те барды» деп бір бөгелді Тұрсын аға. 

– Енді екі серігімен қоштасып жалғыз жаяу-жалпы тартты ғой. Қайда кетіп барады?

– Әкем айтатын: – Несін созайын, тура қазан айының аяғында Аякөзге жеттім-ау. Жолда қаңыраған қыстауларды паналап, қатқан сүйектерді қайнатып ішіп, аң-құстың өлексесінің етін қорек етіп жеткенімде, осы жерге жетуге неге сонша өзеурегенімді түсінбедім. Жұрт бір-біріне жауығып, қанын ішіне тартып алған. Ел жақтың да берекесі кетіпті. Әйтеуір, аштықта ар жүре ме, біреудің жуындысын ішсең де қанағат. Содан есім барда арғы бетке өтейін деп бекіндім де, енді Тарбағатайды сағалап, Бақтыдағы шекараға қарай жүрдім. Жолай қар тізеден жауды. Тау алқымнан жүру мүмкін болмаған соң, күнгей сағалап жүрдім. Бар жұбанышым, мұрынды шүйірткен өліктердің иісінен құтылғаным. Қыстың аты – қыс. Бұтаның түбіне, тастың ығына, маяның ішіне түнеп жүріп, шекараға да жеттім-ау. Бірақ, Тарбағатайдың иегіндегі Арқалық тауына қарай күре жолды қиып өтіп бара жатқанымда, тура шекараға бір шақырымдай қалғанымда алдымнан атқа мінген үш әскер шыға келді. Біреуі шауып келіп мылтықтың дүмімен бір ұрғанда есім ауып қалды. Қайсыбір әл қалды дейсің. Көзімді ашсам, әлгі әскердің екеуі анадай барып, үшіншісін шақырып тұр екен. Мені тастап кетейік, өзі де өледі, өлмесе күнін көрсін дейтін болуы керек. Бірақ үшіншісі көнбеді. Есімді жиғанымды біліп, қамшымен сабап, шылбырына байлап, сүйретіп, омбы қарда дедектетіп отырып Бақтының бекетіне алып келді. Желкеден бір түйіп, абақтының ішіне кіргізді. Е, орыстың құрығы ұзын ба, менің адымым қысқа ма, осылай тағы да Иванның апанына түстім. Ішке кірсем, бәрі де өзім сияқты сорлылар, ішінде анда-санда саптамалы, қапсырмалы етігі барлар кездесіп қалады. Олар шекараның арғы-бергі жағына зат таситын, сөйтіп жүріп, қолға түскендер болса керек деді. 

Содан әлгі абақтыда бес күн жаттым. Күніне бір кесе ыстық су береді. Екі күнде бір уыс кебек араласқан тары береді. Әлгіні бірден жемей, талмап қана, бір сағат бойы аузымыздың дәмін аламыз. Тәп-тәуір тершіп қалғандай боласың. Күн суық, боран ұйытқып тұр. Алтыншы күні таң атқанда сапқа тұрғызды да, Мақаншыға қарай айдай жөнелді. Қар дегенің белуардан. Аш-арықта не күш бар. Жолдың шетіне бұратылып барып, құлай кетеді. Қызыл әскерлер аттың үстінде тұрып қамшымен әрі сабайды, бері сабайды. Оны көтере ме? Кейі сол күйде жан-тәсілім береді. Оны бізге жолдың шетіне ысыртады да, қармен бетін жабуға мұрсат бермей, айдай жөнеледі. Жолай талай өлікті басып кеттік. Аттап өтетін күй қайда. Әскерлер кейде нашарларды табан астында атып тастайды. «Жаны қиналмай өлді-ау, бишара», – деп кейбіреулер кәдімгідей жеңілденіп қалады. Қойшы, содан күн ұзақ жүріп Бұғыбай деген бекетке келдік-ау. 

Бақтыдан ұзаса он шақырым ғана жер. Сол арада бір қора бар екен, әлгіге әкеп қамады. Аш адам бұйығып-бұйығып жата кеттік. Күн борап тұр. Бір кезде әлдекім дауыстап жіберіп: «Ей, мынаны қараңдар!», – деді. Сөйтсек, жатқан жерінен темір тауып алыпты. Үш-төрт әлді жігіт дереу әлгі қораның арт жағындағы дуалды тесуге кірісті. Кезектесіп отырып, қабырғаны тесті. Сырттағы боранның азынаған дауысы ештеңе естірте ме? Әскерлердің бәрі басқа үйде демалып жатыр. Күзетші сыртта. Ол да қайбір жетісіп тұр дейсің. Содан бір уақытта әлгі жерді тесіп, бір-бірлеп сыртқа шықтық. Келісім бойынша екі адам бірге жүрмейді. Әркім бет-бетімен кетеді. Сонда бірін ұстаса, екіншісі құтылып кетуі мүмкін деп уағдаластық. Арада жарты сағат өткенде, ұзаса 300-500 метрдей жерге жетіп қалғанымызда, тарс-тұрс мылтық атылып, дүние астаң-кестең болды да кетті. Әр жерде айғайлаған дауыс, атылған мылтық, кім өліп, кім тірі қалды айырып болар емес. Өзі аш адам, омбы қарда қанша алыс кете аласың. Бір уақытта менің де басыма қамшы үйірілді. Мылтықтың дүмімен қойып-қойып қалғанда аттай желіп кетесің. Не дерің бар ма, біріміз аман құтылмаппыз. Санап-санап кіргізгенде, бәріміз де түгел екенбіз, бір-екі жаралы бар екен, оған да шүкірлік еттік, сұлап-сұлап жата кеттік. Сөйтсек, шу мынадан шығыпты. Ең соңында үш жігіт қалыпты, солар «мен бұрын шығамын, мен бұрын шығамын» деп таласып, соңында боқтасып, төбелесіп қалыпты. Керілді естіген күзетші есікті ашып қарап, атой салыпты ғой. Әлгі жігіттерді тауып алып, екі-үш әлді азаматтар оларды төмпештеп алды. Қырық адам шыққан тесіктен үшеуі таласатындай не жетпеді десеңші. 

Азапты ертеңінде көрдік қой. Бір кесе қайнақ судан айырылдық. «Қашатын қусыңдар ғой, ал қашыңдар», – деп, әскерлер желкемізден мылтықтың дүмімен періп қалады. Жүре алмағандарды сабап-сабап тастап кетеді. Олар сол күйі боранда қатып қалады. Жүруге шамасы жоқ. Жолда теңкиіп-теңкиіп жатқан өліктің талайын көрдік-ау. Алпыс шақырым жердегі Мақаншыға жеткенде есімізді бір-ақ жидық. Анау бақшаның түбіндегі тері-терсек жиятын қоймаға қамады. Іші толған өгіздің терісі екен. Пышақты жанып-жанып жіберіп, өгіздің шатмайын, шелін сылып алып, қойманың үстіндегі шілікті сындырып, отқа жағып, әлгіні қақтап жедік. Әй, сол құйқаның дәмі әлі ауызымызда. 

– «Аштықта жеген құйқаның дәмі кетпейді» деген ғой.

– Егер де кешіксем айдауылдан қашып құтылмасымды білдім. Әлім бітіп, титықтап қалып едім. Қалайда қашуға тырыстым. Қалай екенін білмеймін, ел өгіздің терісін шелдеп, от жаққан кезде мен есік жақты сағалай бердім. Түтін бұрқырап, қойманың іші көрінбей кеткен соң есікті ашты. Сыртқа түтін лап етіп шыққанда мен де есіктің қайырмасына қалай жасырына қалғанымды білмедім. Күзетші түтіннен қашып, әрі таман барып тұрды. Сол кезде ақ шәлі тартқан бір әйел жанап өте берді де, жапсарда тығылып тұрған мені байқап қалды. Қолында ақ бидоны бар екен. Шырайлы адам екен. Әлгі күзетшінің қасына барып әзілдесіп тұрды да, оны өзіне қаратып, әрі қарай баспақтай берді. Сол кезде мен жалт беріп, әлгі қойманың артына қарай зытып бердім. Сөйтіп, бірден базарға тарттым. Кісі көп, ішіне сіңіп кетесің. Екінші, таныс кездесіп қалса, өзегімді жалғармын деген ой келді. Аш-арық өліп жатқан адамды шанамен сыртқа әкетіп жатыр. Соның біреуі болып, мен де кетемін-ау деген ой еміс-еміс келеді. 

Базарды үш айналып шықтым. Әлгі ақ шәлі тартқан әйел сонда келіп айран сатып тұр екен. Жанына жақындай барып бұрылып кетем. Үшінші рет жанай бергенімде жанына шақырды да: – «Жаңағы сенсің бе?» – деді. – «Иә», – деп, басымды изедім. Өзгеге білдірткісі келмеді ғой деймін: – «Осы сенің ақшаң жоқ қой. Бірақ та мынаны түгел ішіп кете алсаң, ақысын алмаймын. Іше алмасаң, киіміңді шешіп бересің», – деді. Ақ бидонды бас салдым. Айранды төгіп-шашып құныға сіміре бастадым. Бір кезде көз алдым қып-қызыл боп қанға тұнды да, теңселе бердім. Сақалым қан сияқты көрінді… 

Есімді жисам, бір жылы үйде жатырмын. Сөйтсем, аш адам әлсіз келеді емес пе, зорыққаннан мұрнымнан қан заулай жөнеліпті. Біраздан кейін әлгі шәлі тартқан әйел кірді. Біраз үнсіз отырды да: – «Ей, сорлы-ау, байқап-байқап ішпейсің бе, мен сенің киіміңді қайтем. Біреу-міреу күдіктеніп, сені тағы ұстап әкетпесін деп алдартқаным емес пе. Біз де түсінеміз. Менің де аға-бауырым босқын боп жүр. Арғы бетке кеткені бар, айдалып кеткені бар, солардың біреуін кезіктіріп қаламын ба деп, базарға барып тұрамын. Табыс үшін емес. Осында бір белсендіге сен сияқты жүдеп жүріп тап болдым да, тұрақтап қалдым. Оларға тамақ табылады ғой. Ол өзі қазір Аякөзге жиналысқа кетті. Осында екі-үш күн дем ал. Жаңа сен есіңнен танғанда туысым деп үйге әкелгіздім», – деді. 

– Не деген мейірімді жан еді! Аты кім еді, айтты ма?

– Сол бір мұңлық әйелдің есімі де белгісіз. «Ол маған мына балалардың көз жасы үшін кезіктірді-ау» деуші еді. 

Несін жасырайын, басымнан кешкенімді әлгі әйелге түгел айттым. Жылап отырып тыңдады. Бір апта жатқызды үйінде. Киімімді жамап, әлгі белсендінің ескі киімін берді. Кәдімгідей әлденіп қалдым. Бір күні көшеге шығып келді де: – Бүгін кеңсесіне хабар беріпті. Күйеуім ертең келмекші екен. Ол белсенді сені ұстап беріп жүрер. Бүгін түнде жолыңды тап, – деді. Содан, екі бөлке нан, талқан, бидай берді. Содан кейін арғы бетке өттім. Онда да шеке қызып тұрған жоқ екен. Мына Қарауылда тұратын Зекен мен Жаңылханның әкесі екеуміз тағдырлас-тамырлас болдық. Біреумізде бір қап бидай, біреумізде бір сиыр бар еді. Екеуміз былай деп келістік: ол сиырын, мен бидайды бір қысқа азық етсек, жазда ол да, мен де аш қаламыз. Одан да сиырды сойып, бидайды жазда егейік, – деп келістік. Жаз шыға әйтеуір өлмес күнді көрдік. Көлік жалдап жүріп, егін ектік. Сөйтіп көшке ілесіп кеттік. Ой, Алла, сол ашаршылықтан аман қаламын деп кім ойлаған. Бір әйелдің қамқорлығының арқасында бір бұтақ аман қалды, – деді күрсініп. 

Әкем бұл әңгімені: 

– Е, мен бір тағдырдың қаңбағы болдым ғой, сол бетімше арғы бетте екі-ақ жыл тұрып, тағы да «дүңген көтерілісі» кезінде кеңеске босқан, дүнгенге ашаршылық жылы тұрмысқа берілген апайыма ілесіп бері өттім. Ол кезде Талдықорғанның Сарқант, Ақсу өңірінде ұзатылған әпкем бар еді, соны сағаладым. Артыма сыпсың еріп, тағы да тұтқындалдым. Әуеліде Қарақолдағы (Қазір, Шолпан ауылындағы «Қызыл іскер» кешені), содан кейін Өкпетідегі «Омар» лагерінде қамақта болдым. Алғашқы көктемгі жылымықта одан да қашып шықтым (Кезінде бұл әңгімеге мән бермеппін. Кейіннен бәрі де дерек ретінде расталды. Қашқында бірге болған Жырғал, Рақымберді деген қанжығалас серіктері бертінде дүниеден қайтты. Жырғалдың ұлы белгілі мәдениет қайраткері Құсмылия Жырғалұлы бұл оқиғаны өте жақсы біледі екен). Одан екі жыл өткенде отыз жетінің ойраны басталып келе жатты, – деді де сол күнгі әңгімесін аяқтаған Тұрсын аға. 

Жолымызға қарасақ, «Бурабай ауданы» деген жазуға да маңдай тіреппіз. Енді біз ұлттық парктың ішіне еніп, барып түсетін қонақ үйімізді табуға кірістік. 

Тұрсын ұстазымыздың әсерлі әңгімесі миымызда тұнып, «Адамның басы – Алланың добы» деген осы екен ғой» деген ойға қалдық. Құдакелді әкеміздің тартқан теперіштері бала Тұрсынның ұлт тарихына деген ықыласын оятып қана қоймай, әділетсіздікке қарсы тұруға деген рухын қалыптастырғаны анық. Әкенің өмір жолы, көрген зұлматы, азапты жылдардың ащы шындығы бала санасына терең сіңіп, кейіннен оның қаламын қаруға, ойын шындықтың айнасына айналдырды.

Осылайша ұлттың зары мен зобалаңын көріп өскен Тұрсын аға тарихтың ақтаңдақ беттерін ашуға бел буып, Алаш арыстарының аманатын арқалаған рухани күрескер деңгейіне көтерілді. Біз ұстазды осы ұстанымы, мінезі үшін құрметтейміз. 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?