Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақтың көне үрмелі музыкалық аспаптары

6618
Қазақтың көне үрмелі музыкалық аспаптары - e-history.kz
National Digital History порталы қазақ халқы жадынан ескіріп, дыбыс-үнінен ажырап бара жатқан көне музыкалық аспаптарды оқырман назарына ұсынып отыруды қолға алды

Өткен сандарымызда қазақтың көне үрмелі музыкалық аспаптары туралы баяндаған болатынбыз. Бұл жолы да үрмелі музыка аспаптарына тағы бір мәрте тоқталып өтпекпіз.

Кешегі қылышынан қан тамған кеңестік заманда ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту тұрмақ, олар туралы нақтылы мәлімет беру қиынның қиыны болды. Сол уақыттың өкініші қазақтың музыка аспаптары жайлы құнды зерттеулердің жат тілде жазылуында. Қазақша жазылмаған соң, ұлттық тұрғыда ізделінбеген соң дәстүрлі музыкалық аспаптардың аты да, заты да өзгерілгені аян. Көшпенді өмір сүрген ата-бабаларымыздың музыкалық аспаптар тобы өте көп. Олардың барлығы да халықтың рухани-мәдени саласында өзіндік үлес қосты. Хан сарайындағы кештерден бастап, ұлттық мерекелерде, әскери шерулерде ұлттық музыкалық аспаптарды пайдаланды. Ендеше сіз бен біздің назарымыздан тыс қалып, ұмытылған үрмелі музыка аспаптарына тағы бір мәрте шолу жасасақ.

Үрмелі музыкалық аспаптар қатарына дыбысы үрлеу арқылы шығарылатын музыкалық аспаптардың барлығы жатады. Үрмелі аспаптарды ата-бабаларымыз ерте кезден пайдаланды. Оларды ағаштан, сүйектен, мүйізден, темірден, саздан жасады. Қазақ халқында үрмелі музыкалық аспаптарының түрлері өте көп. Сыбызғы, сазсырнай, керней, үскірік, борғұй, жілікшік, тастауық, бұғышық, мүйіз сырнай тағы басқа.

Керней – қазақ халқының көне үрмелі музыкалық аспабы. Бұл аспап түркі тілдес халықтар арасында кең таралған. Бұл аспаты қазіргі уақытта  өзбектер, қазақтар, тәжіктер, моңғолдар  пайдаланады. Белгілі этнограф, тарихшы Биқұмар Кәмалашұлы: «Керней ұзын үрмелі музыкалық аспап. Кер «сапқа тұру, сап» деген мағынаны берсе, «ней, най» сөзі сыбызғы деген ұғымды меңзейді. Көне аспап кернейдің ұзындығы үш метрге дейін жетеді. Кейде астына тіреуіш қойып үрлейді».

Ертеде керней аспабын әскери мақсатта пайдаланған. Жаугершілік заманда  дабыл қағып, ұзын кернейден үн шығарған. Осы арқылы ауыл-аймаққа хабар таратқан. Хан сарайындағы салтанатты кештер мен елшілерді, хас батырларды, әскер басыларын күтіп алуда да кернейді сарнатқан. Керней аспабын қозғалып, жан-жаққа бұрылып ойнайды. Аспап көлемі әртүрлі, дыбыс қуаты өзгеше болады. Керней аспабын жасау әдісі сыбызғы аспабына ұқсас болып келеді. Аспаптың сыртқы жағын түйе өңешімен қаптайды. Бұл ағаш түтіктің жарылып кетпеуіне жол береді. Жұмыр ағашты ортасынан бөліп, өзегін ойып, ішін тегістейді. Тегістелген ағаштар бір-біріне желім арқылы жабыстырылады. Дайын аспаптың сыртқы жағын жылқы қылынан жасалған шашақтармен безендіреді. Кернейдің үрлейтін жері жіңішке болады. Басында қалпағы болады.

Керней аспабы Орта Азия халықтарының арасында әскери музыкалық аспап ретінде пайдаланылса, шығыс елдерінде діни жоралғыларды өткізу мақсатында пайдаланылған. Белгілі аспаптанушы, сазгер Болат Сарыбаев керней аспабының көне музыкалық аспап және оның ел ішінде кеңінен пайдаланылғанын ғылыми түрде дәлелдеген. Ал белгілі сазгер Нұрғиса Тілендиев кернейді «Қыз Жібек» фильмінде қолданған.

Құссайрауық – қазақтың көне музыкалық аспаптарының бірі. Саз балшықтан күйдіріліп жасалатын үрмелі аспатың тарихы тым тереңде. Бүгінде қолданыстан шыққан аспаптың түрі де, суреті де көп жазылмаған. Өткен ғасырдың соңында Түркістан қаласының ашылып қалған ежелгі қоныс орнынан кездейсоқ табылған бұл аспап көне түркі дәуіріне жатады. Қазіргі кезде біздің зерттеуіміз бойынша дыбыс ауқымы, лебіз жүйесі, ойналу тәсілі, сипаты, заты анықталды. Аспап табиғи саз, майда құм секілді заттардың қосындысынан қатты, тығыз етіп жасалған. Аспаптың үрлеу қуысына жақын және екі бүйірінде дыбыс ойықтары бар. Үрлеу қуысының салыну әдісі бұған дейін анықталған ұлттық үрлемелі аспаптарда кездеспейді. Аспаптың сырты кедір-бұдырлы, боялмаған табиғи қалпында. Күйдірілмей табиғи түрде қатып, тасқа айналған бұл аспап көк саздан жасалынған. Бүгінде бұл аспапта музыкалық аспаптар қолданысынан шығып, тарихи-өлкетану музейінен орын алған. Тарихы тым тереңде жатқан аспапты жаңғырту бүгінгі аспаптанушылар үшін жауапты іс деп білемін.

 

ҚАЗАҚТЫҢ КӨНЕ МУЗЫКАЛЫҚ АСПАПТАРЫ

 

Жіліншік – ұзын үрмелі керней аспабының түріне жататын көне музыкалық аспап. Көшпелі өмір сүрген ата-бабаларымыз малдың, аң-құстардың жіліншік, жіліктерінен жіліншік керней аспбын жасаған. Белгілі этнограф, тарихшы Биқұмар Кәмалашұлының айтуынша, көбінде асық жіліктер аспапты жасауға ыңғайлы болған. «Асық жіліктің жуан жағын сыртына қарата жіңішке жағынан үрлейтін болған да, жіліншік, жілік ортасынан әртүрлі пернелерді ойып шығаратын болған»,-дейді Б.Кәмалашұлы. Жіліншік көне музыкалық аспабының үні баяу сазды әуенді, қоңыр дыбыстар шығарған. Оған тіпті ұзын аяқ құстардың және киік тектес аңдардың жілік, жіліншіктері де пайдаланылған. Сондықтан бұл аспапты да заман талабына сай жаңартып, ұлттық музыкалық оркестр қатарына қосуға болады.

 

Қалған – қазақтың ертеден келе жатқан көне музыкалық аспабы. Керней аспабына ұқсас келетін үрмелі аспап. Қалғанның тарихы көне ерте замандардан басталады. Алтынды аста төк еткен сақ заманында бұл аспаптың болғаны мүмкін. Өйткені ата-бабаларымыз ерте замандар да қалған аспабын жасауда алтынды пайдаланған. Хан сарайында қалғанды үрлеп, музыкалық әуен шығарып әскерлерді сапқа тұрғызуға ишарат ететін болған. Бір жағынан қалғандармен салтанатты шараларда жиі пайдаланған. Бұл көне музыкалық аспап жайында ұрпақтың жадын жаңартып, аспатың тарихын толықтай зерттей түсу қажет. Бүгінгі қазақ әскерінің тәртіптік режимін қалыптастыру мен бір сапқа жинауға пайдаланатын аспап ретінде жаңғыртуға толық негіз бар.

Сазсырнай – қазақтың көне үрмелі музыкалық аспабы. Үлкендігі қаздың жұмыртқасындай сопақша пішінде келген аспап. Тұтасымен саздан жасалады. Сапалы саз балшықтан жасалған бұл аспапқа 3-4 жерден дыбыс ойығы салынған. Сырты боялмаған, күйдірілмеген. Аспаптың дыбыс қатарын, құрылысын, жасалу әдіс-тәсілін Б. Сарыбаев, К. Қарабдалов секілді зерттеуші-ғалымдар анықтады. Қазіргі кезде оның 5-6 жерден дыбыс ойықтары салынып, шеңбер аумағы 16-18 см, жалпы ұзыны 10-12 см етіп дамыта жасалынған нұсқалары орындаушылар арасында сұранысқа ие. Аспапты жасау тәжірибелі шеберлерге, әсіресе саз, керамика заттарымен айналысатын қолөнерші-мамандарға онша қиын емес. Аспап сапалы саздан әбден иі қандырып иленген соң, белгілі бір қалыпқа келтіріп кептіріледі. Содан кейін белгілі температурада қыздырылған пешке салып күйдіріледі. Қазіргі кезде шеберлер оның сыртына ою-өрнектер салып, сілтілік металдар ерітіндісін жағып жасайтын болды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?