Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Халық күйшісі: Кәлек Құмақайұлы

4492
Халық күйшісі: Кәлек Құмақайұлы - e-history.kz

Сурет: didar-gazeti.kz

Қазақ сыбызғы өнерінің жаңа дәуірде қайта жаңғыруына тікелей әсер еткен екі тұлға болса, біреуі де бірегейі – Кәлек Құмақайұлы. Кәлек Құмақайұлы ботағара сыбызғы күйшілік мектебінің көрнекті өкілі. Ботағара – Тыныбек – Сәрік – Есілбай – Өтеміс – Сасан – Шамғын – Құмақай – Кәлек болып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан сыбызғышылар әулетінен шыққан дәулескер күйші. Әйгілі сыбызғышы Құмақайұлы Кәлек 1930 жылы 25 мамырда қазіргі Баян-Өлгей аймағы жеріндегі Сақсай өзені бойында, Тәутеке қызыл дегентжерде, танымал күйші Құмақайдың отбасында үшінші бала болып дүниеге келеді. Бұл өлке қазіргі күні Баян-Өлгий аймағының Алтай сұмыны жері екен. 

Ес біле әкесі Құмақайдың сыбызғы күйін құлақ құрышын қандыра тыңдап, зердесіне түйіп өседі. Алғаш сауатын әкесінен ескіше оқып ашады. Әкесімен бірге кішкентай кезінен ойын-тойларға барып, ел ішіндегі өнердің тұнығына қанып өседі. Сегіз жасынан бастап сыбызғыны толық игерген ол он жасынан халық алдында өнер көрсетіп, «сыбызғышы бала» атанады. 1944-1949 жылдары әкесі Құмақай мен ағасы Мұса партизанға аттанып, жасөспірім Кәлек уақытша отбасының басты тірегіне айналады.

Кәлек күйші мал баға жүріп сыбызғысын тартуды жетілдіріп, өнерін шыңдай түседі. Сонымен қатар ол ағасы, атақты күйші, аңшы Жиреншеден аңшылық өнердің де қыр-сырын үйренеді. 1950 жылы молқы рулы Қайсарқызы Сақыппен бас қосып, отбасын құрады. 

1955 жылы мамыр айында әкесі Құмақай өмірден өтеді. Әйгілі сыбызғышы Сасаннан бері жалғасып келе жатқан қара шаңырақтың иесі болып қалған Кәлек күйші ағаларымен бірге мал бағу кәсібімен шұғылдана жүріп, ел ішіндегі сыбызғышы қариялардың әңгімелерін тыңдап, сыбызғы тарту мәнерлеріне үйреніп, машықтана береді. 

Мақала авторлары К. Құмақайұлымен, Өскемен қ, 2021 жыл

1957 жылы орта білім туралы аттестат алғаннан кейін, бұдан әрі өнер өрісін кеңейту үшін 1958 жылы Кәлек Құмақайұлы отбасымен Өлгей қаласына көшіп келеді. Осы кезеңде Баян-Өлгий аймағындағы өнерпаздар клубы музыкалық драма театры болып ұлғайтылып құрылу үшін ел ішіндегі өнерлі адамдарға сұрау салып, сынақ жүргізеді. Осы кезде Кәлек Құмақайұлының талант деңгейінен хабары бар театр ұжымы басшылары қатарына шақырады. Осылайша ол театрға әртіс болуға келісімін беріп, ендігі кезеңдегі бүкіл өмір жолы сахнамен байланысты болды. Сөйтіп 28 жасында, 1958 жылы Баян-Өлгей аймақтық музыкалды драма театрының халық аспаптар орекстріне сыбызғышы болып қабылданады. Осы жылдары театр әртісі Ахметбек пен Кәлектің сыбызғы мен домбырадағы күй дуэті халықтың көңілінен шығып, атақ-даңқы аспандай түседі. Кәлек Құмақайұлы көптеген күйлер шығарған композитор болып қалыптасады. Әр жылдары «Алыстағы арман», «Бақыт құшағында», «Алтын заң», «Жайлауда», Боздағым», «Жайма-шуақ» т.б. күйлерін шығарады.

Театр қабырғасында Кәлек Құмақайұлы қатарлы жас таланттар музыка әлемі, оның жазылуы т.б. толықтай мағлұматтарды үйренеді. Ұланбатырдан Цэрэндорж ұстаз, Қазақстаннан Қабиболла Тастанов қатарлы адамдар арнайы сабақ береді. Алғашқы ұлт аспаптар оркестрін құруға негізінен қазақстандық мамандар жетекшілік жасайды. Кәлек Құмақайұлы орекстрде дауылпаз аспабында ойнаса, сыбызғыда жеке орындаушы болып өнер көрсете бастайды. Әріптес досы Ахмет Ыбырайұлы екеуінің домбыра-сыбызғы жұбы осы кезеңде қалыптасты. «Балжыңгер», «Ой толқыны» қатарлы күйлерді қосыла орындап, халықтың көңілінен шығады.

1960 жылы Баян-Өлгий аймағы құрылуының 20 жылдық мерейтойына орай ел астанасы Ұланбатырда Баян-Өлгий аймағы мәдениеті мен өнерінің онкүндігі өтеді. Осы үлкен іс-шараға келген үлкен делегация құрамында Кәлек Құмақайұлы да болады. Ахмет Ыбырайұлы екеуінің дуэт орындауындағы халық күйлері «Өрелі кер», «Бөкен жарғақ», «Ертістің толқынын» күйлері көрермендердің үлкен ықыласына ие болады. Кәлек Құмақайұлы Монғолия Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталады.

1960 жылы Баян-Өлгий аймағында радиохабар тарататын радиостанция пайдаға беріледі. Радиохабар таратыла бастағаннан бергі алпыс екі жыл ішінде «Сазды сәлем» бағдарламасы үздіксіз жүргізіліп келе жатыр. Осы бағдарламаға тапсырыс жасаушылар Кәлек Құмақайұлының сыбызғыда орындайтын күйлерін қойып беруге көбірек өтінетіндігі айтылады. Қазіргі күні де осы тапсырыс жиі қайталанатын қалпында. 

Кәлек Құмақайұлы Баян-Өлгий аймағының музыкалды-драма театры сапында аймақтың он екі сұмынына, Монғолияның 18 аймағы мен қалаларына, сондай-ақ Кеңес Одағының көршілес Тыва АССР-іне, Таулы Алтай автономиялы ауданына, Алтай өлкесіне бірнеше ай бойына гастрольдік сапармен жүріп өнер көрсетеді. Кәлек Құмақайұлы сыбызғыда ғана емес, көршілес халықтардың товчуур, цуур, қомузында да, сондай-ақ ұлттық шаңқобыз, асатаяқ, аспаптарында ойнап, өнер көрсеткен.

1967 жылы осындай гастрольдік сапарының бірінде Таулы Алтайдың орталығы Горно-Алтайск қаласында ғылыми зерттеу мақсатында Қазақстаннан жүрген әйгілі аспаптанушы ғалым Болат Сарыбаевпен кездеседі. Болат Сарыбаев өзінің «Қазақтың музыкалық аспаптары» атты кітабында Монғол Халық Республикасынан жүрген өнер ұжымымен кездескенін, онда белгілі сыбызғышы Кәлек Көмекеев пен домбырашы Ахмет Ыбыраевпен жолыққанын, олардың бірлесіп орындаған халық күйлерi «Әрбиан қоңыр», «Кербез қыз», «Бөкен жарғақ», «Ой толқыны» күйлері енді бұдан былай ансамбль бағдарламасынан орын алғандығы туралы атап көрсетеді. Қазақ халық аспаптарының жоқшысы осы арада алғаш рет домбыра мен сыбызғы дуэтін көргені анық. Бұл музыканттар – Кәлек Кәлек Құмақайұлы мен Ахмет Ыбырайұлы еді. Бірнеше сыбызғы күйлерін үнтаспаға жаздырып, бір сыбызығы аспабын Болат Сарыбаевқа сыйға береді. 

Кәлек Құмақайұлы Монғолиядағы бірден бір кәсіпқой сыбызғышы ретінде Монғолияның ұлттық халық ән-би ансамблі құрамында шетелдерде өнер көрсеткен. Ұлы Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында Варшава, Берлин, Прага, Будапешт, Киев, Минск, Мәскеу бағыты бойынша қалаларды аралап, қазақ сыбызғысын Еуропа сахналарында әуелетеді. Бұдан өзге 1970 жылы Мәскеуде гала-концертке қатысып, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстанға барып өнер көрсетеді. 

Сыбызғышы К. Құмақайұлы. Сурет К. Құмақайұлының жеке архивінен

Атасы Шамғын күйші – мылтықты қолдан соғатын асқан шебер ұста, атқан оғы жерге түспеген мерген адам болыпты. Әкесі Құмақай да аңшы, сері болған адам. Кәлек сыбызғышы да бұл өнерден құр алақан емес еді. Демалыс алған кездері, қолы қалт еткен сәттерде аңшылықпен шұғылданады. Екі рет аю да атып алған кезі болған екен.

Осылайша Монғолия мемлекетінде туып-өсіп, ата-бабасынан бері жалғасқан қазақтың сыбызғысын әлем сахналарында әуелеткен Кәлек Құмақайұлы 1992 жылы Атажұртқа қоныс аударып, Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Біржан аулына көшіп келіп орналасады.

Кәлек Құмақайұлының Атажұрттағы шығармашылық ғұмыры басталады. Алғашқы жылдар әрине оңай болмағаны анық. Отбасы, әулетін, ауыл-аймағын бастап келген, жастық шағында болмаса, кейінгі ондаған жылдар мал шетіне шығып көрмеген баян-өлгийлік көптеген өнер, әдебиет жұлдыздары Атажұртқа келген алғашқы жылдары қой мен сиыр бағу, төлші-сақманшылық, бау-бақшада арам шөп отау сияқты өз мамандығына еш қатыссыз жұмыстарға жегілгені жасырын емес. «Қазақтың күні туып, тәуелсіздік алды, осыған өнеріммен, бойымдағы білім-тәжірибеммен үлес қосамын!» - деп келген біршама аға буын зиялылар көштің алғашқы жылдары әрі-сәрі күй кешіп, кейбірі өмірден ерте кеткені, кейбірі ат басын қара мекенге қайта бұрғаны – өмірдің ащы шындығы. Үлкен бөлігі бұл қиындықтарды уақытша деп санап, өзін көрсетіп дәлелдей білді, сөйтіп Атажұрттағы алғашқы жылдардың адаптациясынан сәтті өтіп, елге танылды. Өз арнасын тапты, өнерімен, білмімен өрге жүзді. Кәлек Құмақайұлы да өмір жолындағы сындарлы кезеңнен өтіп, Атажұрттағы шығармашылық кезеңіне аяқ басады.

Кәлек Құмақайұлы сақтап жеткізген бағзыдан бері келе жатқан саф өнер қазақстандық мамандардың назарына ілінеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ұлттық құндылықтарға деген ықылас-ынта да арта түскен кезеңде сыбызғы аспабы, күйлері жөнінде құнды мәліметтердің де қажеттілігі арта түскен еді.

1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы өтіп, Кәлек Құмақайы аталған іс-шараға қатысып, ондаған елден келген қазақтардың алдында гала-концертте сыбызғы тартады. 

Белгілі өнертанушы ғалым Талғат Мұқышев Кәлек Құмақайұлымен шығармашылық байланыс жасап, ол кісінің атадан балаға жалғасып келе жатқан рухани мол мұрасын сақтап жазып алу жолында өлшеусіз еңбек етеді. Қазақстанда тұңғыш рет сыбызғы күйлеріне арналған кітап шығарылып, Кәлек Құмақайұлының орындауындағы сыбызғы күйлері алтын қорға жазылып алынады, жинақтарға енгізіледі. Осылайша, бір замандарда Атажұртта қолданысы мүлде селдіреп кеткен сыбызғы күйшілігі жанданып, қазіргі күні әрбір облыстағы ұлт аспаптар оркестрлерінде сыбызғы аспабында орындаушылар бар болуына осы бір адамдардың үлкен үлесі бар.

Осы ретте Кәлек Құмақайұлының сыбызғышылық өнері Атажұртта тек тәуелсіздіктен кейін ғана мағлұм болды деу – асылық айтқандық болар еді. Себебі, 1986 жылы Алматыдағы мемлекеттік консерватория Кәлек Құмақайұлын сыбызғы мұрасын сақтаушы ретінде Монғолиядан арнайы шақырады. Кәлек Құмақайұлы мұнда шеберлік сыныбын өткізіп, сыбызғы ұстаудан бастап, дем тартудың әдіс-тәсілдерін үйретеді. Сол жолы консерваторияның қобыз сыныбында ІІІ курста оқитын студент Талғат Мұқышев Кәлек Құмақайұлының сыбызғы тарту шеберлігіне, мәнеріне қатты қызығып, етене танысады. Сол жолы Кәлек Құмақайұлының бір сыбызғысын аттай қалып алған талапты жас жігіт бұдан былайғы бүкіл саналы ғұмырын сыбызғы өнерін Қазақстанда дамытуға арнайды. Сыбызғы аспабымен туыстас қурай мектебі әбден қалыптасқан Башқұртстанға аттанып, үрлемелі аспаптардың акустикалық қыр-сырын ғылыми түрде зерттеп, зерделеп, ғылыми атақ қорғайды. Сөйтіп ол бейне бықсып барып сөнуге шақ қалған қоламтаны іспелеп үрлей отырып, шоққа айналдырып, шоқтан жалын маздатқандай, Қазақстан топырағында үзілуге шақ қалған сыбызғышылықты академиялық оқыту, орындау деңгейіне жеткізген азамат, кәсіби маман. Бұл ілкімді істердің үлкен базасы – ұстазы Кәлек Құмақайұлының ұрпақ жалғастырған кәсіби практикасы болғандығы анық. Ұстазының өнердегі тәлім-тәрбиесі жайлы шәкірті БАҚ беттерінде әрдайым үлкен құрметпен айтып, жазып жүргеніне ел-жұрт куә. Бұл да болса аға мен іні, ұстаз бен шәкірт арасындағы сыйластықтың мысалы. Шәкірті Талғат Мұқышевтің қолдау, көмегімен Кәлек Құмақайұлының өмірі мен ышғармашылығы туралы деректер «Қазақстан» энциклопедиясы енгізілді. «Сыбызғы үйренейік» оқулығы мен «Қазақ күйлері антологиясына» кіргізілді, орта мектептің оқулығына кіргізіліп, сыбызғы туралы насихатталды. 2021 жылы наурыз айында «Халық күйшісі» деген құрметті атақ берілді. 

Кәлек Құмақайұлы – атақ пен даңқтың соңынан түсіп қумаған, нағыз қарапайымдылықтың үлгісі болған адам. Монғолияда өмір сүріп, қызмет еткен уақытында Үкіметтің Құрмет грамотасымен, «Еңбек құрмет медалімен», «Бесжылдықтар еңбек екпіндісі» белігісімен және мерекелік медальдармен марапатталған. «Монғолия мәдениетінің үздік қызметкері», «Баян-Өлгий аймағының құрметті азаматы» атақтары бар. Атағы емес даңқы мәңгілік халқымен бірге жасай беретін тұлғалар болады. Тума талант, ерекше орындаушы, дарынды күйші Кәлек Құмақайұлының даңқы мәңгілік жасай беретіні сөзсіз. Осы ретте

Белгілі өнертанушы, актер Тайф Тәукейұлы Кәлек Құмақайұлының сыбызғышылық өнердегі өзіндік ерекшелігі туралы былай деп атап көрсетеді: «Кәлек Құмақайұлы – Белдің әйгілі сыбызғышыларының әулетінен шыққан, сол ортада өскен адам. Осы өңірден туып шыққан Жұбайхан, Кәбетай, Тотай, Шіләй деген кісілер болды. Монғолия қазақтарында, оның ішінде Баян-Өлгий аймағында елге белгілі сыбызғышылар қай дәуірде де көп болған. Осы көрнекті сыбызғышылар негізінен осы Тұлба, Делуін өлкесінен шыққан. Жоғарыда аталған адамдардың бәрі сол өлкелерден. «Әлемдегі жалғыз бетке ұстар», - деп айтарлықтай даңқты сыбызғышы Кәлек те осы өлкеден. «Әлемдегі жалғыз бетке ұстар» деуіміздің себебі: Кәкең – қазақтың ұлы өнері сыбығыны сары майдай сақтап, бар бояу-болмысымен жаңа ғасырға жеткізушілердің басы. 

Кәлектің орындаушылық шеберлігі де өзгелерден ерекше деуге болады. Сыбызғышылардың ішінде Кәлектің ерекше болатын себебі мынада: сыбызғы үні кеудеден, көкірек қуысынан шығып барып, тіс, тіл арқылы ауыз қуысында үрленіп ғажайыпқа айналатын ауа ағыны. Мұның өзі де кез келгеннің қолынан келе беретін әрекет емес. Жалпы сыбызғы тартқанда тек жоғарыда аталған тыныс мүшелерінен өзге, бет-ауыз түгел қызмет етуге тиісті. Атап айтқанда, Кәлектің астыңғы, үстіңгі еріндері, екі ұртына дейін сыбызғыдан дыбыс шығаруға түгел қызмет етеді. Оның артықшылығы да осында. Кеудеден шығып келген дыбысты ағаштың ішіне қойып, ұшынан шығару үшін бастағы мүшелер түгел соған қызмет етуі керек. Тіпті қас, маңдайға дейін қосылады. Бұл ежелден бар қасиет», - деп атап көрсетеді. 

Кәлек Құмақайұлы – тек шебер орындаушы ғана емес, халық күйлерін, авторлық күйлерді жинақтап нотаға түсіруші. Ішінде өзінің сегіз күйі бар, жиыны 142 күйді қағазға түсіріп, ұлттық консерваторияға, белгілі музыкатанушы ұстаз Абдулхамит Райымбергеновтің қолына тапсырады. 

Қазіргі күні тоқсанның екісіне аяқ басқан әйгілі күйші, асылдың сынығы Кәлек Құмақайұлы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Баяш Өтепов аулында, ұрпақтарының қолында тұрып жатыр.

Кәлек Құмақайұлы театрдағы әртістік қызметімен қоса, Өлгий қаласындағы сыбызғы үйренем деуші талапкер оқушылар үшін сыбызғы үйірмесін тегін ашып, көптеген шәкірттер тәрбиелеген ұстаз. Солардың бірі – өзінің ағасы Мұсаның кенжесі Тілепберген. Тілепберген – қазіргі күні Баян-Өлгий аймақтық музыкалды-драма театрында сыбызғышы болып қызмет атқарады. Сыбызғы өнері молынан қонған Сасан әулетінің Кәлек Құмақайұлы, Тойғанбай Сәлиұлы, Бақтыбай Сәлиұлы, Шілай Күнсанұлы, Мінат Мұсаұлы қатарлы аға буын сыбызғышылардың жолын Табиғат Мұсаұлы, Тілепберген Мұсаұлы, Қарапа Тойғанбайұлы, Уатқан Мінатұлы, Ерлан Мінатұлы, Берікболат Табиғатұлы, Наурызбек Табиғатұлы, Мұратбек Айтуғанұлы, Ескендір Айтуғанұлы, Бауыржан Мұхаметбайұлы қатарлы кейінгі буын лайықты жалғастыруда.

Асылбек Байтанұлы

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?