Қазақ–чиң қақтығысы және Әмірсана мәселесінің жаңа кезеңі

46
Қазақ–чиң қақтығысы және Әмірсана мәселесінің жаңа кезеңі - e-history.kz

Іле халық баспасынан 2009 жылы жарық көрген, Қаһарман Мұқашұлы мен Кәкеш Қайыржанұлы аударған «Чиң әулеті сарай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» атты кітап негізінде желілес беріліп келе жатқан мақаламызды жалғастырамыз. Бұл жолы Чянлұңның 21-жылы 8-айдың 28-күніне, яғни 1756 жылғы 22 қыркүйекке қатысты сарай жазбасын талдаймыз. Көлемі шағын болғанымен, бұл құжат қазақ–чиң қатынасының жаңа кезеңге өткенін, Әмірсана мәселесінің дипломатиялық сипаттан ашық әскери қақтығысқа ұласқанын көрсетеді.

Чянлұңның 21-жылы 8-айдың 28-күні
(1756 жылы 22 қыркүйек)

Жарлықнамада былай делінген: Дардаңа, Хадахалар хабарлағанындай, олар шерік бастап Әмірсананы қуа шыққан жолында, қазақ жасағымен қақтығысып екі дүркін үлкен жеңіске жеткен. Шерікбасылар мен шеріктеріміз ерлікпен шайқас жасап арт-артынан жеңістерге жетіп мерейімізді үстем етіп отыр. Соның үшін сол жылғы ұрыста еңбек сіңірген, сондай-ақ қазақ болған және жарақаттанған шерікбасылар мен шеріктерге соғыс уәзірлігі анықтау жүргізсін. Олар ішкергі өлкелердің адамы болса, сол өлкелердің үрдісі бойынша сыйлық беріліп, еңбек жазылсын, егер ойрат кісілер болса, ойрат үрдісі бойынша сыйлық беріліп еңбек жазылсын.

(519-бума, 16–17-беттер)

Бұл жазбаға дейінгі құжаттарды еске түсірсек, Чиң сарайы 1755 жылдан бері қазақтарға қатысты екі мәселені қатар бақылап отырды. Біріншісі – қазақтардың Жоңғариядағы жағдайға араласуы. Екіншісі – Әмірсананың қазақ жерінен тірек табу ықтималдығы. Алғашқы жазбаларда Чянлұң қазақтардың Давачиге қарсы қимылдарын бақыласа, кейін негізгі назар түгелдей Әмірсанаға ауды.

1756 жылдың наурыз және мамыр айларындағы жарлықтарда Абылай ханға бірнеше рет арнайы хат жолданып, Әмірсананы ұстап беру талап етілді. Тіпті мамырдағы жарлықта қазақтарға қарсы үлкен қол жіберілетіні, егер Әмірсана тапсырылмаса, жағдайдың өте ауыр салдарға ұласуы мүмкін екені ашық айтылды. Сондықтан қыркүйектегі бұл жазба бұрынғы дипломатиялық қысымның әскери нәтижесін көрсететін құжат ретінде қарастырылуы керек.

Бұл құжаттағы ең маңызды сөйлем: «Әмірсананы қуа шыққан жолында, қазақ жасағымен қақтығысып екі дүркін үлкен жеңіске жеткен».

Бұған дейінгі сарай жазбаларында қазақтардың Әмірсанаға нақты әскери көмек көрсеткені туралы анық мәлімет кездеспейтін. Керісінше, Чянлұң Абылайдың адалдығын бірнеше рет атап өткен болатын. Ал бұл жолы жағдай басқаша көрінеді. Мұнда қазақ жасағы мен Чиң әскері арасында тікелей қарулы қақтығыс болғаны айтылып отыр.

Әрине, бұл жерде бір маңызды жайтты ескеру қажет. Біз қолымыздағы деректі Чиң сарайының ресми құжаты арқылы ғана көріп отырмыз. Сондықтан «екі дүркін үлкен жеңіс» деген баға қарсы тараптың көзқарасымен салыстырылып тексерілмеген. Империялық жазбаларда жеңісті әсірелеп көрсету, әсіресе императорға жолданатын есептерде жиі кездесетін құбылыс. Сондықтан бұл мәліметті абсолют ақиқат емес, Чиң әскери басшылығының өз есебі ретінде қарастырған жөн.

Дегенмен құжаттың өзі жоққа шығармайтын бір шындық бар: 1756 жылдың күзіне қарай Әмірсана мәселесі қазақ–чиң қарым-қатынасының ең күрделі түйініне айналды.

Алдыңғы жазбаларда Чянлұң Абылайға «Әмірсананы ұстап берсең, жарылқаймын» десе, кейін «ұстап бермесең, үлкен әскер жіберемін» деген ескертуге көшті. Енді міне, қыркүйектегі жазбада сол әскердің қазақ жасағымен нақты шайқасқаны туралы хабар келіп отыр.

Бұл жағдай қазақ даласының геосаяси ахуалының қаншалықты күрделі болғанын көрсетеді. Абылай үшін мәселе бір ғана Әмірсананың тағдыры емес еді. Әмірсана – Жоңғариядағы Чиң үстемдігіне қарсы соңғы ірі тұлғалардың бірі болатын. Оны ұстап беру қазақтың дәстүрлі саяси түсінігі тұрғысынан да, халықаралық беделі тұрғысынан да оңай шешім болмаған.

Осы тұста бұрын талданған 1756 жылғы 23 тамыздағы жазбаны еске түсіруге болады. Онда Чиң әскері ішінде «Әмірсана 30 мың қазақ жасағын бастап келеді» деген қауесет тарағаны айтылған еді. Сарай бұл хабарды жалған деп танып, оны таратқан ойрат Байынды өлтірді. Бірақ сол қауесеттің өзі Чиң билігінің қазақ пен Әмірсана арасындағы ықтимал одақтан қаншалықты қауіптенгенін көрсеткен болатын.

Ал арада бір ай өткенде жазылған мына құжатта қазақ жасағымен нақты шайқас туралы мәлімет кездеседі. Бұл екі жазбаны қатар қарағанда, Чиң билігінің қорқынышы толық негізсіз болмағанын аңғаруға болады. Әрине, қазақтардың түгелдей Әмірсана жағына шыққанын білдірмейді. Бірақ шекаралық өңірлерде, әсіресе Әмірсана жүрген бағыттарда қазақ жасақтарының Чиң әскерлерімен қақтығысқа түскені байқалады.

Құжаттағы тағы бір қызық тұс – марапаттау мәселесі. Чянлұң жеңіске жеткен әскерилерді марапаттауды бұйырады. Бірақ жарлықта ерекше назар аударатын тіркес бар: «егер ойрат кісілер болса, ойрат үрдісі бойынша сыйлық беріліп еңбек жазылсын».

Бұл сөйлем Чиң империясының Жоңғарияны толық бағындырғаннан кейінгі саясатын көрсетеді. Империя тек манжурлар мен қытайларға ғана сүйеніп отырған жоқ. Ол өз жағына шыққан ойраттарды да әскери қызметке пайдаланып, марапаттау жүйесіне енгізген.

Яғни Әмірсанаға қарсы соғыс тек Чиң мен Әмірсана арасындағы күрес емес еді. Бұл – ойрат қоғамының өз ішіндегі жіктелудің де көрінісі. Бір бөлігі Әмірсана соңынан ерсе, енді бір бөлігі Чиң қызметіне өтті.

Қазақтарға қатысты бұрынғы жазбаларда да дәл осындай саясат байқалады. Чянлұң Абылайды бірде қорқытып, бірде мақтап, бірде сыйлық ұсынып отырды. Оның мақсаты қазақтарды жау емес, шекарадағы бейтарап немесе достық күшке айналдыру еді. Сондықтан қыркүйектегі қақтығыс туралы жазба Чиң сарайының қалаған нәтижесі емес, керісінше шешілмей тұрған мәселенің көрінісі ретінде қабылданады.

Бұл құжат тағы бір маңызды нәрсені аңғартады. 1755 жылғы көктемде Чиң сарайы қазақтарды сырттан бақылап отырған болса, 1756 жылдың күзіне қарай қазақтар империяның әскери жоспарларына тікелей әсер ететін факторға айналды. Қазақ жасағы туралы мәлімет енді барлау ақпараты деңгейінде емес, нақты әскери есептердің ішінде жүр.

Сондықтан бұл жазбадағы негізгі мәселе Чиңнің жеңісі немесе қазақтардың жеңілісі емес. Негізгі мәселе – қазақ даласының Жоңғариядан кейінгі жаңа саяси кеңістікте шешуші күштердің біріне айналуы.

Қорыта айтқанда, 1756 жылғы 22 қыркүйектегі сарай жазбасы Әмірсана төңірегіндегі күрестің жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Егер бұрын Чиң сарайы Абылаймен хат арқылы сөйлесіп, талап қойып, ескерту жасап келген болса, енді қазақ жасағы мен Чиң әскері арасында нақты қақтығыстар орын алғанын көреміз. Бұл құжат XVIII ғасыр ортасындағы қазақ–чиң қатынасының қаншалықты күрделі болғанын және Әмірсана мәселесінің бүкіл өңірдегі күштер тепе-теңдігіне әсер еткенін айқын аңғартады.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз