Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Саба

2643
Саба - e-history.kz

Сурет: Яна Смолярова (Коллаж)

«Саба дегеніміз – қымыз, шұбат ашыту, іркіт пісу үшін пайдаланылатын, мал терісінен пішіп тігілетін ыдыс. Сабаны шел майы мен көк етін қырып тазалап, ағынды суға байлап шаң-тозаңынан арылтқан және сыртқы түгін қырып тақырлаған жылқы немесе сиыр терісінен жасайды» деп жазылған екен уикипедиялық анықтамалықта. 

Жоғарыдағы пікірге алып-қосарымыз жоқ. Десек де, сәл тарқатып айтар болсақ, тақырланып тазаланған теріден пішіп жасалған сабаның формасы үшбұрыш, төртбұрыш пішінді және қабырға бүйірлері параллель трапециялық үйлесімге негізделуі шарт. Ең бастысы сабаның түбі кең, мойын жағы тар болады. Сабаны піскенде бұлкілдеп, толқып тұратын бүйірін бұлқын дейді. Сондай-ақ, сабаның қымыз құйып, байлайтын алқым-ауызын еміздік деп атаса, табанындағы түйіскен бұрыштарын түпеміздік дейді екен. 

Ертеректе, қазақ даласының дәулетті адамдары сабасының ірілігіне қарай жеке бас мәртебесін асыратын болған. Жазушы Сәбит Мұқанов: «Біздің елде бес мың жылқылы Есеней деген бай алты айғырдың терісінен саба жасатып, оның атын «Тайжүзген саба» деп атапты. Тайжүзгеннің піспегін арқанға керіп, қарулы жігіттер әрең көтеріп піседі екен» десе, Машһүр Жүсіп Көпеев: ««Шоң бидің сабасы деп айтсын» деп Ақбура қара Алтайдың баласы Қарқынбайдың сабасын алып жүрді. Осы сабаның көрінісі: төрт сары айғырдың терісінен жонын сыртына қаратып, жал-құйрығын өзіне қойып, бұлқынына бір – бір өгіздің терісін тіктіріп, өзін түйеге теңдегенде сегіз қанат үйдің бір үзігі бір жағына тең болады екен» деп жазыпты. Бұндай жылқының жал-құйрығы сыртына қаратып тігілген сабаны қарақұла деп атайды екен. 

Бұрынғы қазақтар асқа шақырғанда немесе үлкен тойға барғанда саба-саба қымыз алып баратын дәстүр болған. Мысалы,  «Айман – Шолпан» жырында, Мамай бай тоғыз нарға тоғыз саба артып, оған масаты кілем жауап асқа келгені жайлы айтылса, 1853 жылы Ағыбай батыр Өскенбайдың асына бес биенің терісінен тігілген сабаны алдыңғы екі аяғы құрмалдап байланған қос түйеге қосарлы кереге жайып, оның үстіне саба артып барғаны жайлы дерек бар (суретте). Қазақта «Бес биенің сабасындай» деген тіркес бар. Бұл алды кең, алымы зор, пейілі кеніш, тұлғасы таудай бәйбішелерге қарата айтылса керек. 

«Көлеңке үй, күрпілдетіп саба піскен, Ас қандай әңгімешіл қымыз ішкен» деп Ілияс ақын (Жансүгіров) жырлағандай, 1803 жылы Сырым Датұлына ас бергенде, 2500 қой, 200 жылқы сойылып, 1000 саба қымыз тартылып, 5000 шелек қымыз ішілген десе (Қазақтың этнографиялық категориялар ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі». Энциклопедия: 5 –том. «Азия Арна» баспасы, 2014. 116-б), орыс этнографы И.В.Аничков (1863-1921) шөмекей Кәрібайдың асына 200-ден аса үй тігіліп әрбір үйге бір-бір саба қымыз қойылғаны туралы жазыпты. 

Сол сияқты, 1860 жылы дуанбасы Ерден Сандыбайұлына ас берілгенде 500 үй тігіліп, 160 жылқы, 200 қой сойылып, 1000 саба қымыз жұмсалса, дәл осы жылы Қаракөл деген жерде өткен Жаппас Құламбаевтың əкесіне берген асы туралы жазған В.Плотниковтың жазбасы бар. Онда 150 саба қымыз (əр сабада орташа есеппен 10 шелек қымыз деп санағанда 1500 шелекті құрайды) құйылғаны жайлы дерек келтірілсе, «Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болған Мұса Шормановтың асында 200 жылқы, 300 қой сойылып, 20 мың шелек қымыз ішілді», деп жазыпты орыс саяхатшысы М.Путинцев.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?